Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
2. Қадырғали Жалаиырдың өмірі, қоғамдық қызметі. «Жами ат-тауарих» («Шежірелер жинағының») еңбегінің танымдық мәні, әдеби сипаты. Алдымен Қадырғалидың өмірі мен қоғадық қызметіне тоқталар болсақ, ол жөнінде мынадай деректер бар. Тарихи шығармаларда оны «Қайырғали Жалаири» деп көрсетеді. Бұл оның аты-жөнінің соңына туған жерін көрсететін бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша алынған. Бірақ мұнда оның туған жері емес, тайпасының аты көрсетілген. Оның шыққан тегі Жалайыр тайпасынан болғандықтан «Жалайри» аталған. Туған жері - Сырдария өңірі. Кейбір деректерде 1530 жылы Отырар-Түркістан маңында туылған деп көрсетіледі.
Деректерге қарағанда Қадырғалидың ата-бабалары Қарахандар әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы-кеңесшісі, қол бастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген. Жастай білім алып, бірнеше тіл меңгерген Қадырғалидың өзі де хан сарайында қызмет атқарып, хан балаларын тәрбиелеу ісімен айналысқан. Шығай ханның баласы «Ұзын оқты» атанған Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның 13 жасар баласы Ораз-Мұхаммедті алып, өзіне қараған елмен Сібірдің Көшім ханының қол астына көшіп кетеді. Онда Қадырғалидың білімділігіне, ақыл-парасатына риза болған Көшім хан оны Төбе би етіп сайлайды, өзінің ақылгөй кеңесшісі етеді. Бірақ ол онда ұзақ бола алмайды, кейін Сібір кінәзі Сейдектің ықпалымен, онымен бірігіп Көшім ханға қарсы шығады. Сөйтіп ол енді Ораз-Мұхаммедпен бірігіп, Сейдектің мәртебесін көтереді. Осында жүргенде оларды Сібір воеводасы Д.Чулков алдап тұтқынға түсіреді. Қадырғалиды Ораз-Мұхаммедпен бірге Мәскеуге жөнелтеді. Кейін шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасым хандығынан иелігіне жер бөліп береді.
1600 жылы орыс жаңа патшасы Борис Годунов Ораз-Мұхаммедті Қасым хандығының ханы етіп қояды. Қадырғали оның төрт биінің бірі болып тағайындалады. 1598 жылы Қадырғали Жалайыри патша сарайында болады. Ол осы кезде ғылыммен айналысады. Ана тілімен бірге араб, парсы тілдерін де жақсы меңгеріп, Шығыстың әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең зерттейді. Соның нәтижесінде кейін «Жылнамалар жинағы» деген атпен әлемге әйгілі болған өзінің атақты еңбегін жазады. «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөздерге қанық көптеген кітап оқыған адаммын» дейді ол өзі жайында. «Жылнамалар жинағы» - орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі. Мұнда қазақ хандығының Х ғасырдың басынан бергі ішкі-сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның халықаралық жағдайлары, хандардың және олардың төңірегіндегі түрлі әлеуметтік топтардың саяси ахуалдары жөнінде аса құнды мәліметтер берілген. Еңбек үш бөлімнен тұрады: 1. Борис Годунов билігін бейнелеу. 2. Рашид ад-Диннің «Джами ат-Таварих» атты еңбегінің қысқаша аудармасы. 3. Орыс ханнан Оразмұхаммед сұлтанға дейінгі қысқаша тарихнамасы.
Бұларға қосымша алтынордалық ірі қайраткер Едіге батыр жайында дастаны берілген. Жалпы еңбек қай сұлтанның, қай ханның қай жерде қайтыс болғанын, жерленгенін көрсетуімен де құнды. Қадырғалидың бұл шежіресі ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи еңбек. Ғұлама ғалым Ш.Уәлиханов бұл кітаптың аңыздан гөрі ақиқаты басымырақ деп бағалаған. Оразмұхаммед пен Қадырғали бастаған қазақтардың Ресейде болу оқиғасы көрнекті жазушы М.Мағауиннің «Аласапыран» атты романында кең және көркем баяндалған. Сонымен қатар академик Әлкей Марғұлан 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Күміс сандық құпиясы» атты мақаласында Қадырғалиға аса жоғары баға берген екен.
Соңғы кездері аталған еңбекті профессор М.Қойгелдиев арнайы зерттеп жүр. «Жылнамалар жинағының» жалғыз көшірме данасын Қазан университеті кітапханасына татар ғалымы И.Халфин тапсырған. Сол көшірмені шығыс қолжазбалар жинағына бастырған профессор И.Березин былай деп алғысөз жазады: «Біз шығармаға қандай ат берілгенін білмейміз, бірақ кітаптың негізгі бөлігі Рашид ад-Диннің әйгілі туындысының қысқаша аудармасынан тұрғандықтан, біз оның атын да қолжазбамызға бере аламыз». Сөйтіп ол Қадырғали еңбегін оның нағыз аты анықталатын көшірмесі табылғанша «Джами ат-Таварих» - «Жылнамалар жинағы» деп атауды ұсынған. Тарих ғылымының докторы, профессор М.Қойгелдиев 1994 жылы жарық көрген «Қазақ тарихы» журналында «Өкінішке орай, қолжазбаның кейінірек Петербордан табылған екінші көшірмесінде де еңбектің автор берген аты жоқ болып шықты да, ол сол «Джами ат-Таварих» - «Жылнамалар жинағы» атанған күйінде қала берді. Бұл жағдай тарихшы ғалымдар арасында Қадырғали еңбегінің дербес деректік мәнін тура бағалауға едәуір кедергі жасады, басқаша айтқанда, оны Рашид ад-Дин жұмысының түрікше нұсқасы ретінде ғана қарауға негіз болды», - дейді.
Сондай-ақ "Жами ат-Тауарих" шежіресін кезінде Н.И.Ильминский (1822-1891) Шоқан Уәлиханов (1835-1865) В.В.Вельяминов-Зернов (1830-1904) және басқа да көрнекті ғалымдар зерттеген.
Қадырғали би бұл "Жылнамалар жинағын" бұрынғы шығыс дәстүрі бойынша орыс патшасы Борис Годуновқа арнайды. Алғы сөзінде ол патшаның Ресей мемлекетінің айналасындағы елдерге деген ілтипатын, тұрмысы төмен кембағал жұртқа және зорлық-зомбылық көрген қорғансыздарға жасаған жақсылығын сипаттайды. Қадырғали Жалаиридың «Жами ат-тауарих», яғни «Шежірелер жинағы» атты еңбегінің түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының мәдени және рухани тарихында алар орны ерекше. Атақты орыс ғалымы И.Н.Березин 1854 жылы Қазанда Шығыс тарихшылары кітапханасы басылымдары қатарында алғаш рет жариялап, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов бірінші болып зерттеп, ғылыми бағасын берген бұл әйгілі еңбек кеңес жылдарында татар оқымыстылары тарапынан біршама зерттелініп, баспа бетін көрген. Қ.Жалайыридың өз қолымен 1602 жылы жазған қолжазбасы біздің заманымызға жеткен жоқ. Тек оның екі көшірмесінің бірі (1641-1642 жылдары көшірілген) - Санкт-Петербургте сақталынып, екіншісі – Қазан университетінде сақталынған. Қазақстанда ол көшірме түпнұсқасынан белгілі ғалым Р.Сыздықованың дайындауымен 1989 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. 1991 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Р.Сыздықова мен Қ.Қойгелдиевтің әзірлеуімен басылып шықты. 1997 жылы «Қазақстан» баспасы толық аудармасымен қазақ жұртшлығына ұсынды.
Бұл тарихи құнды еңбек өз заманындағы Орта Азиялық жазба дәстүрінде жазылған. Мағынасы мен желісі, сондай-ақ құрылымы жағынан «Тауарих ғузида-и нусрат-наме» (XVI ғ.), Әбілғазының «Түрік шежіресі» (XVII ғ.) және басқа да еңбектерге ұқсас.
Қадырғалидың «Шежірелер жинағын» мазмұны, құрылымы жағынан алып қарағанда, шартты түрде үш бөлімге бөлуге болады, яғни:
- Орыс патшасы Борис Годуновқа арналған арнау;
- «Жами ат-тауарих» атты Рашид-ад-диннің еңбегі негізінде жазылған тарих;
- Орысханның Ораз-Мұхаммед сұлтанға дейінгі Шыңғыс әулеті ұрпақтарының шежіресі.
Қадырғали Жалайыр еңбегінің негізгі желісі Ораз-Мұхаммедтің тарихы болып келеді. Ораз-Мұхаммед хан атақты Тәуекел ханның (1586-1598) інісі Ондан сұлтанның ұлы болатын. Оның аталары Орыс хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар Алтын Орда, Ақ Орда және қазақ хандығындағы белгілі тарихи тұлғаларға жатады.
Қадырғали Жалаиырдың шыққан тегі мен өмір жолы жөнінде біршама деректі осы шежіреден алуға болады. Оның шыққан елі - жалаиыр. Жалпы Жалайыр тайпасының аты ежелгі тарихи еңбектерде өте жиі ұшырасады. Бұл еңбегінде Қ.Жалаиыр қысқаша баяндай отырып, Шыңғыс хан заманынан бері қарай ата-бабасының шежіресін таратып береді. Қадырғали өз заманының араб, парсы тіліндегі көптеген тарихи кітаптармен таныс болған. Әрине, қазақ хандығына дейінгі тарихты жазу үшін Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарихын» пайдаланған және қысқа күйінде шежірелерді баяндаған. Бірақ Қ.Жалайыри оның аудармасын жазуды ойламаған. И.Березин болса Қ.Жалайыри кітабының алғашқы беттері жоғалып кеткендіктен бұл еңбекті Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарих» атты кітабының түрікше аудармасы деп түсініп, жаңа кітаптың атын да солай атаған. Шын мәнісінде Қ.Жалаиырдың еңбегіне өзі қойған аты әлі күнге дейін белгісіз. Егер Қ.Жалаиыр «Жами ат-тауарихты» аударатын болса оның кітабының көлемі бұдан бірнеше есе үлкен болып шығар еді. Осы жайттар ескеріліп, қазақ басылымында бұл еңбек Березинше «Жами ат-тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп атамай, «Шежірелер жинағы» деген атпен қабыл алынды.
Қазақстан тарихы үшін аса маңызды бөлігі болып саналатын 3-ші, яғни бұрын-соңды көріп, естімеген тың тарихи мәліметтер берілген соңғы бөлім 9 тараудан тұрады. Олардың сегізі Шыңғыс хан ұрпақтарының ішінде Қазақстан тарихына қатысы бар Ұрұсхан, Тоқтамыс, Темір-Құтлық, Ұрұсхан ұлы, Қажы-Керей, Қажы-Мұхаммед, Әбілхайыр, Жәдігер, Ораз-Мұхаммед және басқаларға арналса, бір тарау Алтын Орда тарихындағы ірі тұлға Едіге би жайында. Мұны алғашқы зерттеушілер түпнұсқа бөлім деп атаған болатын.
Қ.Жалаиырдың Ораз-Мұхаммедпен бірге Керман (бүгінгі Қасымов) қаласына келгенге дейінгі өмір жолынан ешқандай дерек, мәлімет жоқ. Өз еңбегінде Қадырғали ата-бабаларынан бері Ораз-Мұхаммед ханның әулетіне қызмет жасап келе жатқандығын атап өтетіндігіне қарап, оның Тәуекел ханның ордасында жас кезінен қызмет еткен деген жорамал жасауға болады.
Бір дерекке қарағанда, Ораз-Мұхаммед 1588 жылы 16 жасында тұтқынға түскен, яғни ол нөкерлерімен, соның ішінде қарашы (кеңесші нөкер) Қ.Жалаиыр да бар, Тобыл қаласына жақын маңайда аң аулап саятшылық құрып жүргенде воевода Данил Чулков оларды алдап, арнайы қонаққа шақырады да, тұтқындап, Мәскеуге жібереді. Кейін Ораз-Мұхаммед әскери қызметте ерекше көзге түседі, сөйтіп патшаның ықыласына бөленеді. 1600 жылы патша Борис Годунов Ораз-Мұхаммедті Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызады. Жат елде жиырма екі жыл тұрып, оның он жылында Қасым патшалығын басқарған Ораз-Мұхаммед өз қарауындағы халыққа адал қызмет етіп, талай тарихи оқиғаның белді куәсі болған. Бірақ 1605 жылы патша Борис Годунов өлгеннен кейін Ресей елінің басына төнген «аласапыранда» өзіне қазылған орды сезбей қалады. Лжедмитридің қастандығынан қапыда 1610 жылдың қараша айында 38 жасында қаза табады. Мәйіті Ока өзеніне тасталады да, өлімінің себебі сан-саққа жорытылып, ол жөнінде арнайы өсек-аяң таратылады. Едіге бидің ұрпағы, асылдың сынығы Петр Урусов қандыкөйлек досы Ораз-Мұхаммедтің денесін өзен түбінен тауып алып, арулап Қасымов қаласындағы хандар қорымына жерлейді. Және Ораз-Мұхаммедті өлтірген Лжедмитриді өлтіріп, бір жағынан досының кегін алса, екінші жағынан Ресей тағын қорғап, орыс елінің шетелдік басқыншылардан құтылуына жәрдемін тигізеді.
Қадырғали шежіресінде Алтын Орданың ыдырауына қатысты маңызды деректер де берілген. Қазақ хандығының құрылар кезіндегі алғышарттарына қатысты, яғни Ұрұсхан мен оның ұрпақтарына байланысты да өте құнды материалдар бар.
Қ.Жалаиыр кітабында қазақ халқының фольклоры, әсіресе Едіге жыры кеңінен пайдаланылған. Оның Едіге мен Тоқтамыс туралы жазғандарында халқымыздың асыл мұраларының, жырларының тілі мен желісінің ізі бар. Қадырғали Жалаиыр өзі туралы: «Дүниеде көп елдерде болдым, көп оқыдым» - деп жазғанына қарағанда ол Қазақстан, Ресей ғана емес басқа да мемлекеттерде болғанын түсінуге болады. Алайда ол жөнінде мәлімет жоқ.
Бұл еңбектің көркемдік, әдебм сипатына келер болсақ, «Жами-ат тауарих» сол дәуірдің дәстүрі бойынша әдеби түркі тілінде жазылған. Соған орай, автор қазақ тілінің зор мүмкіндіктерін, ғажайып теңеулерін, айшықты сез тіркестерін, мақал-мәтелдерін, нақыл-ғақлия сөздерін шынайы қаламгерге тән шеберлікпен пайдалана білген. Мұнда қаламгер қара сөздің өзін жыр-толғауға ұқсатып, жиі-жиі қайталанып отыратын ырғақпен айтады.
Қадырғали Жалаири шығармасының көркемдік дәрежесін, әдеби құнын дәлелдеу үшін шежіреден бірер мысал келтірейік. «Жами ат-тауарихта» орыс патшасы Борис Годуновқа арналған мынадай мадақтау жолдары бар: «Жумләт алькристиан падша хазратлари Барис Федурауч улұғ ақ хан дур... айналасы апты хан, тегүрәгі төрт хан, дүнианың төрт бурчын биләгән хан, халайқын адллік білән сургән хан, иәтім ләр гә рахим қылып, чығай лар на тойдырған хан, қыш уа йаз, ай уа йыл хазина да бар малын хақ йолында ихсан қылған хан, йеті иқлым кәшур ны алған хан».
Міне, осы мадақтау өзінін, композициялық құрылымы тұрғысынан сол кездегі жыраулар поэзиясын еске түсіреді. Мұнда қара сөздің өзі бейне бір жыр-толғау секілді ырғақты, ұйқасты болып келеді. Автор белгілі бір сөздерді немесе тұтас сөз тіркестерін бірнеше рет қайталап айту арқылы осы ұғымдарға оқушы назарын көбірек аударып отырады.
Бұл секілді сөз қайталау әдісін кезінде қазақ жыраулары жиі қолданған. Мәселен, Қазтуған Сүйінішұлы өзінің бір толғауыңда «туған жер» деген мағынада қолданылған «жұрт» сөзіне ерекше екпін беріп, қайталап отырады:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш,
Күйеу болып барған жұрт.
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт.
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып, .
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Сонымен, «Жами ат-тауарихты» тарихи тақырыпқа жазылған ғылыми еңбек қана емес, сонымен бірге өз дәуірінің әдеби дәстүрінде өмірге келген, көркем сөз үлгілерін шеберлікпен пайдаланған туынды ретінде де тануымызға болады.