Лекция № 3 Лекцияның тақырыбы: Жаңа заманның жаңа эстетикалық идеясы
Лекцияның мақсаты мен міндеттері: 1. Аристотель, Гораций, Фараби, Буало, Гегель еңбектері жайлы мәліметтер
2. Орыс әдебиеті сынының басталуы
3. Классицизм сыны
4.Романтизм бағытындағылардың сын пікірлері
5.Декабристер романтизмінің ерекшеліктері
6.Реализмнің тууы
7. Студеттерге әлемдік әдеби-эстетикалық ой-пікірлерді, сынның басталуы, ағымдар мен бағыттары олардың өкілдері туралы баяндау
Лекцияның мазмұны: Қазақ халқының адам мен дүние жүзі арасындағы құндылық қатынастардың көрінісі ретіндегі әсемдік пен сұлулық аясын және ұлттық көркемөнер, мәдениет саласын зерттейді. Қазақ эстетикасы халықтың көркемдік әрекетінің алуан түрлерінен көрініс тапқан. Қазақ халқының қалыптасуы барысындағы эстетикалық ой-пікірлердің дамуы бірнеше кезеңдерден өткен. Халықтың эстетикалық құндылықтары алдымен фольклорда – тұрмыс-салт жырларында, аңыздар мен мифтерде, батырлық және лирикалық эпоста көркем түрде баяндалған. Халықтың дәстүрлі тұрмысы мен бүкіл тыныс-тіршілігіне ежелден бастап-ақ сұлулық, эстетикалық көркемдік тән болды. Эстетикалық бастама дәстүрлі тұрмыста, күнделікті іс-әрекетте көрініс тауып, ондағы сұлулық пен мейірімділік ұғымдары қатар қойылды. Қазақ эстетикасы мәдениетінің тарихы мынадай кезеңдерге бөлінеді:
орта ғасырлардағы түркі даналарының эстетикалық ой-пікірлері;
қазақ хандығы дәуіріндегі эстетикалық процестер;
қазақ ағартушыларының эстетикалық ойлары;
кеңес дәуіріндегі эстетикалық ұғым;
Қазақ эстетикасының Батыс пен Шығыстың дәстүрлі көркем мәдениет үлгілерінің типтік ерекшеліктеріне ұқсамайтын, оларды сіңіре отырып дамыған өзіндік төлтума мәдениеті болды. Қазақ халқы «адам мен әлем біртұтас» деген философиялық тұжырымға көзбен көріп, қиял қанатымен жетіп, ой тезіне салып, іштей білген тәжірибесі, көшпенді өмірі арқылы ие болды. Осы рухани сырластық деңгейі халықтың әдет-ғұрып сырына, эстетикалық негізіне айналған. Қазақ эстетикасында табиғатқа шексіз сүйіспеншілік, оны сезініп түсінуі, онымен бірге ажырамас біртұтастықта өмір сүру талғам-түсінігі ерекше орын алды. Қазақ эстетикасының келесі арнасы – Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес халықтардың өзіндік мәдениетімен, жазуымен, өнерімен байланысты. Көне түркі жазуындағы Ж.Баласағұнидың «Құтты білігінде», [[Қожа Ахмет Иасауи|Қожа Ахмет Йасауидің]] «Даналық кітабында», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім Атасында», т.б. еңбектерде эстетикалық мәдениет пен мұраттың түбегейлі мәселелері көркем суреттелді. Ислам ренессансы эстетикасын қалыптастыруда қазақ топырағында дүниеге келген Әбу Наср әл-Фараби ерекше орын алады. Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты. Ол ақын-жыраулар шығармаларында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал, т.б. ақын-жыраулардың эстетикалық ізденістері көшпенділердің дүниені қабылдауын білдіреді. Оған айрықша романтикалық асқақтық тән. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресейдің империялық саясатының күшейген тұсында қызмет еткен қазақ ағартушылары ұлттық көркем мәдениетті заман талаптарына сай дамытуға ұмтылды. Ш.Уәлиханов қазақ халқы «көркемдіктен кенде емес, өсімтал әдебиетке ие» екенін атап өтіп, оның ауызекі мәдени үлгілеріне алғашқы ғылыми талдау берді. Ы.Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның сан қырлы педагогикалық қызметімен байланысты. Абай Құнанбаевтың эстетикалық ойлары жазба әдебиетіміз бен рухани мәдениетіміздің 19 ғасырдағы тарихи шындығы аясында дамыды. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат пен адамның сұлулығын нақтылап айқындады. Абайдың қарасөздерінде көрініс тапқан эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Оның «Құлақтан кіріп бойды алар», «Құр айғай бақырған» деген өлеңдерінде әннің, күйдің адам сезіміне әсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. 20 ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде әдеби-эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еуропамен және Шығыспен тоғысуы нәтижесінде қалыптасты. Терең эстетикалық ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Шәкерім Құдайбердіұлының, Ғұмар Қараштың, С.Торайғыровтың, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, т.б. шығармаларында айтылды. Олардың талқылаған басты тақырыптары – қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі гуманизм мен имандылық мәселелері, фольклордағы рәміздік кейіпкерлер, өнердегі әлеуметшілдік, ұлтты сүю мен азаматшылдық, т.б. болды. Кеңес Одағы тұсында қазақ эстетикасы қайшылықты жағдайда дамыды. Бір жағынан, мәдениеттің «мазмұны социалистік, түрі ұлттық» болу керек деген қағида ұлттық көркем өнер түрлерінің табиғи дамуына, жан-жақты зерттелуіне шек қойды. Екінші жағынан, «жан-жақты жетілген адам» тәрбиелеу деген қағиданы мұрат тұту білім беру мен эстетикалық тәрбиеге, оның бір ізді болуына назар аудартты. Бұл дәуірде көптеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері қазақ халқының ұлттық өнерінің тарихы мен типтік ерекшеліктерін зерттеуге үлкен көңіл бөлді. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйе осы авторлардың бір тобы дайындаған көшпенділер эстетикасына арналған ғылыми еңбекті таратуға тыйым салды. Қазақстан Республикасында эстетикалық зерттеулер дүниежүзілік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдар тобы да (Қ. Нұрланова, З.Серікқалиұлы, Ғ.Есім, М.Х.Балтабаев, Г.Шалабаева, т.б.) шықты. Өнер бар жерде оған деген пікір де бар. Қазақ әдебиетінің тарихындағы ең алғашқы жазба үлгілер саналатын Күлтегін мен Білге ханның басына қойылған құлыптастардағы сына жазулардың өзінде де көркемдік, сыншылдық сипат аңғарылады. Қорқыттың желмаясына мініп алып, жерұықты іздеуі, әр аймаққа берген бағалары әр жердің табиғатын терең талдап бере білген ғұлама қарт даналығы сөз құдіреті арқылы бізге жетіп отыр.Екінші Аристотель атанған Отырарлық әл-Фараби сөз өнері жайлы да бірнеше еңбектер жазып қалдырды: «Сөз ғылымын жүйелеу», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме (поэтика, риторика, софистика)», «Өлең кітабы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Поэзия туралы», т.б. Бар ғылымды беске жіктеген ғалым бірінші кезекте тіл туралы ғылымды айтады. «сұлулықтың кілті – сәйкестікте, бұл жоқ жерде сұлулық аз», «сұлулық сүйсіндірсе, ұсқынсыздық жирентеді» деп білген әл-Фараби поэтиканы өлең құрылысы мен оның өлшем түрлері, ұйқас, әуезділік деп үш тұрғыдан қарайды. Әл-Фараби араб-парсы поэзиясын зерттеп, олардың он бір заңдылық-талаптарын көрсетеді. Олардың ішінде қазақ өлеңіне де қатысты сөздің бейнелілігі, ұйқас, ішкі ұйқас, бунақ, ырғақ, әуезділік, буын, тармақ, шумақ хақында ғылыми пікірлер білдірген.Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» (ХІ ғ) түркі халықтарының ортақ асыл сөз қоймасы іспеттес талай ғасырдың тәжірибесінен туған даналық, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ой толағамдар «туысқан халықтармен қатар қазіргі қазақ тіліне де үндес» (А.Егеубаев.Т.Баласағұнның «Құтты білік» кітабына жазылған алғы сөз. А., 1986, 20-бет). Осы кітаптағы «ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз», «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «сөз қалады, таяқ табы кетеді», «тіліңді бақ, басың аман болады», «сөз – ойдың көрінісі», «тіл мен сөз – көңілді айнасы» деген сияқты тіркестер сөз өнеріне деген биік талапты, эстетикалық талғамды, сыншыл ойлады аңғартады.Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғ-ат-түркінде» де сөз өнері жайлы ойлы өрнектер баршылық. «Тәрбие басы – тіл», «Жақсы адамға сөз ереді», «Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» сияқты тіркестерден түркі халықтарының өміріндегі тілдің маңызы айқын көрінеді. М.Қашқаридың сөздігінде қазақ өлеңіне ұқсас шумақтар мен жырлардың көбірек орын алғандығы байқалады.Қ.А.Ясауидың төрт жүз шумақтан тұратын «Диуани Хикмет» кітабы – күллі түркі әлемі қадір тұтатын аса бағалы еңбек. Өмір сүрудің жалпыға ортақ қарапайым қағидаларын ұсынған бұл кітап адамгершілік қасиеттердің асыл қазынасы іспеттес. Автор өмірде кездесетін түрлі әділетсіздіктерді аяусыз сынап, адамшылықтың ақ туын биікке көтереді.«Диуани Хикметте» софылық насихатталса, Ахмет Жүйнекийдің «Ақиқат сыйы» кітабы да дидактикалық сарында жазылған. Авторы ақын болғандықтан да өмір туралы айтылар ойлар барынша айшықталып берілген. Сондықтан да мақал-мәтелге татырлық өлең шумақтары жиі кездеседі. «Оқ жарасы жазылады, тіл жарасыжазылмайды», «Не келсе де тілден келер бір басқа, осы тілге табынбайды құр басқа», «Тіл мен жақтың көркі – шындық сөз» т.б. сияқты тіркестерде сөз өнерінің – биік нысанасы анық айтылған.ХV ғ. жеке хандығы құрылып, қазақ халқы тарих сахнасына шыққан кезден бастап, сөз өнері биік шыңдарға шықты. Халық арасынан шыққан ақын-жыраулар ел билігіне араласты. Орақ ауызды ақын-жыраулардың, дуалы ауызды би-шешендердің беделі ел арасында аса жоғары болды. Қазақ хандары ел билеу істерінде сөз ұстаған беделді ақын-жырауларды, билерді қасына тартып, солар арқылы халықпен тіл табысып отырды. Бұл ретте дала философы Асан қайғының «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деген даналық сөзінің керемет бейнеленіліп берілуі түрлі ойларға жетелейді. Шын мәніндегі сөз өнеріне, яғни терең ойды жеткізудің оңай еместігіне, шыңыраудан атқылап шығып жатқан тас бұлақтың мөлдір суындай жүректің түкпірінен жарып шыққан сөздердің ғана жарқырап жанға жете алатынына назар аударып, сөз өнеріне үлкен талаптар қойып отыр.
ХV-XVІІІ ғ. Жасаған қазақ ақын-жырауларының поэзиясында философиялық ойлар, дидактика басым. Өмірге сын көзімен қарап, ойға түйгендерін өз замандастарына, кейінгі ұрпаққа насихат, өсиет ретінде ұсынады. Мұндай сөздерді ел арасында аса беделді ақындар мен жыраулар ғана айта алған. Қазтуған, Ақтамберді, Тәтіқара, Қожаберген, ‡мбетей, Бұқар сияқты әрі ақын, әрі философ, әрі қайраткер жыраулардың ой-толғамдары қазақ үшін өмірдің мәнін түсінудің әліппесі іспеттес. Ақын-жыраулардың поэзиясында адамдардың моральдық болмысына үлкен талаптар қоюмен бірге сол адамдардың бір-бірімен негізгі қатынас құралы тілге де ерекше мән берген. Осындай ойларын мақал-мәтел дерлік поэзиялық шумақтар арқылы түйіндеп отырған.
Көркем әдебиеттің дамуына әдеби сын дамуы тікелей тәуелді. Өйткені, әдебиет – сынның зерттеу объектісі. Зерттейтін, пікір айтуға тұрарлық әдебиет болғанда ғана сын дами алады. ХІХ ғ. орыс әдебиетінің алтын ғасыры аталса, сол дәуір В.Г.Белинский, Н.Чернышевский, Н.Добролюбов, В.Писарев сынды атақты сыншыларды шығарды.
Соңғы зерттеулерге қарағанда Қазан төңкерісіне дейін қазақ тілінде мыңнан астам кітап жарық көрген. Олардың арасында ауыз әдебиетінің үлгілері, ақындардың шығармалары, шығыстың қисса-дастандары да бар. Жаңа кітаптардың шығып жатуы әдеби ой-пікірдің өрістей түсуіне бірден бір негіз болды. Әсіресе қазақ әдебиеті үшін 1909 жыл ерекше. Осы жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдер жинағы, М.Дулатовтың «Оян, қазағы», А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» тұңғыш рет кітап болып жарық көрді. үш кітаптың шығуы қазақ әдебиетінде ғана емес, сонымен бірге әдеби сыншыл ойдың дамуында да айтулы оқиға болды. Абайдың поэзиясы қазақ әдебиетінде эстетикалық ойларды, Ахметтің кітабы әдебиеттің тәрбиелік мәнін, Міржақыптың «Оян, қазағы» әлеуметтік бағытын биік белестерге шығарып, кең өріс ашты. Әдебиеттің қоғамдық-мәдени өмірдегі алатын орнын күшейтіп, саяси-рухани күшке айналдырды. Күн тәртібіне қазақ әдебиетін дамыту, оның қай бағытта өркендеуі қажеттігі жайлы мәселелер қойылды. Қазақ әдебиеті ұлттық дәстүр үрдісінде дамуы керектігімен бірге әсіресе, батыс әдебиетінен де үйренуі қажеттігін айтқан пікірлер де көрінді.
Қазақ халқының эстетикалық талғамының қалыптасуына оның өмір сүрген географиялық ортасы, айналысқан шаруашылығы, қалыптасқан әдет-құрпы, салт-дәстүрлері тікелей әсер етті. Ертеден кешке дейін малдың соңында жүрген қазақтың ойы сан тарапқа шарықтап, көңілі көкке қалықтап, ән салмайтыны, өлең шығармайтыны жоқтұғын. Кешке ауылға жиналғанда сол көрген-білгендерін майын тамызып әңгімелеу, шығарған өлең-жырларын орындап беру дәстүрге айналған. Сөз өнеріне деген талғамы, сұлу табиғаттың аясында төрт түлік малдың артында жүріп қалыптасқан, өзі де бұл жағынан құралақан емес тыңдаушы алдында өлең-жыр, көркем әңгіме айту оңайға түспеген. Халықтың арасынан сөзге икемі бар адамдар сұрыпталып шығып, сөз өнерін кәсіп ете бастады. Олар белгілі бір эстетикалық қажеттілікті өтеу үшін халық алдында шаршы топта өнер көрсетіп, халықтық эстетиканың тезінен өтті. Ғасырлар бойында жасалынған ауыз әдебиеті заманалар бойы халқымыздың рухына қажеттілігін қанағаттандырып, уақыт пен халықтың қатал сынынан өтіп бізге жетті.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқы да сұлулық пен әсемдікті айрықша ардақтай білген. Ауыз әдебиетінде қазақ қыздарының қаншама сұлу бейнелері жасалынды десеңізші. Басқасын былай қойғанда бір ғана Қыз Жібектің бейнесі неге тұрады. «Қыз Жібек» жырындағы көштің суреті, Қыз Жібекті іздеп келе жатқан Төлегеннің көш бойы кездестірген қыздарының бірінен бірі асқан сұлу бейнелері қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік сөз өнерінің де үздік үлгілерінің қатарында. Ал «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың шабысы да дүниежүзілік әдебиетте кездесе бермейтін көркем құбылыстардың бірі. Сонымен бірге ауыз әдебиетінде ерлік пен ездік, адамгершілік пен арамдық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адалдық пен опасыздық сияқты адам өмірінде жиі кездесетін қасиеттер қаншама рет сараланды десеңізші. Осының барлығы да адамдардың бойындағы кемшіліктерді әйтеуір мінеу мақсатымен емес, керісінше болашақ ұрпақтың адамгершілігі мол, білімді, парасатты, халқына қызмет ететін абзал азамат болып өсуі үшін жасалынды. Өйткені рухы биік елдің болашағы зор.
Сыншылдық ой-пікірдің барынша өткір көрінген жері ақындар айтысы болды. Басқа халықтар әдебиетінде онша кездесе бермейтін ақындар сайысы – қазақ әдебиетіне ғана тән ерекше құбылыс. Бірден суырып салып айтылған айтыс өлеңдерінде қарсылас жақтың кемшіліктерімен бірге сөз саптауларындағы селкеуліктер де қатал сынға ұшыраған. Орынды айтылмаған бір ауыз сөздің өзі қанша мықты ақын болса да жеңіліске ұшыратып отырған. Өткен ғасырларда небір классикалық үлгілері жасалынған айтыс өнері бүгінгі күндерді де жемісті жалғасын тауып келеді.
Сұлулықты, әсемдікті танып білудің заңдылықтары барлық халықтар үшін ортақ болғанымен де кейбір тарихи, географиялық, шаруашылық жағдайларына байланысты ұлттық ерекшеліктері де болмай қоймайды. Мысалы, еуропалықтар мен шығыс халықтарының сұлулық категорияларында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, барлық тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен байланысты болған қазақтар сұлу қыздың көзін ботаның көзімен теңеп, «бөтакөз» атаған. Ал еуропалықтарда түйе керісінше мағынада ұғынылады. Сол сияқты қазақ баласын «құлыным» , «қошақаным», !ботам! деп жатса, басқа ұлттар малға теңегені несі деп таң қалуы мүмкін. Ал қазақ үшін жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім болатын төрт түлік малдан қасиетті, оның төлінен сұлу, сүйкімді жоқ бұл тіршілікте. Сол сияқты көкорай айдын шалқар көл, басынан бұлт ұялаған асқар тау да қазақтың көңілін көтеріп, нәзік сезімін оятпай қоймайды. Отан қорғау – ер-
азаматтың басты парызы деп білген қазақ үшін тұлпар мініп жеті қару асынған жігіттен сұлу жігіт жоқ; өсіп-өну өмір сүрудің, бақытқа жетудің негізгі шарты деп білген қазақ үшін бала емізіп отырған әйелден сұлу әйел жоқ. Міне, осы сияқты сұлулықты сезінудің, өмір сүрудің мәнін түсінудің ұлттық ерекшеліктері ауыз әдебиетінде шынайы көрініс тапқан. Сонымен, көркем әдебиет – халықтың сөз өнеріне деген ғасырлар бойы қалыптасқан сыншыл көзқарасының, халықтық эстетиканың жемісі, көрінісі. Сондықтан да әдеби сынның қайнар бұлақ бастауы халықтың эстетикасында жатыр.
ХІХ ғ. қазақ даласында орысша білім алған зиялы азаматтар шыға бастады. Солардың ішінде Шоқан, Ыбырай, Абайлардың жұлдызы ұлттық мәдениетіміздің көгінде жарқырап жанды. Қазақтың тұңғыш ғалымы атанып жүрген Ш.Уәлиханов әдебиет жайлы да пікірлер айта білді. Ол Жетісуға, Ыстықкөлге, Жоңғарияға, Қашқарияға сапарлары кезінде ел арасынан әдебиет үлгілерін жинады. Қазақтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын, қырғыздың «Манас» дастанының «Семетей» тарауын алғаш рет қағазға түсіріп, пікір айтты. Шоқан қазақ халқының ақынжандылық қасиеті, сөз өнері жайлы аса құнды пікірлер білдірді. Керек десеңіз қазақ халқының ауыз әдебиетін басқалардан жоғары қойды: «Поэзияға құмарлығы, әсіресе, өлеңді шығарып айтуға құмарлығы – көшпенділердің айқын белгісі». «Дала көшпелілерінің поэзия мен шынайы сезімділікке бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі, жасыл желекті даланың, ашық аспанның көріністері мен көшпенділік тұрмысы әсер етпесіне кім кепіл». «Өзінің поэтикалық дарындылығы жағынан қазақтар бірінші орынға ие екеніне дау айту қиын». Шоқан қазақ поэзиясын алғаш рет ғылыми тұрғыдан зерттеп, жүйеледі. «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» зерттеуінде өлеңді бес түрге бөледі: жыр, өлең, қайым өлең, қара өлең, жылау. Осылардың әрқайсысына арнайы тоқталып, түсініктер, мысалдар келтіріп отырған.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқына айтарлықтай қызмет жасаған аса көрнекті мәдениет, әдебиет қайраткері. Торғай даласында алғашқы қазақ мектебін ашуы. Оқулық ретінде «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясын» жазуы –үлкен тарихи оқиға. Қазақша, орысша, мұсылманша қажетті білімдер алған Ыбырай өзінің бар дарынын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнағандықтан, оның әдебиетшілік қызмті де тікелей осыған байланысты. Сондықтан да «Қазақ хрестоматиясын» талдағанда екі тұрғыдан көркемдік және педагогтік жағынан қарастыру керек. Хрестоматияға кірген шығармалардың көпшілігін Ыбырайдың төл тумасы, ауыз әдебиеті үлгілері, аудармалары. Оқулыққтық мақсатты көздегендіктен де Ыбырайдың өз өлең-әңгімелерінің барлығы дерлік тәрбиелік мақсатта жазылған. Қазақтың бай ауыз әдебиеті ішінен, басқа да халықтар әдебиетінен аудармалар жасап, кітапқа енгізгенде Ыбырайдың сыншылығы педагогтік бағытта көрінеді. Ол шығарманың тәрбиелік маңызын ғана емес, сонымен бірге оның оқушының санасына жетуіне тікелей әсер ететін жас ерекшелігі, ұлттық психология, жеке мүддесі сияқты мәселелерді де ескеріп отырған.
Абай Құнанбаев қазақ әдебиетінің классигі болумен бірге сыншылық ойды барынша биікке көтерген сыншы да бола білді. Оның поэзиясының шыңына шығуы өзіне дейінгі қазақ ақындарының өлеңдеріне сын көзімен қарап, солардан қорытынды жасауының нәтижесінде ғана болды. Жалпы қазақ ақындарының ішінде сөз өнеріне Абайдай биік талаптар қоя білген ақын жоқтың қасы. Керек десеңіз, Абай өзіне дейінгі қазақ поэзиясына көңілі толмаған. Абай оннан астам өлеңдерінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керектігі жайлы пікір білдіреді. Өлеңді күн көрмекшілікке, ермекке айналдыруға қарсы шығып, өнер ретінде қарайды. Ол жазған «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңмен жазылған поэзияның теориясы іспеттес. Абайдың қазақтың бірсыпыра мақал-мәтелдеріне пікір айтуы, оның әдеби сыншылық дарынының аса күшті болғанын дәлелдейді.