Лекция конспектісі университеттің барлық білім беру бағдарламасы үшін



бет22/30
Дата20.09.2023
өлшемі0,55 Mb.
#108985
түріЛекция
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   30
Байланысты:
Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы

Ол қалай болды? Б.з.б. I ғасырда Солтүстiк ғұндардың құрамына кiрген көптеген түркi тiлдес тайпалардың бiр бөлiгi Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтiп, Қаңлы тайпалық бiрлестiгiмен көршi-қолаң отырды. Ғұндардың Қазақстанға өтуiнiң екiншi толқыны б.з. 2-ші ғасырдың бiрiншi жартысында орын алды. Бұл кезде Солтүстiк ғұндардың толып жатқан тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетiсуға қоныс аударып, VI ғасырға дейiн өмiр сүрген Юэбань мемлекетiн құрды. Ғұндардың бiрiктiрушi рөлiнiң арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы iске асты. Мұның өзi тайпалардың жаңа этникалық қауымдастығының қалыптасуына әкелдi және сол этникалық процестердiң бағыт-бағдарын айқындап отырды. Этномәдениеттiк жағдайда түркi тiлiнiң одан әрi дамып жайылған аймақтарда сол сияқты сыртқы моңғол түрiнiң белгiлi әсерi де көбейдi.
Сөйтiп, үйсiндер мен қаңлылардың моңғолоидтық нәсiлге өтуi басталды. Бұл процесс тарихи деректерге қарағанда б.з. I-V ғасырларын қамтиды, мұның өзi жергiлiктi жұрттың кескiн-кейпiне, оның тiлiне белгiлi дәрежеде әсер еткенi даусыз. Оның үстiне бұл тайпалық одақтардың қоныстарына жүргiзiлген археологиялық зерттеулер олардың әдет-ғұрып, салт-санасында, дiни-наным сенiмдерiнде бiрiн-бiрi қайталайтын ұқсастық қасиеттерiнiң барлығын байқатады. Олардың жұрттарынан табылып жүрген ыдыс-аяқ, құрал-сайман, төрт-түлiк үй жануарларының сүйектерi, егiн егуге қажеттi құралдар, қол диiрмендер т.б. өмiрге қажеттi бұйымдардың табылуы, олардың да бiр-бiрiне ұқсастығын, экономикалық жағынан бұлардың арасында ешбiр қайшылық жоқтығын дәлелдейдi.
Ал, б.з. VI ғасырынан бастап үйсiн, қаңлы және басқа тайпалар тарих сахнасынан көрiнбейдi, аттары аталмайды. Оған себеп, бұл кезде Қазақстан жерiнде, әсiресе оңтүстiк аймақта шығыстан Алтай, Сiбiр жақтан келген түркi тайпаларының басымдылығы болса керек. Олар негiзiнен: Байырқу, Бұлақ, Қарлұқ, Кимек, Едiз, Қыпшақ атты тайпалары. VI ғасырда Қазақстан жерi түгелдей құдыреттi бiр тұтас мемлекет – Түркi қағанаты құрамына кiрдi. Жазба деректерден алғаш Түрiк қағанатының /542 ж./ одан кейiн Батыс түрiк қағанаты /603 ж./ сияқты феодалдық мемлекеттер құрылғандығы белгiлi. Осы қағанаттықтардың құрамында 30-дан астам түркi тiлдес ру-тайпалардың болғандығы тарихта айтылады. Үйсiндер мен қаңлылар осы тайпалармен араласып, сiңiсiп кеткенге ұқсайды. Тоныкөк жазуында "бұрынғы үйсiндердiң жерiн жайладық" – деген сөздерге қарағанда, олар расында да түрiктерге тәуекелдiлiкке түскен. Сөйтiп, VI-VIII ғасырда олар түркi тiлдес болды деген болжамдар айтылады.
702 жылы Батыс түрiк қағанаты тарағаннан кейін оның орнына Түргеш қағанаты (704-756 жж.), Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.), Оғыз мемлекетi (IХ ғ. соңы – ХI ғ. Басы), Кимек қағанаты (893 ж – ХI ғ. Басы), Қыпшақ хандығы (ХI ғ. – 1219 ж.), Қарахан мемлекетi (942-1212 жж.) өмiр сүрдi. Осы мемлекеттердiң iшiнде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсiресе екi мемлекеттiң тарихи рөлi ерекше болған. Оның бiрiншiсi – Қыпшақ хандығы (ХI ғ. – ХIII ғ.) Ертiс пен Едiл арасындағы кең байтақ жердi иемдендi. Қыпшақ хандығының құрылуына байланысты этникалық процестер жаңа даму кезеңiне аяқ басты. Осы бiр даму кезеңде қыпшақтар мекендеген этникалық территория қалыптасып, ол қазақ халқының қазiргi территориясының көпшiлiк бөлiгiн қамтыған. Бұл кезде қазақ тiлiнiң негiзi - әдеби қыпшақ тiлi құралып, сонымен қатар қазақтардың өзiне тән антропологиялық кескiнi қалыптасты. Қыпшақтардың құрамы болған сол бiр этникалық қауымдастық – қазақ халқының шығу тегiмен байланысты. Қазақ этнотегiнде қыпшақтар этнос ретiнде маңызды рөл атқарды. "Қазақ" сөзiнiң шығу тегiнiң өзi қыпшақтар мекен еткен аймақтарда пайда болды деуге толық негiз бар. Кейбiр турколог ғалымдардың пiкiрiнше, "қазақ" терминiнiң таралу аймағы Шығыс Дештi-Қыпшақ даласымен және iргелес Мәуеренахр өлкесiмен байланысты.
Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен екiншi мемлекет – ол оңтүстiк, оңтүстiк Шығыс Қазақстанда өмiр сүрген Қарахан феодалдық мемлекетi. Бұл мемлекеттiң кезiнде халық болып қалыптасу пiсiп-жетiлiп, қалалық өмiр өркендеп, отырықшылық жанданып, қолөнер дамып, көршi жатқан елдермен сауда қатынасы артып, жалпы мәдени-экономикалық дамуы өскен. Бұл мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күштi болды. Қарахан мемлекетiнде феодалдық қатынастар түрi қоғамның барлық саласын қамтыды. Шығыстан моңғол тектес көшпелi халықтардың жасаған шапқыншылығы Оңтүстiк және Оңтүстiк-шығыс Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына оншалықты өзгерiс жасай алған жоқ.
Дегенмен Алтай жақтан ығыса келiп, өздерiнiң мемлекеттiк бiрлестiктерiн құрған Наймандар мен Керейлер Қарахан мемлекетiнiң этникалық құрамына елеулi әсерiн тигiздi. Кейiн Найман және Керей тайпаларының атауы сол күйiнде қазақтың генеологиялық құрылымына ендi.
Бiрақ осы бiр сапырылыс кезеңде шығыстан кидандардың /қарақытайлықтардың/ шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетiнiң жағдайы нашарлап кеткен. ХІІІ ғасырдың басында Қарахан мемлекеті қайта дамып келе жатқанда моңғол шапқыншылығы басталды, сөйтiп халық болып қалыптасу процесi тоқталды. Сондай-ақ, осы кезде Қазақстанда халық болып қалыптасудың екiншi бiр ошағы болған Орталық, Солтүстiк, Шығыс және Батыс Қазақстан жерiндегi Қыпшақ мемлекетi де ауыр жағдайға ұшырады. Өйткенi моңғол шапқыншылығы халық болып қалыптасып келе жатқан екi ошақтың екеуiнде тас-талқан етiп қиратты. Нәтижесiнде қазақ жерiндегi этникалық бiрлестiктердiң құрамы бұзылып, халық болып қалыптасу процесi ХV ғасырға дейiн немесе 200 жылдай уақытқа кешеуiлдедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет