Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
3. Әбілғазының өмірі, қоғамдық қызметі туралы деректер, «Шежіре-и» түрік» («Түрік шежіресін») еңбегі. XVII ғасырдағы түрік жазба ескерткіштерінің ішінен Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» атты кітабы елеулі орын алады. Шыңғыс ұрпақтарынан болған хандардың өздерінің ұстанған саясаттарына сай келетін тарихтарын жаздырып қалдыруы ертеден дәстүрге айналған болатын («Шыңғыснама», «Бабырнама», «Шейбанинама», «Жалиғат тауарих», т. б.). Бұлардан аталған шежіренің екі ерекшелігі бар. Біріншіден, -кітап авторы Шыңғыс ұрпағынан шыққан хан бола тұрып, өз тарихын өзі жазған; екіншіден, кітап тарихи, әдеби жағынан аса құнды еңбек болып саналады.
Әбілғазының өмірі мен қоғамдық қызметіне тоқтала кетер болсақ, ол 1603 жылы Хиуа хандығының орталығы Үргеніш каласында Жошы ұрпағынан тараған Араб Мұхаммед хан отбасында дүниеге келген. Алты жасында шешесі өліп, өгей шешесінің қолында тәрбиеленеді. Әкесі салдырған Арысхан медіресесінде оқып ғұлама ғалымдардан дәріс алады. Осы жылдарда ол халық ауыз әдебиеті шығармаларын сүйіп тыңдап, тарихты оқып, зерттейді, әскери өнер, мемлекет басқару ісін меңгереді. 16 жасқа шыққанда әкесі оны үйлендіріп, Үргенішттің жартысын билетіп қояды. Араб Мұхаммед ханның қартайған шағында балалары билікке таласады, 17 жасынан бастап бұл талас-тартысқа Әбілғазы да араласады, Сол соғыстың бірінде 1621 жылы ауыр жараланып, Әмударияны жалғыз жүзіп өтіп қашады. Бұл жылдары ол Маңғышлактағы түрікпендерді, Есім және Тұрсын хандарды паналайды. 1628 жылы қолға түсіп, Иранға жер аударылады. 10 жыл бойына Исфахан қаласында тұтқында, айдауда болады. Сол жылдарда Әбілғазы көптеген тарихи, дәрігерлік және әдеби кітаптарды оқиды, араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп алады. 1638 жылы Исфаханнан қашып шығып, түрікпен руларының арасында жасырынып жүреді. 1540—1641 жылдары Жем (Ембі) өзенінің бойын жайлаған қалмақ ханы Хо-Орлектің ордасында тұрады. Арал өзбектері көп сыйлық беріп, Әбілғазыны одан сұрап алады. Ілияс бастаған Арал қазақтары Хиуа ханы Спандиярға қарсы көтеріліс жасағанда, Әбілғазы соларға қосылады, бірақ одан жеңіліс табады. 1643 жылы Әбілғазы Аралға хан болып жарияланады Екі жыл бойы Хиуаға ш.абуыл жасап жүріп, ақыры қазақ, өзбек қарақалпақтардың күшімен 1645 жылы Хиуаны алып, хан тағына отырады.
Әбілғазы хан 1663 жылы хандықтың билігін баласына беріп, осы кітапбын жазуға отырады. 1074 жылы, яғни қазіргі жыл санауымыз бойынша 1663 жылы жазуға кіріседі де, жартысына келгенде ауырып, кітабын аяқтай алмай, 1664 жылы қайтыс болады. Балаларына өсиет қылып, аяқтауды тапсырды. Кітапты оның ұлы Мұхаммед жазып аяқтайды. Ол: «Әке өсиетін орындау мақсатында сөзге шебер болмасам да, білгенімді жазып қалдыруды дұрыс деп ойладым» дейді.
Әбілғазының өз сөзінде айтылғандай, ол әскери өнерді, сонымен қатар ақындық өнерді жақсы меңгерген. Көп тіл біліп, тарихи оқиғалар мен ертеде болған хандардың аттарын, мемлекет, жер-су аттарын жатқа білген.
Әбілғазының «Түрік шежіресі» ғылым дүниесіне XVIII ғасырдың бас кезінде мәлім болады. Кітаптың қолжазбасын Ресейде тұтқында жүрген швед офицерлері Тобыл қаласынан кездестіріп, оны Бұхар ахунына орысшаға аудартады. 1780 жылы неміс тіліне, 1726 жылы Лейденде француз тілінде басылып шығады. Осы басылымнан 1770 жьшы Тредиаковский орыс тіліне аударып, бастырып шығарады. Граф Н.И.Румянцев 1825 жылы Қазанда «Шежіренің» түп нұсқасын И.Хальфиннің көмегімен араб графикасында бастырып шығарады.
«Шежіренің» баспа бетін көруі оны жан-жақты зерттеуге кең жол ашады. Осыдан кейін 1854 жылы ғана И.Н.Березин өзінің «Шығыс тарихшылары кітапханасының» Ш-томына Г.С.Саблуков жасаған орысша аударманы кіргізеді. Бұл аударманы Г.С.Саблуков, негізінен. Қазан басылымы бойынша және Петербургтағы ғылым академиясыңың музейінде сақталған қолжазбамен салыстыру негізінде жасайды. Бұдан басқа да «Шежіренің» Берлинде. Парижде сақталған көшірмелері бар екенін көрсетеді. Осы көшірмелерді пайдаланып және Даль коллекциясынан Азия музейіне түскен қолжазбаның негізінде 1871-1874 жылдары П.И.Демезон екі кітап етіп бастырып шығарады. «Шежірені» түрік халықтарының бірқатарының тілдеріне аударылған. Абдолла Файзханұлы қазан татары тіліне, Риза Нұр түрік тіліне аударды. Бұл шежіре өзбек ғалымдары тарапынан да біршама зерттелді, олардың бірқатары бұл шығарманы ескі өзбек әдеби тілінің ескерткіші ретінде қарайды.
Әбілғазының өзінің айтуына қарағанда, бұл еңбекті ол «бес жасар бала түсінетіндей етіп, қарапайым түрік тілінде жазған», араб, парсы тілдерінен ешқандай сөз қоспаған. Әрине, автор заманында көпшілікке түсінікті болған көптеген араб, парсы сөздері бар (олар шығармада едәуір), тіпті көне түркі сөздерінің бірқатары қазіргі оқушыға түсінуге қиындық келтіретіні мәлім. «Шежіренің» алғашқы аудармашысы Г.С.Саблуковтың айтуы бойынша, еңбек Хиуаның сол тұстағы сөйлеу тілінде жазылған, ол тіл басқа тілдермен көп араласпай таза сақталған көне түркі тілі еді, ол тіл қазіргі қазақ, башқұрт, Орынбор татарларының тіліне жақын деген пікір айтқан. Мұндай пікірді Әбілғазы шығармаларының тілін зерттеген А.Н.Кононов, С.Н.Иванов, Т.Р.Қордабаев сияқты ғалымдар да айтады.
Бұл шығарма — Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия, Таяу Шығыс елдерінде болған ірілі-уақты оқиғалар мен мемлекет басқарған қайраткерлер жүргізген саясаттың жылнамасы. «Шежіреден» қазақ халқын құраған рулар мен тайпалардың көне тарихы, экономикасы мен мәдениеті, этнографиясы жайлы көптеген деректер табамыз. Алайда бұл «Хандар шежіресі» деген желеумен көп уақыт бойы зерттелмей келді.
Бұл еңбек – таза көркем шығарма емес, негізінен, шежіре. Сондықтан кітап бір сарынды, «еді», «деді» сияқты етістік сөздеріне аяқталып ертегі стилінде жазылған,
Әбілғазы хан бұл кітапты жазу себебі жөнінде айтқанда, Шыңғыс ханның ата-бабасы, туыстары мен ұрпақтарының туған, өлген жылдары мен жақсылы-жаманды істері жайлы парсы немесе түрік тілінде кітап жазып қалдыру бұрыннан келе жатқан дәстүрге айналғанын, әр өлкеде мемлекет басқарған Шыңғыс ұрпақтарының кейбіріне он, кейбіріне жиырма, отыз кітаптан жазылған айта келіп: «Біздің ата-бабаларымыздың ыждағатсыздығынан һәм Хорезм халқының надандығынан Ғабдолла ханнан біздің аталарымыз айырылған жерден бермен қарай бізге дейінгі тарихымыз жазылмаған екен. Бұл тарихты жазуды бір кісіге тапсыралық деп ойлап едік? лайықты кісі таппадық. Сондықтан «Жетім, өз кіндігін өзі кесер» дегендей, өз тарихымызды өзіміз жаздық» деп жазады.
«Шежіре-и түрк» тоғыз баптан тұрады. Әр бап белгілі бір тарихи кезеңдерге арналған. Әуелгі бап – Адам атадан монғолға дейін; екінші бап - Монғолдан Шыңғыс ханға дейін; үшінші бап - Шыңғыс ханның - туғанынан өлгеніне дейін; төртінші бап - Шыңғыс ханның үшінші ұлы Үгедей жайлы, оның балалары мен ұрпақтарынан монғол жұртында патшалық қылған өзге де Шыңғыс хан нәсілдері туралы; бесінші бап - Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай ұрпақтарының Мауреннахырда патшалық қылғаны жайлы; алтыншы бап - Шыңғыс ханның кіші ұлы Толыхан әулетінен Иран мемлекетінде билік қылғандар туралы; жетінші бап - Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан әулетінен Дешті қыпшақта патшалық қылғандар жайында; сегізінші бап - Жошы хан ұлы Шейбани әулетінен Мауреннахырда, Қырымда және Тұранда хан болғандар жайында; тоғызыншы бап - Шейбани әулетінен Хорезм мемлекетінде патша болғандар жайында.
Бұл еңбек өз дәуірінде тек тарихи мұра деп қана есептелмей, керкем туынды ретінде де бағаланған. Прозалык, енбек бола тұра, қара сөздің өзі ырғаққа, ұйқасқа кұрылып отырады. Поэзия үлгілері, халық нақылдары көптеп қолданылады. Әбілғазының бұл еңбегі қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалардың ерте дәуірлердегі тарихы мен Қазак хандығы тұсындағы тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларынан, әдебиет үлгілерінен мол мағлұмат беретін тарихи-әдеби мұра болып саналады. Бұл еңбек өзінің танымдық мәнін әлі де жоя қойған жоқ.