Талант – нақты іс-әрекетке болған жоғары қабілеттілік.
Данышпандық – бір дәуірлік мәні бар жетістіктерге арқау болған қабілеттердің ең жоғары деңгейі. Дарындылықтың , әсіресе, данышпандықтың психикалық ерекшеліктері жоғары дамыған тұлғада (интеллектте) оның қалыптан тыс ойлау мүмкіндігінен, жасампаздық сапаларынан, күшті көрегендігінен сезіледі.
Данышпандық табыстардың алғы шарты – шығармашыл жанпидалық, бірегей жаңалық іздестіруге құлшыныс, жалпыадамзаттық мәдениеттің әрқилы саласында аса жоғары жетістіктерге болған ұмтылыс. Дарынды адамдар бала күннен ерте жедел психикалық дамуымен ерекшеленеді. Дарындылық пен данышпандықтың дамуына тұлғаның бірегей, тек өзіне тән ерекше психикалық бітістеріне кедергілік етпейтін ұнамды әлеуметтік жағдайлар қажет.
Данышпан дарындылығы белгілі бағытта өрбиді, сонымен бірге сол бағыттың қандай да қырлары басымдау келіп, оларға байланысты қабілет түрлері оның шығармашылығында жетекші бағдар күйінде көрініп барады.
Қабілеттердің даму барысындағы аса маңызды да мәнді көрсеткіштер – сол қабілет қарқындылығы әрі оның жеңіл де шапшаң игеру мен алға ілгерілеуге жарасымдылығы. Қабілеттердің нақты көрінісі мен дәлелдемесі білім игерудегі шапшаңдық және білімдік табыс нәтижесі, қажетті білімдер шеңберін мүлтіксіз меңгеру. Әр түрлі адамдар бір орайлас білімдерді игере отырып, әрқилы ойлау, ақыл деңгейіне көтеріледі.
Дарындылық көрсеткіші ретінде тұлғаның даму дәуірлері де алынуы мүмкін. Оның ерте жаста көрінуі (жағдайлардың әртүрлілігіне қарамастан) – дарындылықтың аса жоғары болуының белгісі. Бірақ, дарындылық ерте жаста көрінбеді, сондықтан ол болашақта өріс ала алмайды деп қорытындылауға болмайды. Мұның дәлелі әйгілі физик Эйнштейн – бала күнінде мектепте физикадан үштік бағаға «зар» болған оқушы, кейін, есейген шақта осы ғылым саласының әйгілі жетекшісіне айналды. Кейде дарындылық ерте көрініп, бірақ соңынан біз күткендей даму деңгейіне жете алмай қалады. Сондай-ақ, бар беретінін жастық шағында жарқыратып, кейін тоқырауға түсетіндерде аз емес. Мұндай жастарды халықаралық тілде «вундеркиндтер» деп атайды.
Сонымен, қабілеттердің ерте жастан көрінуі әлі дарындылық белгісін бермейді. Бұл тек адамның жалпы дамуындағы мәнді мезеттер ретінде ғана танылуы мүмкін.
Сырттай кедергіліік жағдайларындағы үлкен жетістіктерді қолға кіргізу – жоғары қабілеттіліктің дәлелі. Алайда, жағымсыз жағдайларды жеңе, өтіп, жоғары жетістіктерге жету тек қабілеттіліктен болмайтынын, оның тікелей тұлғалық ерік сапасына байланысты болатынын ұмытпаған жөн. Көптеген қабілеттер жоғары әрі жасампаздығы мол адамдар, өздерінің дамуына кедергілік жасайтын жағдайларды жеңе алмай «сөніп» қалған сәттері аз болған емес. Сондықтан қабілеттердің дамуында қоғамдық жағдайлардың мәнді келетінін бірде естен шығармаған жөн.