Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
5. Асан қайғының толғаулары мен нақыл сөздері, олардың танымдық-тәрбиелік мән. Көркемдік сипаты. Асан қайғы ел қиялындағы осындай аңыз кейіпкері ғана емес, сан алуан жыр-толғаулар тудырған белгілі жырау да еді. Асан қайғы тұсынан бастап толғау өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылыс-түзілімі жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы шығрамашылығынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті.
Асан айтқан нақыл сөз, Асан айтқан толғау жырлар, әрине, өте көп болған. Бізге соның кейбір жұқаналары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің дені:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер.
Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер,
Шыбын шықса жаз болып таздар қайтіп күн көрер,-
іспеттес нақыл, толғау түрінде келеді.
Қазақ хандығы дәуірндегі әдебиетті зерттеуге елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым М.Мағауин Асан қайғы толғауларының негізігі ерекшелігі жөнінде: «Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдік қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Ол феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді“, - деген тұжырым айтады.
Асан қайғы өз толғауларында белгілі бір тарихи кезеңдегі ел-жұрттың көкейтесті ой-арманы мен мұң-мүддесін өзекті тақырып етіп жырлап, соны нақты іске асыруға да өз үлесін қосты. Жырау көптеген толғауларын Жәнібек ханға арнады. Оны дұрыс жолға салып, бұқара тұрмысын жақсартуға болады деп сенді. Ханды батыл сынап, кемшіліктерін бетіне басты. Мұның бәрін ол ел болашағын ойлау тұрғысынан бағалап, атамекенге жан-жақтан көз алартқан жаулардан құтылудың жолы жайлы мекен Жиделібайсынға көшу деп санады. Бұған Асан қайғынын, Әз-Жәнібекке айтқан әйгілі үш толғауы дәлел бола алады. “Ай, хан мен айтпасам білмейсің”, “Қыранда киік жайлаған”, “Еділ бол да, Жайық бол”, «Алты атанға қос артып» толғауларында жырау ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, Жәнібек ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдықпен менменсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді. Бұл толғауларында жырау хан қаһарынан тайсалмай, шындықты бетке баса сөйлейді. «Суда жүрген шортанның қарағай басын шалатынын» баса айтып, қымыз ішіп қызарған ханды жөнге салмақ болады, бірақ оның ойын білген соң, ханға «енді мені көрмейсің» деп тепсінуге дейін барып, біржолата ат құйрығын кесуге дайын екенін танытады.
Асан қайғының «Әй, хан мен айтпасам білмейсің» толғауы жыраудың ой-арманы мен мұрат-мақсатын көрсетеді. Мұндағы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесі Асанға дейін де, одан кейін де ешбір жырауда ұшыраспаған тың суреттеме екенін атап айтуға тиіспіз. Рас, жыраулық поэзияда адам өміріндегі көріністі табиғат құбылыстарымен астастыра сипаттау бұрыннан бар, алайда бұлар мұндай күрделі, астарлы мәнге көтеріле қоймаған. Жырау патша өкіметінің отарлау саясатының найза бойламайтын арамдығы мен зұлымдығын ашып көрсету үшін әдейі бір-біріне қарама-қарсы, от пен судай сирек кездесетін таңғажайып құбылысты (су мен шөл дала, ақ шортан мен қарағай) салыстыра алып, алдымен ханға, қала берді халыққа ой салуды, олардың сезім-санасына ұмытылмастай әсер етуді мақсат еткен. Жырау осы құбылысты елден бұрын ерте сезіп, жатпай-тұрмай өзі көріп келген «Жерұйыққа» (Жиделібайсынға) ел болып қоныс аударудың қажеттігін ескертеді. Бұл тақырыпқа Асан қайғы тағы бір оралып, отарлау мен бодандықтың неге әкеліп соғатынына дейін нақтылап ашып айтып береді. Мұнда да ол бұрыннан таныс шортан мен қарағайды шешімі зор түйінді бейне ретінде алып суреттейді:
Бұдан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан – күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлы, қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?
Асан толғауларының саяси-әлеуметтік сипаты оның «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» жырларында да ұшталып, тереңдей түскен. «Қырында киік жайлаған» атты толғауы елдің ІІІу бойына көтеріле көшкен кезеңін бейнелейді. Жырау ел-жұрттың Ойыл мен Жем бойынан қоныс аударуын қолайлы көрмеген, қайта бұл мекеннің, сондай-ақ Еділ мен Жайықтың, алтын мен күмістей суы мол шүйгінді қонысының артық қасиеттерін баса айтып:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің! –
дейді.
Жыраулық поэзияда, оның ішінде Асан толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мән беріледі.
Асанның нақыл-өсиет ойлары мына толғауларында айқын аңғарылады: “Бұл заманда не ғаріп”, «Есті көрсең кем де», “Көлде жүзген қоңыр қаз”, “Таза мінсіз асыл тас”, “Құйрығы жоқ, жалы жоқ”, “Атадан алтау тудым деп”.
Ғалым Ө.Танабаев: «Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманистердің тіліндегі ойшыл Асан танылады. Адам мен тіршіліктің тұтастығын, олардың қайғысы мен қуанышының да ортақтастығын ұғынуы – ұлы жырау бойында қасірет шегу, сүю сияқты адамгершілік сезімдерін қозғайды» деп көрсетеді. Яғни, Асан қайғы жырларынан адамгершілік қасиеттерді насихаттауды молынан ұшыратамыз.
Асан қайғының нақыл-өсиет сипаттағы толғаулары айтылар ойдың ұтымдығы мен әсерлілігіне орай қайталаулар (рефрен) мен дыбыс үндестігіне (аллитерация, ассонанс) құрылып отырады. Мәселен:
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Кырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ер қадірін не білсін!
Көшіп-қонып жүрмеген
Жер қадірін не білсін!
Көшсе, қона білмеген,
Қонса, көше білмеген,
Ақылыңа көнбеген
Жұрт қадірін не білсін! –
немесе:
Тұрымтай торғай іле алмас,
Қанаты сынып қайырылса.
Жер таянбай тұра алмас,
Жеткіншектен айрылса, –
деп келетін Асан қайғы жолдарында оның жекелік сипаттан үлкен жинақтауларға бой ұрғаны аңғарылады. Бұлары кейде қоғамдық тұрмыстың мән-жайын айтуға байланысты әлеуметтік, азаматтық әуенге де құрылады.
Асан қайғының:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?! –
деп келетін бір ғана шумақ жырынан бүкіл табиғат, адам өмірі туралы терең пәлсапалық толғанысты көреміз.
Қоғамдық мәні бар ірі мәселелермен қатар, адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынастар, адамгершілік пен зұлымдық, байлық пен кедейлік, достық пен жаулық, адалдық пен опасыздық, әділдік пен жауыздық, білімділік пен надандық, ізеттілік пен әдепсіздік секілді мәселелерге де кезінде Асан қайғы үлкен мән берген. Жыраудың бұл топтағы жырлары мәселені көбіне-көп тұжырымды пікірлермен нақтылай отырып, мақал-мәтел іспеттес етіп құрылады. Мысалы:
Әділдіктің белгісі –
Біле тұра бұрмаса.
Ақылдының белгісі –
Өткен істі қумаса.
Жамандардың белгісі –
Жауға қарсы тұрмаса.
Зұлымдардың белгісі –
Бейбіттің малын ұрласа.
Надандардың белгісі –
Білгеннің тілін алмаса.
Шамаңша шалқып көре бер,
Қабірге әзір қоймаса.
Артыңда қалған атақ жоқ,
Тіріде даңқың болмаса.
Жыраудың ізгілік, бірлік, татулық, жалпы адамгершілік жайындағы түйген ойлары:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа...
Өзіңе біреу тимесе,
Кейін қарай жылыста.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтып жуыспа!
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа!
деген түрде сол дәуір талабына сай ақыл-насихат, өсиет үлгісінде келеді. Жыраулық толғаулардың басты белгісін құрайтын өмірлік салыстырулар мен қайталаулардың ұштала, қорытыла келе мақал-мәтелдік мәнге ауысатын кездері де бар, бірақ бұлар жыр ішінде келетін болғандықтан, сол талапқа сәйкес ой, ұйқас талабына сай тарқатылып айтылады. Мысалы, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» делінетін мәтел Асан қайғы толғауында:
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа, –
деп берілген. Сол сияқты «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген мәтелді де жырау түрлентіп:
Ашу – дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа, –
деп береді. Сондай-ақ, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыс мәнді тіркес Асан қайғыда:
Надандардың белгісі –
Білгеннің тілін алмаса, –
деп тұжырымдалған.
Сонымен, бұл дәуірдегі жыраулық поэзия, оның ішінде Асан қайғы Шығыс әдебиеті мен түркі әдебиеті жырларында бұрыннан келе жатқан дидактикалық мазмұнды, адам және табиғат көріністерін өзара салыстыру арқылы мағыналы тұжырымдар жасау тәсілдерін дамыта отырып, бұларға жаңа мазмұн, соны сипат бере білді. Бұл дәстүр кейінгі жыраулар шығармаларында толысып, кемелденіп отырды.