Саясиәлеуметтендіру деп адамның саяси ілімдерді, ережелерді, құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды өзінің рухани ішкі дүниесіне айналдырып, сол арқылы өзінің саяси санасы мен мәдениетін қалыптастыру, саяси іс-әрекетке дайындалу процесін айтамыз. Саяси әлеуметтену арқылы адам толыққанды мүше боларлық саяси ережелерді, салт-дәстүрлерді, білімді меңгереді.
Саяси әлеуметтендiру механизмi мен түрлері.Саяси әлеуметтендiру ерекше механизмге ие. Ол үш деңгейде қызмет етедi. Бірінші деңгейi– әлеуметтiк. Бұл жалпы қоғамның деңгейi. Онда барлық қоғамның басынан өткен саяси қысым сипатталынады. Мысалы, адамдардың жаппай қоғамдық саяси қозғалыстарға қатысуы, ғаламдық, экологиялық мәселелердiң шешiлуi. Екінші деңгейi– әлеуметтiк-психиологиялық. Адам тек iрi әлеуметтiк топтардың (қоғамдық таптар, әлеуметтiк қауымдастықтар) ғана емес, шағын топтар арасында да (отбасы, достар, мектеп, әрiптестер) әлеуметтенедi. Сондықтан оның әлеуметтенуi үшiн көбiне жеке дара қарым-қатынас та әсер етедi. Осындай қарым-қатынас кезiнде оған түскен адамдардың ықпалында да болады. Адамдармен араласу арқылы оның саяси етенелесуі /индентификация/ жүзеге асады.
Үшінші деңгейi– жеке iшiлiк (внутриличностный). Бұл деңгейде саяси әлеуметтену адамның мүддесi, оның қажеттiлiктерi, мотивтерi мен құндылық бағдарлары арқылы жүзеге асады. Дәл осы қасиеттер адамның саяси сапасының қалыптасуында шешушi рөл атқарады. Яғни олар көбiнесе адамның саяси iс-әрекетiне басшылық жасайды.
Саяси әлеуметтенудiң ерекшелiктерi мен мазмұны бiрнеше факторларға тәуелдi. Бұл факторларды саяси және саяси емес деп айтуға болады. Негiзгi саяси факторларға мыналар жатады: а) мемлекеттiк құрылыстың сипаты мен түрi; б) саяси тәртiп; в) саяси институттар, партиялар, ұйымдар мен қозғалыстар.
Саяси емес факторларға: а) отбасы; б) достар тобы; в) оқу орындары; г) жұмыс орны; д) мәдениет, өнер, әдебиет; е) БАҚ; ж) ұлттық әдет-ғұрыптар жатады.
Саяси әлеуметтену– күрделi және әртүрлi бағыттағы саяси-мәдени процесс. Оның саяси мәдениеттегi рөлi мен орнын бағалау өте қиын. Саяси әлеуметтенудiң арқасында адам- жеке тұлға ғана емес, сонымен бiрге азамат та болады, ол саясаттың объектiсi ғана емес, субъектiсi де болады.
Жеке адамның немесе әлеуметтiк топтың саяси мәдениет нормаларын, түрлерiн, саяси iс-әрекеттiң мүмкiндiктерiн, саясаттағы белгiлi бiр рөлдi меңгеруi саяси әлеуметтенудiң мақсаттарының бiрi.
З.Фрейд әлеуметтендіру механизмі ретінде имитация, етенелесу, ұялу сезімі мен кінәні атап көрсетеді. Имитация (латынның еліктеу деген сөзі) – біреудің мінез-құлқының белгілі бір моделдерін саналы түрде көшіру. Етенелесу (идентификация- латын тілінде сәйкес келу деген мағынаны білдіреді) - өзінің тиісті нәрсесінің не сол, не басқа бір жұртшылыққа, адамдар тобына тән екенін сезіну.Ұят пен кінә басқа адамдардың біздің әрекеттерімізді қабылдауы мен бағалауына бағытталған.
Саяси әлеуметтендіру механизміне тәрбие де жатады. Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу адамның өмірі бойы болады. Тәрбиенің әр түрлі кезеңдері мен формалары бар.
Жалпы саяси әлеуметтендіру мынадай процестерді білдіреді: бір жағынан ол жеке адамның белгілі бір нормаларын, құндылықтарын, рөлдік күтулері мен саяси жүйенің өзге де талаптарын реттестіруі, екінші жағынан, саяси іс, оның барлығын меңгеріп алып, саяси іс-әрекетінде билікке ықпал етуі.
Саяси әлеуметтендiрудiң түрiнiң бiрi- мәдени трансмиссия. Яғни саяси мәдениеттiң ұрпақтан ұрпаққа, бiр топтан келесi топқа өтуi. Мәдени трансмиссия 3 жолмен жүзеге асады.
Аға ұрпақ- осы процестiң бақылаушысы, сондай-ақ жас ұрпақтың аға ұрпақты әлеуметтендiруi жүзеге асады.
Екiншi жолы- ол қоғамның экономикалық әлеуметтiк, саяси салалардағы өзгерiстерiмен сипатталады. Мұнда әлеуметтендiрудiң негiзгi агенттерi ретiнде саяси партиялар, мемлекеттiк бұқаралық коммуникация құралдары әрекет етедi.
Үшiншi жолы- жаңа саяси мәдениеттi қалыптастыру. Дамушы елдердiң қоғамдық өмiрдiң барлық салаларын дамытумен бiрге, саяси мәдениеттiң де дамыған түрiн қалыптастыруға талпынуы. Мұнда бiр жағынан, қазiргi заманғы өркениеттi саяси-мәдени қатынастар жүйесi игерiлсе, екiншi жағынан, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және дiни әдет-ғұрыптарды сақтауға талпынады.
Саяси әлеуметтендiрудiң екi негiзгi формаларын атап өтуге болады: тiкелей және тiкелей емес. Тiкелей саяси әлеуметтендiру кезiнде жеке адамның бейiмделуi нақты саяси сипатқа ие. Мысалы, белгiлi бiр елдiң саяси және мемлекеттiк құрылысы туралы, әртүрлi саяси партиялардың әрекеттерi, iшкi және сыртқы саясаты, саяси идеологиясы және т.б. хабардарлығы. Ал, тiкелей емесе әлеуметтендiру жеке адамның саяси емес түрде бейiмделуi, ол оның келешек саяси әлеуметтенуiне ықпал етедi. Мысалы, белгiлi бiр билiк ықпалы бар ата-ана мен мұғалiмдердiң, саяси емес субъектiлермен араласу кезiнде жеке адамның билiк пен беделге деген сезiмiнiң нығаюы, дамуы. Кейiнiрек ол саяси билiктi немесе саяси беделдi құрметтеу немесе құрметтемеу сезiмiне ұласады.
Тiкелей саяси әлеуметтендiрудiң негiзгi әдiстерiне әдетте, елiктеу, таңқалу, пiр тұту, саяси оқыту мен саяси тәжiрибе жатады. Ал тiкелей емес әлеуметтенудiң негiзгi әдiстерi- саяси емес ұйымдарға қатысу және жалпылану (generalization) жатады.
Саяси әлеуметтендiру ұйымдары алғашқы және екiншi топтар деп бөлiнедi: мұндай жiктеулердiң өлшемiне жеке байланыс пен формальды ұйымдасу дәрежесi жатады.
Алғашқы әлеуметтенудiң тобына- достар мен жолдастардың бiрлестiгi (тең agip тобы-peer groups), өнер, ойын және өзге де шағын топтар жатса; ал екiншiсiне- мектеп, жұмысшы одақтары, саяси, діни ұйымдар мен БАҚ жатады.