Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Шал ақын шығармаларының көркемдік сипаты



бет86/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   103
7. Шал ақын шығармаларының көркемдік сипаты.
Шал ақын шығармаларын өзге ақындар өлеңдерінен адаспай танып, тауып алуға болады. Өйткені, оның қайталанбайтын өзіндік өрнегі бар. Ақынның өзіне тән стиль, сөз қолданысы, айналаға көзқарасы, өзіндік ою-өрнектері өзге сөз шеберлерімен салыстырғанда мен мұндалап байқалып тұрады. Шал ақын қай тақырыпқа бармасын өзіндік тың теңеулерімен, ой өрнегімен көрінеді. Ақынның тағы бір ерекшелігі, айтайын деген мәселені қысқа айтса да, діттеген жеріне жеткізе біледі. Бұны ақынның әрбір өлеңінен байқауға болады.
Шал ақынның қарапайым, қарабайыр айтыла салған сөздерінің өзінде қымбат мән, мағына түйдектеліп жатады. Ақын жай тұрмыстық прозаизмнің өзін поэзиялық айшыққа дейін көтереді.
Шал – сөздерде белгілі бір жүйе, тәртіп барын, сезім мен ойдың бірлігі, шынайылығы ғана өлеңге өріс бере алатынын түсінген ақын. Шал – өз ортасына жақын ақын, өз дәуірінің перзенті. Сондықтан да ол дәуірдің суреті түгел болмағанмен, оның поэзиясында кейбір қырларымен жақсы көрінісін тапқан.
Ақын өмір құбылыстарынан өлмес поэзия жасады. Оның кейбір өлеңдеріне эмоцияның аз қатысуы мүмкін, бірақ заттығынан, реалдығынан ажырамаған. Ол көкірек көзі, ақылы неге меңзесе, соны айтты, білдірді. Ешнәрседен тайсалып, бұғып қалмай, тура сөзімен батыл сөйлей алды. Шал өлең сөзге зор мән беріп, шешен сөз арасына бөгде сөз қоспайды. Шал шығармаларында кейбір қайталаулар кездесіп отыратындығы болмаса артық шумақ некен-саяқ. Аузын ашса ақпа бұлақтай ағытыла жөнелетін айқын ұйқасты сөзге имандай шындық қосып, айтарын құлпыртып береді.
Сөзге бала жасынан ден қойған ақын қарсы келгенін құр ауыз жібермеуге тырысқан. Айтарын бүкпесіз айтып қалу, хан, қараның алдынан жасқанбау Шал секілді шешендерге ғана тән мінез. Шалдың аз сөзіне көп мағына сыйып тұрады. Осы сөз өнерін өзіне о баста мұрат етіп ұстанған ақын әуелі әзіл-қалжыңнан бастап, шын қақтығыстарға, философиялық тұжырымдарға дейін барады.
Шал ақын адам сүйгіштік қасиетімен бізге поэзиясын жақындата түсті. Бірде езу тарттырып, бірде таңдай қақтырып, әйтеуір кісіні немқұрайлы қалдырмайтын Шал өлеңдері өршіл мінезімен, ұжданды сөзді қастерлей білетіндігімен де жақын. Шал поэзиясында жалпылама сұлу сөз, асқақ теңеулер аз. Мысалы:
Атасыздан би қойсаң,
Алжастырар еліңді.
Тура жолды сөзді айтпай,
Сындырар бір күн беліңді, –
дегендегі Шал сөздерінің оқырман, тыңдарманын өзіне тарта түсуінің сыры ақжүректілігінде, қарапайымдылығында жатса керек. Ақын сөзінің поэтикалық күші соны дәлелдейді. Онда образ, сөз, әуен өзінен-өзі құйылып, жымдасып, сәуле түсіріседі.
Шал поэтикалық сөздің дәмін, тамырын дәл, анық тапқан ақын. Теңеу, тұспалдауы, метафора, символ секілді бейнелеу құралдары да соны көрсетеді.
Шал ақын қазақтың он бір буынды қара өлеңінің құдіретін Абайдан бұрын танытқан сөз шеберлерінің бірі. Шығармаларының дені он бір буынмен жазылған, жеті-сегіз буын аракідік ұшырасады. Өлеңдерінің ұйқасы да берік. Ол поэзиясында он бір буындық өлшемнің мүмкіндігін мол пайдаланған. Кейде тармақтың аяғы өзара ұйқасады. Бір мысал келтіре кетелік:
Басеке, мал жануар басқа бітер,
Қына шөп секілді ол тасқа бітер.
Үйіңнен ит жаланып шықпайтұғын
Өзіңдей жатып ішер насқа бітер –
дегенде «басқа», «тасқа», «насқа» сөздері «бітер» етістігімен біте қайнасып, әуезді ұйқас жасаған. Кейде «шөлді біледі», «елді біледі», «жеңуді біледі» деген зат есім мен етістіктің тіркестері өзара ұйқасады да, келісті өрнек құрайды.
Қай кезде де өңін жоғалтпас Шал ақынның фәлсафалық тұжырымдары мен ұтымды ұйқасын былай қойғанда, тапқыр теңеулері де тәнті етеді. Мысалы:
Ай нұрланар аспанда толған сайын,
Пенделер үміт етер болған сайын,
Ашу - пышақ болғанда, ақыл - таяқ,
Сол таяқ кемімей ме жонған сайын.
Ақынның осы сияқты мәнерлі де әсерлі шумақтарынан тыңдарманы ғибадаты ой түйеді. Ақын кәрінің өлімін соққан дауылдың тынғанына теңесе, жастың өлімі сынған бәйтерекпен парапар дейді. «Таудың көркі – тас» дейді ақын. Осы сияқты тың баламаларды Шал ақын шығармаларынан жиі кездестіруге болады. Ақын кісі мінезіндегі олқы жайларды жіті байқап, өз байламын ұсынады. Өмір тәжірибесін оймақтай сөзбен тізеді.
Ақын адамдарды сабырсыздықтан, санасыздықтан сақтандырады. «Жігіттің мұрты кебер мақтанарда» десе, оның немен аяқталатынын жазбай танисыз. Бір жолдың өзінде мінез, кескін-келбет тұтас көрініс береді, Ақын ақылдың көзімен көп нәрсені ашып көрсетеді.
Ақ пен қараның бітіспес күресінің арасында жүріп Шал өзінің шығармашылық нысанасынан ауытқымаған. Ақынның өзі сезіп білгенін, көргенін, түйгенін айтқаны басқалар үшін рухани азық еді. Шал қысқалы, ұзынды нақылдарына бірқатар жүк артты. Кейбір шумақтары шешендік сөздердің жүйесіне жақындайды, енді бірқатары кәдімгі ақ өлеңмен айтылғандай әсер етеді. Ақын өлеңдеріндегі сөздердің орнын кей жағдайда ауыстыру мүмкін емес. Мысалы:
Жігіттің өзім білем дегені –
Басына салған ойраны.
Ісін көпке бергені –
Тастан соққан қорғаны.
Өсек басты болады
Қыздың жасқа толғаны.
Жан шошырлық жаман іс –
Ағайын ала болғаны.
Ақын неден сақтанып, неден аянбау керектігін айнаға түсіргендей айнытпай береді. Қазіргі өркениетке де бұл керекті ой. Рухани тәжірибе көпке ортақ. Ертедегі жыршы, жыраулар алауыз, алакөз болған хандарды да осындай сөздермен ауыздықтап, тізгін тарттырғаны белгілі. Мұның өзі, Шал ақынның кемеңгерлілікке иек артар сөздері қай дәуірге де қызмет ететіндігіне дәлел болса керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет