Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
3. Қожаберген жыраудың әдеби көркем шығармалары. Өлеңдері. Қожаберген жырау шығармашылығы жан-жақты. Жыраудан қалған рухани, әдеби мұра көптеп саналады. Қожаберген жыраудың жан-жақты талант иесі болғандығына жыраудың күйлері де дәлел болады. «Дабыл», «Анырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлері атынан белгілі болып отырғанындай, тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезең. Жырау сол кездегі халық зарын күй тіліне айналдырады. Жыраудың басқа да мұраларын iздестiру, зерттеу - болашақтың мiндетi.
Жыраудың шығармашылығында күй, дастандармен қатар ән, өлеңдер де елеулі орын алады. Соның бірі исі қазаққа кеңінен танымал – «Елім-ай» әні. Бұл ел басынан кешкен қаралы кезеңді білдіретін, халық басынан өткерген қиямет-қайым оқиғаны суреттейтін қайғылы ән:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,-
Қарындастан айырылған жаман екен, -
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді,-
деген өлең шумағымен басталады. Жүрек тебірентерлік осы өлең қандай жағдайда шықты, оның авторы кім, ол бізге қалай келіп жетті деген мәселе төңірегінде кезінде әр түрлі пікірлер айтылып келгендігі белгілі. «Елім-айдың» шығу тарихы жөнінде белгілі ақын, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің 1881 жылы шығарған «Даналарға» атты өлеңінде, ақын, әнші-сазгер Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың 1837 жылы шығарған деп саналатын «Қолбасы жырау» атты дастанында бұл әннің Қожаберген жыраудікі екендігі туралы деректер айтылады екен.
Сондай-ақ жыраудың кезінде ел ішіне кең тараған «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен Ноғайдың қоштасуы» атты көптеген өлеңдері Қазақстан Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған екен. Бұдан басқа жыраудың “Ақсауыт”, “Ғасыржас”, “Дүние”, “Жiгiттiк” сияқты т.б. толғаулары, “Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас”, “Сылаң Сыр”, «Кәрілік», «Жас келінге өсиет» өлеңдерi бар.
Қожаберген жыраудың «Кәрілік» деген өлеңінің шығу тарихы былайша айтылады. Едіге би Төлебайұлы Ақдәулет есімді жеті жасар ұлын ертіп тоқсан алты жастағы қартайып отырған Қожаберген жыраудан бата алу үшін сәлем бере Гүлтөбеге келеді. Едіге «халың қалай?» дегенде Қожаберген «Кәрілік» деген өлеңімен жауап берген екен делінеді. Батасының ішінде Едіге бидің баласы Ақдәулетке Шоң деген есім береді. Ол бала кейін өсіп, ержетіп Шоң деген атақты би болған. Шоңның Ақынбай атты баласы СССР халық артисі, Шәкен Аймановтың төртінші атасы екен деп айтылады.
Жыраудың «Жас келінге өсиет» өлеңінің мәтіні төмендегіше жарияланып жүр:
Отбасының ұйытқысы,
Қайын атаң мен қайын енең.
Сыйлап жүрсең оларды,
Кем болмайсың ешкімнен.
Қайын енеңді күт келін,
Бағады ол балаңды.
Енеңнің күші өлшеусіз,
Демеушің ғой табанды.