Лекция № 6
САЯСИ ПАРТИЯЛАР
Партия - мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеология негізінде құралған адамдардың ерікті одағы. Партиялар сайлауға, мемлекеттік органдар құруға, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға және оларды іс жүзіне асыруға белсене қатысады. Қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті- азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әр түрлі әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді. Бұрыңғы әлеуметтік - экономикалық саясатты одан әрі жүргізу немесе оны өзгерту керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді. Соның арқасында қоғамның саяси саласындағы қайшылықтардың басы ашылады, әлеуметтік қопарылысқа соқтырарлық өткір, ойда жоқ шиеленістердің мүмкіншілігі азаяды. Сонымен қатар партиялар сайлау науқанын дайындау мен өткізу, өз мүшелерінің санын көбейту, орталық және жергілікті ұйымдардың материалдық ахуалын күшейту, өз еліндегі және шетелдердің мақсаттары жақын партияларымен байланысты нығайтумен үнемі айналысады.
Қазіргі кездегі саяси партиялар мен партиялық жүйелердің қалыптасу кезеңі XVI-XVII ғ. Еуропада болған буржуазиялық революциялар дәуірімен тікелей байланысты. Тек XX ғ. Соңғы жылдарында олар саяси күресте шыңдалған, басқару жағынан мол тәжірибесі бар әртүрлі әлеуметтік топтардың сыннан өткен нағыз саяси партиясына айналды.
«Партия» деген сөзді латын тілінен аударғанда «бөлу», «бөлшек» деген мағынаны білдіреді. Тұңғыш алғашқы партиялар Ежелгі Грецияда пайда болған. Бірақ олардың мөлшері аз, шамалы, дұрыстап ұйымдаспаған еді. Сондықтан мұндай шағын топтардың айтарлықтай мазмұны болмады.
Қазіргідей нағыз саяси партиялар Еуропада XIX ғ. Екінші жартысында пайда бола бастаған. Жалпыға бірдей сайлау құқығының енгізілуі бұқара халықтың саясатқа қатысу мүмкіндігін тудырады. Жұмысшылар ұйымдасып, парламентте өз мүдделерін қорғайтын партиялар құра бастады. Партия бірден көпшілік партияға айналған жоқ.
Тұңғыш көпшілік партия болып 1861ж. Ұлыбританияның либералдық партиясы құрылды. Одан кейін Германияда 1863ж. Жалпы Германияның жұмысшы Одағы партиясы құрылды. Мұндай партиялар басқа да елдерде құрыла бастады.
Американың саясаттанушысы Ла Паломбараның айтуынша партиялар мынадай төрт белгімен сипатталады:
1. Партия белгілі бір идеологияны қорғайды.
2. Партия- адамдарды жергілікті ұйымнан бастап, халықаралық дәрежеге дейін ұзақ біріктіретін ұйым.
3. Партияның мақсаты- билікті қолға алып, жүзеге асыру.
4. Әр партия өзіне халықтың дауыс беруінен, мүше болуына дейінгі қолдауын қамтамасыз еткісі келеді.
Партиялардың өмір сүру ұзақтығы дау – жанжалдардың туу мен оларды шешу қажеттігінен туады. Жалпы саяси партиялардың мынадай сипатты белгілері болады:
Партия бағдарламасының болуы
Саяси билік үшін күрестің болуы
Партиялық тәртіптің болуы
Партияға мүшелік ету
Мүшелік жарна төлеу
Партияның жарғысының болуы
Баспа органдардың болуы
Партия басшылығының көптеген өкілеттігі
Кәсіптік негіздегі партия аппартының болуы
Осындай белгілері бар саяси партиялар тапты немесе әлеуметтік топты ұйымдастырады, жұмысына мақсаттылық сипат береді, белігілі бір идеалогияны қорғайды, бағыт береді.
Қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті – азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әртүрлі әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді. Бұрынғы әлеуметтік-экономикалық саясатты одан әрі жүргізу немесе оны өзгерту керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді.
Саяси партиялардың ішінде фракциялар (латынның бөлшектену, бөліктену деген сөзінен шыққан) болуы мүмкін. Бұл сөз екі мағынада қолданылады: 1) бір партияның парламентте, мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда өздерінің саяси нұсқау, мақсаттарын ұйымшылдықпен жүргізу үшін құрған ұйымы; 2) бір партияның ішінде өзіндік бағыты, құрылысы, тәртібі бар, бірақ сол партияның қатарынан шықпаған мүшелердің бөлігі. Мұндай жағдай азшылықтың құқы бұрмаланған кезде дүниеге келуі мүмкін. Әдетте ол өтпелі кезеңдерде пайда болады және ұзаққа созылмайды.
Мемлекеттік билікті жүзеге асыру үшін партиялар коалиция (латынның бірлестік деген сөзінен шыққан) құруы мүмкін. Коалиция деп жалпы мақсатқа жету үшін партиялардың жасаған бірлігін айтады. Оның мынандай түрлері болады:
а) парламенке қатысатын партиялардың ешқайсысы өз алдына бөлек, дербес басқара алмайтындай жағдайда (дауыстың аздығынан) құралған көппартиялық коалиция.
ә) екі күшті партияның әрқайсысы өкіметті өз қолына алып билей алатындай жағдайда екіпартиялық коалиция орнайды. Мұндайда бір партия парламентте көпшілік дауыс алады да, екіншісі опозицияда болады. Егер екеуінің де парламенттегі орны тең болса, үкіметті құру үшін басқа кішірек партиямен келісімге келуге мәжбүр болады. Мұндайды түрін өзгерткен екіпартиялық коалиция дейді.
б) билік үшін бәсеке екі партия одағының арасында болса, оны екі блоктық коалиция дейді. Мұндай коалиция әсіресе Францияға тән. Онда президетенттік, парламенттік, кантондық сайлаулар кезінде екі блок құрылады. Оң блокқа гольдықтар, жискарлықтар (Францияның бұрынғы президенттері Де Голь мен Жискар де Эстенің фамилияларынан шыққан), т.б. кіреді де, сол блокқа социалистер, коммунистер, солшыл радикалдар жатады.
в) егер дербес партия ұзақ уақыт (20-30 жыл бойы) билік етсе, оны басымдық коалициясы дейді. Мысалы, Швеция социал-демократиялық партиясы 1932 жылдан 1976 жылға дейін, сосын 1982 жылдан осы уақытқа дейін билік басында. Японияда либералдық-демократиялық партия 1955 жылдан бері өкімет басында болып келді.
Саяси партиялардың жұмысы әдетте құқпен немесе Конституциямен реттеледі. Себебі олардың жұмысы саяси жүйенің принциптері мен мақсаттарына қайшы келмеуі керек. Оларға жататындар: қоғамдық өмірде партияның орнын конституциялық жолмен рұқсат ету; саяси жүйеде партияның жұмыс істеу жағдайын белгілеу; сайлау системасының жұмысына партиялардың қатысуы; мемлекеттік өкімет органдарында партиялардың өкілдік ету тәсілдері; мемлекеттік бюджеттен партиялардың қызметін қаржыландыру. Бірқатар батыс елдерінде (Германия, Италия, Швеция, т.б.) 60-70- жылдардан бастап саяси партиялар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Кейбір елдерде заң бойынша саяси партиялардың сайлау науқанына арнайы қаржы бөлінеді. Бұл конституцияда көрсетілген міндеттерді орындау және қиянат етушілікке жол бермеу (мысалы, саяси партияларды құрғанда әлдеқандай кішігірім топтардың немесе жеке адамдардың ықпалын азайту, не болмаса қызметкерлердің, қоғам қайраткерлерінің сатылғыштығына жол бермеу және т.б.) үшін керек деп саналады.
Бірқатар елдердің (Германия, Үндістан, Ұлыбритания, Франция) заңдарында радио мен теледидарды кеңінен пайдалануға мол құқық берілген. Мұның бәрі сайлау науқанында және т.б. жұмыс бабында партияларға тең жағдай қамтамасыз етілгендігі деп саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |