Лекция 12
Педагогтың сөйлеу мәдениеті – кәсіби іс-әрекет жетістігінің шарты ретінде.
1. Сөйлеу мәдениеті туралы түсінік.
2. Сөйлеудің логикалық мазмұндық құрылымы.
3. Сөйлеу мәдениеті мұғалімнің коммуникативті құзіреттілігінің компоненті ретінде.
1. Тіл мәдениеті – әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану.
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:
тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы);
этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Сөйлеу мәдениеті орфоэпиялық нормаға негізделеді. Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.
Сөз мәдениетін қалыптастыруға қажетті лингвистикалық орталықтар қатарына лингвистикалық болжау орталығы жатады. Лингвистикалық алдын ала болжау орталығы дәстүрлі тіл жүйесінің сапалық және сандық бағыттарын кешенді түрде зерттеу міндеттерін, сөз, сөйлеу қызметінің дәстүрін қалыптастыру мәселесін қарастырады. Сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық экология тіл және сөз мәдениетінің экологиясы деп аталады. Сөз мәдениетінің экологиясына тілдік ситуация, тілдік сана, тілдік орта, тілдік ортаның тазалығы, сөз қызметіндегі стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасы мәселелері, сөз мәдениеті және мониторинг, т.б. мәселелер жатады.
Тіл мәдениетіне тілдің құрылымдық жүйесіндегі орфоэпикалық, пунктуациялық, лексикалық-грамматикалық, синтаксистік нормалар қамтылып, олардың коммуникативтік эстетикалық қызметі толық айқындалған жағдайда стилистикалық норма жүзеге асады. Стилистикалық норма сөйлеушінің тілдік сөйлеу тәртібін қалыптастырады. Сөз мәдениеті көркем сөйлеуде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, тіпті ауызекі сөйлеу стилінде тілдің барлық салаларымен тамырлас келеді. Сөйлеу мәдениеті топ алдында мәдениетті сөйлеу, оның алғышарттарын, әдіс-тәсілін танып білу, озық үлгілерін меңгерудің жолдарын, нақты қасиеттерін ұғыну сияқты мәселелермен тығыз байланысты.
Қазіргі уақыт талабына сай әлемдік тіл білімінде Тіл мәдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» деп аталып, әсер ету мен әрекеттестік бағытында зерттелуде.
2. Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ Тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану; сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең басты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау, лингвистикалық болжау орталықтарын ашу, сөз мәдениетіне қарама-қарсы құбылыс - лингвистикалық экологияны жеке сала ретінде қарастыру, «әсем жеткізу» ұстанымдары негізінде сөз мәдениетін жетілдіру, т.б. мәселелерді дұрыс жолға қою негізінде Тіл мәдениеті дамиды.
Өзара тілдескенде, лекция, баяндама жасағанда мәнерсіз сөйлеу – ол қаншама мазмұнды ойға толы болса да, әсерсіз, жансыз болып шығады. Ауызша сөйлеудің эмоциялық реңкі интонациямен, мимикамен, ишаралармен білдіріледі. Жазбаша сөйлеуде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Сол себепті қағазға жазушы адам өз сөздерін барынша қиыстырып, оларды өз орнына тауып қойып, ойын мәнерлі түрде жеткізе алады. Иә, сөйлей білу - өз ойыңды келістіріп тұрып айтып бере білу, оның мазмұнын ғана баяндап қоймай, нәзік сырларын сол қалпында жеткізіп, тыңдаушының ет жүрегін елжірете білу.
3. Дұрыс сөйлей білген адам өз ойын, айтқанын тыңдаушыға толық түсіндіре біледі. Адамдар оны ауызша диалогтық, ауызша монологтық және жазбаша сөйлеуде әр түрлі жолдармен жүзеге асыра алады. Бұл сөйлеу түрлерінің арасында психологиялық айырмашылықтар да баршылық. Мысалы, ірі жазушылардың көбісі ауызша сөйлесуге, яғни, әңгіме айтуға шебер болмаса, керісінше бір қатар шешен адамдар өз ойын жазып жеткізуге шорқақ. Ел алдында шебер, шешен сөйлеу көп еңбектену, оқып, үйренуді талап етеді. Шешен адамдарда негізінен, сөз көркемдігі ой тасқынынан табиғи түрде туындап жатады. Көркемдік талғам мен шешендік тәсілдерді дұрыс пайдалана білген адам ғана эстетикалық әсер ету күшіне ие бола алады.
Адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікірін, ойын білдіруін – сөйлеу деп аталатыны бәрімізге белгілі. Сөйлеуге адамның анатомиялық мүшелері қатысады, сонымен бірге ол адамның психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне тығыз байланысты. Ұзақ уақыт бойы адамдардың пікір алысу тәжірибесі негізінде, сөйлеу үшін жасалған тілдік амалдар қалыптасты. Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөйлем құрау ережелері. Көпшілікке ортақ, объективті категориялар нәтижесінде тіл – жұрттың бәріне бірдей түсінікті қатынас құралы болуы тиіс.
Тіл мәдениеті – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын реттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Тіл мәдениетін қамтитын тілдік норманың үш түрі қалыптасқан:
1. Тілдік норма (лексика, сөз жасамдық, грамматика, дыбысталу нормасы).
2. Этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері)
3. Коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Сөйлеу мәдениеті орфоэпиялық нормаға негізделген.
Бақылау сұрақтары
«Сөйлеу мәдениеті мұғалімнің коммуникативті құзіреттілігінің компоненті ретінде» Эссе
Достарыңызбен бөлісу: |