Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы


Лекция №13 Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы және ҚР мемлекеттік құрылысы



бет28/33
Дата14.02.2023
өлшемі0,74 Mb.
#67986
түріЛекция
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33
Лекция №13
Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы және ҚР мемлекеттік құрылысы
1.«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы.
2.Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымын жасақтау.Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру.
3.ҚР мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұранының бекітілуі.
4.Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Конституциясының Бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы. Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы.
5.«Қазақстан-2030» Стратегиясы. Қазақстан астанасының көшірілуі. «Қазақстан-2050» Стратегиясы.
1.1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.
Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Тәуелсіздік туралы Заңның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінің заңды қорытындысы болды.
Заңның екінші тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және дүние-мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқығы мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы атап көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы мәселе екінші тараудың 7-бабында қарастырылған.
Қазақстан Республикасындағы көші-қон процесін реттеу, жаппай саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру және басқа адамгершілік нормалары бұзылған кезде ел аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтарына, бұрынғы көршілес кеңестік ресубликалар аймағында тұратын қазақтардың қайта оралуына жағдай жасау туралы айтылады. Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының және басқа ұлт өкілдерінің дәстүрі мен тілін, ұлттық құндылығын сақтау, мәдениетін өркендету мен дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып дәйектелді. Сонымен қатар, мемлекет елімізден тыс аймақтарда тұратын қазақтарды, олардың ұлттық-мәдени, тілдік және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен келісім негізінде қорғауға және қамқорлыққа алынды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары үшінші тарауда анықталғандай, бөліну қағидаларына қарай заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып құрылып, іс жүзіне асырылады. Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентінің халықтың атынан сөйлеуге құқығы бар. Заң шығарушы билік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарапынан жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Елбасы және атқарушы билігі Президент, сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы төрелік соты жүргізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты – Конституцияны сотпен қорғаудың ең жоғарғы органы болып табылады.
Төртінші тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне анықтама берілген. Тәуелсіздік мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделетін дербес экономикалық жүйенің болатындығы жан-жақты атап көрсетілген еді.
Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
Бесінші тарауда Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың мүшесі болып жарияланғаны айқындалады. Ол халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдермен алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіре алады және олардың қызметіне қатынасады. Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық мәселелерді өз бетінше шешеді.
Алтыншы тарауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігін қорғау мәселесі сөз етіледі. Өз тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтау мақсатында, республика өзінің Қарулы Күштерін құру құқығына ие болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран. Астанасы – Алматы қаласы. Осы Заң Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін бекітті. Оған – 16 желтоқсанда қол қойылуы, 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі Қазақстанда демократиялық процестің сабақтастығын дәлелдеп, елдегі өзгерістердің бастамасы болды. Сонымен бірге шынайы егемендікті жариялап, сыртқы әлемнің елімізді тануына қол жеткізілді.
Конституциялық Заң Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерімен шекара мәселесін толығымен реттеуге көмектесті. Ол Еуразия кеңістігіндегі сенімділік саясатының, серіктестіктің және тұрақтылықтың негізін қалады. Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде танылды. Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия елі бірінші болып таныды. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және тағы басқа ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал, Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап мемлекет аралық және үкімет аралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды. Тәуелсіз Қазақстан Республиканың алдына үлкен келелі міндеттер қойылды.
2. Қазақстан егемендік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті. Мұны іске асыруда еліміздің тарихи және отарлауда болған мұрасы, оның саяси мәдениетінің өзіндік ерекшелігі, мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасы жан-жақты ескерілді. Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді. Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар - парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конститутциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты.
Тәуелсіздік алған алғашқы кезден бастап, елде болып жатқан өзгерістерді талдау арқылы Қазақстан басшысы өзінің назарын болашақтың бағытын айқындауға аударды. Атап айтқанда, Президент Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы жарық көрген "Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" - деген еңбегінде жаңа тарихи жағдайға байланысты еліміздің егеменді мемлекет болуының стратегиялық міндеттерін көрсетіп берді. Онда айтылған кейбір маңызды қағидалар мен тұжырымдар Егемен Казақстанның бірінші Конституциясында өзінің көрінісін тапты.
Бұдан кейін мемлекет алдында бой көтерген жаңа тактикалық мақсаттардың іске асу шаралары белгіленді. Оны Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің 1993 жылы жазған "Қазақстанның болашағы - қоғамдық идеялық бірлігінде" - деген еңбегінде ашып берді. Мұнда Президент Тәуелсіз еліміздің одан әрі күшейіп нығаюында қоғамдық ынтымақтастық пен жарастықты іске асырудың жолдарын анықтады.
3.1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумының жаңа мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов және т.б. сияқты қайраткерлер кірген. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын жасау байқауы жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздерінің шығармашылық еңбектері бар барлығы 1200 өтінім берілді. Сондай-ақ болашақ Мемлекеттік Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Мемлекеттік Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. Байқау қатысушыларының алдында күрделі міндет тұрды. Мемлекеттік рәміздер тек эстетикалық талаптарға жауап беріп қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Жас егеменді мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын нақтылы түрде көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Бұл Шәкен Ниязбеков (Ту авторы), Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлиханов (Елтаңба авторлары), Шәмші Қалдаяқов (Әнұран әуені), Жұмекен Нәжімеденов (Әнұран мәтіні) сияқты шеберлердің қолынан келген іс болды. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау процесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың рөлі ерекше болды. Мемлекеттік Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біріктірілген авторлық ұждымның құрамына кірді. Мемлекет басшысы сондай-ақ терминдердің қазақ тілінде пайдаланылуына көңіл аударды. Оның бастамасы бойынша «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» сияқты ресми терминдер енгізілген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.


4. Қазақстанда республикалық референдум 2022 ж. 5 маусымда өтті, 8 маусым Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Негізгі өзгерістер:
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.
Еске сала кетсек, Қазақстанда республикалық референдум 5 маусымда өтті. Дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы қатысты.
Дауыс берушілердің келу көрсеткіші - 68,05 процент. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Түзетулерге қарсы - 18,66 процент (1 490 470 адам).
Бюллетеньдердің 2,58 проценті жарамсыз деп танылды. Бюллетеньдердің 1,58 проценті дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.
5.Қазақстан-2030 Стратегиясы- ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997 жылы 1 қазанда қабылданған. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған арнауында баяндалған. Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату. Осы мақсатқа орай мынандай ұзақ мерзімді негізгі бағыттар бөліп көрсетілді:

  • Ұлттық қауіпсіздік: аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Мемлекеттің тұрақты түрде дамуын қамтамасыз ететін барлық қажеттіліктер шеңберіндегі бастапқы шарт – ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттіліктің сақталуы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялы, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту, халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану қажеттігі атап көрсетілді. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді, Қазақстан азаматтарының өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысындағы сөзсіз басым бағыт сыртқы саяси қызметке, Қазақстанның өз көршілерімен және дүние жүзінің жетекші елдерімен өзара тиімді қатынастар қалыптастыруға саяды.

  • Ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы: бірлікқоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының кепілі. Бұл салада барша азаматтар үшін тең мүмкіндіктің және барлық этникалық топтар үшін тең құқықтың болуына кепілдік беру, ауқаттылар мен кедейлер арасындағы айырманы азайту, әлеум. мәселелерді шешу, саяси орнықтылық пен қоғамның шоғырлануын ұзақ мерзімге қамтамасыз ететін дәулетті Қазақстан мемлекетін орнату міндеті қойылды.

  • Шетелдік инвестициялар мен ішкі жинақ қаражаттың деңгейі жоғары болатын ашық нарықтық экономика негізінде экономикалық өрлеу. Негізгі қағидалары: мемлекеттің белсенді рөлін сақтай отырып, оның экономикаға араласуын шектеу, макроэкономиканы орнықтыру, экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын сауықтыру, күшті әлеум. саясат жүргізу, қатаң қазыналық және монетарлық шектеулер жағдайында бағаны ырықтандыру, ашық экономика мен еркін сауда қатынасын орнату, энергетикалық және табиғи қорды өндіруді одан әрі жалғастыру, шетелдік инвестицияларды қорғау.

  • Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі: азаматтардың тұрмыс жағдайы мен деңгейін көтеру, экологиялық ортаны жақсарту. Сырқаттардың алдын алу және салауатты тұрмыс салтына ынталандыру, азаматтарды салауатты тұрмыс салтын ұстауға, дұрыс тамақтану, гигиена мен тазалық ережелерін сақтауға баулу, нашақорлық пен наша бизнесіне қарсы күресу, маскүнемдік пен темекі шегуді қысқарту, ана мен баланың денсаулығын сақтау, қоршаған орта мен экологияны таза ұстау мәселелерін қамтиды.

  • Энергетикалық қорлар: тұрақты экономикалық өрлеу үшін мұнай мен газ өндірудің және оларды шетке шығарудың көлемін жедел ұлғайту жолымен энергетикалаық қорды тиімді пайдалану. Бұл стратегия: таңдаулы халықаралық технологияларды, коммерциялық құпия және қомақты капиталды тарту, қордың тез де ұтымды пайдаланылуы үшін басты халықаралық мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнату, мұнай мен газ экспорты үшін құбырлар желісінің жүйесін жасау, отын қорын пайдалану қызметінде дүниежүзілік қоғамдастықтағы ірі елдердің Қазақстанға және оның әлемдік отын берушілік рөліне ынтасын ояту бағытын ұстау, ішкі энергетикалық инфрақұрылымды жасау, өзін-өзі қамтамасыз ету және бәсекеде тәуелсіз болу мәселелерін шешу мәселелерін қамтиды.

  • Инфрақұрылым (көлік және байланыс): ұлттық қауіпсіздікті, саяси тұрақтылықты нығайту, экономикалық өрлеуді күшейту. Отандық көлік-коммуникациялық кешеннің әлемдік рыноктағы бесекелестік қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан арқылы өтетін сауда ағынын ұлғайту міндеті қойылған.

  • Кәсіпқой мемлекет: іске шын берілген және елдің негізгі мақсаттарына қол жеткізуде халық өкілдері болуға лайық мемлекеттік қызметкерлердің осы заманғы қабілетті құрамын жасақтау. Бұл саладағы міндет осы заманға сай тиімді мемлекеттік қызмет пен нарықтық экономикаға оңтайлы басқару құрылымын құру, басты мақсаттарды іске асыруға қабілетті Үкіметті жасақтау, ұлттық мүдделердің сақшысы болатын мемлекет орнату.

1998 жылдың 10 маусымы біздің еліміз үшін ерекше тарихи күн. Өйткені дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Оған республиканың барлық облыстары мен алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы делегациялар келген еді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді тоқсаныншы жылдардың басында қозғай бастаған еді. Елбасының бұл ұсынысына алғашында елең ете қойғандар сирек. Себебі бұл ойдың жүзеге асатынына сенімсіздік пен күдік үстем болды. Қазақстандықтардың басым бөлігі осылай екіұдай болып жүрген шақта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысы өтті. Бұл – 1994 жылдың 6 шілдесі болатын. Елбасы Қазақстан Республикасының орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіруді депутаттардың талқысына ұсынды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Елбасы Ақмоланы таңдауға байланысты 32 негізгі өлшем-пайымды алға тартқан. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, коммуникация, көліктік инфрақұрылым, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да негізгі салалар бойынша қарқынды дамуға жас мемлекеттің жаңа астанасында мол мүмкіндік болатыны, сонымен бірге климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта өте қолайлы екені айтылған болатын. Осындай тұжырым-пайым мен жоспарлардың бәрі сөз күйінде қалған жоқ, барлығы да ойдағыдай іс жүзіне асты. Жиырма жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы адам танымастай асқақ Астанаға айналды.
Елорданы көшірудегі ең басты мақсаттардың бірі – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту болатын. Өйткені Астана – Еуропа мен Азияның дәл шектескен нүктесінде. Бір сөзбен айтқанда, Еуразия құрлығының нақ ортасында орналасқан. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара тығыз халықаралық қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашылатыны сол уақытта баса айтылған еді. Қазақстанның қазіргі жағдайына қарап бұл мақсаттың да мүлтіксіз жүзеге асқанын анық бағамдауға болады.
Дегенмен, «Мемлекеттің астанасы шекарадан қашық, елдің кіндік ортасында болғаны дұрыс» деген Елбасы саясатының дұрыстығына бүгінгі күні айқын көз жетіп отыр.
Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» кітабында былай деп жазған болатын: «Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiндегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк».
Негізі Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түрткі болған тағы бір себеп бар. Бұл ойымызға дәйектеме ретінде Мемлекет басшысының «Еуразия жүрегінде» кітабынан үзінді келтірген жөн: «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға, не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» – деп, келте кесіпті».
Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің №106 қаулысы 1994 жылы 6 шілде күні шыққан. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті араға екі жыл салып, 1996 жылдың 6 шілдесі күні елорданы көшіру туралы қаулы қабылдаған.
Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясының мүшесі болып табылады. 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.
"Қазақстан-2050" Стратегиясы - 2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:

  1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм;

  2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау;

  3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік;

  4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары;

  5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту;

  6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;

  7. Жаңа Қазақстандық патриотизм – біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізі.

ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері:

  1. Бірінші сын-қатер - тарихи уақыттың жеделдеуі

  2. Екінші сын-қатер - жаһандық демографиялық теңгерімсіздік

  3. Үшінші сын-қатер - жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер

  4. Төртінші сын-қатер - судың тым тапшылығы

  5. Бесінші сын-қатер - жаһандық энергетикалық қауіпсіздік

  6. Алтыншы сын-қатер - табиғи ресурстардың сарқылуы

  7. Жетінші сын-қатер - Үшінші индустриялық революция

  8. Сегізінші сын-қатер - үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық

  9. Тоғызыншы сын-қатер - өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы

  10. Оныншы сын-қатер - жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет