Дәріс сабақтарының мазмұны 1- лекция
Қазақ тілі фонетикасының зерттелу тарихы Қарастырылатын мәселе: Қазақ тілі фонетикасының зерттелуіндегі алғашқы кезең
Қазақ тілі фонетикасының зерттелу тарихы Қазақстанның Ресейге қосылуы қазақ даласында ірі өзгерістерді тудырды. ХIX ғасырдың 2 жартысында орыс патшалығы Қазақстанды отарлау саясатын толық іске асыруы үшін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін , салт-дәстүрін жетік біліп, тілін, дінін, жан-жақты зерттеуді қолға алды.
Қазақ тілінің фонетикасы жайлы тұңғыш пікір миссионер Н.И.Ильминский еңбегінде айтылды. »Материалы к изучению киргизского языка» деген еңбегінің (162-бет) 140 беті қазақша-орысша сөздіктен тұрады, ал сөздіктің кіріспесінде автор қазақ тілі, оның дыбыстық және грамматикалық жүйесі жөніндегі пайымдауларын келтірген. Н.И.Ильминский қазақ тілінің дыбыстық құрамы 8 дауысты және 19 дауыссыздан тұратынын жазады.
Сөздікте келтірілген мысалдардан (бүлдірген, мұрындық) ерін үндестігінің ықпалы зор болғандығын көруге болады. А.В.Старчевскийдің «Спутник русского человека в средней Азии» деген 1878 жылы жарық көрген еңбегі өзбек, қазақ, татар, тәжік тілдерінің грамматикасына арналған. Еңбекте қазақ тілінде 9 дауысты, 17 дауыссыз бар екендігі көрсетілген.
Түркі тілдерін зерттеудің жаңа кезеңі А.В.Радлов еңбектерінен басталды. Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» деп аталатын еңбегінің маңызы ерекше. Бұл еңбекте қазақ тілінің дыбыстық жүйесі біршама дұрыс жүйеленген. Түркітанушы еңбегінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін 9 дауыстыдан және 20 дауыссыздан тұратынын анықтаған. Доуыстыларды ашық, қатаң, жуан, жіңішке, еріндік, езулік деп жіктейді. Ал дауыссыздарды іштей қатаң,ұяң, үнді және аралық немесе у, и жарты дауысты дыбыстар деп бөлген.Түркітанушы Радлов көп буынды сөздерде негізгі екпін сөздің соңына түсетінін көрсетеді. Дауыстылардың сингармонизмін, дауыссыз дыбыстардың тіркесу заңдылықтарын анықтаған.
Зерттеуші П.Мелиоранский «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деп аталатын екі кітаптан тұратын еңбегінде қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық құрылымы біраз баяндалған. Аталған еңбекте қазақ тілінің түркі халықтарының ішіндегі ең таза, ең бай тіл екенін айта келе, араб жазуы, оның дыбыстық жүйесін дұрыс өрнектей алмайтынын, сондықтан орыс графикасын қолдану керектігі туралы пікір айтылады. Дауыстыларды жуан, жіңішке, ашық, қысаң деп жіктейді. Сонымен қатар, қазақ тілінде сингармонизм заңы жақсы сақталғанын, еріндік дауыстылардың үшінші буыннан кейін әлсірейтіндігі туралы пікір айтады.
ХХ ғасырдың басы қазақ тілі білімі дамуының ерекше кезеңі болды. Қазақ мектебіне арналған алғашқы әліппенің, алғашқы грамматиканың жазылуына тікелей үлес қосқан қоғам қайраткері, зерттеуші – А.Байтұрсынұлы.
Сол уақыт бойында қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын зерттеудің нәтижесінде 1912 жылы «Оқу туралы. Қазақша әліппе» деген атпен А.Байтұрсынұлының алғашқы зерттеу еңбегі жарық көрді. Халықты тез сауаттандыру мақсатында араб алфавитіне реформа жасап, ондағы артық әріптерді алфавиттен шығарып, жеңілдетті. Араб графикасы дауысты дыбыстар маңызды қызмет атқаратын қазақ тілінің табиғатын дәл бере алмады. Сөз арасында кездесетін қысаң дауыстылар жазылмағандықтан сөздердің дыбыс, буын құрамы дұрыс ажыратылмай, тек қиындық тудырды (алтын – алты, салқын – салқы). Кітапта қазақ тіліндегі 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауыстыдан тұратын 24 дыбыстың таңбасы келтірілген. Дауыстыларды іштей жіктемей, дауыссыздарды қатаң, ұяң деп бөлген, бірақ бұл жіктелісі араласып кеткен. А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты оқулығы қазақ тіл білімінің дамуына үлкен үлес қосты.
1928 жылы жарық көрген бір мақаласы «Дыбыстарды жіктеу туралы» деп аталады. Жіктелуде артикуляциялық, акустикалық қасиеттерді басшылыққа алған.
Дауыстыларды толық (а,е,о,ү,ы) және шала (р,ң,л,м,н,у,й) деп 2-ге бөледі. Шала дауыстылар (қазіргі үнділер) ауыз шығысты және мұрын шығысты болып 2-ге бөлінеді. Бұлардан басқа қысаң бөгеулі, тұйық бөгеулі, босаң бөгеулі сияқты ажыраулар да кездеседі.
Фонетиканың зерттелуіне үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің бірі – Х.Досмұхаммедұлының есімін ерекше атауға болады. «Қазақ-қығыз тіліндегі сингармонизм» деп аталатын еңбегі қазақ тілі бөліміндегі кең ауқымды ғылыми зерттеу болып табылады. Мұнда қазақ тілінің дыбыс жүйесі, сингармонизм, тіл үндестігі жан-жақты айтылған. Х.Д. сингармонизмді «таңдайлық әуенді заң» деп атайды. Қазақ тілінің фонетикасы туралы құнды зерттеулер профессор Қ.Жұбановтың атымен байланысты.
Қазақ тілінің фонетикасы дыбыстық жүйесі Қ.Жұбанов зерттеулерімен жаңа ғылыми дәрежеге көтерілді. «Фонетика – дыбыс, тіл дыбыстарының тілдік ұқсас қасиеттерін тексеретін ғылым» деп, ең алдымен нысанды жан-жақты талдап, түсіндірді.
Ғалымдардың осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан и,у жуан-жіңішкелі түрде қолданылатын үу/ұу,ый/ій қосынды мәселесі Қ.Жұбановтың 1935 жылғы «Қосар ма, дара ма?» атты зерттеуіне арқау болып, мақалада и мен у дара дыбыс десе, ал 1936 жылғы оқулығында қосынды дауыстылар бір дауысты, бір дауыссыз екі дыбыстан құралған деген шешімге келді.
Қазақ тілінің фонетикасына байланысты зерттеулер ХХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап жаңа қарқынмен дамып келеді. Солардың ішінде 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» атты ғылыми еңбектің орны ерекше.
Бүгінгі кезеңде қазақ тілі фонетикасын экспериментальды түрде зерттеулер өз нәтижелерін көруде. Ж.Аралбаев, Қ.Бейсенбаева, Ә.Жүнісбеков, С.Мырзабеков сияқты зерттеуші – ғалымдар өзіндік пікірлер айтып, ғылыми тұжырымдарымен байытып келеді.