ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ АҒАРТУШЫ-ДЕМОКРАТТАРЫНЫҢ СЫНИ ОЙЛАРЫ Лекция мақсаты: Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың еңбектеріндегі сыни ойлармен танысу. Сұрақтар: Ш.Уәлихановтың қазақ ауыз әдебиетін зерттеуі. «Манас» жыры
Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» — әдеби педагогикалық сыни ойдың жемісі.
Абай – қазақтың ұлы ақыны. Абай шығармашылығындағы сыншыл реализм.
Абайдың сөз өнері туралы ой-пікірлері. Абай эстетикасы – қазақтың сыншыл ой-
пікірінің биік шыңы.
Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың еңбектеріндегі сыни ой-пікірлер.
Г.Потаниннің Шоқан Уәлиханов «Қазақ әдебиетінің өркендеуіне негіз сала алар еді» деген тезисінің мәні және Шоқан еңбектерінің көркемдік қасиеттері мен публицистикалық ой-түйіндері.
Шоқан - қырғыздың ұлы эпосы «Манасты» тұңғыш зерттеуші.
Шоқанның ауыз әдебиетіне көзқарасы және оның үлгілерін жинап, зерттеуі. «Қазақ халықтық өлеңдерінің түрлері туралы» еңбегінде қазақ өлең түрлері мен өнерпаз дарындарды классификациялауы.
Шоқан - қазақ халқының ғылыми ой-пікірі оянуының қарлығашы.
Ыбырай Алтынсарин жасаған «Қазақ хрестоматиясының» тарихи мәні. Хрестоматия жасау - ғылыми-сыни ойдың жемісі. Ыбырайдың ана тілінің тазалығын сақтау жолындағы күресі және қазақ тілін өркендету жайындағы ойлары.
Ыбырай - қазақ халқының педагогикалық ой-пікірін жүйелі негізге салған, сыншылық ойға педагогикалық арна дарытқан дарын.
Абай Құнанбаев - сыншыл реализм дәстүріндегі жаңа эстетикалық мұратты қалыптастырған, сөз өнерінің қадір-қасиетін жаңа сатыға көтерген ұлы ақын. Өлеңге, ақындық дарынға Абайдың көзқарасы. Көркем сөздің қоғамдық және әлеуметтік мәнін ашуда Абайдың ролі. Өнерпаз дарынды қадірлеу, көркем сөзді ел кәдесіне асыру, қазақтың мақал-мәтелдердің мәні және оларды сын елегінен өткізе бағалауы, түр мен мазмұнның ажыраспас бірлігін талап ету, оқушы мен тыңдаушыны тәрбиелеу, көркем шығарманың әлеуметтік мәнін ашу - Абай негізін қалаған жаңа эстетикалық мұраттың негіздері.
Абай - қазақтың эстетикалық таным-білігінің жаңа нормасын жасушы. Қазақтың ұлы ағартушы-демократтарының сыни ой-пікірдің қадасын қадап, өрісті арна тауып берудегі тарихи еңбектерінің мәні.
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
- Шоқан еңбектерінің көркемдік қасиеттері мен публицистикалық ой-түйіндері қандай?
- Ыбырай Алтынсарин жасаған «Қазақ хрестоматиясының» тарихи мәні.
- Абайдың сөз өнеріне, өнерпазға қояр талабы қандай?
- Абай өлеңдеріндегі сыншыл реализмді атап көрсетіңіз.
Әдебиеттер тізімі: Қаратаев М. Казахская литературная критика на современном этапе. Алма-ата, 1974.
Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы, 1996.