4. Қазақстандағы конфессияаралық келісім. Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Еліміздің тарихында дінаралық қақтығыстар мен жанжалдар орын алған емес. Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері. Ежелден бері көптеген мешіттермен қатар иудей синагогалар, христиан шіркеулері және будда храмдары қатар өмір сүреді. Олардың көпшілігі біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаларда орналасқан. Мұсылман Қазақстан жеріне тән емес діни ғимараттар қазақ жеріне келген шетелдік саудагерлер мен көпестерге діни парыздарын өтеуге арналып салынған еді.
Қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынастың бірегей шарты және бүгінгі күні жергілікті тұрғындардың басқа конфессиялық құрылымдар, діни сенімдерге құрметпен қарауында өзіндік бірнеше себептері бар. Біріншіден, қазақтар мен олардың ата-бабалары – қыпшақтар, түріктер, ғұндар, сақтар сияқты ұлы көшпелі өркениеттің өкілдері толерантты, ашық және бейбітсүйгіш болды. Кең байтақ даласында ғасырлар бойы салтанат құрған ұлы бабаларымыз елдік пен береке-бірлікті ту етіп, ұрпақтан-ұрпаққа баға жетпес құндылықтарды қалыптастырды.
Екінішіден, Қазақстан аумағында автохтонды тұрғындар басым көпшілігін құрады. Сондықтан, ислам жергілікті халықтардың сенім жүйелерімен, адамгершілік заңдылықтарымен, мәдениетімен араласып, салт-санасына етене кіріп, діни-рухани құндылықтарына айналды.
Үшіншіден, жергілікті халық рулық қауым бойынша орналасып, оның әр-бір адамы өз руластарына есеп беріп отырды. Рулық қауым өз кезегінде өзінің ықпалын жасап, тәртіптерді реттеді. Шоқындырылған қазақтар әдетте өзінің бұрыңғы қауымында қала алмайтын. «Діннен безгендер» деп айыпталып, өте қатан қуғын-сүргінге ұшырайтын. Сондықтан, қазақ даласында басқа діндерді жаппай қабылдағысы келетіндер іс жүзінде мүлдем болмаған.
Патша өкіметі және Кеңес өкіметі дала тұрғындарына тән емес, өзгеше дін саясатын жүргізді.
Ресей империясы өзінің отаршылдық саясатын жүргізе отырып, православие дініне көшіруге үлкен көңіл бөлді. Сонымен қатар, христиан дінін кеңінен таратуға кедергі болған ислам дінін әлсірету саясатын да ұстанды. Дала қазақтарын христиандандыру мақсатында 1881 жылы Қырғыз миссиясы құрылған еді. Ол Семей облысының кең-байтақ аймағындағы қазақтарды шоқындыруға кірісті. Көшпелі қазақ қауымы Қырғыз миссиясына қатты қарсылық көрсетті.
Кеңесе өкіметі, әсіресе алғашқы оңжылдықтарында, дінге тыйым салып, молдаларды қуғындаудың түрлі тәсілдерін пайдаланып, жер аудару шараларына дейін қолданған. Орнына дінге қарсы саясат «атеизм» енгізілді.
Қазіргі таңда Қазақстан – зайырлы мемлекет.Мемлекеттің дін саласындағы саясаты конфессияаралық татулық пен төзімділікты нығайтуға бағытталған. Біздің Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев сскертеді: «Жалпы екі заттан - діни фанатизм мен діни көрсоқырлықтан бірдей сақтанған жөн». Тәуелсіздігіміздің алғашқы айында 1992 жылдың 15 қантарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы»Заңы қабылданды. Заң қоғамдық тәртіпке нақты қатер төндіретін секталар мен ағымдарға байланысты шектен шыққанлиберализмімен ерекшеленетін. Елімізде олардың қызметіне жол бермеу үшін заң кейінірек жетілдірілді. 1992 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен І Бүкіләлемдік рухани келісім конгрессі өтті. Елордамызда Бейбітшілік және келісім сарайы бой көтерді. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы қызмет етеді. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрілігінің діндер ісі жөніндегі Комитет құрылды. 2011 жылы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» қабылданған жаңа Заң бойынша еліміздің аумағында қызмет ететін барлық діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өту рәсімдері мен олардың қызметтерін реттеу қарастырылған болатын. Қазақстанда Дінтанушылар конгрессі белсенді қызмет атқарады. 2014 жылы Діндер істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, елдегі Православие шіркеуі қоғамда үйлесім мен төзімділікті сақтау ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Конституция конфессионалдық, этникалық және өзге де белгілердегі кемсітушіліктің кез келген формасына тыйым салады. Қазақстан зайырлы мемлекет, мемлекет діннен бөлінген. Біздің мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды, діни сенімдерге құрметпен қарайды, олар заңға қайшы келмей, азаматтарымызға кедергі болмаған жағда йда. Қазақстан адам құқығы аясындағы маңызды халықаралық келісімдер мен шарттарға қосылды. Республикада конфессионалдық саясатында діни төзімділік пен бейбітшілік басты ұстанымдары болып табылады.
Қазақстанның этникалық құрамына байланысты, елімізді мұсылман әлемі елдерінің қатарына жатқызады. Өйткені дінге сенушілердің ішінде халықтың 70 % мұсылман дінін ұстанады. Қазақстан мұсылмандардың қазақ, өзбек, ұйғыр, дүнген, татар, қырғыз,түрік, күрд, тәжік, башқұрт, чешен, ингуштердің басым көпшілігі – сүнниттер.1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың мақсаты мен міндеті ислам дінінің, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, мұсылман жамағытының діни мәселелерін шешу, шетелдік діни ұйымдармен қарым-қатынас орнату.
Қазақстанда православиелік христиандар мұсылмандардан кейінгі екінші ең үлкен діни қауым болып саналады. Православие дінін орыс, украин, белорус ұлттары ұстанады. Республиканың конфессиялық кеңістігінде протестанттық діни бірлестік ауқымды. Қазақстандағы келесі көп тараған діни бағыт католиктерге – немістер пен поляктар жатады.
Қазақстандағы конфессияаралық келісім негізінен исламға және православиеге негізделген. Негізгі екі діннің кең таралуы басқа діндерге деген төзімділіктің де күшеюіне әсер етіп отыр. Олардың одан әрі бейбіт қатар өмір сүруі республикада тұрақтылықтың кепілі болып табылады.
Конфессияаралық келісімнің басты тетігі – толеранттылық пен діни тағаттылық. Конфессиялар өкілдері азаматтық бейбітшілік пен рухани келісімді қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік-мәдени іс шараларға белсенді қатысады.
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев бастамасымен Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бірінші болып жауапкершілігін алды. Елбасының игі бастамаларын Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер секілді беделді саясаткерлері қолдады.
Дінаралық форумдардың қатысушылары әлемнің ірі конфессияларының басшылары, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.
Еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен съезд жұмысына ислам, православие, католицизм, протестантизм, индуизм, конфуцианство, буддизмнің ірі өкілдері қатысты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуі Қазақстанның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қолдау механизмдерінің бірі ретіндегі өркениетаралық және мәдениетаралық диалогтың ғаламдық үдерісіне қосқан елеулі үлесі болып айғақталды.
2006 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгрессін өткізу мақсатында Елордамызда арнайы Бебітшілік пен келісім сарайы (Пирамида) салынды. Сарай түрлі діндердің, этностардың және мәдениеттердің әлемдік орталығына айналды. Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығы осы Бебітшілік пен келісім сарайында орналасқан.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінде Н.Назарбаев орталықтың қызметі туралы нақтылап айтқан болатын: «Орталық бейбітшіліктің, келісім мен әділдіктің интеллектуалдық зертханасына айналып, жаһандық күн тәртібіне ұсыныстар әзірлеп ұсынуы тиіс». Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы шетел мемлекеттерімен байланыстарды кеңейтіп, әлемнің балама орталықтарымен серіктестік орнатып келеді. Орталық саяси және діни көшбасшылардың игі бастамаларын жүзеге асыру арқылы барлық өркениетті әлем алдында Қазақстанды мәдениетаралық пен конфессияаралық диалог аумағына айналған төлерантты мемлекет ретінде жаңа деңгейге көтерілуіне белсенді ықпал етеді.
2001 жылы Елордамызға арнайы сапармен Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі әлемде үлкен резонанс тудырып, ел өміріндегі маңызды оқиға болды. Понтифик Қазақстанда қол жеткізілген келісім туралы: «барлық адамдарды бейбітқатар өмір сүруге шақырудың айқын белгісі ретінде бүкіл әлемге көрсетіп, Ұлы Далада салтанат құрған бейбітшілік көпұлтты мемлекетте де тынышытық сақтауға болатындығын дәлелдеп берді» деп ерекше атап өтті. Елбасы Н.Назарбаев барша халық атынан ризашылық білдіріп: «ұлтаралық және дінаралық келісімнің бізде қалыптасқан үлгісі Қазақстанның әртүрлі конфессиялардың өзара іс-әрекет етуінің жалпыәлемдік үрдісіне қосқан үлесі» депжауабын берген болатын.