Байланысты: Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы-emirsaba.org
Лекция №7 Жаңа дәуірдегі Қазақстан (XVIII-ХХ ғ.басы) 1. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы.
2. Жоңғар хандығының күшеюі: жоңғарлардың басқыншылық стратегиясы.
3. Қазақстандағы отарлық дәуірдің басталуы
4. ХҮІІІ ғасырдың соңындағы Қазақстан және Орта Азия мемлекеттері
5. Қазақстанның Ресей империясына қосылуы.
1.XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға душар болды. Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің географиялық ерекшелігіне қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Қазақ хандығында үстемдік еткен әскери-федалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс күшейе түсті. Сонымен қатар бұл мезгілде қазақ-жоңғар қатынасы мейлінше шиеленісіп, қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасады.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін, оның тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».
Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Бұларға қарасты ұлыстарды билеген сұлтандар дербестікке қол жеткізе бастады. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті.
Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көші-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.
Ш. Уалиханов сол кездегі жағдай туралы: “XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өмірінде қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады» - дейді.
Солардың ішінде ең қауіптісі шығыстағы Жоңғар мемлекеті болды.
2. XIV ғ. екінші жартысында Моңғолия территориясы екі иелікке бөлінеді. Олар: ойраттар белсенді рөл атқарған Батыс Моңғолия және бұрынғы Қытай императорының бақылауындағы Шығыс бөлік. “Жоңғар” деген аттың шығуы – Шыңғысханның шапқыншылығы кезеңінде ойраттар қашанда армиясының “сол қанатын” құраған, моңғолша ол “зюнгор” деген мағынаны білдіреді. Содан “зюнгор” – жоңғар деп аталып кеткен. Жоңғарлардың Қазақстан жеріне енуі сонау XV ғасырдан, яғни Әбілхайырдың көшпенді өзбек хандығына ойраттардың күйрете соққы берген 1456 жылынан басталған болатын. Кейіннен ойраттардың бірігіп, 1635 жылы мемлекет құруынан бастап, олардың қазақ хандығына қан-төгіс шапқыншылықтары күшейе түсті.
Басшысы Батур хунтайшы болды (1635-1653). Қазақ жеріне Жоңғар шапқыншылығының күшеюі Цэван Рабдан (1697-1727) тұсында болды. Цэван Рабданның жаулап алу саясатының ең шырқау шыңы – 1723 жылы болған шабуылдан көрінді.
1723 жыл тарихта есте қаларлық жұт жылы болды. Осы жылдың көктемгі төл алу кезеңі мен жазғы көш-қону жұмыстарымен айналысып жатқан қазақ еліне қалмақтар тосыннан, күтпеген жерден шабуыл жасады. Осы жолы шапқыншы жоңғарлардың саны 70 мыңнан асып түсіп, жеті бағытпен қазақ еліне басып кірді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы да қайғылы, ән ұраны «Елім-ай» , сол кездегі ауыр күндердің өшпес ескерткіші болып табылады. Қазақ халқы үлкен қырғынға ұшырап, ол тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталды.. Сақталған мәліметтерге қарағанда, Ұлы жүз бен Орта жүз Самарқанд пен Бұқараға, Кіші жүздің халқы Хиуаға қарай босқан екен. Босқындардың біразы Алакөл маңына барып паналаған.
Ақтабан шұбырындыда ауа көшкен жұрт Орта Азиядағы көптеген қалалар мен елді мекендердегі отырықшы халықтарды жұтқа ұшыратты. Оның нәтижесінде Самарқанд, Бұқар, Хиуа, Ферғана сияқты қалалар қаңырап қалды. Сол жылдарда Хиуа маңындағы мекендер мен егіндік жерлер иесізденіп, қаланың өзінде қырық шақты ғана отбасы қалған.
1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары – Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабасына Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.
Осындай ауыр кезде еңсесі түскен елдің есін жиғызып, зар жылаған халықтың көз жасын тиғызған атақты билеріміз болды. Халықты алқалы жиынға шақырған да сол бабаларымыз болды.
Сөйтіп біріккен қазақ халқының қолы 1727 жылы Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға күйрете соққы береді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат-жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ арасына ілезде тарап кетті. Алты алаштың рухын көтеріп, оларды күреске шабыттандырған бұл жеңіске жеткен жер «Қалмақ қырылған» деп аталды.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиға-дан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды.
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті. Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр кіші жүз территориясына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді.
Аңырақайдағы жеңіліске ұшырағанына қарамастан Жоңғар мемлекетінің қазақтардың жеріне қайта шабуыл жасау қауіпі жойылмады. 1734 жылы жоңғарлар Қазақ хандығының жеріне тағы бір үлкен жорығын ұйымдастырды. Жауға қарсы тұра алмайтын болғандықтан Орта жүз ханы сол жылы Ресейдің қол астына өтуге тілек білдірді. Қалмақтардың жойқын шабулы өте-мөте Жетісу жеріне ауыр тиді. Өйткені Ұлы жүз қазақтары қаһарлы жауға жалғыз өзі тойтарыс беруге күштері жетпеді.
1740 жылы Ресеймен жақындасу көзқарасын ұстанған Жолбарыс ханның өлтірілуі және өзінің саяси бағдарын жиі өзгеркен Сәмеке ханның қайтыс болуы қазақ хандықтарының сыртқы саяси жағдайларының осалдығын айғақтай түсті. Ойраттар оңтүстік-шығыс шептегі, сондай-ақ Қазақстанның өз ішіндегі оқиғалар туралы да жақсы хабардар болып отырды. Осы жағдайларды пайдаланып, 1739-1740 жылдардың қысында ойрат әскерлері оңтүстіктен, Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан және солтүстіктен Ертіс өзені жақтан шапқыншылық жасап, Орта жүздің Тобыл мен Есіл бойындағы қоныстарын едәуір шығынға ұшыратты.
1755 жылы Қытай империясы жоңғар жеріне басып кірді. Нәтижесінде жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кеткен болатын. Осыдан кейін көп кешікпей Жоңғар мемлекеті 1758 жылы біржола құлады
1758 жылы Цинь империясы Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесіп жатты. Қытайлар көрші жатқан қазақ елдеріне тынымсыз шабуыл жасады. Абылай басқарған қазақ жасақтары қытай әскерлеріне бірнеше рет соққы беріп, олардың ішке қарай жылжуына мүмкіндік бермеді. Қытай әскерінің басып алу қаупінен сескенген Әбілмәмбет Үлкен Орданы Іле өзенінің бойынан Түркістан жаққа көшіруге мәжбүр болды.
Бір айтып кететін жай, Ресей патшалығы өзінің қол астындағы қазақтарға қытайлар шабуыл жасап жатқанда елшілік жолмен наразылық білдіруден басқа көмек көрсетпеді. Ол наразылыққа құлақ асқан Цинь империясы болған жоқ.
Абылай ақсақалдардың алқа кеңесін шақырып, қытаймен соғысты соза беруге болмайтынын, халықтың азып-тозып кеткенін айтып, Цинь әкімдерімен елшілік қатынас орнату мақсатында Пекинге адамдар жіберді. Сөйтіп, ол Цинь империясымен сауда, экономикалық байланыс орнатудың амалын істеді. Ол Ресеймен қарым-қатынасты да ұлғайтты. Абылай хан қазақ жерін, қазақ халқын көршілес күшті елдердің (Ресейдің, жонғарлардың, қытайдың ) қаупінен қорғап қалуға үлкен еңбек сіңірді. Батырлығы, ұйымдастыру шеберлігі, саясатшылығы арқасында қазақ халқының елдігін сақтау үшін көп жұмыс тындырды.
1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидың мешітінде хандар мен сұлтандар бас қосып, Абылайды ақ жылқы сойып, ақ киізге орап, Орта жүздің ханы етіп көтерді. Бірақ Абылай өзін қазақтардың үш жүзінің ханымын деп есептеді.
Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л.Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жердегі Жаңғызтауда ағаш үй салынды. Абылай 1781 жылы мамыр айында Ташкентке жақын жерде 69 жасында қайтыс болды. Абылайдан кейін Орта жүздің ханы болып оның баласы Уәли сайланды. Үш жүздің басын біріктіріп, жоңғар басқыншыларын қазақ жерінен қуып, қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңірген Абылай атақты мемлекеттік қайраткер ретінде тарихта өшпес із қалдырды.
3. Қазақ халқының елдігі жолындағы тарихи күрес барысында, әсіресе, ХV11 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ хандары өзінің үлкен көршісі Ресей мемлекетімен байланыс жасауға көңіл бөлді. Орыс мемлекетінің қазақ хандығымен сауда және елшілік байланыстары Қазан (1552 ж.) және Астрахань (1556 ж.) хандықтарының Ресейге қосылып, оның Жайық пен Еділ аралығындағы даланы алып жатқан Ноғай Ордасына саяси үстемдігін орнатқаннан кейінгі жерде ұлғая түсті. Еділ бойындағы халықтардың орыс мемлекетінің құрамына кіруі, оның шекарасын Қазақстан жеріне жақындата түсті. Маңғыстау мен Үстірт арқылы өтетін құрылықтағы керуен жолдары, Каспий, сондай-ақ, Еділ мен Кама арқылы өтетін су жолы Ресейдің Кавказ, Орта Азия және Қазақстанмен экономикалық байланысын күшейтуде зор рөл атқарды. Қазақстан өлкесі арқылы өтетін атақты Жібек жолы барған сайын халықаралық маңыз ала бастады. Бұл жол Шығыс және Батыс Еуропа елдерін Орталық Азиямен байланыстырды, сауда-саттықты, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік туғызды.
Орыс мемлекеті ең алдымен қазақ даласы арқылы өтетін қатынас, сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақ хандарымен байланысын нығайтуды көздеді. Сондай-ақ, Сібір хандығына, Орта Азия билеушілеріне қарсы күресте және жоңғар феодалдары тарапынан күшейе түскен қауіпке байланысты одақтас іздеген Қазақ хандығы Орыс мемлекетімен экономикалық, саяси-елшілік байланыс орнатуға мүдделі болды. 1583 жылы Қазақ хандығына Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігі жіберілді. Соның нәтижесінде орыстың атақты кәсіпкерлері Строгановтар өзіне Тобыл, Ертіс және Обь бойындағы жерлердің бекітіліп берілуіне қолдарын жеткізді. Сонымен қатар олар баж төлемей қазақтармен сауда жүргізуге ұрықсат алды. Бұл кезде Мәскеу мемлекетінің билеушісі 1V Иванмен қазақ ханы Ақназар арасындағы алғашқы саяси байланыстар Сібір ханы Көшімге қарсы бағытталды.
Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы саяси байланыстардың дамуы Тәуекел хан жіберген елшілікпен одан әрі жалғасты. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келісім жасау үшін Мәскеуге қазақ елшісі Құлмұхамед жіберілді. Тәуекел орыс патшасымен «достық пен ынтымақ» жасауға асықты. Өйткені Бұқар ханы Абдулламен уақытша бітім жасап, Батыста ноғайлармен арадағы қатынас өте шиеленісіп тұрған болатын. Елшіліктің алдына Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған ханның жиені Оразмұхаммедті босату және Борис Годуновтан «отты қару» алу еді. Орыс патшасы Тәуекел ханға жауабында оған «отты қаруы бар көп әскер» жіберетініне және қазақтарды олардың барлық жауларынан «сақтайтынына» уәде берді. Бірақ орыс патшасының бұл уәдесі орындалмай, аяқсыз қалды.
ХVІІ ғасырда Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығындағы ішкі және сыртқы жағдайлармен байланысты бұлардың арасындағы қарым-қатынас біраз уақытқа үзілді. Саяси байланыстар ХV11 ғасырдың аяғында, екі мемлекетте де билік басына аса көрнекті саяси қайраткерлер – Тәуке хан мен 1 Петр келген кезде жанданды. Тәуке Бұхара мен Хиуа хандарымен арадағы даулы мәселелерді шешіп, Жоңғар қаупіне олардың көздерін жеткізді. Сонымен қатар Тәуке хан сенімді одақтас орыс елі болуы керек деп есептеді. Осы шешімі негізінде Тәуке Ресейге 1687, 1690, 1691,1694,1716 жылдары ресми елшілер аттандырады. Бірақ олардың жұмысы ешқандай нәтиже бермеді.
Бұл кезде Балтық теңізі жағалауына Петербургты салу арқылы «Еуропаға терезе ашқан» ұлы Петр қазақ хандығын бүкіл Азия елдеріне шығудың «кілті мен қақпасы» деп білді. Орыс патшасы Бірінші Петр бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнату, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия хандықтарын Ресейге қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді. Солардың бірі – подполковник Иван Дмитриевич Бухгольцтің экспедициясы. Экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және басқа жерлерден жинап алынды. Әскери-дипломатиялық сипаттағы барлық дайындықтар біткеннен кейін, 1715 жылдың шілдесінде құрамында 2797 адамы бар И.Д.Бухгольц отряды жорыққа шықты. 1715 жылғы қазанда экспедиция Ямышев көліне жетіп, сол жерде Ямышевск бекінісі салынды. Осыдан кейін Бухгольцтің отряды Ом өзенінің сағасында 1716 жылы 20 мамырда Омбы бекінісінің негізін қалады. Бұл әскери-инженерлік құрылыстардың басты мақсаты оңтүстік-шығыс шекараны, Ресей мемлекетінің сыртқы аймағын кеңейту болып табылды.
И.Д.Бухгольцтің экспедициясынан кейін Батыс-Сібір генерал-губернаторы М.Гагарин Ертіс бойында жаңа бекіністер тұрғызу үшін воевода Павел Северский мен Василий Чередовты жіберді. 1717 жылдың жазында П.Северскийдің отряды – Железинск, В.Чередовтың отряды – Колбасин бекіністерін салды. Чередов одан әрі жүріп жаңа бекініс – Семипалат (Семей) бекінісін салатын жерді таңдап алды. Сөйтіп, 1718 жылы Семей қамалының, ал 1720 жылы И.М.Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін қалады.
Ресеймен қарым-қатынасты нығайтудың қажеттілігіне бұл тұста Кіші, Орта және Ұлы жүз хандары мен ру басшылары да бой ұра бастаған еді. Өйткені ондаған жылдар бойына созылған жоңғар қалмақтарының және көршілес Орта Азия хандарының шапқыншылық әрекеттері қазақ елін әбден тоздырып, әлсіреткен болатын.
4. Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді.
ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылығын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.
1810 жылы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған уақыттан бастап 1865 жылы Ресей империясының қол астына өткенге дейін қоқандықтар Ұлы жүз территориясында әкімшілік қадағалау жүргізіп Ақмешіт, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Шолақ, Созақ және т.б. бекіністерді салды. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздеу болды да онымен тайталасқа түсе алмады.
Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сиқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандықтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды.
5. ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.
1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Әбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Әбілқайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілқайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілқайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. князь Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет.
Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген.
Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілқайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілқайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай жібергендігін дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрең көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.
Бірінші болып бодандыққа Әбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілқайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілқайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы Орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Бұлардың арасында Абылай сұлтанда болды. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау туралы құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мәселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рәсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған.
1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілқайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілқайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілқайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілқайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілқайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Әбілқайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Әбілқайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».
Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Әбілқайырдың баласы Нұралыны бекітті және ол Петербордан Орынборға әкелген сыйлықтарға ие болды..
ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне әлсін-әлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс–шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй және Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.
Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.
1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш–жігер жұмсады. ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен әртектілер көшіріліп әкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін” деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақы-рымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік–батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.