бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ
әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі.
Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр
қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы
жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол
ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа
үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл
кеңес әдебиетінде
көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс
емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере
алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан
жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру
бағытында жүруі керек болды.
Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл
кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов,
Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті.
Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров,
Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып,
майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер
жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев,
С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс
Байғанин, Кенен Әзірбаев,
Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов,
Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды.
Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып,
әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.
Соғыс мерзімі бес жылға жуық уақытты қамтиды. Оның сұрапыл, алапат күйде өткені болмаса,
тарих үшін бұл ұзақ мерзім емес. Оның сыры мен шындығын зерттеп, жаңа көркем туындылар
жасау тұрғысында да ол мерзім жеткіліксіз. Сондықтан да соғыстың бес жылы ішінде қазақ
әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Онда соғыстың алғашқы әсерінен туған
ұшқыр өлең, публицистика, очерк сияқты шағын жанрлар өрістеді. Соғыс пен оның адам
басына түсірген
қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер-қайратын
бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты.
1950-1960 жылдары бұл тақырыпқа үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар
жазылды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да
өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің
екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық
күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын,
майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік
сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы
зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес
адамдарының бойындағы
азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты
материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың
бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі
бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден
қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен
дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады.
Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың
күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар
дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің
майдан тақырыбын жырлауына тың, мол
мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген
Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа
панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі
соғыс тақырыбын жалпылама жазбай,
жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының
сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі,
солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын
бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.
Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге
түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі
толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан
жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде
көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы
(«Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір
сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін
мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де,
замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.
Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды.
Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке
адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие
бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана
өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының
бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі.
Достарыңызбен бөлісу: