Фонетиканың зерттеу нысаны мен салалары Қарастыратын мәселелер: 1. Қазақ тілі фонетикасының зерттеу нысаны
2. Қазақ тілі фонетикасының салалары
3. Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әдістер
Фонетиканың зерттеу нысаны мен салалары Адамның қоғамдағы қатынасының ең маңыздысы – тілдік қатынас. Әрбір халықтың өзіндік ерекшелігімен байланысты болатын тілдік қатынас ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Ауызша тілдік қатынас сөйлеу арқылы орындалады. Сөйлеу тілдік бірліктерге сүйенеді. Тілдік бірліктердің ең кішісі және негізгісі – фонемалар.
Тіл білімінің бір саласы болып табылатын фонетика – тілдің дыбыстық жүйесін зерттейді. Тіл дыбыстары – күрделі құбылыс. Дыбыс – сөйлеу мүшелерінің белгілі бір аралысымы (комбинациясы) қарқылы жасалады. Дыбыстардың тіркеуі тілде қалыптасқан белгілі бір заңдылықтарға негізделеді.
Фонетиканың зерттеу нысандары: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың жасалуы, тілдің дыбыстық құрамы мен өзіндік ерекшеліктері, дыбыстардың өзара іштей жіктелуі, үндесу заңы, дыбыстардың тіркесу ерекшеліктері, сөз ішіндегі дыбыстардың үндесуі, қатар келген дыбыстардың бір-біріне әсер етуі, буын, екпін, орфография мен орфоэпия және олардың арақатынасы, дұрыс сөйлеу, сауатты жазудың принциптері, тағы басқа.
Тіл – уақыт өтуімен өзінің ішкі заңдылықтарымен және сыртқы экстралингвистикалық факторлардың әсерімен дамып отырады.
Кез келген тілдің қалыптасқан дыбыстық жүйесі де тарихи даму кезеңдерін басынан өткереді. ХХI ғасыр қазақ тіл білімінің тарихи кезеңі болып табылады. Қазақ тілінің мемлекет аясында қолданысының кеңеюі тіл мәдениетін жоғарылатуды талап етуде. Тіл мәдениеті фонетика саласын да қамтиды.
Зерттеу, сипаттау тәсілдеріне қарай фонетика сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы, салғастырмалы болып бөлінеді.
Сипаттамалы фонетика – тілдің дыбыстық жүйесін өзі өмір сүріп тұрған уақыт тұрғысынан қарастырады. Сипаттамалы фонетиканың негізгі тұжырымдары 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында баяндалған.
Тарихи фонетика – тілдің дыбыстық жүйесін тарихи тұрғыдан қарастырады. «Дыбыстардың даму заңдылықтарын, дыбыстық жүйедегі өзгерістер, буын, екпін, үндесу заңдылықтары әр дәуірдегі жазба ескерткіштер материалдары арқылы айқындалады, - деп, М.Томанов атап көрсетті.
Салыстырмалы фонетика – тілдің дыбыстық жүйесін туыстығы жоқ, құрылымы әр түрлі басқа тілдермен салыстыра зерттейді.
Қазақ тілі мен орыс тілінің, қазақ тілі араб тілінің байланыстылығын тіл дыбыстары деңгейінде зерттеп, олардың ұқсастықтары мен айырым белгілерін анықтау салғастырмалы фонетиканың міндетіне жатады.