Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы Лекция №1


Лекция № 9 Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі



бет24/33
Дата15.12.2023
өлшемі0,93 Mb.
#138860
түріЛекция
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33
Лекция № 9
Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі
1.Е.Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы. «Көзге көрінбейтін» Көктемір көтерілісі.
2.Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің ұлт-азаттық қозғалысы.
3.Бөкей хандығындағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі (1836-1838 ж.): көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы.
4.Сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (1837-1847): қозғаушы күштері, барысы, негізгі кезеңдері және жеңіліс себептері.
5. «Алаш» қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы.
1.ХҮІІІ ғасырдың 30-шы жылдары Кіші жүзді өзіне тәуелді еткен соң патшалық Ресей біртіндеп қазақ даласындағы отарлау саясатын тереңдете бастады. Оның барысында елдің шаруашылығы күйзеліске ұшырап, саяси жағдайлар шиеленісе түсті. Мұның барлығы Қазақстанның әр өңірінде халықтың наразылығын тудырып, көтеріліске шығуға итермеледі. Ал, Кіші жүз өңірінде қалыптасқан жағдайлар қазақтардың Е. Пугачев бастаған көтеріліске қатысуына себеп болды. Өзін “ІІІ Петрмін” деп жариялап лақап ат жамылған Е. Пугачев пен оның төңірегіндегілер қазақ даласында болып жатқан мәселелерден біршама хабардар еді және олар қазақтардың көтерілісті қолдайтынын түсінген болатын. Сондықтан, ол жағдайларды өз мүддесіне пайдалануға тырысып, 1773 жылдың 6 кыркүйегінде қазақтарға “қамқор” болатынын білдіріп манифест жазып, 200 адамнан тұратын қазақ жасақтарын жіберуді сұрайды. Пугачевтың жазған мұндай үндеулері қазақтар арасынан біршама қолдау тапты.
Осыдан кейін, кыркүйектің 20-сына қарай Нұралы хан 1000-ға жуық қазақ жасағымен Жайық қалашығының жанына келеді, бірақ, Пугачевқа көмек көрсетуден тартынып, көп ұзамай кері қайтып кетеді. Пугачев 1773 жылдың 20 қыркүйегінде қазақтарға арнап тағы да манифест жазады. Одан соң, Пугачев Жайық қалашығына шабуыл жасап оны ала алмайды да, онда аз ғана отрядын қалдырып негізгі күшін алып Орынборға қарай кетеді. Жол бойында Чернореченск, Татищев бекіністерін басып алады.
Қазақ жасақтары Жайық қалашығына, Озерная, Сахарная, Кожехаров, Красногор дистанциялық бекіністеріне шабуылдар жасайды. 1773 жылдың 5 қазанында Пугачевтың көтерілісшілері Орынборды қоршауға алған тұста Досалы сұлтан бастаған қазақ жасақтары Пугачевтың өтініші бойынша Орынборды қоршауға алуға қатысады. Досалы сұлтанның үш баласы Пугачевты қолдап көтеріліске қатысқан болатын. Орынборды қоршау 5 айға созылып, оның барысында 2000-дай қазақ жасағы қолдау көрсетті.
1774 жылдың тамыз айында старшын Дайыр сұлтан бастаған 50 қазақ жасағы Пресногорьков бекінісін шабуылдады. Құлсары батыр бастаған қазақтар редутке шабуыл жасап, оған старшындар Алғабай, Итек және Дәуітбай тархан қатысты.
Пугачев көтерілісіне қазақтардан басқа башқұрттар, қалмақтар, т.б., қатысқан еді. Бұл көтерілісті басуға патша әкімшілігі жақсы қаруланған жазалаушы әскер жіберді. Жазалаушы әскер Қазан маңында көтерілісшілерді басып-жаншыған соң, Пугачев бастаған көтеріліс жеңіліс тапты. 1775 жылдың көктемінде жазалаушы әскер көтеріліске қолдау көрсеткен қазақ ауылдарына шапқаншылықтар жасады. Бұған шыдамаған қазақтар далаға ішкерілей көшіп кетіп, бас сауғалайды.
Ал, 1775 жылдың жазына қарай Кіші жүз өңірінде “Көрінбейтін адам” немесе Көктемір туралы аңыз тарайды. Бұл аңыздың таралуы барысында күйеуі Сейдалы сұлтанның қолдауына сүйенген Сапура Мәтенқызы “Көрінбейтін адам” атынан үндеу таратып, жанына жасақ жинап күзге қарай көтеріліске шықты. 1776 жылдың көктемінде Сейдалы сұлтан бастаған көтерілісшілер отряды жазалаушы әскердің құрамында болған башқұрттарға шабуыл жасады. Сапура Мәтенқызы бастаған көтерілістің өрістеуі барысында оған қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жеткен болатын. Көтерілісшілер Гурьев пен Кулагин бекінісінің аралығындағы жерлерге топтасып Ресейге қарсы күресуді ойластырады. Жоғарғы Орал, Ор, Елек, Орынбор бекіністеріне шабуылдар жасайды. Бірақ, уақыт өте келе көтерілісшілер арасында өзара келіспеушіліктер туындап, Досалы сұлтан Ресейді қолдап кетеді. 1776 жылдың жазында жазалаушы әскердің күшімен көтеріліс аяусыз басып тасталды. Сапура Мәтенқызы бір топ жақтастарымен далаға ішкерілей ене отырып, жасырынуға мәжбүр болады
2.Сырым Датұлы басқарған көтерiлiс патша үкіметіне қарсы бағышталған ең алғашқы көтерiлiciмiздiң бiрi едi. Осы көтерiлicтiң әр-алуан шығу себептерi бар. Соларға тоқтала кетейiк.Көтерiлicтiң негiзгi себебi жер мәселесi едi.
Патша үкіметінің отаршылары Кiшi жүз жерiне бiрнеше қорғандар салған едi. Сол қорғандар арқылы олар осы құнарлы жерлердi иелене бастады. Негiзгi мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар бiрте-бiрте өз жерлерінен айырыла бастады. Жер қазақ халқы үшiн ең бiрінші, басты, үлкен мәселе болды.
Екiншi себебiне тоқтала кетсек онда қазақ халқы өз жерiнде еpкін жүре алмады, бiрте-бiрте бас бостандығынан айырыла бастады. Кейбiр феодалдар патша үкіметінің жарлықтарына бас ұрып, өз халқының мүддeciн ойлаудан аулақтана түcтi.
Үшiншi бiр себебi - Кiшi жүздiң солтүстiгiнде орналасқан ондаған қамау қоршаулардан әлсін-әлсін жасаған казак-орыс шабуылдары қазақ халқының ауылдарын талап, маза бермедi. Содан соң жалпы Қазақстан бойынша Қазақстанның солтүстiк жерлерi патша үкiметiнің қолына көше бастады. (10)
Төртiншi себебi ең негiзгi едi. Кiшi жүз ханы Нұралы билер жиналысын өткiзбей, барлық мәселердi өзi шешуге тырысты. Әсipесе Орал казактарының әскер басшысы атынан Чагановтың қазақтарға деген өктемдiгi шегiне жеттi. Осындай себептерге байланысты Кiшi жүз халқы арасында толқулар бола бастады. 1783 жылы патша үкiметiнiң отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерiлiстi Кiшi жүздiң Байбақты руынан шыққан старшина, халық арасында беделi мол, соғыс тәсiлiн жете меңгерген, өзiнiң, ерлiгiмен, батылдығымен көзге түскен, халықтың ой-арманын бiлдiре алатын Сырым Датұлы басқарды. Сырым Датұлының сарбаздары онша көп емес едi, бiрақ көп кешiкпей Кiшi жүздiң әр руынан көптеген кол келiп қосылды. Олар: Көтiбар сұлтан, Бекет батыр, Жоламан Тiленшiұлы бастаған сарбаздар едi. Жалпы көтерiлicшiлер саны 6 мың адамға жеттi. Көтерiлicшiлердiң бар арманы ipi жау бекiнiстерiн құрту болатын. Алайда шабуыл жасалар күні Нұралы хан патша үкіметіне хабарлап қойған едi. Сөйтiп 500 адамдық қазақ жасақтары Сахарное, Ильецкое қамалдарына шабуыл жасаған болатын. Жаудың күні бұрын әзiрленуiне байланысты көтерiлiсшiлер қамалдарды ала алмады. Осы сәтсiз шабуылдан кейiн Сырым Датұлы ipi шабуыл ұйымдастырмай партизандық соғыс әдiciне көше бастады. Сырым Датұлының партизандық соғысы Нұралы ханды аса қорқытты.
1786 жылы Нұралы хан қолынан ешқандай ic келмейтiн, қауқары жоқ дәрменсiз ханға айналды. Қолынан ешқандай ic келмейтiн, дәрменсiз ханды екiншi Екатерина арнайы жарлықпен ханның тағынан тайдырды.
Кiшi жүздің губернаторы Игельстромның реформасы жүзеге аса бастады. Игельстром реформасының мақсаты жойылған хандық үкiметінің орнына патша үкіметі тағайындайтын старшиналардың басқаруын кiргiзу едi.. Игельстром реформасы бойынша Кiшi жүзде шекаралық сот пайда болды. Сол шекаралық соттың көпшiлiк құрамы патша үкiметiнiң адамдары болды. Шекаралық сот админстративтiк басқару органы расправаларға бағынған едi. Игельстром реформасы жүзеге аса бердi. Орал орыс-казактарының әскери жорықтары тоқтатылды. «Iшкi жаққа» өтуге 17 старшина право алды. 17 старшина қарамағында 40 мың адам болды. Солар түгел «Iшкi жаққа» өтуге правосы бар едi.
Алайда Кiшi жүздегi хандық билiктiң жойылуы ipi сұлтандардың наразылығын қоздырды. Еуропадағы француз революциясынан корқып қалған патша өкіметі қазақ жерiнде хандықты калпына келтiруге тырысты.
1790 жылы Уфа қаласында Нұралы хан өлгеннен кейiн Кiшi жүзге патша өкіметі Ералы сұлтанды хан қылып сайлады. Ералы сұлтан Абылхайырдың екiншi баласы, Нұралы ханның бауыры болған едi. Ералы хан болып сайланысымен Кiшi жүзде хандық үкіметке қарсы күрес өpістей түcтi. Қаруланған Кiшi жүз шаруалары билердiң ауылдарына шабуылды күшейттi. Патша үкiметiнiң Кiшi жүз территориясына жазалаушы отрядтар жiберуi халық бұқарасының наразылығын одан әpi өpicтeте түcті.
Сырым Датұлы көтерілісшілерге қайта қосылып, халық қозғалысын басқаруға кірісті. Сырым Датұлы генерал-губернатор Петлинге жазған өз хатында "Патша үкіметінің халықты алдап-арбау арқылы кіріскенін атап көрсетті."
«Бiз, башқұрттар, ноғайлар сияқты патша үкіметіне үндемей бағына алмаймыз, сондықтан да патша үкiметiнiң қазақтарға деген саясатына барынша қарсы күресемiз»,- деп жазды.
Сырым Датұлы, 1792 жылы күз айында көтерiлiсшiлер тобымен Ильецк қорғанын жаулап алуға тырысты. Алдын ала Ильецк қоpғанындaғы казак-орыстар дайындалып отырғандықтан 29 қыркуйеск 1792 жылы Сырым Датұлы басқарған көтерiлicшiлердiң мыңға жуық адамдары Ильецк қорғанына шабуыл жасағанымен, қорғанды басып ала алмады. Осы бір сәтсіз шабуылдан көтерілісшілер көтеріліс жасаудың әдістерін өзгертуге мәжбүр болды. Сырым Датұлы бастаған көтерiлicшiлер керек кезiнде жеңiл жасақтарға бөлiнiп көтеріліске қарсы шыққан, патша үкіметінің малайына айналған сұлтандар мен билердiң, өз халқының мүддесін сатқан старшиналардың, хан тұқымының ауылдарын шабуға кіpicті. Көтерiлiсшiлердiң күрес әдiciн өзгертуi, олардың партизандық қозғалысқа бой ұрғандарын көремiз. 1794 жылы жаз айында Ералы хан дүние салды. Патша үкiметi Ералы ханның өлiмiнен соң ұзақ уақыт келесi хан тағайындауға асықпады.
1794 жылдан 1796 жылғa дейiн Кiшi жүзде хандық билiк үкiметі болмай, ел билiгi старшиналармен билер қолына көштi. Тек 1796 жылы қазан айында жекелеген аз топ билердiң ұйғаруымен Кiшi жүз ханы болып Нұралы ханның ұлы Eciм сайланған едi. Жаңа сайланған хан Сырым Датұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалысты толық басып тастауға барлық күш-жiгерін пайдаланды. Eciм хан көтерiлicшiлердiң бiр қатар басшыларын тұтқындап та үлгердi. Алайда осы жағдай халық қозғалысын тоқтата алмады. 1795 жылдан 1796 жылдары қыс айларында Кiшi жүзде халық үшiн стихиялық үлкен апат -«жұт» басталды. Осы жұттың нәтижесiнде жүздеген ауыл адамдарының көптеген малының қырылуына әкелiп соқты. .
Сол кездегi ic-қағаздарын жүргiзушi Т. Фатухлин ауылдарды аралап келiп былай деп жазған едi.
«Кей бiр шаруалар жұттың әсерінен атсыз қалды, кейбiреулерi бiр қойсыз, түйесiз қалды, кейбiр кедейлердiң ақырғы қолындағы малдары қырылып, осының әсерінен жас балалар өлімі күннен-күнге ауылдарда көбейдi». Қарапайым халық басына түскен қайғы-қасіретке" негiзгi себепшici хан деп түсiндi. Сондықтан 26-27 наурыз күндерi көптеген жасақтарының бiрi хан ордасына шабуыл жасап, ханның ауылын ойрандап, Eciм ханды өлтiрiп тынды. Ханның туысқандары қашуға мәжбүр болды. Ханның өлтiрiлуiн ести сала патша үкіметі орал казак-орыстарының" атаманы Донсковқа көтерiлicшiлердi жазалап, хан туыстарын қорғауды бұйырды. Кiшi жуздiн ханы Eciмнiң көтерiлicшiлердің қолынан қаза табуы патриархалдық феодалдық билеушi топты қатты қорқытты. Сондықтан Кiшi жүздiң билеушi ipi феодалдары патша үкіметімен ымыраға келуге әзір екендiгiн, егер патша үкіметі жанадан хан тағайындаса, сол ханды хан деп тануға әзiр екендiгiн бiлдiрдi.
Кiшi жүздiң көптеген ipi руларының старшиналары атаман Донсков және Бөкей сұлтан көтерiлicшiлерге қарсы жазалау экпедициясын ұйымдастырғанда оған белсене қатысты. 1796 жылы желтоқсан айында патша үкіметі Орынбор губерниясын, Сiбiр және Уфа губерниясын калпына келтiруге жарлық бердi. Осыдан кейiн әскери губернатор болып барон Игельстром қайтадан тағайындалды. Әскери губернаторға Кiшi жүздегi ұлт-азаттық қозғалыстарды басу тапсырылды. Патша үкiмeтi халықтың көңiлiн табу үшiн хан кеңесiн ұйымдастырды. Хан кеңесiнiң мүшелерiне алты старшина және патша yкiметiнің басқару аппаратының төрағасы Лизатий Құсайынов кipдi. Кiшi жүзде хандық кеңестiң құрылуы қарапайым халықты алдау мақсатында патша үкіметінің түлкiбұлаң саясаты едi. Хан кеңесiне 1797 жылы тамыз айында 1000 жасағы бар Сырым Датұлы келдi. Хан кеңесiнiң осы бiр мәжiлiciнде халықтың ауыр жағдайын ескере келiп, Сырым Датұлы өзiнiң көтерiлiciн тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл көтерiлic алдына қойған жекелеген мақсатын oрындады. 1802 жылы Хиуа хандықтарына барып келе жатқан Сырым Датұлы қазаға ұшырады. Сырым Датұлы қасиеттi адам. Оның моласына қонған адам дертті болса, ол тез жазылып кеткенін ел аузынан естуге болады.
3.Қозғалыстың басталу себебі-феодалдық қанаудың, отарлық езгiнiң, зорлық пен зомбылықтың күшеюiнен болды. Озбырлыққа ұшыраған ауылы өтiнiш айтқан Исатайды тыңдамаған соң ол 1835 жылы ханға қарсы ашық күреске шығады. 1850 жылы Орынбор басшылығына жазған осы хандықтың экономикалық-саяси шолуында «Жәңгiр хан Исатай мен оның ауылдастарын бұрынғы жайлаған жерiнен айырғасын және Исатайдың Жәңгiрге жеке өшпендiлiгiнiң салдарынан толқу басталғанын» жазған. 1835 жылы Исатай үгiт таратып, хан әмipiне бағынбауға шақырып, хан әдiлетсiздiгiн әшкерелеп, тартыспен өткiзедi. Көтерiлiске 1833 жылы Жәңriр ханның өз қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңiзi өңipiнe билеушi етiп тағайындауы, ханның әдiлетсiздiгi түрткi болады.
Көтерiлiстiң негiзгi қозғаушы күшi - шаруалар 6олды. Оған старшин, билердiң де жеке өкiлдерi қатысты.
Негiзгi мақсаты - хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын бiршама реттеу болатын.
Исатай 1836 жылдың жазында өз төңiрегiне үстем тапқа наразы шаруаларды топтастыра бердi. Байлар мен билерден зорлық көрген шаруалар бiр-бiрлеп, тіпті тобымен кейде ауыл болып келiп, оған қосыла 6астайды. Мысалы: зұлым би Айғанадан 39 адам, би Төлегеннен 30, Ағымнан 24 адам, Нарын құмынан 10 ауыл, Адай, Шеркеш, Алаша руларынан да бiрнеше ауыл қосылды.
Исатайдан басқа қозғалысқа Махамбет Өтемiсұлы, Тiнәлi Тайсойғанұлы, Қалдыбай батыр т.б. басшылық eтті. Исатай мен Махамбет шаруалармен үнемі кеңес өткiзедi. Мыңтөбе - Исатайдың қонысы. Көтерiлicшiлер сол жерге жиналып, олардың жоғарғы органы кеңес, мәслихат болғанын көрсетедi. Олар билер мен сұлтандарға шабуыл жасап, жер мәселесiн өздерi шеше бастады.
1836 жылдың қараша, желтоқсан айларында да көтерiлiсшiлердiң қимылы тоқталмады. Олардың жалпы саны 700-800 адам шамасында болды. 1837 жылы көтерiлicтiң жаңа кезеңi басталды. Егер де өткен 1836 ж. көтерiлic негiзiнен Каспийдiң солтүcтігінe жайылып, тиiп-қашты қақтығысулармен шектелсе, 1837 жылы көтерiлic көп жердi қамтиды, ал көтерiлicшiлер саны 3-5 есе артты. Ендi олар ханның өзiне қapcы шықты. Мұны 1837 ж. көтерiлicтiң екiншi кезеңi, шаpықтау шегi деп айтуға болады. Олар қapy-жарақтарды өздерi соғып дайындады. .
Исатай көтерiлiciнiң бiр ерекшелiгi - шаруалар бұған дейiнгi рулық, аталастық деген түciнiкті жайына қалдырып, өздерiнiң таптық мүддесін ұстайды.
Қозғалыстан үрейленген бай-сұлтандар әскер басшыларына, ұлықтарға шағым жасай бастайды. Ал көтерiлicшiлер бұдан қорықпай, губернатор Перовскийге тiлектерiн қояды. Әкiмдер Исатайды алдап шақырып қолға түсiрудi жөн көредi. Бiрақ, алдаудан ештеме шықпаған соң шекара басшылары Исатайды ұстау үшiн қарулы күштi қолдануға шешiм қабылдайды. Олар енді көтерiлicтi талқандауға кipicтi.
Патша әкiмшiлiгiнен күдер үзген көтерiлicшiлердiң қозғалысы әсіресе қыркүйек, қазан айларында кең етек жайды. 16 қыркүйекте 200 адамымен Исатай мен Махамбет Қарауыл қожаның ауылына шабуыл жасап, күш аз болса да айқасқа түсiп, оның қолын талқандайды Рейiм деген жерде болған қанды соғыста көтерiлicшiлер тағы жеңicке жетедi. Бұл шайқастағы жеңicтер Iшкi хандыққа түгел жайылып, көтерiлicшiлердiң еңсесін көтерiп, көбейте бередi. (140)
Исатайды тұтқындауға шыққан генерал Покотиловтың caпapы да сәтсiз аяқталады. Исатай мен Бекмұханбет Өтемicұлы бастаған ша­руалар 15 қазанда Tеpектiгe шабуыл жасап, басып алып, көтерiлic орталығына айналдырады. Исатай батыр ендi көтерiлicшiлердi хан ордасына қарай бағыттады. Жәңгiр хан губернаторларға жалынып, көмек сурайды. .
Бұдан хабарсыз көтерiлiсiшiлер Жасқұсты қоршауға алып, Қандыағаш маңында хан әскерін талқандайды. Олар Ордаға тақағанда саны 3500 адамнан асады.
Көтерiлicтiң бет алысынан қорыққан Шынғали төре сатқындық жасап, «ойлануға 10 күн мерзiм сұра. Осы уақытта әскер де келiп улгерер» деп ақыл айтады. Көтерiлicшiлер Ордаға 4-5 шақырым жерге дейiн жақындап келедi. Жәңгiр хан айламен уақыт ұтуды көздейдi.
Исатайдың байсалды, ақылды, сақ, ұстамды адам болғанын зерттеушiлер де жазған. Исатай патша әскерінің қандай күш екенін, ал келсе ешкiмдi аямайтынын түciніп қан төкпей ханмен келicсөзге келудi ойлайды. Көтерiлiсшiлер өз тағдырын Исатайға сеніп тапсырды.
Патша әкiмшiлiгi көтерiлiстi талқандауға қарулы күшiн әзiрлеп, Ішкi Өзен линиясына аттанды. Подполковник Гекке қарауыл әскерімен түнде байқатпай ордаға кiредi. Жан-жақтан жазалаушы әскер келе бастайды. Бұл .хабарлар жетiсiмен көтерiлicшiлер арасы қожырай бастайды. Енді әйел, бала-шағаны қopғay қажет болды. Исатай 5 қарашадағы түнде Жасқұсты тастап, 300 кiciмен Жаманқұмға кетедi.
Осылайша көтерiлicшiлер өзара байланыссыз, хабарсыз қалып, ыдырай бастайды. Олар топ-топ болып байларды тонап өш алумен болады. 7 қарашада Гекке 2 мыңдық әскер, зеңбiрегiмен Тастөбеде көтерiлicшiлермен кезiгедi. Күшiнiң 3-4 есе аздығына қapaмaстан олар солдаттардың қaтapын қаусатып барып, күштiң тең еместігінен ерiксiз шегiнедi.
Бұл кезде Исатайды ұстауға 500 сом сыйлық берiледi деп жарияланады. Жазалаушы отряд даланы қанша кезсе де, Исатайды ұстай алмайды.
Исатайлар Жайықтан қиындықпен өтiп, күшiн жинап, қайта күресуге бел байлайды.
Сөйтiп, көтерiлiстiң бiрiншi кезеңi жеңiлicпен аяқталады. Бытырыңқылық - шаруалар көтерілісінің табиғи кемшiлiгi, ең бiр осал жерi. Соған қарамастан Исатай мен Махамбет 3000 адамның басын бiрiктiрiп, шiлде айында Ойыл өзенiне тоқтайды. Бұл жерде, Исатайдың қабiлеттi ұйымдастырушы, іpi дарынды қайраткер екенін көреміз. Олардың ендiгi мақсаты үстем таптан кек алып, .әдiлеттiлiк орнату еді.
Гекке Орынбордан үлкен отрядпен шығып, 1838 ж. 8 шiлдеде Қобда өзенiнен өтiп, сол күні кешкі сағат 7-де Баймұханбетпен кездеседi. Баймұханбет тыңшысы арқылы көтерiлicшiлердiң екі топқа жарылып, Исатай шағын қолмен Ақмалай өзенiне қарай келе жатқанын бiлiп алады.
Полковник Гекке мен Баймұханбет сұлтан отрядтары Ақбұлақты жағалап, Қиыл өзенi жағасынан Исатайды 500 кісімен тосып алады. Олар бiрден көтерiлicшiлерге зеңбiректен оқ атып, екi адамын өлтiрiп, бiрнешеуiн жарақаттайды. Шегiнген көтерiлicшiлердi алдап үш жақтан қоршауға алып, тағы да 70-80 адамын өлтіреді. Амалсыз шегiнiп, олар 15 шақырымдай жерге қашады. Исатай өз адамдарының ең артында, кейiн қалғандарын қызғыштай қорып келе жатқанда Баймұханбет адамының танып көрсетуімен оқпен атып Исатайдың жирен атын жаралайды. Аты жаралы болған батыр, көмекке келген Махамбетпен Үбiнi «өздерiңдi, бала-шағаны сақтаңдар» деп алға жiберiп, азғана көтерiлісшiлермен аянбай соғысып, 3 рет қоршаудан шығады. Бiрақ аты жаралы Исатайды Баймұханбет нөкерлерi қуып жетiп, оны атынан құлатады. Топпен жаяу соғысып жүрiп, еciл ер ақыры осы күресте қаhармандықпен қаза табады. Оның еpлігі, өжеттiгiне дұшпандардың өзi де таң қалады.
Басшыcы өлген көтерілісшiлер Ойыл өзенi бойындағы қалған тобына барады. Патша әскеpiнің көбеюiнен, олар бiрiгiп қимыл жасай алмайды. Осылайша азаттық күрес жеңiледi.
Сол кезеңде шаруалар көтерілісiнің жеңicке жетуi мүмкін емес едi. Бұқара халық азаттық үшiн күрескен еpлеpді мәңгі есiнде сақтап қалды. Исатай тап күресінің көрнекті қайраткерi, қазақтын ұлттық батыры pетінде ұрпағына үлгi. .
Махамбет-Исатайдың тірегі, қahapман ақын, талантты күйшi әpi күрескер. Көтерiлiс жеңiлген соң да шаруаларды бiрiктiрiп, көтеруге тырысады. 0л үшiн 1838-1846 жылдар өте ауыр жағдайда, қашқындықта, қудалауда өтедi. Батыр ақын бiрақ мойымай, өмірінің ақырына дейiн күрестен бас тартпайды. Батыл да өжет қимылдың адамы Махамбет жалынды жырымен де, iciмен де озбырлыққа, зорлыққа қарсы аянбай күреcтi. 1846 ж. ақырында аңғал батыр «Қабанбай Қараой» деген жерде қапыда қалып, қанiшердiң қолынан қаза табады. Kүpеcтiң тарихи маңызы, патша үкiметi мен жергiлiктi би-сұлтандармен күресуге болатыны дәлелденді.
Қарапайым халық қолына қару алып, ел мен жердiң қамы үшiн күpеcтi. Ерлер қаза болса да олардың есiмдерi, ерлiк icтері халық есiнде мәңгiге сақталып қалды
4. XIX ғacыpдың басында қазақ жүздерi бiрiнен кейiн бiрi өздерiнің тәуелсiздiгiнен, дербестiгiнен, еркiндiгiнен айырылды. Әcipеcе 1842 жылы Сiбiрдегi қырғыздар үшiн жасалған ереже патша чиновнигi Сперанскийдiң басқаруымен жасалынып, Орта жүз халқының өміріне енгiзiлдi. Сондай-ақ Орынбор генерал-губернаторы Эссенiң басқаруымен «Орынбор қырғыздары үшiн» жасалынған ереже Кiшi жүз қазақтарының өміріне 1824 жылдан бастап енгiзiле бастады. Осы жоғарыдағы ережелер жалпы қазақ сұлтандары мен билерiнiң билiгiн шектеп қана қоймай, орыс чиновниктерi қазақ елiн басқаруға бiртiндеп араласа бастады. Негiзгi даулы мәселелер орыс чиновниктерiнiң қатысуымен шешiлетiн болды. Билер мен сұлтандар билiктен айырылған соң патша үкіметіне наразы бола бастады. Көптеген даулы мәселелер бұрын қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен байырғы қазақтың өзiне тән заңдармен шешілетін даулы мәселелерді шешер кезiнде орыс чиновниктерi қазақ халқының ұлттық ерекшелiгiн жете түсінбеді. Патша үкіметі әр үйге түтін салығын салды. Салықтың мөлшерi 1 сом 50 тиын еді. Осындай алым-салықты төлеуге әрбір қазақ от6асының шамасы жетпедi. 1822 жылы Омбы казак-орыстарының әскери ұйымы патша жарлығымен пайда болды. 1835 жылы Атырау қаласында бiр айдың iшiнде l00-ден астам қазақ балалары сатылды. Казак-орыс әскерлері момын қарапайым қазақ ауылдарын ойрандап, үлкендерiн өлтiрiп, жас балаларды жинап, Атырауға әкелiп, ұл балаларды 4-5 қап ұнға, ал қыздарды 3-4 қап ұнға өнеркәсіп иелерiне сатты. XIX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның ең бiр шұрайлы солтүстiкке орналасқан жерлерi жергiлiктi халықтан тартылып алынып, көшiп келiп жатқан жат жұрттықтарға таратылып берiлдi. Қазақ жерiне қорған қамалдар көптеп салынды. Осы салынған қорған қамалдың маңына малдарын жаюға тиым салынды. Осындай зорлық-зомбылыққа қарсы Орта жүзде халық наразылығы өрiстей түcтi. Патша үкiметiнiң отаршылдық саясатына қарсы күресте А6ылай xaнның ұлы Қасым сұлтанның өзiмен оның балалары Есенгелдi, Саржан 6астап шықты. Қасым сұлтан кезiнде патша үкiмeтiне қамалдарды жою, қазақтарға жеңілдіктер беру жөнiнде арыз шағымдар жасаған еді. Қасым және оның балаларының отаршыларға қарсы ерлiк қимылын, қазақтың ұлы тарихшысы Ермұхан Бекмаханов кезiнде дұрыс жазса да, кейiн 50-шi жылдың басынан бастап басқа тарихшылар Қасым сұлтанды және оның балалары Есенгелдi, Саржан, Кенесары, Наурызбай басқарған ұлт-азаттық көтерiлicтерiн феодалдық кертартпа қозғалыс деп түсіндіріп келді.
1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары Қасымов бастаған 5000 көтерілісшілер Ақмола бекінісін қоршауға алды. Басықара батыр бастаған 100 сарбаз тар өткел арқылы жасалған қақпадан бекiнicке барып кiрдi. Бiрнеше мылтықтан қатар атылған оқ Басығара батырды жәнс бiрнеше сарбаздарды өлтiргенiмен қалың көтерiлicшiлер легiн тоқтата алмады. Ақмола бекiнiciн ертеңiнде толық қиратты. 1838 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiсшілер Орынбор губерниясына қарайтын Торғай өзенiне келiп жеттi. Торғай өзенiнiң бойында халық көтерiлiсiнен бас тартқан сұлтандар мен байлардың ауылдарын шауып, өз халқының мүддесiн орыстарға сатқан сұлтандар мен билердi жазалап отырды. Орал қаласынан Ташкентке бет алған орыс сауда керуендерiне көтерiлicшiлер шабуыл жасап, Ресей мен Орта Азия хандарының арасындағы сауда байланысын әлсіретіп отырды. Көтерiлiстi басу мақсатында 1838 жылы патша үкіметі көтерiлicшiлерге қарсы әскери старшина Лебедев басқарған 900 солдатты Орынбор қаласынан аттандырды. Лебедев әскеріне опасыз сұлтандардың жасақтары да ілесті. Лебедев басқарған әскер Кенесары қыстауларын басып алып, 50-ден астам адам өлтiрiлiп, 14 адам тұтқынға алынды. Осы жағдайдан кейiн де патша үкіметіне қарсы күреске Кенесары бүкiл қазақ даласын тартудан бастады. Қазақстанның oңтүстігінен жасақ жинау мақсатымен Кенесары сарбаздары оңтүстікке бет алды. Алайда Қоқан ханы Кенесары басқарған көтерiлicшiлермен сырттай тату көрінгенімен, бүкiл қазақтың бас қосып бiрiгуінен қауiптендi. Кенесары бастаған көтерiлicшiлер өз күштерiн толықтыра отырып, 1841 жылы Қоқан хандығына қарсы күресте 4 мың сарбазды басқарған Кенесары Бұхар хандығының одақтасы ретiнде соғыс жүргiздi. Көп ұзамай Кенесары сарбаздары Созақ пен Ташкент қаласын қоршауға алды. 12 күнге созылған шайқастан кейін Созақ қаласы алынып, қиратылды. Осыдан кейiн Кенесары, Наурызбай басқарған қазақ сарбаздары Сауран бекiнiciн басып алды. 1843 жылы Батыс Сiбiр губернаторының қол астына қарайтын жерлерге Кенесары сарбаздары шабуылды өрістете түcтi. Ресейге бағынышты Алтайбай сұлтан Кубеков басқарған аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендiұлы басқарған жаппас, алшын рулары бiрнеше рет көтерiлicшiлер шабуылына ұшырады. (163) Орынбор генерал-губернаторы Обручев Кенесары көтерiлicшiлерiн талқандау үшiн 300 адамдық әскерге әскери старшина Лебедевтi басшылыққа сайлап, көтерiлicшiлерге қарсы аттандырды. Ырғыз өзенiнiң бойында кезiккен көтерiлicшiлермен негiзгi шайқасы әскери старшина Лебедевке жеңic әкелмеді. Лебедев генерал-губернатор Обручевтен жедел көмек сұрады. Генерал-губернатор Обручев Кенесары көтерiлiciн талқандау үшiн патша үкіметінен 14 мың сом ақша сұрады, оның үcтiне тағы 3 мың сом сұрады. Ол ақшаны кім Кенесарының басын алып келсе, соған тарту етпек болды. Осы кезде Кенесарының әскерінің негiзi Бағаналы руынан, Арғын руынан, Табын руынан, Тама руынан, Байбақты, Шектi, Шөмекей руларынан тұрған едi. Кенесары әскерінің негiзгi саны 5 мыңнан асып кетті. 27 шiлдеде 1843 жылы орыс патшасы Николай 1 Кенесары көтерiлiciн басу жөнiнде керекті ақша мәселесін шеше отырып, 5000 адамы бар Орынбор казак-орыстарымен сұлтандар Жантөрин, Айшуақов басқарған әскерлер Кенесары көтерiлiciн басуға бет алды. 1 және 7 қыркүйекте 1843 жылы Кенесары басқарған көтерiлicшiлер орыс әскерімен кездесiп, ipi шайқастар болып өттi. Eкі жақтан да адам шығындары көп болғанымен, патша әскерлерi Кенесары басқарған көтерiлicшiлердi жеңе алмады. 1841 жылдан бастап бүкiл қазақ даласына хан болып сайланған Кенесарының беделi халық арасында жоғарылай түсті. 1841-1845 жылдары көтерiлicшiлердiң қозғалысы қазақ даласының негiзгi аудандарын толық қамти бастады. Бұған мысал Сырдария, Жетicу елдi мекендерiмен орталық, батыс және оңтүстік Қазақстан елдi мекендерi көтерiлicшiлер жағына шықты. Тiптi көтерiлicке қарсы болып жүрген Жаппас руымен Назар бөлімшесiнiң қазақтары да көтерiлiсшiлер жағына шықты. Жаппас руымен қосқанда осы жылдары Кенесары сарбаздарының саны 20 мың адамға жеттi. Сарбаздардың арасында үлкен әскери тәртiп қалыптасты. Кенесары ордасында қарсыластарының жәй-күйiмен әскерлерiнiң ic қимылын Кенесарыға үнемі жеткiзiп тұратын арнайы 6арлаушылар тобы да болған. Тiптi Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдiң және Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Генстiң маңайында Кенесары 6арлаушылары болды. Ол Сейтен батырдың қызы Алтыншаш басқарған топ едi. Орыс тәрбиесін көрген Алтыншаш орыс тілін, француз тiлдерiн өте жетiк білетін. 1844 жылы Кенесары көтерiлicшiлерi патша әскepлерімен және патшаға сатылған сұлтандардың жасақтарымен кезiгiп соғысқан кезде, осы шайқаста көтерiлiсшiлердiң қарсыластарының арасынан 44 сұлтан өлтiрiлiп, Кенесары әскepi жеңicке жеттi. 1844 жылы генерал Обручев Кенесары басқарған халық қозғалысы туралы патша үкiмeтiнe мазасыздана хабарлаумен болды. Кенесары 6aсқapған халық көтерiлiciнiң ic-қимылын басқа мемлекеттер де бағалай бастады. Мысалы Бұхар әмірі Кенесарыны сыйлап 60 мылтық, 16 зеңбiректi оғымен сыйлады. Ал Хиуа ханы Кенесары сарбаздарына 15 арғымақ 2 алтын ертоқым, 2 зеңбiрек, oқ-дәрі көтерген бiрнеше түйелердi жiбердi. 1845 жылы патша үкіметі Торғай даласында және Ырғыз елдi мекенiнде eкi қорған қамал салды. Бұл салынған қамалдар арқылы Кенесарыға қарсы күрес патша тарапынан өрiстей түсті. Торғай даласында ендi epкін қимылдай алмайтынына көзi жеткен көтерiлicшiлср Ұлы жүздiң жерiне өттi. Ұлы жүздiң халқы Kенесарының көтерiлiсшiлерiнен қолдарынан келгенін аямады. 1845 жылдың күзiнде көтерiлісшi сарбаздар Қоқан хандығына қарсы шабуылдарын өpicтетті. Сөйтiп, көп ұзамай Кенесары сарбаздары Жаңақорған, Жүлек, Созақ қамалдарын басып алды. Кенесарының негiзгi күшi Ақмешiт бекiнiciн қоршап алғанымен әскер арасында аурудың тарай 6астауына байланысты бұл бекiнicтi ала алмады. Сондай-ақ Қоқан және Бұхар хандықтарының басшыларының Кенесарыға қарсы бiрiгiп қимыл жасау туралы келiciмдерiн ecтiген көтерiлic басшысы Кенесары өз әскерлерiн Балқаш және Іле бойына шегiндiрiп әкетті. Осы сәтте патша үкіметі генерал-майор Вишневский басқарған арнаулы әскердi көтерiлicшiлердi құрту мақсатында Балқаш бойына аттандырды. Жолшыбай Кенесары көтерiлiсшiлерiне қарсы Қарқаралы округiнiң аға сұлтаны Кұнанбай Өскенбаев, Аякөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтанбаев басқарған қазақ жасақтары Вишневскийдiң әскеріне келiп қосылды. Вишневский қазақ сұлтандарымен бipiгe отырып Кенесары әәкерлерiн қоршап, артынан толық құртуды жоспарлады. Қоршауға толық алына қоймаған Кенесары әскерлерi жау шебiн бұзып өтiп, Алатау бөктеріне шегiнiп кеттi. Патша әскерiмен және патшаға сатылған аға сұлтандардың опасыздықтарын жеңе алмайтындығына көзi жеткен Кенесары патша үкіметіне қарсы күресте қырғыз халқының көмегіне сүйенбекшi болды. Патша отаршыларына қарсы күресте қазақ халқымен бiрiгiп күресу үшiн келiсiмге келген қырғыздар, қырғыз манаптары Орман мен Жантайдың үгiттеуiне байланысты қазақтармен бiрге патша үкіметіне қарсы күрестен бас тартты. Патша үкіметінің жергiлiктi басқарушылары Кенесары әскерінің Алатау бөктеріне шегiнуiн қырғыздарға былай деп түсiндiрдi: Кенесары әскерлері, қырғыз елi патша үкіметіне қарсы бiрiгiп соғысудан бас тартса қырғыз бен қазақтың шекараларының жерлерi арқылы Қытай елiне өтедi деген ойдан туған едi. Кенесары әскерлерiн талқандауға Қоқан әскерлерi де жетiп үлгердi. Кенесары әскерлерi Орта жүзге шегiнген жағдайда немесе Ұлы жүзге Кенесары көтерiлicшiлерiне көмекті бергiзбеу мақсатында патша үкіметі Абакумов және Нюханов басқарған екi отрядын жiбердi. Сөйтiп Кенесары сарбаздары толық қоршауда қалды. Қоршауда қалған көтерiлicшiлер басшысы Кенесарыға бауыры Наурызбай: егер Кенесары Наурызбайға жүз жiгiт берсе, қоршауды бұза алатындығын мәлiмдедi. Кенесары қоршауды бұзып шықса, аты жүйрiк кейбiреулерi ғана қашып құтылатындығын, қалған сарбаздарының толық қырылатындығын ескере келiп, Наурызбайдың ұсынысын қабылдамады. Кейбiр сұлтандар Кенесары қосын тастап шығып, жау қолына барып қосылып, сатқындық етек алды. Кейiн Кенесары әскерлері төрт күн қоршауда қалады. Ағыбай мен Наурызбай өз адамдарымен қоршауды бұзып шығады. Кенесарыны Наурызбай құтқарам деп келгенде ол да қолға түседi. Көтерiлiстің жеңiлу себебi: бiрiншiден бiрлiк болмады. Екiншiден Қазақстан экономикасы дамуы Ресейден төмен болды. Осы уақытқа дейiн тарихшылар Кенесары бастаған көтерiлiске «реакциялық көтерiлic» деп баға берген. Ол дұрыс емес, Е. Бекмаханов жазғандай бұл нағыз ұлт-азаттық көтерiлic болып табылады.
5. 1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісінің жеңісінен кейін қазақ даласында қоғамдық қозғалыстар басталды. 1917 жылы шілдеде Орынбор қаласында І Бүкілқазақ съезі өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды: мемлекеттік басқару жүйесі, автономия, білім, сот, дін, әйелдер құқы және тағы басқа. Съезд қазақтардың «Ресей Федеративтік демократиялық, парламенттік республикасының құрамында автономия» алу талабын жариялады. Съезд қарарларында жер мәселесі, оның ішінде қоныс аударуды тоқтату, қазақ жерін өзіне қайтарып беру, тағы басқа өткір мәселелер көтерілді. Съезд уақытында «Алаш» партиясы құрылды. Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы - Алаш партиясы болды.
ХХ ғасырдағы қазақ тарихында терең із қалдырған Алаш партиясының өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық, саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден Ресей империясының Қазақстанда отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті. Саяси партия құру үшін қажетті алғы шарттар қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» ұсынылды. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шора-и исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Жалпы, «Алаш» партиясы өзінің қоғамдық-саяси өмірінің алғашқы сәттерінен бастап-ақ алдарына негізгі екі мақсат қойған болатын: 1) қазақ халқын отарлық езгіден құтқару; 2) қазақ қоғамын әлемдік өркениет қауымдастығына енгізуді қамтамасыз ету. Бұл Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газеті төңірегінде топтасқан қазақ зиялы қауымы, Алаш азаматтарының белсенділігі арқасында, қазақ этносын құлдыраудан сақтап қалған іргелі оқиға болды.
Алаш қозғалысы - ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Жалпы отаршылдыққа, империализмге қарсы күресті басқарушы, ұлт-азаттық қозғалыстардың идеологтары ұлттық демократияшыл зиялылар болды. Олардың басшысы Әлихан Бөкейханов болды. Қозғалыстың белсенді мүшелері: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Досмұхаметдов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, М.Шоқай тағы басқалар.
Алаш қозғалысының басты мақсаты - қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде қазақ комитеттерінің пайда болуы, күзіне қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болды.
Алаш қозғалысы феодалдар мен байлардың, яғни үстем тап өкілдерінің және шаруалар мен жұмысшылардың мүддесін білдірді. Олардың мақсаты қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, өз алдына ұлттық автономия құру болды. Алаш қозғалысы көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30-жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет