Оқыту құралдары (педагогикалық құралдар) – оқытушының оқу үдерісіне ықпал етуде қолданатын барлық материалдар жиынтығы. Оқыту құралдарына педагогикалық міндеттерді шешуде қолданылатын рухани және материалдық мәдениет заттары жатады.
Оқытудың көрнекілік құралдары студенттің оқу материалын жақсы меңгеруіне себеп болады. Көрнекіліктердің заттық, бейнелік және сөздік деген негізгі үш түрін ажыратамыз.
Заттық көрнекілік – нақтылы заттарды, құбылыстар мен үдерістерді демонстрациялау. Оқытушының басты міндеті – көрнекілік арқылы педагогиканы оқыту барысында арнайы феномендерді, заңдылықтарды көрсету. Бұл жақсы түсіну мен есте сақтауға негіз болады. Осы орайда «жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» деген белгілі мәтел қолданылса керек.
Бейнелік көрнекілік – сабақта заттар, құбылыстар мен үдерістер бейнесін, олар туралы теориялық білімдерді көрсету. Бейнелеу көрнекілігінің өзі үш түрлі болады: көркем бейнелеу, символдық бейнелеу және мәтіндік бейнелеу.
Көркем бейнелік көрнекілік - бейнеленуші нысанды немесе жағдайды бөлшігесіне дейін қалдырмай бейнелейді. Бұған фотосуреттерді көрсету, суреттер, кино және бейнефильмдерді демонстрациялау жатады. Басқа жағдайларда сурет өнері мен суреттер де қолданылуы мүмкін. Фильмдердің өзін ғылыми-көпшілік және көркем фильмдер деп екі типке бөлеміз.
Символдық (сызбалық) көрнекілік – заттардың немесе құбылыстардың белгісін, сипатын, байланысын көрсететін бейнелер. Оған кестелер, сызбалар, диаграммалар, графиктер жатады. Оларда теориялық ойлар беріп, құбылыстар құрылымы туралы білімдер жүйесі, белгілі бір параметрлер байланысы көрсетіледі. Символдық көрнекілік мәтіндік көрнекілікпен жақсы үйлесім табады.
Мәтіндік көрнекілік дегеніміз тақтада жазу арқылы немесе басқа да тәсілдер арқылы естуде нашар қабылданатын дәріс тезистері, ғалымдар аты-жөні, даталар, басқа да мәтіндік ақпараттарды көрсету. Көзбен көре отырып, құлақпен естіген ақпарат жақсы қабылданады. Студенттер көзбен көргендерін өз конспектілеріне жазуға бейім.
Сөздік көрнекілік – бейнелерді сөзбен сипаттау. Ол заттық немесе бейнелік көрнекіліктерді көрсетуге мүмкіндік болмағанда немесе мүлдем қолдануға келмейтін жағдайларда қолданылады. Ондай жағдайда оқытушы педагогикалық құбылыстар мен феномендер жағдайын көрнекі етіп сипаттап, көркем шығармалардан мысалдар келтіреді.
Белгілі бір жағдайлар негізінде көрнекілік оқыту тиімділігін арттырады:
көрсететін көрнекілік оқу материалының мазмұнына сай болуы керек;
көрнекілікті сабақтың қажеттілігіне және мүмкіндігіне қарай біртіндеп қолдануға болады;
көрнекілік барлық студенттер жақсы көре алатындай етіп көрсетілуі тиіс;
бейнелерді, сызбаларды, диаграммаларды көрсету барысында ең маңыздысын, бастысын анықтап алып көрсету қажет;
көрсетілім барысында берілетін түсініктемені анық ойластырып алған жөн.
Оқыту үдерісінің сапасы мақсат, мазмұн, оқытудың әдіс-тәсілдерімен, құралдарымен тығыз байланысты екені баршамызға аян. Оқыту құралдарын таңдау барысында олардың қандай дидактикалық міндеттерді орындайтынын білген дұрыс. Олай болса, оқытушы да оқыту әдістері мен тәсілдерінің, құралдарының үйлесімділігі ғана жоспарланған нәтижеге жеткізетінін білгені дұрыс.
Педагогиканы тиімді оқытуда студенттердің білім беру ортасының маңызы өте үлкен. Білім берудің ортасы ретінде педагогика оқу кабинеті табылады.
Педагогика пәнінің оқу кабинеті – бұл оқу-тәрбие және әдістемелік орталығы. Қазіргі кезде педагогика кабинетіне заманға сай талаптар қойылады.
Кабинет – оқу-тәрбие орталығы. Сол себептен кабинетте оқу және тәрбиелеу ортасын құрастыру керек. Мұнда педагогтардың суреттері, олардың педагогикалық ойлары, әр түрлі мәселелерге арналған стендтер: оқу үрдісін жобалауға кеңес, үй тапсырмасын ұйымдастыруға және орындауға, семинарға, зертханаға, коллоквиумға, аралық бақылауға, емтиханға дайындық нұсқаулары т.б. материалдар міндетті түрде болуы тиіс.
Кабинет – кітапхананың бөлімшесі. Кабинетте оқу үдерісінде пайдаланатын қажетті оқу әдебиеті мен педагогикаға қатысты баспалар жиыны (газет, журналдар) болуы керек.
Кабинет – әдістемелік орталық. Ол қажетті нормативтік және әдістемелік нұсқаулармен, ережелермен, үлгілермен, сабақтардың конспектілермен толықтырылып отырады. Дидактикалық материалдар, тапсырмалар, тестер, бақылау жұмыстары, үлестірмелі материалдар, шығарма жинағы, слайдтар, кестелер, оқыту және әдістемелік әдебиеттер кабинеттің міндетті бөлігі болып табылады.
Кабинет заманға сай техникалық құралдармен жабдықталуы керек. Олар электронды тақта, мультипроектор, компьютер немесе ноутбук, аудио-видеомагнитофон, телевизор және т.б.
Педагогика кабинеті арнайы ережелер арқылы жұмыс істейді. Кабинеттің төлқұжаты, жұмыс жоспары, үйірменің және клубтардың отырыс жоспарлары, қауіпсіздік техникасы мен тазалық сақтау ережелері, кабинеттің жұмыс кестесі болуы тиіс.
Кабинет дұрыс қызмет атқару үшін оның белсенді тобы болуы тиіс. Топ мүшелері кабинет кеңесін құрайды, кабинетті жабдықтайды, қажет уақытында кезекшілік атқарады, әр түрлі сабақтан тыс іс-әрекеттерге қатысады. Осындай жұмыс студеттердің педагогика пәнін толық меңгеруге, қызығушылықтарын арттыруға үлес қосады – осының бәрі болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдіреді.