Лекция №1 Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне кіріспе


Лекция №8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы



бет13/33
Дата06.04.2022
өлшемі344,42 Kb.
#30094
түріЛекция
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33
Байланысты:
Современная Истори. лекция.

Лекция №8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы

1 .«ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң.

2. Тәуелсіз Қазақстан дамуының мемлекеттік стратегиясын айқындау.

3. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру. Қоғамның конституциялық құрылыс негізін жасау. ҚР рәміздері – туды, елтаңбаны, әнұранды бекіту. 


1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.

Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Тәуелсіздік туралы Заңның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінің заңды қорытындысы болды.

Заңның екінші тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және дүние-мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқығы мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы атап көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы мәселе екінші тараудың 7-бабында қарастырылған.

Қазақстан Республикасындағы көші-қон процесін реттеу, жаппай саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру және басқа адамгершілік нормалары бұзылған кезде ел аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтарына, бұрынғы көршілес кеңестік ресубликалар аймағында тұратын қазақтардың қайта оралуына жағдай жасау туралы айтылады. Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының және басқа ұлт өкілдерінің дәстүрі мен тілін, ұлттық құндылығын сақтау, мәдениетін өркендету мен дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып дәйектелді. Сонымен қатар, мемлекет елімізден тыс аймақтарда тұратын қазақтарды, олардың ұлттық-мәдени, тілдік және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен келісім негізінде қорғауға және қамқорлыққа алынды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары үшінші тарауда анықталғандай, бөліну қағидаларына қарай заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып құрылып, іс жүзіне асырылады. Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентінің халықтың атынан сөйлеуге құқығы бар. Заң шығарушы билік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарапынан жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Елбасы және атқарушы билігі Президент, сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы төрелік соты жүргізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты – Конституцияны сотпен қорғаудың ең жоғарғы органы болып табылады.

Төртінші тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне анықтама берілген. Тәуелсіздік мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделетін дербес экономикалық жүйенің болатындығы жан-жақты атап көрсетілген еді.

Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

Бесінші тарауда Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың мүшесі болып жарияланғаны айқындалады. Ол халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдермен алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіре алады және олардың қызметіне қатынасады. Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық мәселелерді өз бетінше шешеді.

Алтыншы тарауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігін қорғау мәселесі сөз етіледі. Өз тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтау мақсатында, республика өзінің Қарулы Күштерін құру құқығына ие болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран. Астанасы – Алматы қаласы. Осы Заң Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін бекітті. Оған – 16 желтоқсанда қол қойылуы, 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі Қазақстанда демократиялық процестің сабақтастығын дәлелдеп, елдегі өзгерістердің бастамасы болды. Сонымен бірге шынайы егемендікті жариялап, сыртқы әлемнің елімізді тануына қол жеткізілді.

Конституциялық Заң Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерімен шекара мәселесін толығымен реттеуге көмектесті. Ол Еуразия кеңістігіндегі сенімділік саясатының, серіктестіктің және тұрақтылықтың негізін қалады. Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде танылды. Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия елі бірінші болып таныды. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және тағы басқа ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал, Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап мемлекет аралық және үкімет аралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды. Тәуелсіз Қазақстан Республиканың алдына үлкен келелі міндеттер қойылды.

1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан өзінің құрдас мемлекеттері секілді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан кешірді. Өтпелі кезеңдегі негізгі мақсатымыз жоспарлы экономикадан нарықтық сатыға көшу болатын. Бұрыннан бағынып келген орталықтың күл-талқаны шығып, салааралық тұрмақ, өңіраралық байланыстардың аяқ астынан «жоғалуы» барлық саланы дерлік құлдыратуға сүйреді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы алғашқы экономикалық дағдарыс болды. 90-шы жылдардың басында төске өрлеген гиперинфляциямен, өндірістің толық тоқтатылуымен, төлемсіздік дағдарысымен күрес экономикалық жағынан да дербестікке ұмтылған жас мемлекетіміз үшін үлкен сынақ болды.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы сая­саттың жаңа жүйесін құру, экономи­каны жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мем­ле­кетті, либералды экономиканы қалып­тас­тыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарынан қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.

Елбасы алғаш рет 1996 жылы 8 қазанда Қазақстан халқына «Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттың 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы» атты Жолдау жасады. Бұл Жолдауда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі бес жыл уақыт аралығында жүзеге асырылған саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша реформаларға жан-жақты тоқтала отырып, терең талдаулар жасады.

«Ішкі және сыртқы саясаттың бағыттары мен басымдықтары» деген Жолдаудың екінші бөлімінде Президент елдегі мемлекеттік-құқықтық құрылыс, сыртқы саясаттағы бағыттарға арнайы тоқталды. Негізінен алғанда, Елбасы Жолдауда демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құру жолындағы басты мақсат-міндеттерді ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Жолдауда іске асырылып жатқан экономикалық реформалар барысын жүйелі саралап, әсіресе, жекешелендіру, шағын және орта бизнес, тұрғын үй құрылысы, шетелдік инвестицияларды тарту, қылмысқа қарсы күрес, бюджет саясатының басымдықтары сияқты сол уақыттағы аса күрделі мәселелерді жан-жақты қарастырды. Маңыздысы, Жолдауда ел өміріне, әлеуметтік-экономикалық ахуалға көп көңіл бөлінді. Қоғам дамуы ел өмірімен, экономика және саясат төңірегінде кең өріс алды.

Қазақстан егемендік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті. Мұны іске асыруда еліміздің тарихи және отарлауда болған мұрасы, оның саяси мәдениетінің өзіндік ерекшелігі, мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасы жан-жақты ескерілді. Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді. Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар - парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конститутциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты.

Тәуелсіздік алған алғашқы кезден бастап, елде болып жатқан өзгерістерді талдау арқылы Қазақстан басшысы өзінің назарын болашақтың бағытын айқындауға аударды. Атап айтқанда, Президент Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы жарық көрген "Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" - деген еңбегінде жаңа тарихи жағдайға байланысты еліміздің егеменді мемлекет болуының стратегиялық міндеттерін көрсетіп берді. Онда айтылған кейбір маңызды қағидалар мен тұжырымдар Егемен Казақстанның бірінші Конституциясында өзінің көрінісін тапты.

Бұдан кейін мемлекет алдында бой көтерген жаңа тактикалық мақсаттардың іске асу шаралары белгіленді. Оны Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің 1993 жылы жазған "Қазақстанның болашағы - қоғамдық идеялық бірлігінде" - деген еңбегінде ашып берді. Мұнда Президент Тәуелсіз еліміздің одан әрі күшейіп нығаюында қоғамдық ынтымақтастық пен жарастықты іске асырудың жолдарын анықтады.



1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумының жаңа мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов және т.б. сияқты қайраткерлер кірген. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын жасау байқауы жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздерінің шығармашылық еңбектері бар барлығы 1200 өтінім берілді. Сондай-ақ болашақ Мемлекеттік Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Мемлекеттік Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. Байқау қатысушыларының алдында күрделі міндет тұрды. Мемлекеттік рәміздер тек эстетикалық талаптарға жауап беріп қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Жас егеменді мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын нақтылы түрде көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Бұл Шәкен Ниязбеков (Ту авторы), Жандарбек Мәлібеков  және Шота Уәлиханов (Елтаңба авторлары), Шәмші Қалдаяқов (Әнұран әуені), Жұмекен Нәжімеденов (Әнұран мәтіні) сияқты шеберлердің қолынан келген іс болды. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау процесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың рөлі ерекше болды. Мемлекеттік Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біріктірілген авторлық ұждымның құрамына кірді. Мемлекет басшысы сондай-ақ терминдердің қазақ тілінде пайдаланылуына көңіл аударды. Оның бастамасы бойынша «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» сияқты ресми терминдер енгізілген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы - Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйеккүні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.

1995 жылғы 30 тамызда жалпы халықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Осыдан кейін ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Констициялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы Парламентке депутаттарды сайлау процесі 1995 жылдың соңында өткізілді.

1995 жылғы Конституция мемлекеттік басқару жүйесі, меншік, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты міндеттерді жаңаша тұрғыда шешті. Жоғары өкілді орган — екі палаталы Парламенттің құрылуына құқықтық негіз жасады. 1993 жылғы Конституцияда келісім және саяси тұрактылық, халықтын игілігі үшін экономиканы дамыту, қазақстандық патриотизм, мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді демократиялық әдістермен шешу, республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру түсіндірмелері енгізілмей қалған болатын. Елбасының кадағалауымен бұл түсініктер 1995 жылы қабылданған Конституцияға енгізілді. Конституцияға «Парламент» ұғымы заң шығарушы органды жетілдіру және одан әрі дамыту мақсатында екі палаталы Парламент енгізілді. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың жоғары өкілді органы болып табылатыны бекітілген.



Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың жетi депутатын Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды. 

Мәжiлiс жетпiс жетi депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады. 

Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.

Қазақстан Республикасы - президенттік басқару формасы бар демократиялық, құқықтық, унитарлы, зайырлы мемлекет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет