Лекция №11 саяси сана және мәдениет



бет1/4
Дата25.11.2023
өлшемі107,5 Kb.
#127459
түріЛекция
  1   2   3   4
Байланысты:
Лекция № 11


Лекция № 11


САЯСИ САНА ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

Қайта құру саясатының барысында халықтың саяси белсенділігі артты және демократияландыру ісі қарқынды жүрді. Бірақ қайта құру саясатының сәтсіздігі, үміттің ақталмағандығы қоғамның қалың бұқарасының қапаландырып, саяси – басқару құрылымы мен саяси көсемдерге сенімді жойды, соның нәтижесінде саяси оқиғаларға қызығу нашарлады. КОКП Орталық Комитетінің социологиялық зерттеу орталығының 1989 жылы жаздағы деректері бойынша сұрауға жауап берген адамдардың төрт проценті ғана саясатты түсінбейтіндер және оған қызықпайтындар, ал 70 проценті саясатқа елеңдей құлақ түретінін айтқан . 1990 жылы жазда сұрау салынған адамдардың 35 проценті саясатқа немқұрайды қарайтынын, 28 проценті мүлде керек етпейтінін жариялады.


Саяси сана мәселесін зерттеген жағдайда саяси психологияны пайдалану қажет. Оны пайдаланбау зерттеу жұмысына үлкен нұқсан келтіреді.
XIX ғасырдың аяқ шенінде еңбекшілердің саясатқа қатысуы жандана түсті. Олар өздерін саясатқа қатыстыруды талап етті. Ол тенденция Париж коммунасы мен 1905 жылғы Ресейдегі төңкерістен көрінді. Бұл оқиғалар қоғамның төменгі қатарында саяси сананың өсе бастағандығын көрсетті. Бірақ теориялық жұмыстар интеллектілік еңбектерде ғана болды.
Бұқаралық саяси мінез-құлықты алғашқы зерттегендер Густав Лебон мен Владимир Ильич Ленин еді. Лебон иррационалдықпен, инстинктпен, жеке адамдармен айналысса, Ленин саяси сана проблемасымен айналысты. Лебон саясатта да психологияда да негізінен тұқым қуалаушылық пен әсерлі сезімді (эмоцияны) асыра бағалауының салдарынан пессимистік және консервативтік көзқарас ұстанса, Ленин ұйымдастыру бағытында таным теориясымен айналысып, оптимистік көзқараста болды деп көрсетеді америка саясаттанушысы Т. Брайдер.
«Тобырдың психологиясымен» айналысқан Лебон жоғары және төменгі нәсілдер туралы зерттеуінде нәсілшіл болды. Ол социализмді қылмыстардың мінез құлқына - теңеді.
Лениннің ойынша, жұмысшы өзінің күнделікті тәжірибесінен саяси құрылысқа балама іздеудің қорытындыларына көшкенде оның санасы артады. Ленин теориясы тәжірибеге үлкен мән берді. Тәжірибе әсерлі сезімнің рөлін кемітеді. Қазіргі саяси психология Ленин ұсынған теорияға жақын тұр. Осы күнгі саясаттанушылар, әсіресе Америка бихиоверистері психологиялық процестерге көп мән береді. Басқа бағыттарды саяси психология және социология ығыстырып шығара бастады.
Саяси психология мына белгілермен сипатталады:
1) басқаруды белгілі бір формасы мен саяси мінез-құлықтың қалыптасуы
2) үкімет институтына сенім
3) лидерлерге табыну
4) қоғамның әлеуметтік және саяси мұраттарына психологиялық теңдік
5) өз ойын жүзеге асыруға үміт
6) үрей, қауіп
7) ашу- ыза.
Артур Боднардың ойынша, саяси сана: саясатты білу, оған қызығу; үкімет билігін жүзеге асыру бағытында саяси көріністерге баға беру, пікір алысу; ұстанған саяси жолы тұрғысынан отанға сүйіспеншілік, жауға өшпенділіктің әсерлі сезімі; қоғамдағы саяси мінез -құлықты үлгілі деп тану.
Саяси санада саяси идеологияның маңызы өте зор, ол саяси психологияның өзгеруіндегі және дамуындағы анықтаушы фактор болып табылады. Саяси идеология әлеуметтік тұтастықтың негізгі мүдделерін көзейді, оның қоғамдық дамудағы орны мен рөлін негіздейді. Ол әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер бағдарламасының түсініктік негізі болып табылады. Саясаттың ерекшелігі өкімет билігі арқылы таптық және басқа да әлеуметтік топтық мүделерді жүзеге асыруға бағыттылған адам қызметінің өрісі болуында.
Саяси сана таптық, ең алдымен саяси мүдделерді көрсететін және жүзеге асыруды көздейтін қоғамдық сананың көрінісі.
Саяси сана теориялық және күнбе –күнгі істегі болып бөлінеді, ол жеке адамның санасының және азаматтық кәмелеттілігінің даму дәрежесін көрсетеді. Саяси сана белсенді істегі қызмет, ішкі және халықаралық ауыр саяси күресте қалыптасады, ол тек қана танымның құралы емес, сонымен қатар қоғамды қайта құрудың, адамдардың өмірлік айқындамасын тәрбиелеудің құралы болып табылады. Саяси сананың дамуында және оны орнықтыруда үлкен орын алатын теориялық сана; теориялық жұмыс, оны творчестволықпен дамытудың маңызы өте зор.
Саяси сана азаматтық қағымда өмір сүреді, азаматтық қоғамдық санаға үлкен әсерін тигізеді. Қоғамдық пікір саяси сананың бағыты, пісіп жетілген дәрежесі, оның дамуы қоғамдық пікірден көрінеді. Олардың әлеуметтік және саяси өзара байланысы екі жақты сипатта болады. Біріншіден, ешқандай саясат және басшылық шешімдер қоғамдық пікірмен санаспайынша жүзеге аспайды. Тарихта қоғамдық пікірге сәйкес келмейтін шешімдерді мәжбүр етіп қабылдатқан уақыттар болды.
Саяси сананы қалыптастыруда мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық саяси ақпарат құралдарының, идеялық- тәрбие жұмыстарының рөлі зор. Саяси сананың баюында үлкен орын алатын нәрсе жалпы адамдық құндылықты барлық таптардың, партиялардың пайдалануы болып табылады.
Бұл бағытта коммунистік идеологиядан бас тартқаннан кейін біздің республикамызда жаңа идеология дайын болмады. ‘Шамасы біздің жаңылған жеріміз, - деп көрсетті Президент Н. Назарбаев, идеологиялық қызмет мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте жасаған баяндамасында, - жүргізіп отырған жұмысымыздың сипатын адамдарға түсіндіре алмауымызда, біздің мақсатымыз бен ұмтылысымызды жеткізе алмауымызда болар. Іс жүзінде бізде талап жасалған бағытқа барабар құндылықтар бағдарының, көзқарастар мен идеялардың жүйесі жоқ’.
Осы күнгі дайындалып жатқан идеологияның, оның тұжырымдамасының басты мақсаты тәуелсіздікті нығайту, біздің хақымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлығын, дәстүрлерін қиратпай, терең дағдарыстан шығу, дүниежүзілік өркениетке қосылу болып отыр.
Онан әрі былай делінген: ‘Қазақстандағы демократияны қазіргі көптеген ұғындырушылардың принципті қателіктері осы дәстүрлердің саяси мәдениетіміздегі рөлі мен маңызын түсіне алмауында жатыр.Саяси көзқарастар мен бағалар, сенімдер мен әуестіктер заң арқылы жасалмайды. Оның сыртында адамдардың тағдыры ғана емес, ұрпақтар елегінен өткен мінез құлықты реттеудің қағидалары тұр. Біздің өмірімізге батыстық үлгідегі либералдық идеология әкелген мұраттарының барлық жағдайда және барлық уақытта бірдей Қазақстан қоғамының шындықтарымен сәйкес келе бермейтіні, міне, сондықтан. Мәселе либералдық идеология-ұзақ тарихи дамудың жемісі екенінде. Ол жеке меншіктің дамыған институтына, шын мәніндегі нарық экономикасына, саяси демократия мен дарашылдық психологияға негізделген’.
Қоғамның дамуында субъективтік факторлардың маңызының артуы саяси сананың дәрежесінің көтерілуін қажет етеді. Саяси сана адамдардың мемлекет пен партия, саяси құндылық пен даму мақсаты, дәстүрлер мен саяси өмірдің қалпына, нормасына қатынасын көрсететн көзқарастардың жиынтығы болып табылады. Ол-сананың негізі білім, оны әлеуметтік өзгерістерге пайдалану. Сананы мінез құлық саяси істі күні бұрын белгілеуге мүмкіндік береді.
Саяси сана таптардың және олардың арасындағы қайшылықтың шығуынан туындаған. Алғашқыда мемлекет пен билік туралы білім қорытындыланбай тұрған кезде ол саяси сана миф түрінде болды. Кейін
мемлекет туралы білім кеңейіп, байыған сайын ол саяси санаға айнала бастады. Оны қорытындылап, саяси сана туралы ойды жеткізген К.Маркс.
Саяси сана қанша жетілгенмен, қаншалықты ғылыми болғанмен саясатты жан –жақты түгел қамти алмайды. Ол әр түрлі дәрежеде болады. Жоғары дәрежеде белгілі бір таптар мен әлеуметтік топтардың мүддесін көздеп идеяларды ұсынушы, тұжырымдама жасайтын, бағдарлама дайындайтын идеологтар болады. Сонымен қатар адамдардың күнделікті тәжірибесінің, тіршілігінің негізінде қалыптасатын сана бар. Ол күнделікті бақылаудан шығады, онда теориялық тұжырым болмайды. Ол-қарапайым, кәдімгі сананың дәрежесі. Сананың осы екі дәрежесі бірімен – бірі ұштасып отырады.
Саяси сана сонымен қатар өз дербестігін көрсетеді. Адам бақылаған көріністерін жинақтап отырып, бұрын білмеген білім саласындағы жаңалықтарды ашады. Оның алғашқы түрі утопия болды. Сонымен қатар утопия өткеннен болашақтың мұратын көрді. Олар әр түрлі құрылысты дұрыс деп дәріптеді. Бірақ келе-келе ол ғылыми зерттеуге ұласты, ғылыми саяси сана болды. Оның ең жоғарғы түрі социалистік сана деп есептелді.
Саяси жүйе өмір сүру үшін бүкіл саяси өмірді, саяси институттарды, қатынастарды, процестерді сипаттайтын саяси мәдениет болып табылады. Саяси мәдениетті білмейінше, саясатты жүргізу қиынға түседі.
Саяси мәдениет ұғымының жалпыға бірдей ортақ анықтамасы жоқ. Қазіргі әдебиетте оның отыздан астам анықтамасы кездеседі. Бұл мәселенің күрделілігі мен әлі жете тексерілмегендігін білдірсе керек.
Саяси мәдениеттің мағынасын айқындау үшін ең алдымен оның құрылымын жақсы білген жөн. Бұл жөнінде де ғалымдар арасында келіспеушілік бар. Америкалық саясатшылар Г.Алмонд пен С.Верба саяси мәдениетті адамдардың психологиялық бағдарларының жиынтығы деп түсінеді. Бірталай саясатшылар оны саяси қазыналардың, нанымдардың, нұсқаулардың жиынтығы деп санайды.
Саяси мәдениет қоғамдағы саяси өмірдің барлық салаларын қамтиды. Оған ең алдымен саяси сананың мәдениеті, адамдардың, топтардың, ұлттардың өзін -өзі ұстауы, осы саяси жүйенің шеңберінде жұмыс істейтін саяси мекемелердің мәдениеті, өкімет пен азаматтардың өзара қатынастарына байланысты тарихи қалыптасқан саяси нұсқаулар, қазыналар жатады.
Сонымен саяси мәдениет деп белгілі бір қоғамға немесе әлеуметтік қауымдастыққа тән саяси сана мен іс-әрекеттердің ұқсастық жиынтығын айтады.
Саяси мәдениеттің өзіндік міндеттері, қызметтері бар. Оларға танымдық, реттеушілік, тәрбиелік, біріктірушілік, қорғау, сабақтастық қызметтері жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет