1.2 Мектеп жасына дейінгі балалардың қабілетін дамытудың маңызы
Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілеттерін дамыту, олардың практикалық дағдыларды иемденуі сәбилік кезеңнен басталады. Тәрбиешінің бұл бағыттағы жұмысының ғылыми негізде құрылуының және талапты бірте бірте, жүйелі күрделендіру, әр түрлі жастағы балалардың білімі мен іскерлігін саралап қарау принципін сақтап, өнердің әр түрлі қазіргі кездегі даму деңгейін ескеретін белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізілуінің маңызы зор. Психологтар мен педагогтардың бірлесіп атқарған зерттеулері соңғы жылдары балалардың ақыл ‑ ой және эстетикалық іс ‑ әрекеттерінің, адамгершілік ерік қасиеттерінің деңгейі неғұрлым жоғарланғанын көрсетті. Бұл сәби кезден – ақ байқала бастады.
Сондықтан балабақшаның баланың адамгершілік әлпетін қалыптастырудағы ролі мен мәні артып келеді. Баланың ақыл – ой ерекшеліктері жаратылыстан шығармашылық, ізденгіштік сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта даму жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл – ой қабілетін дамыту, оның нақты дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты балалардың толыққанды ақыл – ой тәрбиесін сенсорлық процестерді қалыптастырудан бастау қажет. Ойлау әрекетін дамыту сөйлеусіз мүмкін емес. Бала тілді меңгере отырып заттар, олардың қасиеттері, белгілері туралы білімдерін игере бастайды. Нақты бағдарлама мазмұнына сай балалар қарапайым математикалық ұғымдарды меңгеру негізінде санау, салыстыру, заттардың ұзындығын, енін, биіктігін өлшеу, жиын, сан, есептеу ұғымдарын да дидактикалық және танымдық ойындар арқылы үйренеді.
Мектепке дейінгі балаларға арналған көркем шығармалар баланы шынайы болмысты нақты әрекетімен таныстыра отырып, оны көркемдеп, баяндап баланың сөздік қорын молайтып, тілін байытады. Мектеп жасына дейінгі өнімді шығармашылық қызметін ұйымдастыруда, бейнелеу өнерінің сабақтары барлық жас топтарында өткізіледі.
Мектеп жасына дейінгі балалар бейнелеу өнерімен жалпы топтық сабақтардан тыс та, ойынға бөлінген уақыт мезгілінде шұғылданады. Тәрбиеші бұл ынтаны, алынған бейнелеу дағдыларын қолдануда баланың шығармашылығын қолдап отырады. Іс ‑ әрекеттің түрлеріне үңілсек сурет салу, жапсыру, мүсіндеу, құрастыру – балалардың шығармашылық белсенділігін көрсету үшін үлкен мүмкіндік беретін сабақтардың бірі.
Балалардың интеллектуалдық қабілеттерін шындаудың өзіндік мәні бар. Адамдардың жаңа әлеміне, олардың қарым – қатынасының ерекшеліктеріне қызығушылық қарым – қатынастық жаңа басым түрін анықтайды. Мектепке дейінгі жастағы балаларда айналасындағылардың сөйлеуін және бақылай отырып, бағалаушылық сипаты пайда болады. Олар сөздерді өзгерте, жаңа сөздер ойлап табуға белсенді тәжірибелер жасады, сөйлеу іс ‑ әрекетіне шығармашылық пен кіріседі. Жұмбақтар, ертегілер, әңгімелер ойлап табады. Балаларда ойлау объектісі арқылы сөйлеуге қызығушылық пайда болады. Бірдей жастағы балалардың сөздік қоры, байланыстыру, сауаттылық жағынан, шығармашылық сөйлеу қабілеті жағынан айырмашылықтары айқындалады. Балалардың логикалық ойлау қабілеті, интелектуалдық дарындылығы еске сақтау қабілеттері арқылы, өз бетімен ойлау қабілеттері арқылы жоғарылай түседі.
Түрлі логикалық, сенсорлық ойындар арқылы баланың ойлау шығармашылығы дамып, ақыл – ой белсенділігі арта түседі. Шығармаларды, әңгімелерді, ертегілерді еске түсіріп сөйлеу шығармашылығын дамыта отырып, театрлық көрсетулер ұйымдастыруға болады. Ойын кезінде балалардың қимыл ‑ әрекетімен қатар ойлау қабілеттерін, тілдерін дамыту жұмыстары арқылы шартты, мақсатты, ережелі ойындарды біле отырып, ол ойындарға шығармашылығын қосып та ойнайды, кейбір ойындарды өздері де өзгерте алады. Музыкалық сабақтарда балаладың іс ‑ әрекеті оқу және шығармашылық тапсырмаларды орындауға бағытталған. Олар орындау дағдыларын игере бастайды, ал түрлі билерді орындағанда түрлі би қимылдарын, музыкалық ойын образдарын өздерінше беруге талпынады.
Баланың жеке басын жан – жақты дамыту эстетикалық тәрбиенің адамгершілік, ақыл – ой дене тәрбиелерімен өзара тығыз байланысы арқасында қамтамасыз етіледі. Балалардың осындай шығармашылығын ұйымдастыра отырып өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігін пайдаланатын шығармашыл, құзіретті тұлғаны тәрбиелеуге жұмыстанудамыз.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі балалардың білім сапасын арттыру өте маңызды мәселелердің бірі болып отыр, ол үшін жалпы және негізгі жағдайларды жақсарту басты міндет болып табылады. Біріншіден, білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортаны жабдықтау қажет десек, ол мектепке дейінгі кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен құндылықтарын сақтайтын, баланың балалығына бағытталуы шарт. Екіншіден, тәрбие мекемесінің басшысы мен тәрбиеші педагогтар қауымы кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдап, білімін жетілдіруге жүйелі көңіл бөліп, ұжымның шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап, оны жүзеге асыруға белсенділікпен ат салысуға және жағымды психологиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал ету қажет.
Сондай-ақ, отбасының сұранысы мен талап-тілектерін қанағаттандыру және білім мен тәрбиенің балаға берілген үрдісі жайында ата-анамен үнемі бірлескен ынтымақты негізде жұмыс істеу де өте маңызды. Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Бұл мақсаттар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болады. Баланы өмірге дайындау үшін дамытудың маңызы ерекше Атақты психолог Л.С.Выготский баланың қиялы біртіндеп өмір тәжірибесінің молаюына байланысты қалыптасады деген қорытындыға келеді. Қазіргі кездегі психологтар мен педагогтар баланың жеке басының дамуындағы қиялдың маңыздылығының ең тиімді жолы шығармашылық жұмыста көрсету, үйрету, көркемдік әдебиетте нақтылау, өз бетінше жұмыс жасауына жағдай жасау, яғни, еркіндік беру керектігін айтады.
Сонымен қиялдың дамуы төмендегідей үш компоненттен тұрады: Бірінші дәрежеде – қиял қоршаған болмыспен байланысты, дайын нәтижені ойластыруға мүмкіндік береді. Екінші дәрежеде – баланың өткен тәжірибесімен байланысты, бірақ сонда да заттық байланыстың рөлі бар. Үшінші дәрежеде – қиялдың дамуы балаға ақиқаттан қиялдың қозғалысының жоғарғы формасы ой-пікірден оның іске асуына байланысты. 5-6 жастағы балалардың құрастырған ертегілері мен қызықты әңгімелері ұйымдасқан түрде мағыналы, жүйелі, өз бетінше еркін жүргізілген жұмыс, қиялдың дұрыс дамуына апаратын көп жолдың бірі болды деп есептейміз. 6 жасар бала өз қиялында алуан түрлі жағдайлар құра алады және баланың өзі сонда әртүрлі жағынан көрінеді. Ойын барысында қалыптаса отырып, қиял басқа да ісәрекет түрінде өте алады. Тілі және қиялы жақсы дамыған бала қызықты сюжетті тез арада жанынан ойлап шығара алады. Қиялдың үздіксіз жұмысы – баланың айналадағы әлемді танып-білуінің және игеруінің маңыздылығы, бұл жеке тәжірибе аумағынан шығудың әдісі. В.С.Мухина теориясы бойынша өзінің бастамалары жағынан баланың қиялы сәбилік шақтың соңында пайда бола бастайтын сананың белгілер функциясымен байланысты. Белгілер функциясын дамытудың бір желісі заттарды басқа баламалармен және олардың бейнелеулерімен алмастырудан тілдік, математикалық және басқа белгілерді пайдалануға, ойлаудың логикалық формаларын меңгеруге әкеледі. Екінші желі нақтылы бұйымдарды, оқиғаларды қиял арқылы толықтыру мен алмастыру мүмкіндігінің пайда болуы мен кеңеюіне, жинақталған түсініктердің материалынан жаңа бейнелер құруға жетелейді. Баланың қиялдауы ойын үстінде қалыптасады.
Алғашқы кезде қиял заттарды қабылдаудан және ойын іс-әрекеттерін орындауынан ажыратылмайтындай. Ойын үстінде қалыптасқан қиял мектепке дейінгі бала іс-әрекеттерінің түрлеріне де ауысады. Бала сурет салғанда, ертегілер мен тақпақтарды ойлап шығарғанда қиял неғұрлым айқын байқалады. Сондай-ақ мектепке дейінгі шақта зейіннің, естің, қиялдың дамуында ұқсастықтар бар. Егер сәбилік шақта өзінде қабылдау мен ойлау іс-әрекеттері ретінде анықтауға болатын бағдарлау іс-әрекеттерінің ерекше формалары ретінде бөлінсе, мектепке дейінгі кезеңде мұндай іс-әрекеттер үздіксіз күрделілене және жетіле түседі, ал зейін, ес, қиял ұзақ уақыт жеке сипат ала алмайды. Бала бірдеңеге назар аударарлықтай, көргені мен естігенін жадында сақтарлықтай, бұрын қабылдағанының аумағынан шығарлықтай арнайы іс-әрекеттерді игере білмейді. Мұндай іс-әрекеттер тек мектепке дейінгі кезеңде қалыптаса бастайды. В.С.Мухина бойынша мектепке дейінгі бала әрекетінің жаңа түрлерін, үлкендердің оған қойған жаңа талаптарын игерудің ықпалымен баланың алдында бір нәрсеге зейінін шоғырландыру және оған зейін қою, материалды есте ұстау және оны жаңғырту, ойынның, суреттің т.б ой желісін құру сияқты жаңа ерекше міндеттер пайда болғанда ғана бетбұрыс жасалады.
Мектепке дейінгі кезеңде баланың зейіні төңіректегі заттарға және осылар арқылы орындалатын іс-әрекеттерге қатысты ынтамен сипатталынады. Бала бір нәрсеге ынтасы өшпей тұрған кезде ғана зейінін шоғырлайды. Жаңа бір нәрсе пайда болысымен-ақ баланың зейіні лезде соған ауады. Сондықтан балалардың ұзақ уақыт бір іспен шұғылдануы сирек болады. Д.Б.Эльконин пікірінше, мектепке дейінгі кезеңде балалар іс-әрекетінің күрделенуіне жалпы ақыл-ой дамуының ілгеруіне байланысты зейін күшті шоғырланып, тұрақтылыққа ие болады. Мысалы, мектепке дейінгі кезеңдегі кішкентайлар бір ойынды 30-50 минут ойнайтын болса, 5-6 жасқа жеткенде ойынның ұзақтығы 1,5 сағатқа дейін созылады. Мұны ойында адамдардың күрделірек іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының бейнеленуімен және ойынға үнемі енгізілетін жаңа ахуалдардың қолдау табуымен түсіндіруге болады. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда зейін тұрақтылығы арта түседі.
Мысалы, мектепке дейінгі шақтың соңында суретті көру ұзақтығы екі есе артады, мектепке дейінгі кішкентайға қарағанда алты жасар бала суретті жақсырақ түсінеді, оның өзіне қызықты жақтары мен егжей-тегжейлерін бөліп алады. Бірақ мектепке дейінгі кезеңде зейіннің негізгі өзгеруі баланың алғаш рет өз зейінін меңгере білуінде, оны саналы түрде белгілі заттарға құбылыстарға бағыттай білуінде және кейбір тәсілдерді пайдалана отырып, соларға зейін қоя білуінде. Мектепке дейінгі шақ ішінде өз зейінін ұйымдастыру үшін сөзді пайдалану күрт өседі. Мұны, атап айтқанда, мектепке дейінгі ересектер үлкеннің нұсқауы бойынша тапсырманы орындағанда мектепке дейінгі кішкентайларға қарағанда нұсқауды 10-12 рет жиі қайталады. Сонымен, баланың мінезқұлқын реттеуде сөздің маңызының жалпы өсуіне байланысты мектепке дейінгі шақта ықтиярлық зейін қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі бала зейінінің ерекшелігі мектепке дейін оқыту ықтиярлы зейінге үнемі күш салуды талап ететін тапсырмалар бойынша құрылуы мүмкін емес себептердің бірі болып саналады.
Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтері, іс-әрекеттің нәтижелі түрлері, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалардың зейінін айтарлықтай жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Сенсорлық даму, бала заттардың түсін, пішінін, мөлшерін және олардың кеңістіктегі орналасуын айырып қана қоймай, оларды мөлшеріне қарай сәйкестендіріп (үлкен, кіші, аз, көп) анықтай алады. Зейін тікелей қызығушылықпен байланысты (ырықсыз зейін), өйткені қызықты іске бала көңілі тез ауады. Егер 6 жасар бала ойынмен айналысқан болса, ол алаңдамай 2, тіпті 3 сағат ойнай береді. Алайда, бұлай зейінді шоғырландыру – баланың айналысқан нәрсесіне қызығушылығынан туындайды. Балаға зейінін тәрбиелеуде көмектесу қажет. Үлкендер сөз нұсқаулары арқылы баланың зейінін ұйымдастыра алады. Оларға біркелкі жалықтыратын және тартымдылығы аз іс-әрекетпен айналысу өте қиын.
Зейіннің бұл ерекшелігі сабақтарда ойын элементтерін енгізуге және ісәрекет түрлерін жеткілікті ауыстырып отыруға негізгі себеп болып табылады. Бала біртіндеп қайталай білуге, түсіне білуге, материалды есте сақтау мақсатында байланыстыра білуге, еске түсіргенде байланыстарды пайдалана білуге үйренеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың кейбіреулерінде эйдетикалық ес деп аталатын көру есінің ерекше түрі байқалады. өзінің айқындығы мен дәлдігі жағынан эйдетикалық естің бейнелеріне жуықтайды: бұрын қабылданған бір нәрсені есіне түсірген бала соны көз алдына қайтадан көріп тұрғандай болады. Эйдетикалық ес – жас шағының құбылысы.
Мектепке дейінгі жаста осындай есі бар бала, кейінірек, мектепке оқыту кезеңінде, әдетте өзінің бұл қабілеттілігін жоғалтады. Мектепке дейінгі жас – естің қарқынды даму жасы. Ес – бала үшін маңызды оқиғалар мен мәліметтерді жадында қалдырады және сақтайды. Сондай-ақ мектепке дейінгі балалардың ойлау үрдісіне тоқталсақ, ойлау – тіл дамуы және ғылыми ұғымдарды меңгеру бірлігінде дамиды. Баланың сау психикасының ерекшелігі – танымдық белсенділігі. Ойлау – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс қатынастарының адам миында жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Ақыл-ой жағынан бала қаншалықты пәрменді болса, ол сонша көп сұрақтар қояды және оның сұрақтары соншалықты алуан түрлі болады. Бала заттың бейнесін ғана емес, оның қимыл-қозғалыстары туралы да ойлайды. Бейнелі ойлау – 6 жасар бала ойлауының негізгі түрі. Әрине, ол жекелеген жағдайларға логикалық ойлауды да орындай алады, бірақ та бұл жаста көрнекілікке сүйенген оқыту басымырақ болады. Мұның өзі осы жастағы балалардың естері еріксіз жақсы дамиды.
Ерікті естері жаңа ғана қалыптасады. Сондықтан жақсы қабылдап алған заттардың түсін есінде жақсы сақтайды. Мектепке түсу балалардың логикалық есін дамытуда үлкен рөл атқарады. Оқушылардың есін тәрбиелеуде де мұғалім олардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жүргізеді. Кіші мектеп жасындағы балаларды оқу тәсілін өз бетімен таңдап ала алмайтындықтан мұғалім үйге тапсырма бергенде, материалды қалай оқу керектігін балаларға ұдайы ескертуі керек. Бұл жөнінде оқулықтардың бәрінде мәтінді қалай оқу, тапсырманы қалай орындау керектігі айтылған. Бірақ баланың назары кейде бұған жөнді түсе қоймайды. Мұғалім мұны қатты ескерген жөн. Мектепке дейінгі балалық шақта заттардың, құбылыстардың, іс-әрекеттердің арасындағы байланыстар мен қатынастарды бөлу мен пайдалануды талап ететін күрделі де сан алуан міндеттерді баланың шешуіне тура келеді. Ойында, сурет салуда, құрастыруда, жапсыруда, оқу және еңбек тапсырмаларын орындауда бала үйреніп алған іс-әрекеттерді жай ғана пайдаланып қана қоймайды, жаңа нәтижелер ала отырып олардың тұрақты түрін өзгертеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өздерін қызықтырған мәселелерді түсіну үшін өзіндік эксперименттер жасауға кіріседі, құбылыстарды бақылайды, оларды талқыға салып, қорытындылар жасайды. Мектепке дейінгі балалық шақтың соңында кейбір механикалық физикалық және басқа байланыстар мен қатынастарды түсінуді, осы байланыстар мен қатынастар туралы білімді жаңа жағдайларда қолдана білуді талап етеді.
Осы жастағы балалардың жылдың соңына дейін абстрактылы логикалық ойлауы жақсы дами түседі. Бірақ тәжірибе түрінде, бала затты көрмей тұрса, берген сұраққа толық жауап бере алмайды. Бала ойлаудың барлық операцияларын жақсы қабылдауға тиіс. Балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқутәрбие процесі шешуші рөл атқарады. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын педагогтар мен тәрбиешілер, атааналар балалармен жылдың қай мезгілінде болмасын далаға шығып, серуендегенде, әр түрлі ойын ойнағанда осы ойланту әдісіне баса көңіл бөлуі қажет. Бала бойына ерекше әсер етіп түрткі болатын айналадағы өлі және тірі табиғаттардың сан түрлі құбылыстары. К.Д.Ушинский баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін көрсеткен. Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қарап отырсақ, балалар әдетте ойынды, сурет салғанды жақсы көреді, ересектермен және өзі қатарлы балалармен тез тіл табысып кетеді. Мектепке дейінгі шақтың әсіресе, алғашқы үш жылы психологияда «қауіпті» кезең аталып, өзіне зерттеушілердің үлкен зейінін аударуда. П.Бадалян «…осы уақытта сәби арнайы үйрету мен тәрбие көрмесе, кейін ол өте қиынға түсіп, тіпті кеш болуы да мүмкін» деген. Дер кезінде тәрбие мен үйрету көрген бала бес жасында еш қиындықсыз таза сөйлей білуі тиіс. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойнайды, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері мен таным үрдістері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды.
Достарыңызбен бөлісу: |