Лекция №1 Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне кіріспе


лекция №7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы



бет11/33
Дата06.04.2022
өлшемі344,42 Kb.
#30094
түріЛекция
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   33
лекция №7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы

1.КОКП-ның әміршіл-әкімшіл  басшылық рөлі мен М.С.Горбачевтың демократияшыл, реформаторлық қызметі арасындағы  қарама-қайшылық.

2.Жариялылық пен демократияны насихаттау барысында одақтық республикаларда туындаған ұлттық шиеленістер.

3.Экономикалық дағдарыс. КСРО –ның әкімшіл-әміршіл жүйесін демократиялық жолмен қайта құруға талпыныстар.   


ХХ ғасырдың  80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының  жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету концепциясын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар – академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай құрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді. Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты. Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады. Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-і қаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-і хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері  мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық  табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.

КСРО өмір сүрген 70 жылдан астам уақытта кеңестік тоталитарлы жүйенің өзіндік үлгісі қалыптасты. Коммунистік партияның дербес билігі және адам құқығын аяққа басу, саяси, экономикалық реформалардағы жартыкештік, рухани-мәдени саланың бір идеологияға бағындырылуы сиякты қарама-қайшылыкты саясаты жыл өткен сайын қарқын алып отырды. «Социализм орнатудың жарқын идеялары» мен оны тәжірибе жүзінде іске асыру әдістеріндегі қайшылық 1980 жылдары КСРО-ның әр алуан бағыттарда саяси жаңаруын қажет етті. Қазақстан «100 ұлттың ғаламшары» деп дәріптелгенімен, ұлт мәселесінің ішкі қарама-қайшылықтары қордалана берді. Ұлттардың әртүрлі мәдени және діни айырмашылықтары біртұтас кеңес халқын қалыптастыруда назардан тыс қалды. КСРО-ның құрылған кезінен бастап өз құрамына «алынған» ұлттар мен ұлыс өкілдерін «кеңес халқына» айналдыру үшін коммунистік партия бар күш жігерін жұмсады. Әр ұлттың қайталанбас ерекшеліктері интернационалдық бағыт пен көлеңкесінде қалғандықтан да қарама-қайшылыктар туындады. Сөйтіп, кеңес қоғамының саяси жүйесінде дағдарыс белгілері айқын көріне бастады. Әкімшілік-партиялык бюрократиянын рөлі артып, билік пен халықтың арасы алшақтай түсті. Биліктің жоғары сатысында отырғандар арасында лауазымды орындарға талас байқалды. Жеке адамдар КОКП-ға мүшелікті пайдакүнемдік мақсатта пайдалана бастады. Өйткені, партияға мүше болу көптеген құқықтар мен артықшылықтарға жол ашатын. Қоғамдық үдерістердің басым бағыттары назардан тыс қалып, партия жетекшілерінің кұрамы әлсіреді. Жетекші құрамның ауысуының табиғи үдерісі бұзылып, тоқырауға ұшырады. Бұл саяси бюро мен орталық партия комитетінің хатшылығының және мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне әкелді.



XХ ғасырдың 80-жылдарынан кеңес қоғамында бұрын болмаған жаңаша ойлау, коғамдық-саяси өмірді қайта құру үдерісі басталды. 1990 жылдың қазан айына дейін республикада ұйымдық құрылымы мен идеялык позициялары қалыптасқан 104 саясиландырылған талапкер топтар мен партиялар құрылды. Республиканын саясиландырылған қоғамдық ұйымдары 1990 жылғы 9 ай ішінде аштық жариялау, пикет жасау, жер басып алу тәрізді 60-тан астам акциялар жасады. Көптеген аймақтарда ұлтаралық негізде қан төгілген қақтығыстар орын алды. Жазықсыз жандар опат болды. Алматыда, Бакуде, Ферғанада, Ошта, Молдовада, Оңтүстік Осетияда, Таулы Қарабахта және өзге де жерлерде жиі-жиі бас көтерулер, қарулы қақтығыстар өтті. КСРО-нын кұлауының «іргелі себебі» ұлт саясатындағы қордаланып қалған мәселелер болатын. КСРО-ның және кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуінің ең басты, әрі шешуші себебі де осы болатын. Таптық мүдде үстем болған КСРО-да ұлттық факторды қажетті деңгейде бағаламау орын алды. Мемлекет басшылығында ұлттық мәселені шешетін бағдарлама мен стратегия болған жоқ. Басты бағыт пен көзқарастардан ала-құлалық танылды. Батыл әрекет, оң шешім жасалмады. Ұлтаралық кикілжіңдерді реттеудің жүйесіздігі елдегі өкіметтін әлсіздігін көрсетті. Салиқалы ұлт саясатын жүргізу түбегейлі теориялық тұғырнаманы, қалыптасқан саяси ахуалды теориялық тұрғыдан жан-жақты пайымдауды қажет етті. Бұл - бір сәтте бола қоймаған, 70-80-жылдарға тұтас созылған ғылыми-технологиялық, стратегиялық жеңілістің салдары.

ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық  табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды.

1990 жылы КСРО-ның орасан зор кеңістігінде экономикалық дағдарыс бодды.

1987 жылы қантар айында болып өткен КОКП ОК-нің Пленумында «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселе талқыланды. Қаулының кемшіліктері: 1. Дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады. 2. Жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды. 1987 жылғы маусым Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселеріне арналды. Пленум әзірлеген құжаттар негізінде «Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң» қабылданды. Бұл заңда тауар-ақша қатынастарының рөлі айқындалды. Мемлекеттік кәсіпорындар дербес тауар өндірушілер ретінде қарастырылды. Шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістерін меңгеруге көшуге негіз жасалды. Ұзақ мерзімді жоспарлау орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шаралар іске асырылмады. Қоғамның саяси құрылымдарын жаңартпайынша, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі айқын болды. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын тауарлар жоғала бастады, азық-түлік түрлері нашарлады. 1988 жылғы маусым айында болған КОКП XIX Бүкілодақтық конфернцияда қоғамның әлеуметтік экономикалық жүйесіне талдау жасалып мынандай шешімдер қабылдады:

1. Саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметік – экономикалық өзгерістер жасау мүмкін еместегін мойындау. 

2. Демократияландыру мен жариялылық.

3. Төрешілдікке қарсы күрес. 

4. Халықтық реформа жүргізу. 

5.Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын жүзеге асыру. Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа еңгізу керек болды.

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912–1993) - аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, үш мəрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Қазақстанның көрнекті мемлекет жəне саяси қайраткері, ғалым, тау-кен инженері.

Д.А.Қонаев 1955–60 жəне 1962–64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ал 1960– 1962 жəне 1964–1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы болды. Бірнеше мəрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның ХІХ съезінен бастап кейінгі съездерінің бəріне делегат болды. Партия делегациясын басқарып, əлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1966 жылы партияның ХХІІІ съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 1970 жылы ХХІV съезде Саяси Бюроға мүше болып сайланды. Ол 20 жылдан аса уақыт бойы СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі болып, КСРО секілді айдарынан жел ескен алып державаның ішкі-сыртқы саясатының мəселелерін шешуге қатысқан əлемдік масштабтағы мемлекет қайраткер дəрежесіне көтерілді.

Ол Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тəжірибесін жəне ұйымдастырушылық қабілетін халқының пайдасына жұмсады. Д.А.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама- қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, əлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мəдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия жəне кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сəт естен шығарған жоқ. 1960-шы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін, атап айтсақ, екі совхоз бен 500 мың қойдан басқа жерлердің барлыған қайтадан қайтарып алуы соның айқын бір дəлелі еді.

Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мəдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дəстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де Қазақстанның тəуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландырудың қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.

Қазақстанның қуатты аграрлы-индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуында Д.А.Қонаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Д.А.Қонаевтың билігі кезеңінде Өскемендегі қорғасын-мырыш жəне титан- магний, Соколов-Сарыбай, Лисаков, Балқаш, Жезқазған тау-кен-металлургия комбинаттары кұрылды жəне дамыды. Оның көмегімен химия, метталлургия институттары ашылды. Қазақстандағы ВАСХНИЛ, Ақмоладағы Бараев институты əлеуметтік тапсырыс пакеттерін алды, ядролық физика саласындағы қарқынды жұмыстар басталды, Орта Азиялық əскери округ, əскери-инженерлік база кұрылды. Алматыдағы құрылыс пен қаланың өркендеуіне де ол аз нəрсе жасаған жоқ. Оның бастамасы бойынша бой көтерген Республика сарайы, Достық даңғылындағы тұрғын үйлер, «Медео» спорт кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт жəне мəдениет Сарайы, Республика алаңы, Қазақстан, Жетісу, Алматы, Алатау мейманханалары, цирк, аэровокзал, əуежай жəне көптеген ірі ғимараттар Қазақстан Республикасының визиттік карточкасы болып қалды. Ел астанасының көркеюіне жұрттың бəрі мүдделі десек те, сол кезде оны жүзеге асыру қиын еді. Үлкен құрылысты салу үшін Мəскеудің рұқсаты керек. Ал ондағылар басқа жақта, əсіресе мəдени-ұлттық нысандардың бой көтергеніне онша құлықты емес еді. Алматыда біраз нысандардың бой көтеруіне Д.А.Қонаевтың беделі, тіпті тапқырлығы көмектесті. Айталық, Лениннің 100 жылдық мерекесін атап өту үшін көп адам сыятын əсем ғимарат керек деген себепті алға тосып, Республика сарайын салдырды. Сол ұлы көсем атындағы даңғылды көркейтеміз деп, оның бойынан біраз мəдени-тұрмыстық нысандар тұрғызды: 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Əуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, Ұлттық кітапхана, «Арасан» моншасы, жабық Көкбазар кешені, тоғыз қабатты Баспасөз үйі, Алматы темір жол вокзалдары, республикалық Пионерлер сарайы жəне т.б.



Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды. Бірақта «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады.Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек» деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты.  Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тәртіп сақтау органдары заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек шығару жөнінде қысым жасады. 1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқ. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист – шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны «Қазақ ұлтшылдығы» деп айыптауға дейін барды. Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

1990 жылы 25 наурызда өткен ҚазССР-інің 12-ші шақырылымындағы Жоғарғы Кеңес сайлауындағы депутаттардың бірінші сессиясында 1990-шы жылдың 24 сәуірінде ұзақ пікірталастан кейін депутаттардың басым көпшілгінің қолдауымен «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ ССР-інің заңы қабылданды. 1990 жылы 24 сәуірде жоғарғы Кеңесте заң қабылдағаннан кейін, Президент сайлауында жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі Н.Ә.Назарбаевты қолдап, 18-і қарсы дауыс берді. Нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті болып сайланды. Н.Ә.Назарбаевты бұл жоғарғы лауазымдық қызметке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 21-ші пленумы бір ауыздан ұсынған болатын. Бірақ бұл кезеңде Президенттік институт туралы айту ертерек болды. Тек Президент қызметі еңгізіліп, Президент Жоғарғы Кеңесі сайланды. Президент мәртебесі мен өкілеттігін анықтау барысындағы келесі маңызды құжат - 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация. Декларацияда алғаш мемлекеттік билік бөлінісі жарияланды. Заң шығарушы билік - Жоғарғы Кеңесте, Президент-Республика басшысы және онда жоғары өкімдік-атқарушы билікті иеленді. 1991 жылғы 16 қазандағы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VI-шы сессиясында Қазақ КСР Президентін сайлау туралы заң қабылданып, осы жылдың 1- желтоқсанында президенттік сайлау тағайындалды. Заңға сәйкес, Президентті сайлау жолы өзгертілді. Сөйтіп, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаматтары қазақтыңмыңжылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлады.



Қазақ КСР-нің "мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясы - 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған декларация. "Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы" Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Онда республиканың тең қүқылы шарт негізінде, егеменді республикалар одағына кіру ойынынан басқа, алғаш рет Қаз КСР-нің егеменділік құқығы жағдайы үшін принципті мемлекеттік-құқықтық ережелер: Одақтың шешуіне берген мәселелерді қоспағанда, Қазақ КСР аумағында Республика Конституциясы мен заңдарының үстемдігі туралы, Одақтық Жоғарғы органдардың Қаз КСР-і Конституциясы мен егеменділік құқықтарын бұзатын заңдарының және басқа да актілерінің өз аумағында күшін жою құқы, Қазақ КСР-нің егемендігінің негізін құрайтын өзіндік меншігі, жер және оның қойнауы, су, ауа кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар - экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует туралы, республиканың қосқан үлесіне сай жалпы Одақтық мүліктен өз үлесіне құқы, соның ішінде алмазвалюта қоры және алтын қорындағы үлесіне, халықаралық қатынастардың субъектісі болу, өз мүддесіне сай сыртқы саясатын анықтау туралы бекітілген. Сонымен қатар, Декларация алғаш рет билікті бөлу принципін паш етті. Декларацияға сай, заң шығару билігі Жоғарғы кеңеске берілді, Президент Республика басшысы болып, жоғарғы атқарушы билікті иеленді, ал сот билігі Жоғарғы Сотқа берілді; мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауға таптық тұрғыдан қараудан бас тартты; республика аумағында ядролық қаруды сынауды жүргізуге, қырып-жою қаруларының барлық түрі үшін сынақ полигондарының құрылысы мен қызметіне тыйым салды. Қазақстан қоғамының республикадағы демократиялық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта жаңарулары туралы негізгі идеяларды қамтыған Декларациядан Республиканың жаңа Конституциясын жасау басталды.

Кеңестер Одағының ыдырауы ХХ ғасырдың соңындағы ең елеулі оқиғалардың бірі.КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі - ондағы орын алған экономикалық күрделі мәселелер, экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің әлсіздігі еді.

КСРО-ның ыдырауына алып келген тағы себептердің бірі -биліктің күшті орталықтандырылуынан. Екіншіден, КСРО-ның орталық билігі бұқаралық көпшіліктің сана-сезімінің әсіресе, ұлттың қайта өрлеп дамуы мен өсуінің заңдылығын мойындамағандығынан. Үшіншіден, өзінің дұрыс екендігіне сенген басқарушы элита әлеуметтік төмен адамдардың мәселелрін тыңдаудан және түсінуден қалды. Орталықпен одақ республикаларының мүдделері көп нәрселерде сәйкес келе бермейтін болды. Бұлардың бәрі әлеуметтік наразылықтар тудырып, қоғамның деформациясына алып келді. Қайта құру кезіндегі «реформаторлар» қоғамды жаңаша басқаруға қабілетсіз болып шықты. Қоғам саяси және мемлекеттік жетекшілерден түбегейлі өзгерістер күтті. Бірақ ол бітпейтін саяси талқыламаларға түсіп, нәтижесіз қалып жатты. КСРО ыдырауының тағы бір себебі ол оның құрылымдық бөлімдерінің иерархиялығында. Бөлек этникалық қауымдастаықтар әр түрлі бағыныштылы, тәуелділік сатысына қойылды.

Қоғамның көп бөлігінде осы тәртіпке деген наразылығы күшейе түсті. Дәл осы үрдіс КСРО өмірінің соңғы 5 жылының әлеуметтік саяси динамикасын анықтайды. 1986-1987 жылдардағы жариялылық жетекші элитаның артықшылығы мен өмір жағдайын ашқан кезде жай қарапайым адамдардың оларға қарсы ашу-ыза сезімі күшейді. Бұлардың барлығы ұйымдастырылған және жүйелі қоғамдық қарсылық қозғалыстарына алып келді. Ортаға шыққан ұлттық мәселелер орыс «отаршылдары» мен «жергілікті» ұлт өкілдерінің арасындағы немесе көршілес ұлттардың арасындағы қақтығысқа алып келді.

1990 жылдың 24 шілдесінде ақпарат құралдарына жаңа одақтың келісімінің алғашқы жобасы ұсынылды. Рыноктық экономикаға көшумен тығыз байланысы бар, жаңа федеративті келісім республикалардың құқын кеңейту керек болды. Тура бір жылдан кейін 1991 жылы 24 шілдеде Горбачев салтанатты түрде «Одақты» келісім бойынша жұмыс аяқталдың және «қосыламын деушілерге» есігіміз ашық деп жариялады. Армения, Грузия, Латвия, Литва, Молдова, Эстония бұл келісімге қосылмайтындықтарын білдірді. Орталық Азиялық мұсылман елдері орталыққа өз ойларын білдірмей, екі жақтық келісімдерге отырды.

1991 жылы 19 тамызда ТАСС, КСРО-дағы төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік комитеттің құрылғаны туралы жариялады (ГКЧП). Оның құрамына КСРО-ның вице-президенті Г.Н.Янаев, премьер-министр В.С.Павлов, президенттің жанындағы қорғаныс кеңесінің жетекші орынбасары О.Д.Бакланов, ішкі істер министрі Б.К.Пуго, қорғаныс министрі Д.Т.Язов, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жетекшісі В.А.Крючков және т.б. Бұл жаңа келісімге қол қоюға кедергі жасауға бағытталған саяси дағдарыс. ГКЧП оппозициялық партия мен қозғалыстар және бірнеше газеттердің қызметтеріне тиым салу туралы шешім қабылдады. ГКЧП-ның құрылуына жауап ретінде Москва, Ленинград және т.б. қалаларда көптеген демонстрациялар мен митингтер болды. Осы ГКЧП-нің қызметіне қарсылардың басында РСФСР-дің президенті Б.Н.Ельцин және басқа Ресей Федерациясының жетекшілері тұрды. Ельциннің жарлығымен ГКЧП-нің құрылуы мемлекеттік төңкеріс шарасы ретінде қарастырылып, атқарушы биліктің одақтық органдары РСФСР президентіне қайта бағындырылды. 22 тамызда ГКЧП жойылды. Оның мүшелері және басқа да қызметкерлері сотталды. 23 тамызда Ельциннің жарлығымен РСФСР территориясында Компартияның қызметі тоқтатылды. 24 тамызда Горбачев өзінің ЦК КПСС бас хатшылығынан кететіні туралы жариялады және ЦК мүшелеріне өз өзін таратуға шақырды. Одақтас билік органдарының қызметі тоқтатылды. Москвадағы орталық билік Ресей жетекшілігіне өтті. Латвия, Литва, Эстония КСРО-дан шығу туралы жариялады, олардың тәуелсіздігі КСРО-ның ресми жетекшісі тарапынан 1991 жылы 5 қыркүйекте танылды. Тамыз дағдарысы дезинтеграция үрдісін күшейтіп, КСРО-ның ары қарай ыдырауын тездетті. 1991 жылы 1 желтоқсанда Украинаның 80 пайызы өз республикаларының тәуелсіздігі үшін дауыс берді. Бір аптадан кейін Ресей, Украина, Белоруссия президенттері Минскіде жиналып, «Кеңес Одағы енді жоқ» деп жариялады. Олар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» құрылғаны және «бұрынғы КСРО елдері үшін ашық» деп жариялады. 21 желтоқсанда Алматыда ТМД-ға 8 республика қосылды, осылайша олар КСРО-ның ыдырағанын айғақтай түсті.

ТМД өз өмірі кезінде бірнеше кезеңнен өтті:

  1. Бірінші кезең - 1991 мен 1993 жылдар аралығы. Одақтас Республикалар саяси тәуелсіздігін алады. Мемлекеттілігін, қаржы-экономикалық, кеден, шекара құрылымдарын бекітеді. Бірақ олардың халықшаруашылық кешені біртұтас экономикалық кеңістікте, бір валютамен өз жұмысын жалғастырып жатады.

  2. Екінші кезең - 1993-1996жылдар. ТМД мемлекеттері өздерінің саяси егемендігін нығайта түседі, өз беттерімен халықаралық қауымдастыққа кіреді, өздерінің кеңес одағына кірмеген жақын көршілерімен шаруашылық байланыстарын орнатады. Ал Достастық шеңберінде бірге келісілген шешімдерге байланысты қатынастар ауырлай түседі. Көптеген келісілген заттар орындалмай қалады. Бірақ кейбір мемлекеттер тығыз қатынастар орнатуға деген талпыныс байқалады, мысалға кеден одағы, Орталық Азиялық Экономикалық қауымдастық. 

Үшінші кезең 1997 жылдан басталады. Достастықтың бүкіл мүшелері дағдарысты мойындайды. Осы дағдарыстан шығу жолдары мен ортақ мақсат-мүдде қарастырыла бастайды. Кейбір мемлекеттер, ғалымдар ТМД-нің барлық атқарушы органдарын біріктіріп, бірінші орынға экономикалық ынтымақтастықты қоюды, еркін сауда, кеден, тарифтік зонасын құруды валюталық одақ идеясын ұсынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет