Лекция мазмұны: Қазақ хандары мен Мұхамед Шайбани арасындағы соғыс қимылдары XV ғасырдың соңғы онжылдықтарында толассыз жүріп жатты және ғасыр аяғына қарай уақытша бітіммен аяқталды. Бұрындық хан өзінің екі қызын шайбанилік сұлтандарға ұзатты. Шайбани ұрпақтары Отырар, Ясы (Түркістан), Аркөк, Үзкент қалаларында өз жағдайларын табанды күреспен нығайтып, олардан Темір ұрпақтарының әкімдерін ығыстырып шығарды. Ташкент пен Сайранда моғол ханы Сұлтан Махмұд отырды. Түркістан аумағының орталығы Сығанақта, Сауранда, Қаратаудың Созақпен қоса алғандағы жапсарлас ауданы және онын теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстар, Арал өңірі Қазақ хандарының қолында қалды.
XV ғасырдың аяғына қарай қазақ хандарының мемлекеті едәуір нығайды, оның алғашқы шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Жетісудан басқа Оңтүстік Қазақстанның жоғарыда аталған қалалары мен алқаптар, төңірегіндегі далалық аумақтармен бірге, Қаратау өңірі, Сырдарияның төменгі ағыстары мен Солтүстік Арал жағалауы, Орталық Қазақстанның үлкен бөлігі енді, Жетісудағы иеліктері де кеңейді. Шайбани әулетіне қарсы ұзаққа созылған күресте олардың үкіметіне қайта қалпына келуіне кедергі жасады. Мұхамед Шайбани 1500 ж. қол астындағы көшпелі өзбектердің бір бөлігін ертіп, Мауереннахрға кетті де, Түркістанның Оңтүстік бөлігінде өзі басып алған қалалардың көмегіне сүйеніп, басқыншылық мақсатпен Темір әулеті мемлекетіне ұмтылды.
XV ғасырдың екінші жартысында Моғолстанда қалыптасқан ішкі жағдай, сондай-ақ аймақтағы әскери-саяси оқиғалар моғол хандарының Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы ықпалының біртіндеп әлсіреуіне, ал сонан соң, XVI ғасырдың басында толық жойылуына және бұл өлкенің қазақ тайпаларының олардың билігінен шығуына негіз жасады. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қазақтары біртіндеп Моғолстан хандарының билігінен шығып, басқа аудандардың қазақтарымен бір мемлекетке - Қазақ хандығына бірікті. Оңтүстік-Шығыс Қазақстан халқының кейіннен бір әулет хандарының (Моғолстандағы Шағатай ұрпактарының) билігінен шығып, басқа әулет хандарының (Жошы ұрпақтарының - Ақ Орда хандары ұрпақтарының) билігіне көшуі неліктен көп шиеленіс туғызбағанын этникалық тегінің, тарихи тағдырларының ортақтығымен, достық қатынастарының дәстүрлігімен түсіндіруге болады.
XVI және XVII ғасырлар қазақ халқының тарихында айырықша орын алады. Осы ғасырларда қазақ хандары бұрын әр мемлекеттің құрамында болып келген қазақ руларын біріктіре отырып, бүгінгі теуелсіз Қазақстан Республикасының территориясын қалыптастырды және қорғады.
Бұрындық хан басқарған жылдары (1480-1511) стратегиялық және экономикалық маңызы бар, Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Созақ, Түркістан қалалары үшін Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани басқарған өзбектер мен қазақтар арасында 30 жылға жуық күрес жүрді. Қазақтардан ығысқан Мұхаммед Шайбани 1500 жылы Мауереннахр жеріне басып кіріп, ондағы билікті Әмір Темір әулетінен тартып алады. Аз уақыттың ішінде күшейіп алғаннан кейін ол Сыр бойындағы қалаларды басып алу үшін бірнеше жорықтар жасады. 1510 жылы Көк Кесене шайқасында Қасым сұлтан басқарған қазақтар Мұхаммед Шайбани әскеріне қарсы ұрыста ірі жеңіске жетіп Сыр бойындағы қалаларға берік орнықты.
XVI ғасырдың басында Моғолстан ханы Жүністің ұрпақтары арасындағы үкімет билігі не таласқан алауыздықтың салдарынан Моғолстан мемлекеті ыдырады.
Моғолстанның орталық өңірі - Жетісу жерінің көбі және оны мекендеген қазақ тайпалары Қазақ хандығына қосылды.
Қасым хан басқарған жылдары (1511-1518) қазақ халқының саны 1 миллионға жетіп, қуатты мемлекетке айналды.
Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға әйгілі болды. Қасым хан Мәскеу князі III Василиймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
Әмір Темірдің ұрпағы, Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін салған ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты «Бабырнама» кітабында: «Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан-сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді» деп жазған. Сонымен бірге тарихшы Мұхамед Хайдар Дұғлат «Тарихи Рашиди» деген еңбегінде: «Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан кұдіретті хан болған жоқ» деп жазды.
Қасым хан алғашқы қазақ заңы «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақтар арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды.
Бұл заңның сол кездегі мұсылман елдердегі жаппай қолданылып, жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді етіп жасалды. Халық арасында бұл заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталды.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының территориясы қазіргі территориямыздың негізгі аймақтарын біріктірді.
Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, Оңтүстік-батыста Сырдың оң жағалауы, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, солтүстікте Ұлытауға дейігі жерлер, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігі қарады.