Жүрек, оның құрылысымен қасиеттері, дамуы. Жүрек - қан айналу жүйесіндегі негізгі бөлім. Ол тоқтаусыз қызмет етіп, қан тамырларында қанның қозғалысын қамтамасыз етеді. Бір тәуліктің ішінде жүрек 5-6 мың литр қанды айдайды. Қанның тамырларда қозғалуына түрткі болатын энергия жүректің бұлшық еттерінің қызметіне байланысты өндіріледі. Бұл 200 кг жүкті 100 м биіктікке көтергенмен бірдей. Ал дене еңбегі бұл жұмысты 2 есе күшейтеді деуге болады. Айталық, 1 сағаттай ауыр жұмыс кезінде жүректен өтетін қанның мөлшері 2000-2500 л. Мұндай жұмыс жүректі қанмен күшті қамтамасыз етуді тілейді. Адамның жүрегінің салмағы 250-360 г, яғни дене салмағының 1/200 бөлігіне тең, бірақ ол қан айналымындағы бүкіл қанның 1/10 бөлігін пайдаланады. Жүректі қанмен қамтамасыз ететін қан тамырлары жеке жүрек-қан тамырлар жүйесін құрады.
Сәби өмірге келгеннен кейін, оның жүрегі өседі және пішіні қалыптасады.
Адамның жүрегі бұлшық еттен тұратын конус пішінді қуыс мүше (1, 2-суреттер). Ол салмағына, жынысына қарай бөлектенеді: ерлердің жүрегі (300 г) әйел жүрегінен
(220 г) салмақтырақ. Жалпы ұзындығы - 12-14 см, ең жалпақ жері - 10-11 см. Жүрек оң және сол жақ бөлімдерден тұрады. Олардың әркайсысында екі-екіден қуыстары бар: жүрекше және қарынша деп аталатын қуыстар. Жүректің оң жақ бөлігін сол жақ бөлігінен қалың ерекше құрылымды жүрек еттері бөліп тұрады. Қарынша мен жүрекшенің
арасында сол жағында қос жаппалы және оң жағында үш жаппалы какпақшалары (клапандары) болады. Сол жақ жүрекшеден денедегі ең үлкен қолқа тамыры, ал сол жақ
жүрекшеден өкпе артериясы басталады. Жүрекшелер мен қолқа және өкпе артерияларының арасында жарты ай іспетті қақпақшалары (клапандары) бар. Жүрек қуыстарының қақпақшалары қанды тек бір бағытта ғана өткізеді: жүрекшеден қарынша қуысына, одан артерия қан тамырларына қарай (2-сурет).
1-сурет. Жүрек қуыстары:
1. Денесі шынықпаған адамның жүрегі, 2. Денесі шыныққан адамның жүрегі.
Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы - эпикард (грек. эпи - үстіңгі + кардиа - жүрек), ортаңғы миокард (грек. миос - бұлшық ет + кардиа) және ішкі - эндокард (грек. эндон - ішкі + кардиа). Жүректің еті - миокард - ерекше құрылымды көлденең жолақты ет ұлпаларынан тұрады. Оның қалыңдығы жүректің әр жерінде әртүрлі. Ең жұқа жері жүрекшенің қабырғасында 2-3 мм, ал ең қалың жері - сол жақ қарыншаның қабырғасының қалындығы бұдан 3-4 есе артық.
2-сурет. Жүрек қуыстарындағы қысым.
A - жүректің оң жақ жартысы, Б - жүректің сол жақ жартысы.
Үлкен және кіші қан айналыс жолдары. Денедегі қан үлкен және кіші қан айналыс жолдары арқылы тасымалданады. Сол жақ қарыншаның қуысынан үлкен қан айналыс жолы басталады. Қан қарыншадан қолқаға, одан үлкенді-кішілі артериялар мен артериолаларға, олардан артериялық капиллярларға айдалады. Артериялық капиллярлар ұлпалардың клеткаларына тарап, қанның құрамындағы қоректік заттар мен оттегін клеткааралық сұйықтарға құяды да зат алмасуынан пайда болған көмірқышқыл газын қосып алып, веналық капиллярлар арқылы үлкенді-кішілі веналаларға,
олардан жоғарғы және төменгі қуыс веналарына қосылып, қанды оң жақ жүрекшенің қуысына әкеледі. Оң жақ жүрекшеден оң жақ қарыншаға айдалады. Оң жақ қарыншадан кіші қан айналыс жолы басталады. Мұның басты қызметі қанды оттегіге қанықтыру. Сондықтан оң жақ қарыншадан өкпе артериясына айналады. Өкпе артериясы екіге бөлініп, оң және сол жақ өкпеге барады. Өкпе қуысында қанның құрамындағы көмірқышқыл газын шығарып, оттегімен байытылады да, артериялық қан өкпе веналары арқылы сол жақ жүрекшеге келіп қосылады.
Ескере кететін жағдай: үлкен қан айналыс жолының арнайы тармақтары жүректің өзіне, ас қорыту мүшелеріне, бүйрекке бұрылады; ас қорыту мүшелерінен шыққан қан тамырлары алдымен бауырға барады, өйтені астың қорытылуынан пайда болған улы заттар бауырда усыздандырылады да, содан кейін ғана қоректік заттар төменгі қуыс венасына құйылып, үлкен қан айналыс жолымен мүшелерге қоректік заттарды тасымалдайды.