Тақырыбы: Педагогиканы оқыту үрдісіндегі бақылау мен диагностика.
Лекция жоспары: 1 Педагогикалық бақылаудың қызметтері, формалары.
3 Емтиханды өткізуге және ұйымдастыруға қойылатын әдістемелік талаптар.
Лекция мақсаты:Педагогиканы оқыту үрдісіндегі бақылау мен диагностика туралы мәліметті талдау, білімгерлердің білімін жетілдіру және педагогикалық білімнің ғылыми негіздерін қалыптастыру.
Лекция мазмұны:Педагогиканы оқыту барысында маңызды және жауапты кезеңдердің бірі білім алушылардың оқыту нәтижелерін бақылау мен бағалау, оны түзету кезеңдері болып табылады. Оқытудың тиімділігі бақылаудың саны мен сапасына, толықтығына, дер кезінде ұйымдастырылуына, айқындылығы мен обьективтілігіне байланысты.
Бақылауды жүзеге асыру үшін қолданылатын ұғымдар мәнін, тиімділігіне әсер етуші факторларды анықтау қажет. Қазіргі таңдағы педагогикалық теориядағы «бағалау», «бақылау», «тексеру», «белгілеу» ұғымдары қатаң түрде қалыптасқан жоқ. Олар өзара араласып, өзара алмасады, бір мағынасынан келесіде басқа мағынада қолданады. Осы түсініктердің әрқайсысына жеке тоқталайық.
Олардың арасында ортақ қолданылатын «бақылау», ол білім алушылардың білім, іскерлік, дағдыларын өлшеуді, анықтауды білдіреді. Анықтау мен өлшеу «тексеру» деп аталады. Сондықтан тексеру бақылаудың құрамдас компоненті болып табылады. Тексерудің негізгі дидактикалық қызметі оқытушылар мен білім алушылар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, оқу материалын игеру жайлы объективті ақпарат алу, дер кезінде білім алушылар біліміндегі түзетуді қажет ететін кемшіліктерді анықтап отыру. Тексеруден басқа бақылаудың құрамына «бағалау» (үдеріс ретінде) мен «баға» (нәтиже ретінде) енеді. Бағалар белгілер түрінде (шартты белгілер, бағаның сандық түрлері) тіркеледі.
Бағалау кезіндегі пікірлер алшақтығы бірнеше себептермен түсіндіріледі. Олар келесі: бір оқытушылардың білім алушылар білімін бағалауда жақсы түсіну мен материалды қайталап айтуына көңіл бөлетінін, ал екіншілердің алған білімдерін туындаған жағдаятты шешуге қолдана алатынын, үшіншісі ғылымның әдіснамалық негізін білуін, төртіншісі сын тұрғысынан ойлау алуы мен білімін қалыптан тыс жағдайларда қолдана алуын, бесіншілері студенттердің өз жауабын дұрыс құрып, материалды баяндау жоспары мен формасын дұрыс таңдай алуына назар аударуларынан болады.
Заманауи дидактикадағы талап етілетін бақылаудың негізгі қызметтері мен принциптерін ашып көрсетейік. Бақылау мен бағалау жүйесі келесідей негізгі қызметті атқарады:
-білім берушілік, үлгерімді бақылау кезінде білім, іскерлік пен дағдылары тереңдетіліп, білімділік деңгейі, ақыл-ой еңбегінің мәдениеті артады, білім алушының өз бетімен жұмыс істеуіне негіз болатын жағдайда жүзеге асырылады;
-дамытушылық, бақылау нәтижесінде тұлғаның көңіл, ес, ойлау секілді психикалық үдерістері жетілген тұста, танымдық белсенділіктері артқан кезде туындайды. Бұл қызмет түрі бақылау тапсырмалары (сұрақтары) түсіндіруді, дәлелдеуді қажет еткенде жүзеге асады;
-тәрбиелік, үлгерім бақылауымен қатар жүретін баға білім алушының жетістіктері туралы қоғамдық пікірді бейнелейді. Ол үлкен моральдік ықпал жасайды, оқу алдындағы парызын мойындатып, ерік-жігерді, тәртіпті, принципшілдікті дамытады;
-басқарушылық, үлгерімді бақылау үздіксіз жүретін кері байланысты туындатады, осының нәтижесінде оқытушы мен білім алушы өз жетістіктерін байқап, ары қарай үлгерімді жақсарту шараларын қолдануға себеп болады;
-бақылау-бағалаушылық, білім алушының оқу іс-әрекетінің нәтижелерін, оның барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Осы қызметте бақылау жүйесі оқытушы тарапынан бақылаудан, білім алушының өзіндік бақылауынан туындайды. Өзіндік бақылау мәнін психологтар дәлелдеп көрсеткен. Егер адам өзінің қателіктерін мойындамаса, жетіспейтін жақтарын көрмесе, өз іс-әрекетінің нәтижелеріне сыни бағалай алмаса бірнеше мәрте үздіксіз қайталай бергеннен іс-әрекетінің нәтижесін ешқашан жетілдіре алмайды;
-ұйымдастырушылық, тұрақты түрде жүргізіліп отыратын бақылау білім алушының жұмысын жақсы ұйымдастырады, жоғары оқу орынның талаптарын орындауға ұмтылдырып, өзіндік жұмыстары үшін уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Аталған қызмет түрлері бақылау мен бағалауды ұйымдастырудың принциптерін сақтаған жағдайда педагогикалық жағынан тиімді болып саналады. Олардың ішінде жүйелілік, жан-жақтылық, обьективтілік, бақылаудың жеке сипаты, дифференциалды амал және бақылаудың тәрбиеушілік сипаты ең бастылары болып табылады.