II.Негізгі бөлім
Лирика- лира аспабының сүйемелдеуімен айтылатын көркем әдебиет жанрының бірі.Лириканың басты ерекшелігі - адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікeлей бейнелеп көрсетеді. Лирикалық шығармалар өлеңмен жазылады, онда автордың немесе кейіпкердің дүниеге көз қарасы, оның сезімін, нақты ойы көңіл-күйін суреттеу, әсерлеп бейнелеу арқылы көрсетіледі.
Лирикалық шығармалар кейде шығарманың тақырыбына, мазмұнына қарай бөлінеді:
•Саяси-азаматтық лирикасы
• Махаббат лирикасы
• Көңіл күй лирикасы
• Табиғат лирикасы
Ақын шығармасынан табиғат лирикасы үлкен орын алады. Оның табиғат лирикасына тән бір ерекшелік – табиғатқа жан бітіруі. Оның «Шалғында шашырап жылаған Жетім шық та жоқ. Бейбіт бір күнге Сүйінші сұраған баладай, Сәскеде сағым жүгірді, Сіңірдей созылған қайың, қарағай...», «Бір найзағай келе жатты тұтанып, Көк аспанның көк етін бір жыртуға...», «Жазыққа тіреп табанын Шымырлап ағар толқыны...» деген жолдардағы «жылаған шық», «жүгірген сағым», «сіңірі созылған қарағай, қайың» ақынның кейіптеуді ғана емес, образды сурет жасаудың шебері екендігін де байқатады. Алғашқы жинағына енген:
Сағымды көкжиекке дала күрмеп,
Жапырақ жанданады самал үрлеп.
Жапырақ шайқалған саусағымен
Шертеді шабытымның шанағын кеп,
– деген шумақтарының өзі-ақ оның болашағынан мол үміт күттірді. Осындағы шабыты келгенде ақтарылатын ақынды шанағынан күй төгілетін домбырамен салыстыра суреттеу арқылы этнографияға ерекше мән берген жас ақынның кейінгі жылдары жазылған шығармаларының бәрінің дерлік ұлттық бояуы қанық.
Ақын шығармаларының ішінен махаббат лирикасын ерекше атауға болады. Осы топтағы жырларының ішінен ақынның балғын шағынан хабар беретін «Анарда», «Бар ма екен сенің есіңде, Балқаймақ күндер шайқаусыз» деген жолдарға ақын Анарға деген ынтық та ыстық, кіршіксіз пәк сезімін сыйғызса, енді бірде Мағжан ақынша:
Сонда да сүйем,
Сонда да сүйе беремін.
Бәріңді сүйем...
Бәріңді иеленемін.
Сүйе беремін,
Сүйе де сүйе шаршасам,
Махаббатыма маңдайымды сүйеп өлемін,
– деп, сезім күйіне ерік береді. Он алты жасар ақынның махаббат туралы «Алқынған жүрек сырын сеземісің, Махаббат мазағына төземісің? Әлде сен жүрегімді жүйкелетіп, Жат кеуде жалтырында жүземісің?» деген жолдарының өзі-ақ оның қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасын бір саты биікке көтеріп тастағанына мысал.
Қазақ поэзиясындағы азаматтық лириканы ақын шығармалары да толықтырады. Қазан төңкерісі, Отан, партия, ел мен тарихтың тағдыры, тың жерді игеру, табиғат экологиясы туралы өлеңдері ақынның шабытына шабыт қосты. «Отаныңа қызмет ет!», «Боз бие», «Киіз үй», «Прометей», «Өзен», т.б. азаматтық лириканың жақсы үлгілері. Туған жер мен Отанын бәрінен жоғары қоя білген ақын «Туған жерді мен сияқты түк қалдырмай арала, Бара алмасаң, бармай-ақ қой, мен бармадым шетелге» деп ұрпағын өз туған жерін қадірлей білуге үндейді. «Отаныңа қызмет ет!» дейтін ақынның патриоттық рухтағы лирикалық жырлары болашақ ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Тың туралы ойын автор боз биенің «Қара оттың өті жарылды ғой деп келгенде, Тілімізді бір тұншықтырмағаны қалай бұл?..» деген сөзімен шебер жеткізген. «Аударылып қалған тың жерге Ащы көденің шықпай қалуы» мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін трагедияның бастауы екендігін ақын осылайша емеурінмен байқатты.
Ақынның шағын оқиғаға құрылған «Құмдағы аршалар», «Тал бесік туралы баллада», «Ақ көйлек», «Төлеутайдың төрт қызы», «Ұя», «Боз бие», «Көшу», «Тай бәйге», «Анар», «Туысқан туралы баллада», «Әубәкір туралы эллегия», «Мұхтар мен Қаныш», «Жамбыл мен Мұхтар», «Мұхтар мен Күләш», т.б. қазақ поэзиясындағы баллада жанрына қосылған елеулі үлес. Қазақ ауылдарының шынайы қалпын, бар болмысын көз алдымыға елестеткен ақын қазақ көшін:
Қол созым қоға көлдер құстар қонған –
Күршектің күпшегіндей ысталмаған.
Жағадан апыл-құпыл көшкенде ауыл,
Омырауы алқа-салқа қыстау қалған,
– деп, жанды суретке түсіріп жырлайды. Бұл сурет өзіне дейінгі қазақ көштерінің бірін де қайталамайтындығы анық.
Ұлы Отан соғысына ер азаматтар түгел аттанғанда бар жұмыстың жесірлер мен жетімдерге қарап қалғаны, қаршадай балалардың жұмысқа ерте жегілгені, ел өмірінің ауыр тұрмысы, майданға кеткен жарлары мен ағаларының жолын тосқан жесірлер мен жетімдер, ұрпақсыз қалған қариялар тағдыры сынды кешегі қазақ ауылының жанды бейнесін жасаған ақын жеке кейіпкерлерін типтік деңгейге көтере білді. Ақын «Күйеулерім соғысқа Берді, берсе аяқ-қолын – намыс па? Ал әйтпесе жігіттердің сұлтаны» деген Төлеутайдың сөзі арқылы қол шолақ, аяқ молақ, не ақсақ сынды жарымжандардың қолын не аяғын Отан үшін бергендігін мақтан етеді. «Әубәкір туралы элегиясының» «Ер-тұрман жасап, тарамыс тартып, таспа өріп, сырға соғатын», «Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын», ою ойып, өрнек салатын ісмер де шебер ұстаның артынан көрігін ұстайтын перзентінің болмай, құсауызы мен қышқашының әр үйде қалуы – ескіге топырақ шашқан кеңестік дәуірдің ұлттық этнографиямызды керексіз етуін ойға түсірері де даусыз. «Ақ көйлектегі» «Жамауы да жоқ, жасауы да жоқ құраусыз» көйлек киген балғынның шексіз қуанышынан елдің соғыстан кейін, ұзақ уақыттан соң есін жиғанын байқауға болады. Оның «Айтсын ұрпақ атынан» деген фрагментіндегі бес жыл бойы қайғы мен қан жұтқан халықтың жаны сірі екендігін, әкесіз ұлдардың дүниеге келгендігін, соғыстан тек жарымжандардың қайтқандығын, «жүдеу иін, жыртық иық жамиғаттың» мойнына соғыстың салған күйігі мен жарасын нақты мысалдармен көрсете отырып:
Біз – сол ұрпақ өртеңге өскен көк құрақ,
Соғыс көрмей, көргеніміз көп бірақ.
Зіл-заласы соңындағы соғыстың
Санамызға батты біздің қаттырақ,
– деп ұрпақ атынан сөйлейді.
Жоғарыда аталған балладалардың бәріне ортақ жетістік – ұлттық бояуының қанықтығы. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білген ақын кейіпкерлерінің бәрі де ұлттық мақам мен қазақи сөз саптасымен ерекшеленеді. Сондықтан да оның шығармаларының бірқатарын этнографиялық жырлары қамтиды.
Кеңшілік қазақ поэзиясын соны образбен, тың тіркеспен түрлендірген ақын оның «Табаның басып тұрды ма, қапшықпен апаң қи терген, Кебісі тозған үйкелген, үр жаңа жап-жас қырды да» немесе «Қос ұл қайда, қараға қосып ең ғой, Бөліп беріп текемет, алашаңды», «Қазаннан қаспақ қырған қара кемпір», т.б. жолдарынан қазақы болмыс аңғарылса, оның қаламынан туған тіркестер ұлттық бояуының қанық екендігін танытады. «Омырауы алқа-салқа қыстауы», «тулақтай кепкен топырағы», «жонынан жаздай алған таспасы», «тарақ табанды тракторы», «қызылшақа қиялы», «сынық айы», «төбенің түбіт көдесі», «сыбызғыдай сидиған сары қамысы», «ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдары», «жауыр болған қыры», «көк аспанның көк еті», «бұйдасыз бұлты», «сіңірдей созылған қайың, қарағайы», «сүт аспаны», «өруге жүрген елігі», «тұлымын күн сүйуі», «тұсауын жел кесуі», «арда жердің иіуі» сынды тіркестерінің бәрі де ұлттық нақышты айшықтайтын образды теңеулер мен кейіптеулер. Кеңшілік қазақ поэзиясын мазмұн жағынан ғана емес, жаңа образдармен де толықтырды.
Шағын өлеңдерін оқиғаға құра білген кең құлашты эпикалық поэмалар да жазды. Оның «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп», «Дүние дәнекерлері», «Дәуір – дастан», «Дүрбелең», «Сарыөзек сағыныш», «ФЗО-ға кеткен жеңешем» поэмалары – қазақ халқының тарихынан сыр шертетін дүниелер. Ақын Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихын Біржан сал, Аманкелді, Иманжүсіп сынды тарихи тұлғалардың қайраткерлігімен, күрескерлігімен сабақтастыра отырып, төңкерістен кейінгі күнді ұрпақ жалғастымен байланыстыра білген. Біржан сал мен Иманжүсіп туралы поэмаларында ақын олар туралы өзіне дейін жазылғандардың ешқайсысын қайталамай, өзінше өрнек салды. Авторлық ұстанымын Иманжүсіптің «Сөзім азат, өзім азат» деген сөзіне сыйғыза отырып, сұлулыққа жаны құмар ақын өнер адамдарының қиын тағдырларын шебер бейнелеу арқылы зұлымдық атаулыға лағнет айтса, Торғай топырағынан туған ақын жырларының бірсыпырасы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс сарбаздарының ерен ерлігін жырлауға арналған. Боздақтары азаттық үшін күрескен Торғай өлкесіне тың игеру жылдары түрен түсуі де ақын поэзиясынан орын алған. Тарихи оқиғаға құрылған шығармалардағы соғыс трагедиясы, таныс, бейтаныс кейіпкерлердің тағдыры ащы болса да өмір шындығы еді. Өмірді ешқандай боямасыз шынайы қалпында бейнелеген ақын қазақ өмірінен үлкен орын алған соғыстан кейінгі сүрең де сұрғылт жылдардың бар сыры мен мұңын «Жеңгесінің жәудіреген көзіне» сыйғызса, олардың ердің жүгін көтерген ерен еңбегін «Бір әскер қолдай сезіледі оның біреуі» деген бір тармақпен жеткізген. Сонымен бірге ол «Отаудан» «Отанды» биік қоя білді.
Сені ме сені, сені ме сені,
сенбеймін саған, сұм жалған,
Бір күні мені жалғыз тамшыдай –
жылт еткізесің жылғаңнан.
Сені ме сені, сені ме сені,
сенбеймін саған, сұм жалған,
Білемін, білем,
бір күні мені таралған шөптей
тастай саласың тырмаңнан,
– дейтін ақын өмір мен өлім туралы да философиялық ойлар ұсынды.
Кез келген ақынның өз заманының өмір шындығын жырлайтыны секілді Кеңшіліктің де негізгі кейіпкерлері – соғыстан кейінгі жылдардағы ашқұрсақ балалар мен қайғының қамытын киіп тұрмыстың ауыр тақсіретін көтерген жандар. «Соңындағы зіл-заласы соғыстың Санамызға батты біздің қаттырақ» дейтін ақынның өлеңдерінен қазақ ауылдарының қайғылы хәлі мен жұтаң тұрмысы мен мұндалайды:
Оқ пен оттың лаулағанын көрмедім,
Жерімді жау жаулағанын көрмедім...
Көрдім бірақ... көп мүгедек-кәріпті,
Көре-көре, оларға көз қанықты.
Ести-ести жетім-жесір жоқтауын,
Жырымда да содан салқын қалыпты.
«Жазған өмірбаяным – бәріңе аян», «Өртеңге өскен күлі ащы гүл секілді» дейтін Кеңшілік ақын «Жолбарыстай ыңыранып, өзі жалап, Қайран халық жатты емдеп өз жарасын» деп ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалардың бәріне жан бітіріп, өз заманының жанды картинасын жасады. Ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың жерді игеру, 1957 жылғы қарашада «халық жауларының» ресми ақталуы, т.б. оқиғалардың бәрі де ақын шығармаларынан орын алды. Ұлттық поэзиямызды жаңа мазмұн, жаңа образбен байытқандықтан ақынның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше.
Достарыңызбен бөлісу: |