Қарастырылатын мәселелер:
1.Фонетикалық құбылыстар, олардың түрлері
2.Айтылудағы және жазылудағы құбылыстар
Фонетикалық құбылыстар (процестер)
Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары – сол тілді дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі. Тіл өзге тілдерден сөз қабылдамай тұра алмайды. Ондай сөздер халықтың айту машығында, яғни артикуляциясында азды-көпті дыбыстық өзгерістерге ұшырап игеріледі. Кірме сөздердің құрамындағы кей дыбыстар алмастырылып, кей дыбыстар аласталып, керісінше, енді бір дыбыстар мен буындар жаңаланып айтылуы заңды. Сөйтіп, сөздер сапалық та, сандық та өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер төл сөздерде де болып жатады.
Фонетикалық құбылыстар – сөздің құрамында болатын әртүрлі дыбыстық өзгерістер. Олар: протеза, эпентеза, редукция, эпитеза, метатеза, элизия, гаплология, апокопа, аферезис, диэреза, т.б.
Протеза – (грек.prothesis – алдында тұру) – сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуы. Бұл кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін қажет. Мұндай дыбыс дауысты да, дауыссыз да болуы мүмкін. Қазақ тілінде протеза болатын – негізінен, қысаң дауыстылар. Ол л,р дыбыстарынан басталатын кірме сөздердің алдынан жамалады.
Олай болатыны, қазақ тілінде лақ, лап, лау, лық, лып, лаң, лүп сияқты он шақты еліктеуіш болмаса, байырғы атауыш сөздер бұл дауыстылардан басталмайды.
Ы: лаж, лай, лашын, рас, разы, рақым
І: леген, лекер, рәсім, рет, реніш
Ұ: рұқсат, ру, рух
Ү: Рүстем, рөл
Қазақ тілінде протезаның күші елеулі, ол өз алдына буын болып тұрады. Сондықтан, жазуда да жағаласып жүреді. Протезаны ескермеу өлеңге үлкен нұқсан болар еді.
«Ырас десең, ырас сөз мен айтайын» («Бекболат» дастаны). Орыс (Русь), ораза (руза), орамал (румал) сөздердің басындағы о-да протезаның нәтижесі,
Екі-үш дауыссыздан басталатын орыс сөздері протезамен айтылады: ы (станция), ы (стакан), і (стенд). Мұның жазудағы көрінісі: үстел (стол).
Эпентеза (грек.epentesis - қыстырылу) – сөз ішіндегі дауыссыздардың арасына дауыстының қыстырылуы.
Мысалы: класс – кылас, теория – тейория.
Бұл да сөздің айтылуын жеңілдетуге негізделген. Ертеректе тілімізге еніп, айтылуына орай жазылатын бөрене, жеребе, керуерт, кінәз, пүліш сөздері эпентезалық құбылысының нәтижесі.
Редукция – (лат.peduktion – қайырылу) – бұл да дауыстыларға байланысты құбылыс . Сөз ішіндегі дауыстының көмескіленуі.
Редукцияға ұшырайтын қысаң дауыстылар.
Мысалы: Мағына – мағна, тұжырым – тұжрым, дәрігер – дәргер, тәжірибе – тәжрибе, көкірек – көкрек.
Достарыңызбен бөлісу: |