Жоспары: 1.Әдебиет пәні бағдарламасының мемлекттік құжат ретіндегі ролі.
2.Базалық білім беру және тарихи-әдеби курстар негізіндегі әдеби білім беру.
3.Шетел және туыстас халықтар әдебиетін оқытудың өзіндік ерекшеліктері.
4.Әдебиетті оқытуда әдебиеттану ғылымының жетістіктерін тиімді пайдаланудың
жолдары.
Тақырыбы: Жалпы білім беретін мектептегі әдебиет курсының мазмұны мен
құрылысы
Лекция мақсат: Мектепте әдебиеттен білім берудің құрылымын айқындау, өзіндік
мақсаты мен міндеттерін таныту;
Лекция мәтіні (қысқаша): Мектепте әдеби білім беру оқытудың, білім берудің жүйелі, жалғаспалы, бірізділік
принциптерін басшылыққа ала отырып, жүргізілуі керек. Ол мынадай кезеңдерден тұрады:
1-кезең: 1-4-сыныптар,
2-кезең: 5-8-сыныптар,
3-кезең: 9-11-сыныптар.
1. Бірінші кезеңнің негізгі мақсаты, міндеті оқуға, жаза білуге, мазмұндауға
үйретумен, көркем туындығы оқушы ынтасын қалыптастырудың алғашқы баспалдағы
болумен айқындалады.
2. Екінші кезеңде көркем сөздің көркем туынды, көркем шығармалардағы рөлі,
маңызын танып-білу жұмыстары жүргізіледі. Көркем туындыдағы авторлық көзқарасты
танып-білу үйретіледі. (Көркем образ, сол арқылы автор мұратына (идея) болжам жасау).
Оқу бағдарламасында оқуға, талдауға ұсынылатын шығармалар жанрлық жағынан
қамтылуы тиіс.
Оқушылардың көркем шығармалардың әр жанрдан тұратынын түсініп білуі осы
кезеңнен басталады. Көркем туынды туралы өз пікірлерін, ойларын айта білуге
дағдыландыру /алған әсерлерді, не ұнады, не ұнамады/, шағын әдеби айтысқа жетелеу,
сөйтіп әдеби талдау дағдыларын қалыптастыру да осы кезеңнің негізгі міндеті болмақ.
3. Үшінші кезеңде әдебиетті оқыту ауыз әдебиетінен басталып, әдебиет тарихымен
жалғастырылады. Оқушыларды өз беттерімен көркем туындыны оқытуға, талдауға баулу,
әдебиет тарихы, сыны, әдебиеттік ғылымнан білім беру, көркем шындық, өмір шындығы,
ақын-жазушы стилі, тіл, әдеби әдістер т.б. Көркем туындыны талдауға әдебиеттану
ғылымы басшылыққа алынады. Оқушылардың оқырман ретінде оқитын туындыларын
өздері таңдап алу қабілеттері жетілдіріледі. Көркем туындыға олардың сын көзбен
қарауы /төменгі сыныптағыдай тартымды, сюжетті шығармаларды оқуға қызығушылығы
т.б./ қалыптасады.
Ресейлік жаңашыл ұстаз Е.Ильин айтқандай, көркем туындының ішкі, сыртқы
қасиетін, табиғатын тереңдете түсінуге көмек жасау, оқушыларды шығармашылық
жұмыстарға баулау, олардың алдына өз беттерімен шешуді талап ететін әр түрлі
проблемалар қою, әрі оның жауабын тапқыза білуге жетелеу, сондай-ақ әдебиеттану
ғылымы мен сынынан тыс қалған, тың мәселелердің жауабын іздеуге баулу да осы кезеңнің
міндеті.
Әдебиеттану ғылымынсыз, әдебиетші мұғалімдер әдебиетті ғылымның, әрі
өнердің бір саласы ретінде оқытуы мүмкін емес. Әдебиеттен білім беру әрі әдебиет
ғылымынан, әрі сөз өнерінен білім беру дегенге саяды. Бұл пәнді оқытудың күрделілігі де,
қызықтығы да осыдан келіп туындайды.
Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз табиғатын ашатын заңдылықтарды
білуі керек, сондай-ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі
қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек,
бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс.