Лекция. Н. Назарбаев. «Мәдени мұра» бағдарламасы


лекция. Түркі тілдерінің қалыптасуының тарихи кезеңдері. Шумер тілі



бет5/15
Дата20.02.2023
өлшемі81,7 Kb.
#69533
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
5 лекция. Түркі тілдерінің қалыптасуының тарихи кезеңдері. Шумер тілі
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» [1] деген жолдардан біз өмір сүріп жатқан жаһандану дәуірінде өркениеттер тарихынан алатын орнымызды анықтайтын кез жетті деген ойды аңғарамыз.
«Адамзат тарихының басым бөлігі - бұл өркениеттердің тарихы. Өркениеттер деңгейіндегі теңдестіру бұрынғыдан да неғұрлым маңызды бола түспек, - дей келіп, - бір жағынан, Батыс өз қуатының шыңына шығып отыр, ал екінші жағынан, батыстық емес өркениеттер арасында өзінің түптөркініне қайта оралу жүріп жатыр» деп біледі (2, 484). Бұл өтіп жатқан дөңгелек үстелдің мақсаты, біріншіден, түркі өркениетіне тиісілі шындықты орнықтыру, екіншіден, адамзат мәдениетін бірлігіне көз жеткізу. Адамзат мәдениетінің ортақтығы О.Сүлейменовтің «Сөз коды» деп аталатын кітабында көтерген мәселе –тарихқа дейінгі және ерте ғасырлардағы адамзаттың ұлы қоныс аударулары деген мәселеге келіп тіреледі[3]. Осы кітапта адамзаттың бастауы Кения деп түйінделеді. Рас,алғашқы адамдардың пайда болу нүктесі ретінде Африка -әлем түгелдей мойындаған жер, бірақ бұл біреу емес. Жер шарында «адамзаттың ұлы көштері» орын алған мекен ретінде ғылымда Ұлы Дала Қазақ жері де таныла бастады.
«Адамзат қоныстанған жерлерде мыңдаған диалектілер өрбіген тіл туды; рухани және материалдық мәдениет пайда болды. Ойшыл Адам Ақыл иесі болды» делінген «Сөз коды» кітабында [3,3]. Бүгінгі күні түркі ғалымдарының, соның ішінде қазақ ғалымдарының назарын аударып жүрген өзекті мәселе- түркілер мен шумерлердің арасындағы байланыс, жақындық мәселесі. Түркі тілінің даму кезеңдерін айқындау – оның жасын анықтау болып табылады. Түркі тілдерінің ғалымдар анықтаған басты-басты кезеңдеріне сипаттама бергенде, шумер деген сөз ауызға да алынбады. Мұның себебі- шумерлердің кім екендігін, қайдан келгендігін, мәдениеті мен тілі қандай болғандығын білмегендіктен, тіпті шумерлердің түркі халқына жақындығын ескермегендіктен болып жатты. Шумерлерді тану, шумерлердің тілі мен мәдениеті жайында сөз ету- түркілердің мәдениетін ең ежелгі адамдардың мәдениетіне дейін жеткізіп, түркі халықтары мен түркі тілінің жасын ұзарту болмақ. Мұның бәрі бұдан 5000 жылдай бұрын болған еді, сондықтан олардың қазіргі адамдарға, шумерлер мәдениетінің қазіргі мәдениетке қатысы бар дегенге ешкімнің жүрегі дауаламас еді.
Шумерлер жайлы даулы пікірлер көп болса да, бәрінің мойындаған бір нәрсесі – шумерлердің осы қонысқа басқа жақтан келгендігі. Бұл халықтың этникалық жақтан және тілі мен мәдениеті жағынан Солтүстік Месопотамияда тұратын семит тайпаларына жақындығы жоқ, жат халық болғандығы дау туғызбады. Шумер тілін өз тілдеріне ұқсатқысы келгендер көп болды. Көптеген ғалымдар шумерлердің оңтүстіктен келгендігін бірауыздан мойындады. Шумерлердің Парсы шығанағының тұрғындары емес екендігін, шумер мәдениеті Қосөзендегі убейда мәдениетінен тарамағандығын, оның түп- тамыры әзірге белгісіз өз елінде жатқандығын Эрих Церен айтты [4]. Чехияның ассиролог ғалымы Б.Грозны 1943 жылы шумерлердің Месопотамияға көшіп келуі екі дүркін жүзеге асырылғандығын, бірінші толқын, оның айтуынша, Эль-Обейда дәуірінде, екіншісі- бірнеше жүздеген жылдардан кейін Урук дәуірінде жүзеге асырылғандығын, шумерлердің Орталық Азиядан келгендігін дәлелдейді[5, 17].
Қазақ ғалымы А.К.Нарымбаеваның «Туран- колыбель древних цивилизаций» атты еңбегі ғылыми кеңістікте әділ тарихи бағасын ала алмай жүрген түркі халқының әлемдік өркениеттің түп қазығы болып, бүкіл адамзатқа мәдениет, технология, ғылым, білім, жазу, діни наным-сенімдерді алып келген халық болғандығын ұлы тұрандықтардың ата мекенінде отырған өз халқына дәлелдеп берді. Бүкіл әлемге бұдан 5000 жыл жыл бұрынғы өркениетті мәлімдеген Аркаим қазбаларын алға тартып, Ұлы дала-Тұранның металлургияны, құрылыс ісін, астрономиялық ілімді, жоғары мәдениетті дүниежүзіне қалай таратқандығы жайлы ой түйеді «Как известно, население Турана как раз относится к «средиземноморской» расе, включая и скифов-саков, и половцев-кыпшаков. Вспомним, что именно В Древнем Казахстане сформировался этот европеодный тип населения. Прототюрки как раз расселялись с палеолита-мезолита именно в эти регионы в трех направлениях: через Балканы в зону Средиземноморья, через Среднюю Азию на Средний и Ближний Восток и в Индию, а с эпохи бронзы и через Кавказ»[5,310].
М.Белицкийдің мынадай тұжырымын айтпасқа болмайды: «Шумерлер келген ел Азияда, олар таулы өлкеден келген, бірақ тұрғындары теңізде жүзу өнерін білген. Шумерлердің таулы мекеннен келгендігін олардың храмдарды тұрғызу тәсілінен көруге болады. Таулы өлкеден келгендігін дәлелдейтін тағы бір факт: шумер тілінде ел және тау деген сөздер бірдей жазылады» [6,12].
Шумерлер ежелгі түркілердің мекені Ұлы Даланың бүкіл байлығын, бай мәдениетін өздерімен бірге Парсы шығанағына, Қосөзенге алып кетті де, соның негізінде атақты шумер мәдениетін қалыптастырды» деген көзқарас қалыптасып келеді. Бұл көзқарастың дұрыстығын алғашқы адамдардың жазуы болып табылатын пиктограммалардың Қазақстан жерінен табылуы да дәлелдейді. Қазақ жері де алғашқы адамдардың пайда болған төрт нүктенің бірі. Ертедегі Урук қабатында табылған тақтайшалар адамды, адамның дене мүшелерін, құрал-саймандарын бейнелеген пиктограммалар болған. Шумерлер дәуірінде-өте ежелгі дәуірде адамдар енді-енді ойлауға қабілетті бола бастаған кезде, бір нәрсе жайында айтқысы келгенде, басынан кешкен оқиғалары мен ойына келген идеяларын жазып қалдырғысы келгенде, өзі мекендеген жерлердегі тау-тастарға, үңгірлерге суреттер салған. Осылайша жазудың алғашқы түрі- пиктографиялық немесе суретті жазу пайда болды. Шумерлердің пиктограммалық жазуы Қазақстанның көп жерлерінде, әсіресе, Алматы, Тараз, Шығыс Қазақстан облыстарында таудағы тас жазуларда сақталған. Шумерлердің наным-сенімдері мен әдет-ғұрпындағы құдайға садақа беру ісі Тамғалы тастағы суретті бедерден де көрінеді.
Жазумен айналысқан адамдарға символдарды жетілдіруге тура келді.Символдың формалары енді суреттен таңбаларға көшкенде, жазу жаңа сатыға көшті. Кейін пиктограммалар идеограммалармен ауыстырыла бастаған. Иероглифтер сөзді білдірген. Иероглифтер адамдарға мыңдаған таңба-белгілерді есте сақтауды мәжбүрлеген. Кейін жазумен айналысатын адамдар таңба-белгілердің санын қысқартуға тырысқан. Адамдардың көбісі сауатты бола бастаған кезде, логограммдар өз қажеттілігін жоя бастады да, фонетикалық белгілер керісінше көбейді. «Бір таңба-бір сөз» делінетін жазудың жүйесі біртіндеп «бір таңба -бір буын» жүйесіне көшкен. Осыдан кейін ғана таңбалар дыбыстық мағына берген де, осыдан буындық жазу түрі пайда болған. Буын таңбаларынан тұрған жазу адамзат үшін маңызды қадам болды. Жазуда таңбалардың саны азайды, әдетте 30-дан 100-ге дейін қолданылды. Олардың ешқайсысы затты білдірмейді, сондықтан оларды жазу оңайға түсті. Буын жазуының классикалық түрі –кипр силлабарийі (б.э.д.1200-400), көнепарсы сына жазуы (б.э.д. 500-300). Қазіргі Үнді және Оңтүстік-Шығыс Азия әліпбилерінің көбісі жазудың буындық түріне ие. Әдетте буындық жазу «дауыссыз+дауысты тіркесінен» немесе бір ғана дауыстыдан тұрады. Жапон тілі фонетикасы жазудың осы түріне жақсы келеді, себебі жапон сөздері үнемі дауыстыға аяқталып отырады. Жазудың тарихын зерттеуші Қ.Сартқожаұлы буындық жазудың кескін таңбаларын бірнеше категорияларға бөліп көрсетіп, байырғы түрік бітіг жазуының буындық кескіндерін археологтардың тапқанын тілге тиек етеді. Сарыөзен І,ІІ жазуында сөзді, буынды белгілегені анық байқалады дей отырып, түркі халықтарының бітіг жазу үлгісінде буындық жазу үлгісі бар екенін айтады [7, 111]. Археологиялық қазбалардың жетістігіне сүйенген А.К. Нарымбаева шумерлердің жазуы Месопотамияда емес, шумерлердің ата мекені Ежелгі Тұранда пайда болғандығын айтады. (5, 310).
Месопотамияға байланысты жаңалықтар қазір көшпенді халықтарға қозғау салды. Европаның адал зерттеушілерінің Месопотамия тұрғындары Азиядан көшіп келген қарабастар, көшпенділер екенін айтқаннан кейін, көшпенділер ұрпағында жаңа серпіліс пайда болып, қарапайым халықтың бұрын-соңды болып көрмеген батылдығы күш көрсете бастады.
Осы батылдық шумер тілін түркі тілдерімен жақындастыруға қадам жасады, жаңа көзқарастарға негіз болған шумер тілі мен түркі тілдерінің табиғаты болатын.
Алғаш О.Сүлейменовтің «АЗиЯ» атты еңбегі қолға түскенде, кітаптың «Үндіевропалық тіл танымы» деген тараушасындағы «грек, латын тілдерінің санскрит тілімен жақын туыстығын алға тартып, олардың о бастағы ортақ қайнар көзден шыққандығына ешбір зерттеуші сенімсіздік көрсете алмас еді» деген пікірі ғылыми көпшілікті елең еткізгені сөзсіз. О Сүлейменов одан әрі сөздік қор, сөздік құрам мәселесіне тоқталып, сөздік құрам екі мың жыл ішінде толық өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігін, ал сөздік қор өзгеріске түспейді дей келіп, үндіевропалық тілдердің бәріне ортақ атауларды тілге тиек етеді, бірақ сөздік қор математикалық лингвистикада барлық сөздіктің 1-2 процентінен аспайтындығы дәлелденгендігін айтады. «Негізгі сөздік қордың 15 проценті мың жылда өліп, олардың орнын басқа сөздер басатынын математикалық лингвистика дәлелдеп берді»[8,206]. Бұл жерде О.Сүлейменов математикалық лингвистика теориясына сүйеніп, «түркілердің көне тілінде б.э.д ІҮ мыңжылдықта 10 мың сөз болғандығын, соның 100-200 сөзі негізгі сөздік қорға жатады,- деп жорамал жасайды,- соның 90 проценті кейінгі 6 мыңжылдықта құрып бітуге тиіс қой. Олай болса, қазіргі біз өмір сүріп отырған кезге дейін адам танығысыз дыбыстық өзгеріске ұшыраған 10-20 сөзі ғана қазіргі сөздікпен салыстыруға жарар»,- еді деп, автор шумер-түркі сөздерін топтық жүйеге бөліп алып салыстырады. Адам, табиғат, құдайға байланысты сөз табына қатысты 60 сөзді салыстырып, көп ұқсастықтарды табады[8].
Шумер тілі мен түркі тілдерінің тарихи байланысын алғаш анықтаған түрік ғалымы Осман Недим Туна болды. 1947-48 оқу жылында Стамбул университетінің әдебиет факультетінің Түркітану бөлімінде оқып жүргенінде қолына Стуртеванттың A Hittite Glossary Supplement және to A Hittite Glossary еңбектерінің Мүнире Б. Челеби жасаған түрікше аудармасы Eti Dili Sözlüğü Хетт тілі сөздігі түседі де, ондағы шумерше ГУД «өгіз, мүйізді ірі қара мал» деген сөзге көзі түседі. ГУД сөзі мен көне түрікше УД сөзінің ұқсастығы таң қалдырады. Бұл туралы ол былай дейді: «Егер бұл ұқсастықтың себебі кездесоқтық болмай, шумер және түрік тілдері арасындағы тарихи байланыс болатын болса, онда шумерше сөз басындағы г әрпінің орнында түрікшеде ешқандай әріп болмауы тиіс (мәлім болғандай, көне түркі тілінде сөз басында г жоқ) және егер бұл дұрыс болса, шумер тілі сөздігінің г әрпінде түрікшемен байланысты басқа да сөздерді кездестіру ықтималы болу қажет».Осыдан кейін шумерше туралы тапқандарының бәрін оқып, керектерін жаза бастайды. Тіпті, французшадан аударып, шумерше-түрікше сөздік жасайды. Сол жерде ойын пысықтайтын басқа да сөздерді анықтайды: ги : ы, гиг : иг, гиш : иш, гур : ор -, т.б... Осылайша 1947 жылы алғашқы жүйелі дыбыс сәйкестігі заңын (regular sound correspondence), яғни шумерше сөз басындағы г дыбысының орнына түрікшеде ешбір дыбыс болмайтынын кейін бірнешеуі сұрыпталған 43 мысалға сүйеніп шығарады. Кейін екінші сәйкестік заңы шум. ( Д : түр. ( й, ø, кейін шум. д/ : түр. д/, одан кейін шум. ( н : түр. ( й, ø сәйкестіктерін бірінен кейін бірін жарыққа шығарады. 1969 жылы жеткілікті мысалдарымен отызға жуық жүйелі дыбыс сәйкестігі жиналады. Бұл сәйкестіктердің жетеуі сөз басындағы дауыссыз дыбыстарға, бесеуі түбірдегі дауысты дыбыстан кейінгі дауыссыз дыбыстарға, қалған төртеуі сөз соңындағы дауысты және дауыссыз дыбыстарға қатысты. О.Н.Туна тізіміндегі 168 сөздің « 16,6 пайызы моңғолша, 7 пайызы тунгусша, 3,8 пайызы жапонша, 1,9 пайызы корейше. Түркі тілінің өз қорынан келген сөздердің үлесі кем дегенде 83,4 пайызды құрайды» [9, 4-12 ],- дейді. Осылайша ғалым тарихи көне сөздердің шумерше және түрікше нұсқасын сөздік түрінде береді. О. Тунаның «Шумер тілі мен түркі тілінің жасы мәселесі» атты кітабының түркі тілінен қазақ тіліне аударылуы зерттеуге көп көмегін тигізді. Қазақ тілінің сөздік қорында бар түркілік сипаттағы сөздерді ежелгі ескерткіштерден іздестіру керектігін көрсетті. Көне тарихи сөздердің қандай дыбыстық өзгерістерге ұшырағанын сәйкестіктер арқылы анықтауға көмектеседі.
«Жалын» журналы 2004 жылы «Қазақ мемлекеттігіне қанша жыл ?» деген сұрақты көтергенде О.Сүлейменов: «Елдігіміздің жасын анықтау- күн тәртібінде бірінші болып тұратын мемлекеттік маңызы бар мәселе» деп тарихшылар мен лингвистерге дем беріп, оны анықтау үшін қыпшақ тіліне назар аудару керектігін орынды мәселе етіп көтерген еді. О.Сүлейменов кейбір түркологтардың көне түркі тілі Y ғасырда жасалған деген пікіріне қарсы шығып, түркі-оғыз,түркі-қыпшақ сөздерінің шумер тілінде жүргендігін, оған мысал ретінде «туу», «тума» және «ұрпа (ұрпақ)» сөздерін келтіреді [10].
Менің зерттеуімде оқырмандарға жоғарыда айтылған пікірлердің шынайылығын дәлелдеу үшін, Туна сөздігінде кездесетін тарихи сөздердің мағынасын көне түркі тілі материалдары негізінде ашып, түрлі сөзжасамдық тәсілдер арқылы қыпшақ, соның ішінде қазақ тілінде қолданылатынын дәлелдеуге тырыстым


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет