Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
3. Төле бидiң өмiрi, қоғамдық қызметi туралы деректер. Қазақ ауыз әдебиетінде Төле би туралы аңыз әңгімелер, шешендік сөздер мол. Солардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен және халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Төле бидің туған әкесі - Әлібек. Төле Әлібекұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, одан Жарылқамыс, Жарылқамыстан Жанту би, одан Жайылмас би, одан Құдайберді би («Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады). Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады. Деректерге қарағанда ол арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқыған. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, өзінен бұрынғы өткен шешен билер мен хандар, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі, нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Жас кезінде билердің алдынан өтіп батасын алады.
Төле биді көзінің тірісінде Бұқар сияқты ұлы жыраудың мадақтауы, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды алты алашқа қадірлі, жалпақ жұртты аузына қаратқан билердің аға тұтынуы тегін емес. Төленің атақ-абыройы әз Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» заңының ел ішінде таралуымен көтеріледі.
Бұл турасында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен» депті.
Қ.Байболов «Төле бидің тарихы" атты дастанында «Елінің береке — бітімін, құдіреті мен қасиетін, асқар етсем деп" толғанып армандаған, қазақ мемлекеті тарихындағы атақты саяси қайраткер, Тәуке хан (1680—1718) тұсында ұйымдасқан Билер кеңесінің мүшесі, "Жеті Жарғы" заңдарын жасаушылардың көрнекті өкілі, ұлы жүздің төбе биі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте жеңіске жұмылдырушы, отырықшылыққа үндеушілердің алғашқысы Төле бидің тарихи көркем бейнесін жасап баға береді.
Төле биді халық «Қарлығаш әулие» деп атап кетеді. Ташкент қаласындағы Төле би ескерткішін осы күнге дейін олар «қарлығаш әулие» ескерткіші деп атайды.
Қазақ елін нығайтуда, қалмақ-жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастыруда көрсеткен ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін, сондай-ақ ақылы мен әділдігі арқасында Төле би Әлібекұлы ел алдында үлкен сенімге, беделге ие болған.
Шоқан Уалиханов: «Так, в 1758 году султан Барак, один из сильнейших владельцев Средней Орды, убив Абулхаира хана Меньшей Орды, избрал суда над собою четырех биев, из биев всего киргизского народа. В числе его судей были Тулебий, от большой Орды и Айтеке - от Малой», - деп жазады.
Бұдан шығатын қорытынды - бір жүз емес, бүкіл үш жүзге белгілі Төле би Қазақстанның Ресейге әуелі жақындауына, кейін қосылуына ықпал жасаған. Көршілес халықтармен, атап айтқанда, Бұхар, Қоқан, Жоңғар, Ресей елдерімен ынтымақта, бірлікте болуды көздеген. Қазақ елінін еркіндігі мен егемендігін ерекше көксеген
Төле би 93 жасқа толар шағында Шымкент облысы Төле би ауданының Ақбұрхан-Орда деген ауылда қайтыс болған. Денесі өзі 12 жылдай билеп тұрған Ташкент қаласындағы Бабырдың нағашысы Жүнісхан ескерткішінің жанына қойылған. Төле бидің басына сағана тұрғызылған. Оған қала тұрғындары мен ел-елден келгендер тағзым етіп, сыйынып тұрады.