6.2 1937 ж репрессия
1937–1938 жж. саяси репрессия бұрынғы КСРО-ғы жеке тұлғаларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін шараларының ең шарықтаған кезеңі болады. Ол бірнеше факторлардың, əсіресе белгілі əлеуметтік-саяси топтардың, соның ішінде Б (б) КП-нің билік үшін күресінің нəтижесі болып табылады. Бұл күресте И.Сталиннің жеке билігін орнату барысында тек шынайы қарсыластарын ғана емес, бəсекелестерін, сталиндік режимнің қарсыластарын да жоюға бағытталған саясат негізгі роль атқарады.
Бұл жерде жасырын экономикалық сыр да болады. КСРО ұлан-байтақ территориясы бар, аграрлық бағыттағы мемлекет болды. Өркениеттік əдістермен экономикаға жаңа бағыт беру ұзақ та- рихи үрдісті талап етіп, ішкі саяси жағдайдың біршама жағымды болғанын қажетсінетін еді. Ал Қазақстан орасан зор кеңістікті алып жатқан, ауа райы қолайлы, табиғи ресурстарға бай, халқы аз болғандықтан, бұл мақсатты жүзеге асыруға өте қолайлы болды. И.Сталин үшін «жетіп алып, озып кету», жедел күшті өнеркəсіп пен қуатты əскери-өнеркəсіптік кешен құру маңызды болды. Ал, репрессиялық саясат қосымша қаражат көмегінсіз елдің халық көп шоғырланған аймақтарына орасан зор көлемдегі адамдарды қоныс аудартып, олардың еңбектерін пайдалануға мүмкіндік беретін еді.
Репрессиялық іс-əрекет бағдарламасының негізі Сталиннің нақты «халық жауларын» табу арқылы социалистік қоғамды нығайту үшін таптық күресті күшейту қағидасына сүйенеді. Халық жауларын «партия мен халыққа бөтен элементтер» арасынан іздеу көзделеді. Мұндай «бөгде элементтер» ең алдымен, партияның өз ішінен, зиялылар қатарынан, елдің «басқаша» ойлайтын азаматтары арасынан іздестіріледі.
1930 жылдардың басына қарай қоғамдық санаға əсер ету құрылымы жасалады. В.Лениннің, К.Маркстің, Ф.Энгельстің ойларын догмалау үрдісі аяқталып, И.Сталиннің жеке басына табыну қалыптасады. «Барлық уақыт пен халықтардың ұлы көсемінің» кез келген сөзі халық пен партия үшін заңға айналады. Ол басқарушы органдардың Б (б) КП (съездер, пленумдар, конференциялар, ОК саяси бюросы) шешімдерінің негізінде республикалық жəне жергілікті партия органдарымен жүзеге асырылады. Партия шешімдерін тек партия мүшелері ғана орындауға тиіс делінгенмен, елдегі барлық халық сонымен өмір сүреді. Партияның қолшоқпары болып табылатын газеттер партия шешімдерін жарыса жазып, талқылап жатады. Кейде И.Сталиннің кейбір бұйрықтары көсемнің атымен беріле алмайтын жағдайда, олар газеттерде мақала түрінде «Халық дауысы» айдарымен жарияланады. Газеттерде жарияланған кез келген сын-пікірдің соңы репрессия түріндегі қуғын-сүргінмен аяқталады.
Жаппай қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы да жасалады. 1926 ж. РКФСР Қылмыстық кодексінде 17 контрреволюциялық қылмыстардың 12-не өлім жазасы қарастырылды. 1932 жылы тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті (əрі қарай — ОАК) И.Сталин қол қойған «Социалистік меншікті нығайту туралы» Заңды мақұлдайды. Заңға сəйкес колхоз егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқан азаматтар кемінде 10 жылға бас бостандығынан айрылуға тиіс болады. Ал, мұнан кейін шыққан сталиндік заңдар сериясы сталиндік кезеңнің «заңнамалық базасы» болып табылады. 1934 жылдан бастап қылмыстық заңдарға бірқатар өзгерістер енгізіледі. 1934 жылы 8 шілдеде «Отанды сату туралы», 1934 жылы 1 желтоқсанда «Террористік актілер туралы», 1937 жылы 2 қазанда «Зиянкестік пен диверсия туралы» Заңдар жарияланады. Нəтижесінде, Кеңес үкіметіне қарсы террористік ұйымдар мен террористік актілерді тергеу істеріне 10 күннен аспайтын мерзім белгіленеді; 1937 жылы Ішкі Істер Халық Комиссариатының (əрі қарай — ІІХК) органдарына қамауға алынғандарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат беріледі. Тағайындалған жазаға шағым білдіруге тыйым салынып, өлім жазасы дереу жүзеге асырылып отырады. КСРО ІІХК жүйесінің құрылымына, кадрлық құрамына өзгерістер енгізіліп, Ерекше жиналыс, «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс органдар құрылады. Аталған заңдар қабылданғаннан кейін репрессия бірден күшейіп, қарапайым соттық -процессуалдық құқықтар шектеледі [1, 6].
1937–1938 жж. репрессия науқанының күшеюіне 1936 жылғы 29 шілдедегі Б (б) КП ОК барлық партия ұйымдарына жіберген «сақтық пен жауды тани алмау» барысында жіберген қателіктер мен олқылықтарды тез арада жоюды талап еткен Жабық хаты ықпал етеді. Бұл құжатта контрреволюциялық жұмыстардың ұйымдастырушылары ретінде кезінде Қазақстанда жұмыс істеген И.Рейнгольд пен С.Мрачковскийдің аттары кездеседі. Аталған хат басқа одақтас республикалардан «халық жауларын» табу бойынша артта қалып жатқан Қазақ Өлкелік комитеті (əрі қарай — Қазөлкеком) басшыларының жұмыстарын жеделдетуге түрткі болады [1, 6].
Б (б) КП Қазөлкеком жоғарыдағы хат бойынша 1936 жылдың 5 тамызында (№ 1 құжат) [2, 430-п.] жəне 43 контрреволюция өкілдері табылып, жұмыстан шығарылды деген көңіл жұбатарлық сан пайда болған 1 қарашада 2 рет жиналады [3, 501–503-п.]. Жиналысты барлық облыстық жəне аудандық, қалалық партия комитеттеріне Б (б) КП ОК 29 шілдедегі Жабық хатын жан-жақты талқылау жəне партия ұйымдарында қырағылық пен жауларды тани алмауға байланысты олқылықтарды жою, сонымен қатар əр 5 күн сайын Жабық хатты талқылау барысы туралы Қазөлкекомға жəне С.Нұрпейісов пен Г.Асриевқа хабарлап тұру міндеті жүктеледі.
Зұлмат қуғын-сүргін жылдары халық арасында бір-бірінің сыртынан арыз жазу, өсек айту сияқты кертартпа əрекеттер етек алады. Ел ішінде өсек айту əр заманда да есеп айырысу мен қызмет сатысынан көтерілу құралы болып есептелген болатын. Осы жылдары туыстарының, жақындарының, таныстарының ту сыртынан «өсек айту» мемлекет тарапынан көтермеленіп отырады. Отызыншы жылдары, одан кейін де кейбіреулер қызметін көтеру үшін қуғындалған əке-шешесінен бастартып, тегін өзгертеді, мүмкін болған жағдайда ұлтын да өзгерту фактілері жиілейді. 1926–1937 жж. аралығында КСРО-да украин, еврей жəне т.б ұлттардың санын азайту есебінен 7 млн. орыс пайда болады. «Өсек айту» індеті елдің барлық өңірлеріне таралады. Адамдардың бірін-бірі көрсетуі тұрмыс, отбасы жағдайындағы келіспеушілік, көре алмаушылық, қызғаныш сияқты ұсақ мəселелерден де тұрады. Олар «өсекшіліктің» негізгі сипатына «халық жауларын» ұстау деген саяси астар беріп, жалған ниеттерін жасыруға тырысады. Домалақ арыздар нақты дəлелдері болмаса да, негізгі құжат ретінде қарастырылады. Əрбір саяси істе бірге қызметтес болғандардың, таныстардың, жалған куəгерлердің, өз еркімен немесе əр түрлі қоқан-лоққы шаралардан қорқып, мəжбүр болып жазған құжаттар да болады. Осылайша сан мыңдаған адам қанды құрықтың құрбаны болады [4].
Жаппай қуғын-сүргін елдегі халыққа қорқыныш ұялатып, ешкім өзін қауіпсіздікте сезінбейді. Əр адамды партия мен мемлекет үшін сіңірген еңбегіне қарамастан, қамауға алып, жалған айыптар тағылады. Бұл əрекеттер адамдарды «жоғарыдан» берілген бұйрықтарды еш қарсылықсыз, үндемей орындауға мəжбүр етеді. Репрессия халықтың барлық қабаты мен саласын қамтиды.
Сталиннің жаппай қырып-жою саясаты бойынша жоспарын жүзеге асыруы 1937 жылғы 2 шілдедегі Б (б) КП ОК шешімінен басталып, ІІХК Ежовтың қолы қойылған № 00447 жедел бұйрығымен жеделдетіледі. Бұл бұйрықта: «Операция 10 тамыздан бастап Өзбек, Түркімен, Тəжік жəне Қырғыз КСР-да, 15 тамыздан бастап Красноярск өлкесі мен Шығыс-Сібір облыстарында басталсын», — деп нақты көрсетіледі. Ал Қазақстандағы репрессия операциясын жүзеге асыруды И.Сталин С.Реденске жүктейді. Ол Алматыға жіберіліп, І дəрежелі Мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары болып тағайындалады. С.Реденс «рұқсат» деп қол қойған бұйрық 1938 жылы ақпанда күніне 37–38 адамнан, ал наурызда 53–54 адамнан атуға жол береді. Бұйрыққа сəйкес 4 ай ішінде 268 950 адам қудаланып, бірден оның 75 950-і өлтіріледі. Бірақ бұл сандар ОК-н қанағаттандырмай, жаңа жоспарлар құрылады. 1937 жылдың 3 желтоқсанында Б (б) КП ОК Қ (б) КП ОК-нің Қазақстан бойынша қуғындалған адамдар санын бірінші санат бойынша 600 адамға жəне екінші санат бойынша 1000 адамға көбейту туралы ұсынысын бекітеді. Бірінші санатқа Кеңес үкіметіне қарсы «жау» элементтер, ал екіншісіне лагерлер мен түрмелерде 8 жылдан 10 жылға дейін сотталатын адамдар жатқызылады. Б (б) КП ОК 1937 жылғы 17 қарашадағы Кеңес үкіметіне қарсы элементтер санын көбейту туралы шешіміне сəйкес 1937 жылдың 19 қарашасында отырыс өтеді. Отырыс барысында қабылданған шешімге бюроның 7 мүшесі қол қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |