Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Бұқар жырау шығармаларындағы ел бірлігі идеясы



бет63/104
Дата14.10.2022
өлшемі369,21 Kb.
#43171
түріЛекция
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   104
Байланысты:
Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму

3. Бұқар жырау шығармаларындағы ел бірлігі идеясы.
Бұқар толғауларының тақырыбы әр алуан. Жырау өзі өмір сүрген дәуірінің барлық бедерін суретке салғандай бейнелеп береді. Бұқар да өзінен бұрынғы Асанқайғы, Қазтуған сияқты жырауларды үлгі тұтады.
Бұқар өзінің арнау, толғау, термелері арқылы әлеуметтік, қоғамдық мәселені қозғайды. Бұл ретте ол, Ақтанберді жырау сияқты, феодалдық кұрылысты, хандық жүйені қолдады. Сонау XIV ғасырда өткен Сыпырадан бастау алатын жыраулық үрдісті кеңінен дамытты. Бұқар шығармалары көбінесе арнау, толғау түрінде келеді.
Толғауларында өмірдің өткені мен келешегін терең бойлап, өз замандастарына ақылгөйлік етсе, кейінгілерге үлгі болардай терең идеялы пікір айтады. Бұқардың толғаған тақырыбы да көбіне әлеуметтік мәселе болады. Ол әлеуметтік өмірге үңіле қарап, зерттей келе сол жөнінде сүбелі сөз, ұстамды біліқ, күрделі пікір айтып, өзінше қорытынды жасайды. Бұқардың азаматтық арымен тебірене толғаған ең негізгі мәселесі атамекеннің амандығы, ағайынның татулығы, бірлігі, халқының тыныш бақытты өмірін жырлау болды.
Хандық-феодалдық қоғамда рулық талас-тартыс бойынша ел бірлігі бұзылып отырған. Содан келіп сырт дұшпанның қақпанына түсіп, қазақ халқының біртұтас мемлекет болып өмір сүруіне кесел келе берген. Сондай бір жарамсыз әдетпен жарыла көшкен Садыр дегеннің көшін тоқтатып, Абылай алдында бітісуді талап еткен Бұқар "Садыр, қайда барасың, Сарысуды көбелеп" деген сөзін айтады. Осы сөзінде "Егер Абылай алдында сен бітіссең, құдандалы таныспын", егер бітіспесең, байқа, "Мен арғын деген арыспын, азуы кере қарыспын. Сен - бұзау терісі шөншіксің, мен - өгіз терісі талыспын" деп өз руының көптігін, күштілігін білдіреді. Және Садыр бітіспей кетсе, оған қиын болатынын, тіпті "Сонау кеудедегі дулығалы бас кетер" дейді. Бұл сөз, әрине, көшті қайтарып, ағайынның тату болып, бірлікте тіршілік етсін деген арманнан туып айтылған. Тоз-тоз болған елдің күйі, кейін басқаға жем болып, қорлық көрсететінін нұсқаған зерделі пікір.
“Бірлік болмай, тірлік болмас”, деген. Сырт жау соқтыға алмайтын айбынды ел болу үшін жұртттың ынтымағы, бірауыздылығы қажет екендігін Бұқар жырау жақсы түсінеді. “Ел бірлігін жырлау - Бұқар өлеңдерінде негізгі мәселенің бірі... Ол ел бірлігі мәселесіне үлкен мән береді”, - дейді Бұқар творчествосын көптен бері зерттеген проф. Қ. Жұмалиев.
Бұқар қазақ руларының өзара тату тұруын, мал-жан үшін, қоныс қыстау үшін бос қырқыспауын:
Өлетұғын тай үшін
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал-ерегіс, -
деп насихаттайды.
Мұндай қылықты, руаралық тартысты қоймаса елдің елдіктен айырылатынын, басына қиын күндер туып, әркімнен бір теперіш көретінін айтады.
Алауыздықтың, өзара қырқыстың неге соғатынын көрсету үшін тарихи шындықтар негізінде Бұқар қалмақтардың тағдырын:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты,
мысал ретінде келтіреді.
1745 жылы атақты Қалдан-Серен өлген соң оның ұлдарының бірі Цэван-Дорчжидің таққа таласқан өзінің інісі Лама-Дорчжиді өлтіруі, содан соң-ақ қалмақ ордасында аласапырын, өзара қырқыс басталып кеткені, билікке таласушылар тіпті шет елдіктерден де, бірде қытайдан, бірде қазақтан әскери көмек алып, жат ел атының тұяқтарына өз бауырластарын таптатқаны, осының нәтижесінде бір кездегі құдіретті Ойрат империясы әлсіреп, ақыры оларды 1775 жылы қытайлардың екі-үш айдың ішінде оп-оңай жаулап алғаны, қалмақ елінде жаппай қырғын ұйымдастырып, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін тегіс дерлік қырып салғаны, осылайша Жоңғар мемлекетінің жер бетінен жоғалғаны қазақтардың көз алдында болған еді. Сондықтан жұрт көңіліне қорқыныш ұялайды.
Шүршіт келем деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап
“Енжіл” атты кәләмда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді,-
дейді Бұқар.
Өздерімен көршілес қалмақтардың кебін киюден қауіптенген жырау:
Шүршіт келсе Сырға көш
Ішетұғын суы бар –
дейді. Әрине, бұл тек бассауға ғана. Сондықтан басқыншыларға қарсы тұрудың қиындығын білгенмен де Бұқар жырау бетіне айбар болар бірден-бір амал - ел бірлігі екендігін айтып, жұрттың ынтымақты, ауыз бірлікті күшейтуі керектігін насихаттайды. Бұл, әрине, тек бір сәттік қана емес, ел ел боп тұрғанда қашан да маңызы бар мәнді мәселе еді. Сондықтан да жырау:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан-суға шүйгумен
Көлден - көлге қоныңыз,
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз-
дейді.
Бұл жолдардан Бұқардың заманның көкейтесті мәселелерін көтеріп отырған азамат ақын болғандығы көрінеді.
Жырау ендігі бір өлеңінде:
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп,
Қайсібірін айтайын,
Айта берсең сөздер көп,-
деп толғайды.
Қазақ халқының ауызбірлігін, ханның әділ болуын, барша жұрттың бір турашыл басшыға бағынуын насихаттайды. Олай етпесе 1757 жылдары түп-тұқылы қалмай елдігі жойылған Жоңғар қалмақгары сияқты боласың деп Бұқар "Кіші қара қалмақ бүлерде" деген мысалын алға тартады. Демек, хан-сұлтандардың билікке таласуы, ру-тайпалардың бір-бірімен шатасуы, ақыр аяғында зор зардапқа ұшырататынын, шет жауға жем болатынын батыра айтады.
Жырау шығармаларының негізгі бір арнасы - жоңғар соғысы, сол тұстағы халық батырларының ерлігін жырлау болып отырады. Оған жыраудың “Қалданменен ұрысып’’ дейтін өлеңі мысал болады. Жырау:
Қалданменен ұрысып
Жеті күндей жүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшаұлы Жәнібек –
деп қазақ батырларын жырына қосады. Мұнда 1726 жылы Бұланты өзені бойында (Ақтөбе) жоңғарларға берілген алғашқы соққы суреттеледі. Бұқар сөзіне қарағанда, оған қазақтың сол тұстағы барлық батырлары қатысқан. Бұл сол кезеңдегі алғашқы халық ерлігінің жырлануы болатын. Аңырақай мен Аякөзде 1729 және 1732 жылы берілген екінші, үшінші соққылардың поэзиядағы көрінісі көп сақталмаған. 1735 жылғы соғыста Бөгембай батыр өледі. Оны Бұқар айрықша қайғырып жырлайды. Осы үш соққыдан соң жоңғарлар әлсірейді. Осыдан кейін қазақ қосындары жауды тықсыра қуып Тарбағатайға дейін барады.
Жыраудың бұл өлеңінде Абылай емес, халық батырларының бейнесі басымдау сипатталады. Жырдың соңы: “Айтар сөзім осы дүр, ақылың бар хан едің, мұның түбін ойлағын” деген жолдармен бітеді. Ақын ханға “дандайсыма жоңғарды жеңген сен емес, халық” деген ойды аңғартқандай болады.
Бұқар поэзиясында келесі бір үлкен тақырып - бейбітшілік, көршілес елдермен достықта болу ниеті. Оның бұл саладағы өлеңдері аз емес. Соның бастылары - “Абылай ханның қасында”, “Бірінші тілек тілеңіз”, “Ал тілімді алмасаң” болып келеді. Жырау мен хан арасындағы қайшылық бұл өлеңдерінен анығырақ байқалады. Өлеңде Бұқар Абылайдың тағы да соғыспақ болған ниетіне былай деп тойтарыс береді:
Абылай ханның қасында,
Бұқарекең жырлайды.
Жырлағанда не дейді:
Соғыспа деп жырлайды,
Бұқар деген кәріңіз.
“Ал тілімді алмасаң” атты өлең осы толғаудың жалғасы іспетті. Мұны 1925 жылы “Таң” журнылының 3-санында жариялаған Ғ.Жаманқұлов: “Абылай бір жорыққа жүрмек болғанда, қол бастайтын батырларының көпшілігі, бастығы Қаракерей Қабанбай болып жатпен жазықсыз жауласуды теріс көріп, барғысы келмейді. Ханды қостаған Қанжығалы Бөгембай батыр ғана болады. Бұл жорықты Бұқар жырау да дұрыс көрмеген екен. Бірақ хан Абылай батырлардың “бармаймыз” дегеніне көнгісі келмей төрелігін көрсетіпті. Сонда Абылайдың тасыған көңілін, астам сөзін басу үшін Бұқар жырау осылай толғапты”, - деп жазады.
Бұл өлеңнің тағы бір ерекшелігі – мұнда ханның астамшылдығын басу ғана емес, Абылайға қолданылған сынның ащы ұштығы да бар.
Ал тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сені алғаш көргенде
Тұрымтайдай ұл едің.
деп ханның өткен өмірін қозғайды. Кеше ғана құл едің, бүгін хан болып жетілдің. Олай болса елдің, батырларының сөзіне неге құлақ қоймайсың деп, тежейді. Абылайды жақтаған Бөгембай батыр туралы жырау:
Уа, сен Қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымы кеппес ұры едің.
дейді.
Үлкен де селебелі соғыстарда зор қайрат көрсеткен батырлардың бірі Бөгембай болса, елдің бейбітшілігіне келгенде жыау оны да аяп қалмайды. Мұның бәрі де қазақ халқының бірлігін, тыныштығын көздеуден туған ойлар еді.
Ел тыныштығын жақтаудың Бұқар поэзиясындағы тағы бір ғажап үлгісі –
Бірінші тілек тілеңіз
Бір аллаға жазбасқа
деп басталатын толғауы. Бұл жоғарыда келтірген екі өлеңмен де сабақтас әрі сарындас. Диалектикалық рухта көрінетін бұл өлең жолдарынан Бұқардың ел тыныштығын барлық мәселелерден жоғары қоятынын байқаймыз.
Ел ішіндегі әр түрлі талас-тартыстар, т.б. сол сияқты жанжалдар ру-рудың аталы билерінің бас пайдасына шешіліп, Абылай хандығына “тұман” түскен кезде Бұқар жырау ел мінезін түзетудің кілтін енді дін идеясынан іздей бастайды. Бұған оның “Айтар болсаң, алланы айт”, “Ей айтшы, алланы айт” деген өлеңдері мысал болады.
Жырау:
Айтар болсаң, алланы айт,
Таңертең азан шақырған,
Даусы сұлу молданы айт,-
дейді. Бұл өлеңінде Бұқар бес уақыт намаз, “тәңірім үйі - мешіт” деп, өзгерген ел психологиясын дін арқылы әсер етпек болған сияқты. Бұқардың Абылайдан соң өлгенін ескерсек, бұл өлеңді ол кейін айтуы да мүмкін. Асқар таудың өлгені, жастық, кәрілік жайындағы өлеңдер» де осы кезеңде туған деп шамалауға болғандай.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет