Лекция мақсаты мен міндеті: Философияның қоғамдағы алатын рөлін түсіндіру Лекция жоспары



бет28/36
Дата20.10.2022
өлшемі325,68 Kb.
#44437
түріЛекция
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   36
Байланысты:
Философия лекция

Кино философиясының негіздері
Лекцияның мақсаты мен міндеттері:
Кино философиясының негіздері жалпы түсініктерін қарастыру, пәннің зерттеу объектісін қарастырып шығу.
Лекция мазмұны:
1. Кино философиясының туралы жалпы түсінік
2. Ұлттық киноның үрдісі
3. Жаңаша заманның фильмдерінің философиялық мәселелері
Лекцияның мәтіні:
Кино(гр. kіneo – жылжытамын, жылжимын), кино өнері — өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі. 
Фильмді жасауға әр алуан мамандықтағы шығармашылық қызметкерлер: кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор, продюсер, каскадер, экономист, менеджер, т.б. қатысады. Фильм жасауда кинорежиссер жетекші рөл атқарады. Сондай-ақ фильм жасау ісіне техника саласындағы мамандар да (инженерлер, техниктер, лаборанттар мен өзге қызметкерлер) үлес қосады, алуан түрлі күрделі аппаратуралар мен аспаптар қолданылады.
Кино, негізінен, 4 салаға бөлінеді: көркем фильм, деректі, мультипликациялық және ғылыми-көпшілік кино. Көркем фильм кино өнерінің негізгі және кең таралған түрі. Ол әдеби шығарма желісі немесе арнайы жазылған сценарий бойынша актерлердің қатысуымен жасалады. Деректі киноға тарихта, өмірде болған мәні зор оқиғаларды баяндайтын фильмдер мен киножурналдар жатады. Мультипликациялық кино суреттер мен қуыршақтарға қимыл бере отырып жасалады. Ғылыми-көпшілік кино — жұртшылыққа жаратылыс пен әлеуметтік құбылыстарды ұғындыратын, өнер сырларымен таныстыратын фильмдер жиынтығы. Қазіргі заманда жарнамалық кино өндірісі кең тарап отыр. Сондай-ақ кино тарихында жалпы халыққа арналған фильмдермен қатар эксперименттік фильмдер де түсіріледі. Фильм жасау, оны көпшілік қауымға көрсету ісі шебер техниканы, қыруар қаржыны талап етеді. Әсіресе, фильм түсіру, жасау әрі оның көшірмелерін көбейтіп басып шығару аса күрделі процесс. Монтаждау — кинематографиялық шығарманың бар істелген жұмысын тиянақтайтын кезең. Бұл процесс кезінде монтаждалатын кадрлардың ұзындығы (метражы) белгіленеді. Соның нәтижесінде фильмдегі оқиғаның логикалық жүйесі анықталады.
Соңғы уақыттарда Интернет жылдам дамып келе жатқанына қарамастан, жер бетіндегі адамдардың көп бөлігі, әлі де болса, сиқырлы қобдишадағы кинодан бастарталар емес.Оған дәлел Мемлекетімізде жыл санап кинотеатрлар санының артуы. Әлемде Халықаралық кино күнін 28 желтоқсанда атап өтеді. Себебі дәл осы күні, 1895 жылы ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер киноны ойлап тапқан. Жалпы кино (гр. kіneo – жылжытамын, жылжимын)- өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі.
Әлемдік киноның даму жолын үлкен 4 кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңі – тұңғыш киноның шыққан жылы. Әрине, кино пайда болысымен түрлі түсті, дыбысты болып шыққан жоқ. Ол көптеген асулардан өтіп, дәл қазіргі қалпына келді. Оның дүниеге келуімен, «театрлар жабылады» дегендер де болды. Алғаш кино “жанды фотография” түрінде пайда болып, көп кешікпей көркем фильм, деректі кино және ғылыми-көпшілік кино деп аталатын үш салаға бөлінді. Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға ірі бөлшектермен түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. Кино өнері дамуының екінші кезеңі – 20-ғасырдың басынан басталды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. КСРО-да С.М. Эйзенштейннің “Потемкин” бронды кемесі” (1925), “Қазан” (1927), В.И. Пудовкиннің “Ана” (1926), “Санкт-Петербургтің ақыры” (1927), А.П. Довженконың “Арсенал” (1928), т.б. фильмдері дүниежүзілік кино өнерінің дамуына ықпал етті. Германияда “көңіл жұбату” және экспрессионистік фильмдермен қатар демократиялық бағыттағы кинокартиналар, АҚШ киносында Ч.Чаплиннің, Э. Штрогеймнің, К.Видордың фильмдері дүниеге келді. Кино өнері дамуының үшінші кезеңі 20 ғ-дың 30-40-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде кинотаспаға дыбыс жазу техникасы игерілді. Кинодраматургия қауырт өркендеді. Дыбысты киноның пайда болуы актерлер шығармашылығына кең жол ашты. Кеңес кинематографистері Ф.М. Эрмлер мен С.И. Юткевичтің “Жолығыс” (1932), Г.Н. және С.Д. Васильевтердің “Чапаев” (1934), Г.М. Козинцев пен Л.З. Траубергтің “Максим туралы трилогия” (1935 – 39), Е.Л. Дзиганның “Біз Кронштадтанбыз” (1936), А.Г. Зархи мен И.Е. Хейфицтің “Балтық депутаты” (1937), А.П. Довженконың “Щорс” (1939) секілді фильмдерінде кеңес идеологиясы басты орын алды. Неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға шабуыл жасаған кезден бастап деректі киноның рөлі артты. Соғыс жылдарындағы кеңес азаматтарының ерлігін бейнелеген “Ауком секретары” (1942, реж. И.А. Пырьев), “Ол Отанын қорғайды” (1943, реж. Ф.М. Эрмлер), “Кемпірқосақ” (1944, реж. М.С. Донской), “217-адам” (1944, реж. М.И. Ромм), “Шапқыншылық” (1945, реж. А.М. Роом) атты фильмдер шығарылды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. 2-дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, кино өнері дамуының жаңа кезеңі басталды(төртінші кезең). Бұл жылдары кинотехниканың жетіле түсуімен бірге кино өнеріндегі көркемдік тәсілдер де молайды. Түрлі түсті кино түсіру тәсілі жүзеге асты. АҚШ-та, кейін басқа елдерде кең экранды және панорамалы фильмдер пайда болды. Дыбыс жазу сапасы артып, кең экранды фильмдерде стереодыбыс қолданылды. Балаларға арналған мультипликациялық фильмдер шығара бастады.
Кино өнері ғасырдан астам уақыт ішіндегі даму жолында алғашқыда тарихи, көркем жанрларынан бастап, орта кезеңінде қиял-ғажайыпқа ұласты. Ал, бүгінгі күні комикалық көп сериялы туындыларды арқау еткен блокбастер сипатқа көшіп отыр. Жалпы, кино жасау үшін адам факторы, еңбек күшінен бастап, техника-технологиялық құралдармен қамтамасыз етілетін қыруар қаржы көзі керек. Осы себептен де, оның барлық талаптарына жауап бере алатын ірі киностудия индустриясы жасалады. Оны әрине, өнер арқылы пайда табуды мақсат еткен бизнес құрылымдары ғана қолға ала алады. Әлемдегі мұндай жүйенің алып мекені – Голливуд екені баршамызға аян.
Голливуд голливуд болғалы, оны айтасыз қазірдің өзінде «20the Centyry Fox», «Warner Bros», «Paramount, Columbia», «Universal» деген 5 алпауыт студия үс­темдік етсе, кейін «Walt Disney» келіп қо­сылды. Коммерциялық мақсатқа басымдық беретін ірі студияларды не­гіз етіп алған Голливуд мазмұны жа­ғынан жұртшылық назарын ерекше аударарлықтай тақырыптарды таңдауға тырысады. Кинотуынды жасайтын бас­ты тәсілдеріне келсек, сценарий жазудан бастап түсірілім жасау, монтаждау, өңдеу, дыбыс режиссурасы дегендей әр кезеңдерінде әбден маманданған шебер атқарушылар қызмет етеді. Мұны дәл өндірістегі қатаң тәртіппен жұмыс істейтін жүйемен ұқсастыруға болады. Голливудтық стандарт деп аталатын қалыптасқан тәртіптері де бар. Қалай десек те, қазіргі күні киноны бизнестен, пайда табу көзінен бөліп қарастыра алмаймыз. Әлем зерттеушілерінің арасында киноны «коммерциялық» және «қоғамдық» деген екі түрге бөліп қарастырушылық бар. Кино қай кезеңде де, адам баласының демалыс уақытын тиімді өткізуге, көңіл көтеруге бағытталып келгендіктен оны коммерциялық құралдан бөліп қарау мүмкін емес. Бүгінгі таңда әлемнің кино рыногінде Голливуд өнімдерінің зор сұраныс тудырып отырғандығынан-ақ аталмыш заңдылықты аңғаруға болады.
Кино бір жағынан көңіл көтерсе, екінші жағынан бизнес ретінде пайда таба отырып, таза өнер туындысы ретінде де дамып жатқан жанды организмге айналды. Киноның енді ғана қоғам өміріне қадам басқан сонау 1916 жылы ол тек өнерге ғана тән бейне мен динамикаға негізделген футуристік сипатта еді. Кейін кино өнеріне дадаизмдік, сюрреалистік ағымдар басым болса, бүгінде авангардтық, андерграундтық кинолар алға шықты дегенді кинотанушылар мәлімдеп отыр. Мұның басты ерекшелігінің өзі киноның байырғы миссиясы болған бейнесюжет эстетикасына негізделіп, шығарманың бастан аяқ бір ғана монолог түрінде баяндалуынан ажыратылуында еді. Луй Бунуэл, Мая Дерен, Стэн Брэкиж секілді туындыгерлер осы бағыт бойынша классикалық санатқа көтерілді.
Киноны коммерциялық тауар емес, таза өнер туындысы деп түсінетін шығармашылық иелері де болды, әрине. Мұндай бағыт 1960-1970 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті деуге болады. Аталмыш тұста Еуропада «арт-кино» деп аталатын өнертану термині пайда болды. Луй Бунуэль, Ингмар Бергман, Федерико Феллини, Микеланжело Антониони, Роберт Брессон сынды арт-киноның көрнекті режиссерлері бір кезеңде иық тірестіре өз туындыларын жарыққа шығарды. Дәл осы кезде, кино дегеніміз көңіл көтеретін, бос уақыт өткізетін құрал деп саналған баршаға ортақ ұғымның тас-талқанын шығарды. Кино дегеніміз туындыгердің философиялық ой өрісінің, эстетикалық талғам-танымының, әлемге деген көзқарасының жемісі әрі өнер екендігін айқындап берді. Сол тұстан бастап киноның нағыз авторы әрі жасаушысы режиссер болып саналды. Әлемдік тәжірибеде режиссердің өзі кинотуындының мәтінін жазып, режиссурасын жасап, түсіріп, монтаждап және продюсерлік етуі жиі кездеседі. Осылайша, әлемдегі кино өнері «коммерциялық» және «арт» деген екі салаға бөлінген жайы бар.
Коммерциялық кино дәстүрін Америкалық Голливудқа, арт киноның үрдістерін Еуропалықтар оның ішінде Франция, Италия, Германияға көбірек телігенімен әлемнің барлық елдерінде кино туындылар осы екі бағытта жасалады. Негізінен, Азия елдері «артхаус» кино жанры бойынша алға шығып тұр. Голливудтың өзінде де студиялық құрылымнан тыс жұмыс істеп, пайда табуды алға қоймайтын independent (дербес)киношыларды тудырды. Киноның өзі көзқарас, философия, эстетика, мәдениет және қоғам өмірінің типтік бейнесі болғандықтан көрерменге бәрін де кешенді түрде бере алатын мазмұны ауқымды құрал. Олай болса, киноның өнер ретіндегі сипаты арта түсері анық. Қазіргі жағдайды бажайлар болсақ, әлемде арт пен коммерциялық бағыттар бір-біріне жақындап, ықпалдары арта түскендері аңғарылады. Сондықтан, оны бірыңғай коммерциялық немесе тек қана арт мағынасында түсіну сыңаржақтық болар еді. Әлем кино өнері 122 жылды артқа тастап бүгінге жеткенде әлі күнге дейін коммерциялық ірі нарық әрі қоғамдық ортаға ерекше ықпалды өнер ретінде өзінің басты сипаттарын сақтап отыр.
Америкалық көркем фильмдер қоғамы (Motion Picture Association of America) жүргізген зерттеулерге қарағанда тек 2014 жылдың өзінде әлемдік кино рыногінде сатылған билеттерден түскен кіріс 36,4 миллиард долларға жеткен екен. Оның ішінде АҚШ пен Канада нарығына 10,9 миллиард доллар тиесілі, яғни, барлық табыстың 28 пайызын құрап отыр. Сонда Америка мен Канадада барлық тұрғындардың 68 пайызы немесе 229,7 миллион адам жылында аз дегенде бір мәрте кинотеатрға барады деген есеп шығып отыр. Аталмыш зерттеу спорт, ойын-сауық саябағы секілді мәдени орындардан гөрі киноға деген сұраныс 9 есеге артық екенін көрсеткен. Өткен жылғы мәлімет бойынша кино театрлардан тапқан табысы бойынша АҚШ пен Канададан кейінгі орынды 4,8 миллиард долларлық пайдамен Қытай иеленген.
Кино өнері пайда болған кезден бастап кинотеатр – оны таратушы басты құрал болып келеді. Бүгінгі күні киноны кең экранда кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі ретінде қалып, телевизия мен үйдегі бейне құралдарына орнын бермей келеді. Ал, интернет ресурстарына сүйеніп, онлайн түрінде ақылы фильмдер көруге мүмкіндіктің тууы таяу болашақта кино өнімдерін таратудың басты әрі жаңа нысанына айналуы бек мүмкін. Әлемдегі ең ірі онлайн кино қорын жасаушы «Netflix»-тің табысы 2010 жылы 2,1 миллиард доллар болса, қазір 3-4 есеге артып кеткен. Қысқасы, әлемнің кино рыногі барған сайын ұлғайып, шекарасыз алып кеңістікке ауа жайылып барады.
Кино саласының коммерциялық рыногінің сыртында әр елдің ұлттық сипатын аңғартатын сапалы туындыларын әлемдік деңгейде таныстыратын, кино өнерінің соңғы жетістіктері мен даму бағыт-бағдарын көрсететін, кинотаным көкжиегін кеңейтетін әрі насихаттайтын басты тетік – халықаралық кинофестивальдар болып отыр. Бүкіл әлемде 3000-ға жуық кинофестивальдары ұйымдастырылады екен. Олардың ішіндегі кең танымалдары мен ең беделділері ретінде Францияның «Канн» фестивалі мен Германияның Берлин кинофестивалі аталады. Америка кино академиясы ұйымдастыратын Оскар сыйлығын табыстау салтанатты рәсімі фестиваль болып есептелмегенімен беделі бел асып тұр. Әр жыл сайын халықаралық кинофестивальдарға ағылатын көрермендер саны артып, әлемдік нарыққа шығарылып жатқан киноның саны мен сапасы қатар өсіп келеді. Соған сай кинофестивальдардың сыйлықтары да үздіктерді таңдаудың бірегей өлшеміне айналды.
Коммерциялық кино нарығы өзін өзі қаржыландыру бағытымен жұмыс істесе де әлем елдері ұлттық кино өнерін қолдау, дамыту мақсатымен белгілі дәрежеде демеушілік жасайды. Саланың мамандарын даярлауға арнайы мемлекеттік саясат та белгілейді. Айталық, Германияның ұлттық кино кеңесі (German Federal Film Board) кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро мөлшерінде бюджет бөледі. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея секілді елдер отандық кино өндірісін қолдау мақсатымен кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектеп отырады. Кино мамандарын мемлекет қаржысымен шетелдерде білім алуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі кино өнерін қолдауға арналған мемлекеттік саясаттың бірер бөлігі ғана.
Зерттеуші Малик Журчубаевтың мәліметіне қарағанда, Қазақ жерінде ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ұйымдастырылған көрінеді. Фабри мен Сейфуллин есімді кәсіпкерлер киноны қою кезінде фильмнің көркемдік деңгейін ескермегенін атап көрсетеді, зерттеуші Журчубаев.1919 жылы 19 тамызда Халықаралық Комис­сарлар Кеңесінің «Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен кино­өн­діріс орындарын мемлекеттендіру» жө­ніндегі Декреті қабылданып, 1921 жыл­дың қазанында Бүкілодақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы бөлімі құ­рылады. 1924 жылдың соңына қарай 44 кинобірлестіктер жұмыс істей бастады. Соның ішінде, Алматыда (округ бойынша) – 10 , Ақмола бойынша -9, Орал округі бойынша – 15 және бірқатар қалаларда бірден-екіден кинотеатрлар іске қосылды. Осыдан бастап киноқондырғылар саны қазақ жерінде өсті – деген деректі «Киностан» порталы ұсынып отыр.
Тұңғыш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында: «1937 жылы «Ленфильм» киностудия­сы толықметражды «Амангелді» дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз» («Кино: жылдар, ойлар», Алматы: Өнер.1983 ж. 10 бет) – деп, еліміздің кино тарихынан нақты мәлімет беріп кеткен.
Кейбір деректерде сценарий жазуға Бейімбет Майлиннің де атсалысқаны туралы айтылады. Фильм идеясы Кеңес үкіметін насихаттауға бағытталғандықтан, Алаш көсемдерін жағымсыз кейіпкерлер етіп бейнелеген.
Кино өнердің жаңа түрі ретінде әу баста капиталистік елдерде бизнес көзі болып қолданылса, социалистік жүйеде оны идеологиялық насихат құралы деп танып, саяси маңыздылығына ерекше мән берді. Соған қарамастан, «Казақфильм» киностудиясы халықтың көңілінен шығатын туындыларды совет кезеңдерінде де жасады. Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев сынды аты аңызға айналған режиссерлер қазақ өнерінің тарихында өшпес із қалдырды. Қатал цензураның қысымына жүрсе де «Сенің сәбет өкіметіңді жылатқанмын. Сені де мұрныңнан жетелеп зар илетемін» деп, «Даладағы қуғын» фильмінде еркін даланың батыры Құдыренің аузына сөз салып берген А.Қарсақбаевтың ерлігінің өзі неге тұрады. Бердібек Соқпақбаевтың советтік тар өлшемге сыймаған азат ойларын да экранға шығарғандығы қазақ режиссерінің батылдығы мен ерен еңбегінің жемісі болатын. Дулат Исабековтің «Гауһартасы» секілді көңілге жақын тартымды туындылар да болды. Бірақ, «Москва слезам не верит», «Служебный роман», «Ирония судьбы, или с легким паром!» секілді шедевр фильмдер жасалған жоқ. Жарайды, ол тұста компартияның жергілікті жандайшаптары шығармашылыққа еркіндік бермеді, мәскеуліктердей үлкен орта қалыптаспады деп ақталу оңай шығар. Дегенмен, қайта құру кезінде советтік цензура алынып тасталған 1985-1990 жылдар аралығында өзге республикалар Брежнев заманындағы қоғамда белең алған әлеуметтік әділетсіздіктер мен қоғамдағы былық-шылықтарды әшкерелеген өткір фильмдермен дү­ние­ні дүр сілкіндірді ғой. Сол тұста «Қазақфильм» ғана суырылып алға шыға алмады. «Беларусьфильм» – «Менің атым Арлекиносымен», М.Горький атындағы жастар және балалар киностудиясы «Воры в законе» және «Маленькая Вера»сымен, көрші «Өзбекфильмнің» өзі «Шок», «Прощай, зелень лета…» секілді туындыларымен жарты әлемді жаулап, көрермендерін таңдай қақтырды. Советтік республикалардың бәрі де әрекетсіз қалмады, тек «Қазақфильм» ғана тым-тырыс жатты. Тәуелсіздік жылдарында жасалған еңбектердің ішіндегі ең елеулісі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің әңгімесінің желісімен жасалған режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» фильмі еді. Осы туындыдан кейін жөні түзу шыққан кино атаулы да тым сирек. Ресейлік режиссер Станислав Говорухиннің «Ворошиловский стрелок» сынды бүгінгі өмір шындығын дөп басқан кереметі болмаса да ортаңқол деңгейдегі ауыз толтырып мақтанарлықтай туынды бізде жасалмады.
Оның үстіне Серік Қилыбаев пен Тимур Бекмәмбетовтер «Громовы» атты кесек туындысын неге өз туған топырағындағы «Қазақфильмде» жасамады деген сауал да әрдайым көкейде тұрады. «Саямыздан сайғақ құрлы сая таппады» ма, әлде, басқа бір сыры ма?
Ештеңе болмады деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, әрине. Сатыпалды Нарымбетов, Серік Апырымов, Талғат Теменов, Ермек Тұрсынов, Досхан Жолжақсынов, Рүстем Әбдіраш, Ақан Сатаев секілді көптеген режиссерлер өз деңгейінде біраз тер төкті, туындыларын ұсынды. Араларында әуесқой киношылар да өз өнімдерін шығарды. Қыруар қаржы жұмсап, шет жұрттан әйгілі әртістер шақырып, ғұлама ғалымдарымыз кеңес беріп, ала шапқын болып түсірген «Көшпенділер» фильмі біз күткендей нәтижеге жете алған жоқ. Солардың арасынан іліп алар мазмұндысы «Біржан сал» ғана. Ал, ең көп пайда тапқаны «Жаужүрек мың бала» болар. Ескісі бар, жаңасы бар қазіргі таңда ірі қалаларымыз кинотеатр атаулыдан кенде емес. Бірақ, сонда көрсетілетін ұлттық фильмдеріміздің сапасын айтпағанның өзінде сан жағының халінің өзі нешік.
Таяудағы бір жылдың өзінде елімізде «22 толық метражды фильм жарыққа шықса, оның жетеуі халықаралық кинофестивальдарға қатысты» деген дерек баспасөзде кездеседі. Кіno.kz ста­тистикасының мәлімдеуіне қарағанда, отандық фильмдер прокаттың 3,9 пайызын құрайды. Фильмдердің 50 пайызға жуығын «Қазақфильм» киностудиясы түсірсе, қалғаны жекеменшік студияларда тиесілі көрінеді. Десек те, сол фильмдердің нешеуін жұрт ауыздан тастамай сөз етіп жүр? Қайдам, көрген жандардың өзі атын атап, түсін түстеп бере алар ма екен. Жалпы, белгілі бір киноны сол елдің бүкіл халқы тайлы тұяғы қалмай көруі некен саяқ шығар. АҚШ-тың өнер рыногінде кинотеатр арқылы ең көп табыс әкелген «Guardians of Galaxy» атты фильмді бір жылдың ішінде ел халқының 10 пайызына жетерліктей ғана бөлігі көрді деген дерек бар. Бүкіл әлемдегі ең көп пайда тапқан киноларды өз елінде көрерменнің орта есеппен 5-10 пайызы ғана тамашалаған болып шығады екен. Бізде бұл жайында нақты зерттеулер жасалмағандықтан сырттай тон пішуден аулақпыз. Десек те, талғамға сай сапалы әрі мазмұны терең туындылар жасалса, оған лайық көрермен де табылары анық.
100 жылдық тарихы бар кино, Қазақстанға кешігіп келді. Қазан төңкерісінен кейін пайда болған қазақ киносының алғашқы туындысы «Амангелді» деп аталды. «Ленфильм» студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Оның режиссері Марк Левин болса, Амангелдіні сомдаған әртіс Елубай Өмірзақов еді. Міне, осылай алғаш қазақ киносы өмірге келді.
Сұрапыл соғыс жыларында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, ЦОКС (Біріккен орталық киностудия) деген атпен өзінің қызметін бастады. 1941 жылы 12 қыркүйектеАлматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежіреліқ фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Дәл осы мерейлі күнді, яғни 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Бауыржан Нөгербеков, 2005 жылы ұсынған болатын. Сол уақыттан бері бұл атаулы күн тойлануда.
Қазақ киносында «Амангелдіден» кейін талай-талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен кешегісін суреттейтін туындылар дүниеге келді. Әсіресе ел жадында «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Девушка джигит» және т.б. көптеген фильмдер сақталып қалған. Жарты ғасырдай тарихы бар бұл туындылар әлі де болса көрерменнің сұранысында. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Экранға қазақ халқының өткен өмірін көрсететін,“Абай әні” (1946), “Шоқан Уәлиханов” (1957), “Қыз Жібек” (1972), “Сұлтан Бейбарыс” (1989), “Отырардың күйреуі” (1992), “Махаббат бекеті” (1993), “Жамбылдың жастық шағы” (1996), т.б. картиналар шықты. Балаларға арналған “Қанатты сыйлық” (1956), “Менің атым Қожа” (1963), “Қызыл тас заставасы маңында” (1969), “Көксерек” (1973), “Алпамыс мектепке барады” (1976), “Балалық шақтың кермек дәмі” (1983), “Сүйрік” (1984), “Ауылым Алатаудың баурайында” (1985), т.б. секілді фильмдер жарық көрді.
Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін киноның жағдайы мүлде өзгерді. Бұрын идеология құралы саналатын өнер түрінің Қазақстанда дамуы баяулап, сапасы да төмендеді. Тек соңғы жылдарда ғана бұл салаға қайта көңіл бөліне бастады. Өмірге көптеген жаңа туындылар келді. Шедевр-фильм, оқиғалы-фильм, ұмытылатын-фильмдер бар, сандай-ақ ерекше фильмдер де бар. Мұндай кино көрерменің жүрегіне бірден жол тауып, ерекше әсер қалдырады. Олардың тіптен өмірге, киноға деген көз қарастары, тілдері бөлек. Бұл туындылар барлық бұқараға дініне, ұлтына, мәдениетіне бөлместен түсінікті болуды өздеріне мақсат еткен. Мәселен, ондай ерекше киноға Сергей Дворцевтың «Қызғалдағы» (Тюльпан) жатады. Бұл фильм Канны қаласында (Франция) өткен Халықаралық кинофестивальде «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. «Қызғалдақ» фильмі Қазақстанның ауылдары мен шалғайдағы аймақтарында тұратын шопандардың тауқыметті өмірі жайлы сыр шертеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тағы бір жаңалық бұл, әуесқой режиссерлердің пайда болуы. 2008 жылы Қазақ киносына мүлдем қатысы жоқ, беймәлім режиссер Еркін Рақышевтың «Жаралы сезім» туындысы көрерменге жол тартты. Алғаш экранға шығысымен үлкен сынға іліккен туынды, қарапайым халық арасында жақсы бағаланды. Алайда мамандар бұл фильмді, режиссердың атына кір келтіру деп те санады. Бірақ, қанша сынға, теріс пікірге ілінген туынды, ақыры қазақ киносына жаңа леп алып келді. Одан кейін де «Қарой», «Бақсы», «Қайрат-чемпион. Девственник №1» кинолары көрерменін бей-жай қалдыра алмады. Тіптен, қарапайым халық қалып, жоғары лауазымды адамдар да киноға қызығушылығын танытты. Депутаттар талай жиында осы киноларды сөз етіп, «Мәдениет Министрлігі қайда қарап отыр» деген де болатын.
Жалпы, кино 4 салаға бөлінеді: көркем фильм, деректі, мультипликациялық және ғылыми-көпшілік кино. Көркем фильм кино өнерінің негізгі және кең таралған түрі. Ол әдеби шығарма желісі немесе арнайы жазылған сценарий бойынша актерлердің қатысуымен жасалады. Мұндай фильмдерге жоғарыда аталған кинолардың барлығы кіреді. Деректі киноға тарихта, өмірде болған мәні зор оқиғаларды баяндайтын фильмдер мен киножурналдар жатады.Кез келген қоғамда деректі киноның орны ерекше. Себебі бұл кинолар-сол қоғамның тарихы. Өткені мен бүгінін, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын келешек ұрпаққа қалдыру. Әр деректі кино бір оқиғаның куәсі. Мәселен, «Ұлылардың ұрпағы». Туындыда ғалым Құдайберген Жұбановтан бастап Ажар Жұбановаға дейінгі бір әулеттің тарихы көрсетілген, «Қазақтың Бауыржаны», фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында»(1985), «Қарасаздан шыққан мұңлы ақын»(1991) және т.б. «Қазақфильмның» соңғы деректі киносы Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арнаған туындысы. Мультипликациялық кино суреттер мен қуыршақтарға қимыл бере отырып жасалады. Ғылыми-көпшілік кино — жұртшылыққа жаратылыс пен әлеуметтік құбылыстарды ұғындыратын, өнер сырларымен таныстыратын фильмдер жиынтығы.
Қазақ киносы дегенде алдымен «Қыз Жібек» пен «Біздің сүйікті дәрігер» сынды классикалық дүниелер елестейтіні сөзсіз. Алайда қазіргі уақытта отандастарымыз соңғы шыққан туындыларға да жоғары баға беруде. «Қызыл қоян жайлы әңгіме», «Жоюшы», «Менің балалық шағымның аспаны», «Ғашық жүрек» сынды фильмдер шет елдік картиналарға қарағанда халыққа кеңінен танылды. Көпшілік бұл фильмдерді жылы қабылдады. Тіптен, Мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Деректерге сүйенсек
2003-2008 жылдардағы «Ұлттық филмдер өндірісіне» республикалық бюджеттен1392527 мың теңге көлемде қаражат бөлінген. Осы жылдар ішінде 80 фильм жарық көрген. Олардың арасында: 33 көркем (соның ішінде -7 қысқа метражды) фильм, 30 деректі фильм , 16 анимациялық фильм бар екен. Бүгінгі таңда көптеген көрермен қазақ киносы нашар, түсірілуі де шет елдік әріптестерінікімен салыстыруға келмейді деп ренжиді. Әрине, бұл орынды болар. Алайда «көш жүре түзеледі» деген халық емеспіз бе, уақыт өте бізде «Голибуд» түсірген киноны түсірерміз. Ал, әзірге осығанда шүкір. Қазақ киносы-қазақ тарихы. Өшпес із қалдырар мәдени мұра. Ертенгі күнге бүгіннен естелік.Қазақ киносы дегенде алдымен «Қыз Жібек» пен «Біздің сүйікті дәрігер» сынды классикалық дүниелер елестейтіні сөзсіз. Алайда қазіргі уақытта отандастарымыз соңғы шыққан туындыларға да жоғары баға беруде. «Қызыл қоян жайлы әңгіме», «Жоюшы», «Менің балалық шағымның аспаны», «Ғашық жүрек» сынды фильмдер шет елдік картиналарға қарағанда халыққа кеңінен танылды. Көпшілік бұл фильмдерді жылы қабылдады. Тіптен, Мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Деректерге сүйенсек
2003-2008 жылдардағы «Ұлттық филмдер өндірісіне» республикалық бюджеттен1392527 мың теңге көлемде қаражат бөлінген. Осы жылдар ішінде 80 фильм жарық көрген. Олардың арасында: 33 көркем (соның ішінде -7 қысқа метражды) фильм, 30 деректі фильм , 16 анимациялық фильм бар екен. Бүгінгі таңда көптеген көрермен қазақ киносы нашар, түсірілуі де шет елдік әріптестерінікімен салыстыруға келмейді деп ренжиді. Әрине, бұл орынды болар. Алайда «көш жүре түзеледі» деген халық емеспіз бе, уақыт өте бізде «Голибуд» түсірген киноны түсірерміз. Ал, әзірге осығанда шүкір. Қазақ киносы-қазақ тарихы. Өшпес із қалдырар мәдени мұра. Ертенгі күнге бүгіннен естелік.
Қазақ ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен дамуы (1991–2010 жж.)
1990 жж. тұсында жеке киностудиялардың саны шамамен 30-ға жетті. Бұл киностудиялар мен кинобірлестіктердің экономикалық мүмкіндіктері əзірге тек шағын бюджеттік авторлық фильмдер өндірісі төңірегінде ғана еді, сол себептен де осы жылдары экранға көптеп шығып жатқан фильмдердің біразы аз да болса мемлекет тарапынан да қосымша каржыландырылып отырды. Мемлекеттік қаражат жəне жеке киностудиялар бірлестігі нəтижесінде 1990 ж. 14 көркем туынды экранға шықты (12 фильм жеке киностудиялар үлесінде, ал 2 фильм мемлекет тарапынан қаржыландырылды). 1991 ж. көлемінде экранға 18 көркемсуретті фильм шыққан болса, оның тең жартысы жеке киностудиялардың үлесінде. Бұдан былайғы жылдарда да жеке киностудиялар өндірісі мемлекеттік қаржыландырулармен тепе-теңдікте болды, тіпті кей тұстарда басымырақ болды деуге дəлел бар: 1992 ж. 12 толықметражды көркемсуретті фильмдердің ішінде 10 фильм, ал 1993 ж. экранға шыққан 15 көркемсуретті фильмнің ішінде 13 фильм жеке киностудиялардың үлесінде. Қоғамдағы экономикалық қатынастардың өзгеруі Қазақстан киноөндірісіне тоқырау кезеңін əкелді.
Тарихи əділеттілікті де қайта қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінді. Кеңестік кинематографиялық тарихнаманың жетпіс жылдығынан кейін Қазақстанның кинематографистеріне өздерінің елдері мен аймақтарының тарихындағы маңызды деген тарихи тұлғалары туралы айтуға мүмкіндік туды, сонымен қатар тарихтың өзгерісті кезеңдері туралы айтуға үлкен мүмкіндік туындады. Мұндай міндетті «Гибель Отрара», «Батыр Баян», «Юные годы Абая», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Юность Жамбыла» жəне т.б. фильмдерін құрастырушылар алға қойған еді.
Картиналар өз заманының рухы мен көңіл-күйін көрсетеді. Жалпы алғанда, əр кезеңдегі фильмдерде Қазақстанның 1990 жж. басындағы тəуелсіздік алуы, 1997–1998 жж. шешілмеген əлеуметтік жəне экономикалық мəселелерден туындаған күйзеліске дейін байқалады. Бұл күйзеліс максималды деңгейде Дарежан Өмірбаевтің «Киллер» фильмінде көрініс тапқан, ол 1998 ж. Канн кинофестивалінде «Особый взгляд» бағдарламасының бас жүлдесін жеңіп алған.
Жаңаша заманның фильмдерінде айтарлықтай өзгерістер туындады:
Үй мен отбасының жағымды бейнелері қалыптаса бастады. Бір қызығы, барлық негізгі оқиға қаладан дəстүрлі кеңістік — ауыл мен қыстаққа ауысқан. Ғасырлар бойғы халықтың ғұрыптық өмірі мен салт-дəстүріне сүйене отырып, режиссерлар дəстүрлі мəдениеттің ерекше əлемін қайта жаңғырта бастады. Фильмдерде бірнеше ұрпақтардан тұратын — əжелер мен аталар, немерелер мен шөберелер бар үйлесімді отбасылар пайда бола бастады . Мұндай фильмдерді түсініп қабылдай бастады, сонымен бірге, ақыры, біздің шынай өміріміз бен менталитетімізді көрсететін фильмдер түсіріле бастады. Бұған таң қалатын ештеңе жоқ, себебі отбасы қоғамның негізгі əлеуметтік капиталы болған жəне болып қала береді, əсіресе бізде, Орталық Азияда.
Бүгінгі таңда қазақ киносы аймақта көшбасшы. Тəуелсіздіктен кейінгі жылдарда киноны мемлекет қаржыландырды. Қазақстанда «Көшпенділер» атты үлкен жоба жасалынды. Мемлекеттік киностудия «Қазақфильммен» қатар, жеке меншік продюсерлік орталықтар жұмыс жасауда жəне онда ауқымды киноөнімдер («Тюльпан», «Рэкетир», «Айнур», «Монгол», «Ближний бой» т.б.) шығарылуда.
Жаңа толқын режиссерлары арқасында қазіргі уақытта Қазақстан кинематографы кино əлемінде өз орны бар жəне халықаралық белді кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындар алуда.
Алайда сонғы жылдардағы жеке көзқарасы мен шығармашылықта өз орны бар режиссерлардың кинематографтан кету тенденциясы орын алуда. Серик Апрымов Америкаға кетті, Абай Қарпықов, Бахыт Килибаев, Александр Баранов ресей кинематографының беделін арттырып, Мəскеуде жұмыс істеп жəне сонда өмір сүруде.
Қазақстан киноөндірісі құбылмалы түрде дамып жатыр деп айтуға болады: ойластырылған тақырыптық жоспар жоқ, тарихи жəне заманауи фильмдер арақатынасы тепе-тең емес, жоспарлы фестивальдік жəне көрермендік жетістіктер, жанрлық əр түрлілік жəне т.б. Сондықтан Қазақстан кинематографының ұлттық құрылыс элементі жоқ, тек «Көшпенділер» фильмі Республика имиджі үшін жақсы əсер етті.
Басқа маңызды мəселе — қазақстандық фильмдер көрермендерге жетпейді, себетке немесе есеп үшін түсірілуде. Əрі кетсе, кинофестивальдерге қатысады. Бұл үрдіс киноөндірісті мемлекет қаржыландырады, ал фильмді прокатқа шығару жеке меншік қолда, жəне бұл үрдістер мемлекеттік деңгейде үйлестірілген. Осылайша, Орталық Азия аймағында қазақ киносы жетекші орынға ие жəне əлемдік қауымдастықта белгілі қызығушылық тудыруда.
Қазақстан киноөндірісінің қалыптасуы мен дамуы, киноөндіріс қайраткерлерінің шығармашылық өсімі белгілі қиындықтармен қатар жүрді. Бұл қиындықтар қазақ киносының бастапқы кезеңінде, ол өзінің дəстүрі, өзіндік жазуы, ал жұмыскерлердің тəжірибесі болмаған кезеңде ерекше байқалды. Сондықтан Қазақстан кинематографистерінің алғашқы қадамдары өте жасық жəне сенімсіз болды. Оған кино өнерін зерттеп, спецификасын игеруге біраз уақыт, білім қажет болды. Қазақ киносы қайраткерлеріне жұмыста жетістікке жетіп жəне ұлттық кино өнердің дамуын қамтамасыз ету үшін əрдайым шығармашылық ізденіс жүргізу қажет болды. Қорытынды — сабақ жəне тəжірибе, бұл екеуінсіз өнерде, одан басқа да жұмыста да алға жылжу мүмкін емес.
Əрине, жақсы немесе жаман болжамдар жасауға болады, бірақ бізді позитивті даму жолы күтіп тұр деген ойдамыз. Алайда ол үшін кинематограф бизнес заңымен, мемлекеттік тапсырыс емес, жұмыс жасап, жас, келешегі мықты кинематографистерге көңіл бөлген жөн.
Қорытындылай келе, қазақ киносының құрылу мен даму үрдісі айтарлықтай дəрежеде ресейлік, Орталық Азия мемлекеттері жəне алыс шетел киноөндірісімен байланысты екендігін ашып көрсеткіміз келеді. Алайда қазақ киносының қалыптасуы мен дамуы барысында шығармашылық кадрлар да өсті: режиссерлер, операторлар, суретшілер, дыбыс операторлары, өндірісті керемет ұйымдастырушылар: директорлар мен көріністі ұйымдастырушылар жəне т.б.
Сонымен, Қазақстанда жəне əлемнің басқа да мемлекеттері мойындаған ұлттық өнердің қиын, əрі жаңа түрін жасау, кино маманын жəне елеулі фильмдерді шығарып, даярлау қазақ кинематографиясы үшін маңызды. Бизнес, мәдени құндылық әрі өнер ретінде кино-индустриясының жан-жақты мүмкіндіктерін әлем елдері барынша тиімді пайдаланып жатыр. Біз үшін де бұл бүгінгі күнгі кезек күт­тірмейтін өзекті проблема. Әлем нарығына жарқ етіп шығып, жұлдызға айналу, атақты кино-фестивальдарда топ жару, сол арқылы мол пайдаға кенеліп қазақтың атын дүниежүзіне әйгілеу әр режиссердің арманы екені мәлім. Бірақ, 120-дан астам жыл бойы үзіліссіз алға жылжып ірі мәдени құрылым мен күрделі кино өнерін қалыптастырған жоғары өркениет әлемімен бәсекелесуге біз қаншалықты қауқарлымыз? Дәл қазіргі жағдайымызбен, бүгінгідей пси­хологиямызбен таяу болашақта қымбат қаржымен блокбастер жасап, Голливудпен бәсекеге түсе алмайтынымыз басы ашық әңгіме. Ең дұрысы, халықаралық кино топтарымен ынтымақтасып, бірлескен жобаларды жүзеге асырсақ, тиімділігі айтарлықтай болуы ықтимал.
Мемлекет тарапынан кино өнері саласына маман даярлауға көңіл бөлінуге тиіс деп ойлаймыз. Режиссер, сценарист, оператор секілді шығармашылық иелерімен қатар саланың арт-менеджерлерін, инженер-техникалық мамандарын да еларалық келісім-шарттар негізінде Батыстың алдыңғы қатарлы оқу орындарында даярлауға болады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жоғары талап қойып, сапалы әрі маңызды кино жобалар ғана қаржыландырылса. Халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, беделдері бел асқан кино фестивальдарда топ жарып, сыйлық алған дамушы елдердің кино туындыларына зер салсақ, бәріне ортақ бір сипатты аңғаруға болады. Олардың бәрі де коммерциялық мақсат көздемеген, таза өнер туындылары болып келеді екен. Сондықтан да болар, кино өнерді қолдайтын әлемдік қорлардан көмек алғаны және шетелдік туындыгерлермен, продюсерлермен бірлесіп жұмыс істегендері байқалады. Ал, мазмұны жағынан келгенде, әр кино­туынды өз ұлтымыздың тыныс-тір­ші­лігін, ерекшелігін, шынайы болмысын көркем де шебер бейнелеп жатса, қанеки. Кейде біз өз ортамызға әбден көз үйреніп кеткендіктен көп дүниеге назар аудармауымыз да мүмкін. Біздегі өзіміз мән бермейтін тұрмыс салтымыз, қоғамдағы көріністер шет жұртты тамсандыруы да ықтимал. Сондай-ақ, пайда табу көзделмейтін киноларға техникалық тұрғыдан аса қатты талап қойыла бермейтіндігін ескеруге тиіспіз. Арт-киноны ешкім де қыруар қаржымен немесе мықты техниканың күшімен жасамайды, ол тың идея мен ой еңбегінің жемісі. Сондықтан, фильм­дер нарығында шашетектен пайдаға кенелмесек те, кино өнермен неге әлемді таңдай қақтырмасқа.
Кино дегеніміз белгілі бір дәуір мен қоғамдық көріністермен үндесетін тірі организм. Қоғамдағы түрлі шырғалаңдардан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлейтін заңдылық та оған тән болса керек. Кино – өнер ғана емес, өндіріс екендігі белгілі болып отыр. Жылына ең көп кино өнімін жасап шығаратын нысан ретінде Болливуд аталады екен. Үндістанда бір жылда 1000 кинотуындының жарыққа шығуы әдеттегі көрініс. Ал, біз киноның отаны санайтын Голливудтың тағайындаған стандарты бойынша олар бір жылда көп ұзаса 100-дей фильм ғана жасайды екен. Гиннестің кино жайындағы кітабында ең көп фильм шығарған ел ретінде Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі Жапония аталады.
Кино – белгілі бір топты емес, бүкіл қоғамды жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл-күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Ұлттар мен ұлыстардың тілдері, салт-санасы өзара қандай айырмашалықта болса, белгілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс. Себебі, әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, даму жолдары, әлеуметтік жағдайы, географиялық ахуалы бір-біріне ұқсай бермейтіні секілді көзқарастары мен дәстүрінің де өзіндік сипаты бар. Осы сипатымен кино дегеніміз белгілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құлқын, ділін, тұрмысын бейнелейтін маңызды дерек болып қала бермек. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық кино өнеріне көңіл бөлудің маңыздылығы одан сайын арта түсуі тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет