Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
4. Шал ақынның әйелдер, қыздар тақырыбындағы өлеңдерiнiң тәрбиелiк мәнi. Шал шығармашылығында әйелдер тақырыбы үлкен орын алады. Бұл тақырыптың қоғамдық-әлеуметтiк негiздерi бар. Әдебиетiмiздiң iлкi дәуiрлеріндегi ескерткiштерiнде (“Құтты бiлiк”, “Қорқыт ата кiтабы”), жыраулар поэзиясында бұл тақырыптың біршама орын алғандығы белгілі. Бұл мәселенi жырлауда Шалдың өзiндiк ерекшелiгi оның “жақсы”, “жаман” әйелдердi, келiндердi, қыздарды бейнелеуiнде көрініс тапқан. Ақынның бұл мәселеге қатысты ойлары өз заманындағы халықтың салт-сана, дәстүр, ұғым-түсiнiктерiмен байланысты. Ақын әйел баласына деген көзқарастарын, сүйіну, күйінудің ерекшеліктерін ашық жырлаған.
Қыздардың жас мөлшерiне қарай белгi сипаттарын, ерекшелiктерiн айта отырып, тәрбие мәселелерiмен сабақтастыру ерекшелiгi байқалады.
Отбасының берекесi болар жар таңдау, үйлену, әдептi де ибалы, арлы да ұятты, махаббатқа тұрақты әйел табу мәселелерi жөнiндегi ақын ойлары оның шығармаларында кең көрiнiс тапқан. Бұл тақырыптағы өлеңдерi сыншыл, өсиет, насихат түрiнде айтылады. Экспромт, терме, ұйқас, ырғаққа құрылған қара сөз үлгiсiнде де берiледi.
Сөз қағысу, сұрақ-жауап, айтыстарында да бұл тақырыпқа қатысты мәселелер көрiнiс тапқан. Ақын бұл мәселеге қатысты шығармаларының, өсиет-нақыл сөздерiнiң танымдық-тәрбиелiк мәнi әлі де өз құндылығын жоя қойған жоқ.
Шал ақынның жастық, қыздар, әйел туралы айтқан өлеңдерінде өзінен бұрынғы жыраулар ойларымен сабақтасып жататын жақтары жоқ емес.
Шал әсте әйел баласының бойынан ізеттілік, инабаттылық, сабырлы, сәнді мінез іздеп отырған кісі. Ол образды отбасы, ошақ қасына байлап қоймай, көп алдына әкеліп сынатады. Мысалы, ақынның бастапқы бәйбішесі өлген соң, бір замандасы қонаққа шақырғанда Шал: «Тоқал, тоқал, белбеу әпер» дейді, сонда тоқалдың әперген белбеуі жіп екен. Барған үй иесі: «Ие, Шалеке, бота белбеуің құтты болсын», – дейді. Ақын үй иесінің аңдаусыз айтыла салған сөзіне орай сол заматта кішкентай детальдан өлең жасай қояды. Бұл шағын өлеңнің өзінен тоқалдың қандай екені, бейнесі көз алдыңызға келеді. Ақын:
Беліме жіп буындым белбеусізден,
Жігіттер, қатын алма көргенсізден,
Жігіттер, қатын алсаң көргенсізден,
Ғазиз басың қор болар тергеусізден, –
деп, әрі қарай бәйбішісіне көшіп кетеді. Ақын бәйбішесін сырбаз, сыралғы бозінгенге теңейді. Сөйтіп, екі әйел, екі түрлі мінезді береді. «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман әйел жақсы еркекті жер қылады» деген ойды осылайша түйіндейді.
Бір сусын үстінде екі келінді салыстырып жіберіп, біреуін «ақырған аждаһадай аю» десе, екіншісін «анамыздай болмай ма мына келін» деп, қызықты көріністі көз алдымызға келтіреді. Осы сияқты мысалдарды ақын шығармаларынан көптеп келтіруге болады.