Лекция №3 ИНВАЗИЯЛЫҚ АУРУЛАР ЖӨНІНДЕГІ ІЛІМ
1 Инвазиялық аурулардың систематикасы мен номенклатурасы.
2 Инвазиялық аурулардың географиялық таралуы. Инвазиялық аурулардың эпизоотологиясы.
3 Паразитоценоз және ассоциативтік аурулар.
4 Е.Н.Павловскийдің трансмиссивтік аурулардың табиғи ошақтылығы жөніндегі ілімі.
5 Инвазиялық аурулардың экономикалық және әлеуметтік зияны.
1 Систематика (грекше Sistematos бөлшектерден құралған мағынада) объектілердің, фактілердің, құбылыстардың бөлігі принцип бойынша белгілері мен қасиеттерін анықтап, топтарға жүйелеп бөлумен (жіктеу) шұғылданатын ғылым. Паразиттерді жүйелеп топтарға бөлу олардың шығу тегіне, мекендейтін орнына, көбею жолына, ауру қоздырушының қасиеттеріне негізделеді.
Таксономия − (грекше taxis – қатар, рет, тәртіп; nomos заң, есім) табиғаттағы тірі организмдерді, соның ішінде паразиттерді жүйелеп бөлу принциптері туралы ілім. Паразитологияда міндетті түрде қолданылатын негізгі систематикалық категориялардың немесе таксондардың жалпыға бірдей қабылданған атаулары бар.
Патшалық - Rеgnum
Тип – Phylum
Класс – Classis
Тармақ (отряд) - Ordo
Тұқымдас (семейство) - Familia
Туыс (род) - Genus
Түр (вид) – Species
Сонымен бірге, Superclassis - класс үсті, Subclassis - класс асты.
Немесе: Subspecies түр (түр асты, түрше), varietas - вариант, aberratio аберрация, morhpa - морфа, forma – форма атаулары қолданылады.
Паразитарлық аурулардың аталуы туыс атауына ёз немесе оз жалғауларын жалғау арқылы жүргізіледі. Мысалы, Fasciola туыс атауына фасциол+ёз, Moniezia - мониези+оз қосу арқылы іске асырылады.
2 Паразитарлық аурулардың географиялық таралуын ескере қоздырушының жергілікті жердің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделгендігін көреміз. Сондықтан, кез келген аурудың таралу шекарасын анықтаумен нозогеография ілімі айналысады. Ал, аурулардың пайда болуын, таралуы мен өшуін, әртүрлі жағдайлардағы ағымын, күрес және дауалау шараларының жалпы принциптерін зерделеумен эпизоотология шұғылданады. Эпизоотологиялық тұрғыдан ауруға баға беру үшін екі критерий (ЭИ, ИИ) пайдаланылады.
- экстенсивті инвазивтілігі (ЭИ) – ауырған мал санының жалпы бейім жануарлар санына арақатынасын білдіріп, пайыз түрінде есептелінеді.
- интенсивті инвазивтілігі (ИИ) – зерттелінген жануарларда анықталған паразиттердің сандық көрсеткіші (минимум-максимум).
3 Паразитоценоз және ассоциативтік аурулар
Паразитоценоз – әртүрлі зоологиялық таксондарға жататын (инвазия, бактерия, вирус, саңырауқұлақ тудырған) организмдердің бір уақытта жануар (адам) организмінде (мүшесінде) тоғышарлық күн кешуі.
Осы паразитоценоз мүшелерінің тудырған ауруларын ассоциативтік немесе аралас инвазия деп атайды.
4 Е.Н.Павловскийдің трансимиссивтік аурулардың табиғи ошақтылығы жөніндегі ілімі.
Трансмиссивтік аурулар деп қоздырушылары әртүрлі буынаяқты-лардың көмегімен (кенелер, қан сорғыш жәндіктер) берілетін ауруларды атайды.
Облигатты-трансмиссивтік ауруларда – қоздырушылар тек қана арнайы тасымалдаушы буынаяқтылардың көмегімен таралады.
Факультативті-трансмиссивтік аурулар – тасымалдаушылармен және азық, су, тікелей жанасқанда беріледі. Сондықтан, тасымал механикалық және арнайы болуы мүмкін.
Табиғи ошақтылық трансмиссивтік аурулар болғандықтан, табиғатта адамның қатысуынсыз үздіксіз тасымалдаушы буынаяқтылар арқылы ұзақ уақыт (ұрпақтан ұрпаққа) беріліп отырылады.
Жануар (адам) табиғи ошақтылық ауруларға келесі жағдайларда шалдығады:
А) жануар өлексесімен тікелей жанасқанда немесе кәсіпшілік ауру аңдардың (оба, туляремия, лейшманиоз, токсоплазмоз) терісін сыпырғанда, ластанған су, азық, тағам, жайылымда қалған сұйықтықтар (Ку-қызбасы) ішке түскенде.
Б) жабайы аңдардан үй малдары жұқтырып адам олармен жанасқанда.
В) қан сорғыш буынаяқтылар арқылы (орман энцефалит, пироплазмидоздар, спирохетоз, боррелиоз) таралады.
5 Инвазиялық аурулардың экономикалық және әлеуметтік зияны келесілерден құралады:
малдың жаппай қырылуынан;
өнім түрлерінің (ет, сүт, жүн, жұмыртқа) төмендеуі және сапасыздануы;
өнімді өндіруге жұмсалатын азықтың артуы;
жануарлардың өсу қабілетінің тежелуі, басқа ауруларға бейім болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |