Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары



бет29/104
Дата14.10.2022
өлшемі369,21 Kb.
#43171
түріЛекция
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   104
Байланысты:
Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму

2. Доспамбет жыраудың толғаулары.
Доспамбет жыраудың шығармаларының біздің дәуірімізге жеткендері аса көп емес. Бар болғаны 160 жолдың шамасында. Осы жыр, толғауларының өзінде-ақ ол өмip сүрген заман тынысы көpiніc тапқан. Жыраудың ерлікті, адамгершілікті дәріптеп, негізгі арқау еткен шығармалары өзінің танымдық, тәрбиелік мәні әлі жоя қойған жақ.
Доспамбет жыраудың белгілі толғаулары мыналар: «Айнала бұлақ басы тең», «Сере, сере, сере қар», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Арғымаққа оқ тиді», «Озушылар озмаңыз».
«Айнала бұлақ басы тең», «Арғымаққа оқ тиді» шығармаларында жыраудың өз бейнесі біршама көрініс тапқан. Бұл толғауларында оның өмірдің мәні, ел, туған жер, ұрпақтар жалғастығы, ерлік дәстүр мәселелері туралы ойлары да көpiнic табады. Жырау шығармалары идеялық мәнінің тереңдігімен ерекшеленеді.
Доспамбеттің жаумен ұрыстан алған жарақаттанып өлейін деп жатканда айтқан толғауында оның жан сыры айтылғандай болады. Онда жыраудың келешекке деген арман-сенімдері де бейнеленген.
Жырау:
Азау, Азау дегенің
Әл-Ғұсман - паша жұрты екен,
Дін ісләмнің кірті екен…
деп басталатын бұл толғауында өзінің Азов пен Қара теңіз жайлаған ноғайлы хандығынан шыққан батыр, Әл-Ғұсман паша жұртынан, Әли ағаның күйеу баласы екендігін, діни сенімі – мұсылман екенін, Есақай, Қосай деген ұлдарының болғанын айтады. Доспамбеттің дінге деген көзқарасын да осы толғауынан аңғаруға болады.
Доспамбет өзінің шонжарлар тұқымынан шыққандығын, хан ұлы мен би ұлынан кем еместігін, тәңірі қалағанда олардан да несібесінің биік боларын айтады. Яғни Доспамбет үшін бәрі құдайдың әмірінде:
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді несібем! –
дейді өр рухты жырау. Бірақ Доспамбеттің бір құдайы алла емес, тәңірі. Осыдан-ақ Доспамбеттің ата-баба дініне ден қойғандығын байқаймыз.
Доспамбет толғаулары терең ойлы көркем туынды. Дүниетанымы кең, өмір өткелдерінен өткен тәжірибелі зердені, зергерді танытқандай. Дүниенің өткіншілігін термелей келіп, ол адам өмірінің өсу жолдарын өзінше топшылайды. Қызығы, сайраны мол жастық шақтың аяғы қарттық кеселіне кезігіп, жарқын өмір шоғы біржола сөніп, өмір соңы опатпен тынатынын ескертеді. Сол тағдыр тәлкегінен жыраудың өзі де құтыла алмасын:
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сүйтсе бұл дүние,
Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағадан, -
деп мойындайды.
«Доспамбет жайындағы бір әңгімені В.В.Радлов Қырымды қоныстанған ноғайлардан жазып алған. Онда “Азауда Доспамбет аға болған (аға – ханға жақын феодалдардың титулі, – М.Мағауин), ондан басқа отуз екі аға болған, әпсі де батырлардан болған,”- деп басталады бұл шағын хикая. Бұлар бір күні жорыққа аттанады. Бірнеше күннен соң көп әскерге кездеседі. Басқа ағалар қашайық дегенде Доспамбет: “ Қашмақ болмас, алла не көрсәтсә шуны көрәрбіс,”- деп ұрысқа кіріседі. Ұрыс болған жерде қамшысы қалып қояды да жырау сол қамшысы үшін қайта барғанда жарақат алады. М.Мағауин: «Сөйтіп, Доспамбеттің қазасы ұрыс кезінде түсіп қалған қамшыдан болады» дейді. Осы ноғайлардан жазып алған әңгімеден Доспамбеттің қазасына қатысты жайттарды, сонымен қатар оның өзіндік дүниетанымын да көруге болады. “Алла не көрсәтсә шуны көрәрбіс” дейді. Қазақ арасындағы деректерде Доспамбеттің қалай, қандай жағдайда жарадар болғандығы айтылмайды, тек ұзақ толғауы ғана беріледі. Қамшы жөніндегі деталь - әрине аңыз. Бірақ толғауынан да осыған ұқсас деректерді ұшыратамыз.
Мұнда Доспамбет өзінің ескі дәуренін, садақ толы сайгез оқты боратып ата, алты құлаш ақ найзаны шанша жауын мұқатқан күндерін, Еділдің бойын ен жайлар бейбіт заманын қимайды. Толғау Доспамбеттің о дүниеге бет бұрып өзін-өзі бекітумен, өмірінің босқа өтпегеніне сенім білдірумен:
…Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен
деп аяқталады.
Жырау дүниеде мәңгі тұрақты ештеңе жоқ деп біледі. Алайда жырау өмірдің өтпелілігін діншілдік тұрғысынан емес, өзіндік ой тұрғысынан тұжырымдайды.
Доспамбет жырау – өмірдің өкініші мен шүкіршілігі турасында көп толғанған үлкен философиялық өренің, белгілі бір пікірді тұжырымдап айтар, жаратылысына жалтақтық пен жасқаншақтық жат өр мінезді, өжет ойдың иесі. Әйтпесе, ол:
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қоныстар қонған өкінбес.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес...
Жұпарын қардай боратып,
Арулар құшқан өкінбес.
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес...
Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес, –
деп жырламаған болар еді. Доспамбеттің замандастарына құрметті болып, сөздерін кейінгілерге жеткізуі, сөйтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса отырып, үзіліп, қысқарған қалпымен болса да бүгінгі күнге ұштасуының сыры осыда болса керек. Өйткені, ерлікті, өрлікті, кісілік биіктікті сыйлайтын ел – сол қасиеттер бойынан табылып тұрған өз ұлын, өз ұрпағын қастерлеуге парасаты жеткен.
Жыраудың бүгінге жеткен жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Қазіргі қолда бар шағын толғаулары осыны көрсетеді. Жырау өмірімен қоштасар алдындағы сөзінде адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы терең тебіреніп ой қозғайды.
Жаралы жауынгер-жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштің ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр - аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық – ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта-сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін айқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.
Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма, –
деген жыр жолдарында көшпенділер дәуіріндегі еліне жан жүрегімен берілген нағыз батыр жыраудың тұлғасы бейнеленген.
Доспамбет жырларында айшықты көркем теңеулер, сырлы суреттер, өрнекті ойлар, образды символдар көп кездеседі. Мысалы:
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен –
деген жолдарда жай ғана салыстыру, құбылыс мәнін ашу мақсат етілмеген. Бұл үзіндіде, керісінше, нақтылы зат, құбылысқа айқын ой, бедерлі бояу, маңызды мазмұн беру байқалады.
Жырау толғауларында батырдың жорық пен майдандағы басты серігі – ат пен жылқы маңызына ерекше мән берілген.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес...
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес, –
деген жыр жолдары осы ойды айқындай түседі.
Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашан да мәңгілік. Оның толғаулары өзінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұрады.
Доспамбет шығармалары ноғай топырағында туып, қазақ ортасында дамыды.
Доспамбет – жорықшы жырау. Оның шығармаларында ерлікті дәріптеу үлкен орын алады. Бізге жеткен толғауларының рухын айтпағанның өзінде, талай ұрыс-қағыстың куәсі болғандығын көрсететін өлең жолдары жеткілікті.
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағадан, –
дейді жырау өлерінде айтқан жырында. Рухы таза ортағасырлық бұл толғаудан номад–жауынгердің ой өрісі, санасы, нанымы көрінеді.
Қазір мағынасы мүлде ұмытылған сөздер, тілімізде қолданудан шығып қалған тіркестер жырда баршылық. Жыраудың өзінің жарақаттануын, қансырап, әлқуаты азайып, бойынан өмір кетіп бара жатқанын суреттейтін жолдары көркемдік тәсілдерінің бұлалығына қарамастан, көңілге әсер етерлік терең, көз тоқтарлық сұлу.
Қорыта айтқанда Доспамбет – қазақ әдебиетінің өсу-өркендеу тарихында елеулі жыр қалдырған суреткерлердің бірі. Оның жырларының игілікті әсері, тіпті, кейінірек шыққан Бұқар, Махамбет шығармашылығынан да айқын аңғарылады. Сонымен бірге ескіден қалған мол мұра – эпикалық жырлардан да Доспамбет әсерін байқаймыз.
Доспамбет толғауларынан өсиет-нақылдар мол кездесіп, ерлік дәстүрді қастерлеу ниеті айқын көрініп тұрады. Жырау өлеңдерінде ерлікті дәріптеу - негізгі орын алатын идея.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет