«Оның мақсаты өз халқына деген билігін күшейтіп алып, сол арқылы өз халқының қызмет етуден өзгеештеңе де емес» деп жазады орыс генерал-губернаторы. Ол қателескен жоқ-ты.
… Елді біріктіретін хан билігін күшейту арқылы Әбілқайыр арнайы әкімшілік-әміршілік құрылымдар құрып, ел шекаралары мен дала қойнауында бірнеше бекініс салдырып, сол жерлерге әскерлер орналастырғысы келді. Ол Түркістанды қайтарып алып, Ор өзенінің бойынан, Елек бойынан және көне Жанкент тұрған Сыр бойынан үш қала салдырғысы келді. «Егер Ордан қала тұрғызсам, мен, Әблқайыр хан, жауларымды тыныштандыра алған болар едім… Маған жауды тыншыту үшін 400 адам да жетер еді. Мен сонда қазақтардың, қарақалпақтардың өздерімен өздері қырқысатын тайпалық, рулық соғыстарын болдырмас едім». …Соғыс тыйылып, жағдай түзелісімен Орта жүздің Батыр сұлтаны мен оның жақтастары Әбілқайыр хан беделінің асқақтап кеткеніне қызғаныш білдіріп, оның тағынан дәмете бастады. Бөкенбай батырдың (табын) айтуынша, Әбілқайыр «күйеу баласын иттен де жек көрген, себебі «әлгі Батыр сұлтан Әбілқайырды қазақтар өлтіріп тастаса, орнына хан болар едім деп жүр». Есесіне Әбілқайырды ықпалды батырлар жақтады. «оны, Әбілқайыр ханды, солар көздің қарашығындай сақтап, оның орнына Батыр сұлтанды отырғызу жайлы сандырақты естігілері келмей отыр»… …Кіші жүз ханының орыс император әйелінің қамқорлығына қырық мың казақтарыммен кіремін деген өтінішін император сарайы жайлы оқиға деп есептеді де, қазақ елшілігін патша ақсүйектері жақсы қабылдады.
Әбілқайыр ұсынысына 1731 жылғы наурыздың 14-інде Министрлер кабинеті қанағат бұрыштамасын соқты.
Дегенмен Қазақ елінің Ресей бодандығына сұрануына орыс тәжінің аса сақтықпен, сенімсіздікпен қарағаны тарихи құжаттардан белгілі болып отыр.
Патша министрлері қазақ елшілерінің Кіші жүз ханы императорға берілгендік кепілі ретінде аманат беруге және жасақ төлеуге әзір екендігін баяндағанына сенбеді, бірақ оның өтінішін қанағаттандыру керек деп шешті. Ресей жағы бұл қазақтардың орыс бодандарына шабуылы тыйылуына, елдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштық орнауына, сауда керуендерінің тоналмауына қазақ сұлтандары мен ақсақалдары кепіл боларына, Ресейдің беделі өсеріне себеп боларына сенді.
… Сонымен қатар, Анна Иоановнаның министрлері Әбілқайыр өтінішін аяқасты ету императрицаға деген башқұрттар сенімін де селдіретеді деп ойлаған-ды…
Әбілқайырдың патшаға ант беруі қазақ даласын қозғалысқа келтірді. 1733 жылы Ұлы жүздің бес беделді кісілері — Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр Анна Иоановнадан орыс бодандығын сұрады.
…1733-1735 жылдары оңтүстік қазақтары жоңғарға бағыныштылықтан үш жылға ғана азаттық алып, тәуелсіздігін қайтадан жоғалтқан-ды. 1735 жылы Қалдан Серен үстемдігін қайта орнатты. Жолбарыс хан Тевкелевтің Батыс Қазақстанға келіп жатқанын естіп, Қонай мырза мен Сырымбетті Кіші жүзге елші етіп аттандырды. Ресей бодандығын сұрады. Көп ұзамай Жолбарыс қайтыс болды да (оны Ташкент қожалары мешітте өлтіріп кетті). Ұлы жүз жоңғар езгісінде қала берді… …Қазақ бағыныштылығы ресми құжаттар қабылданған кезде сателлиттік-вассалдық тұрғыда еді. Кіші және Орта жүз билеушілерінің көздеген бодандық ол кезде қазақтарға қамқорлық туғызу тұрғысындағы мақсатты ғана көздеді.
Әйтсе де, патша үкіметі бұл бодандықты толық бағыныштылыққа айналдыруға тырысып бақты. Ресей империясы қазақ жұртшылығын күштеп билеуге көше бастады…
… Жайықтың орта тұсы мен жоғарғы жағындағы өзен жағалауындағы алқаптар Анна Иоановнаның үкіметі қабылдаған құжаттар бойынша қазақтарға тиісті еді. Кіші жүздің билеушілері 50-130 жыл бойына осы құжатқа сүйеніп, Орынбор әкімшілігімен айтысып келді.
… Әбілқайырдың жетістігі қазақтарға Жайық бойындағы терістіктегі территорияларды алып беріп, қазақ жерін кеңейткендігінде. Кейінгі үш-төрт ұрпақ осыны мақтан етіп жүрді. 1748 жылы әйгілі қазақ биі Қазыбек Келдібекұлы Кіші жүз бен Орта жүз құрылтайында Әбілқайырды «қазақтың ең текті ханы» деп атап, оның «орданың жерін кеңейткенін» айтса, Жайылхан би «Әбілқайыр жеті жұрттың бәріне өзі жауап бере білді, халықтың қамын қапысыз ойлады» деп мадақтаған… Ал Тілеуберген би «Біздің осы жайлауларда бабаларымыз ноғайлықтар көшіп жүрген, бастары піспеген соң олар жерден айырылып қалған. Біз бұл жерге Әбілқайырдың арқасында ғана қайта көшіп келдік» дейді.
А.И.Тевкелев «Күллі қырғыз-қайсақ халқының едәуір бөлігі Әбілқайырды патша бодандығы қабылдағаны үшін ұнатпай қалғаны рас. Ал жағдайлары жақсарғанын көрген соң оны ерекше құрметтеп, сыйлайтын болды» деп жазады.
… 1734 жылғы маусымның 15-інде И.К.Кириллов пен А.И.Тевкелев жасақтап, басқарған Орынбор экспедициясы Петербургтен шығып, екі аптадан соң Ор жағасына келді. Олармен бірге император сарайында жүрген Әбілқайыр елшілігі де отанына оралды. Бұл башқұрттардың төрт даруғаны (аймақ) қамтыған көтерілісін тіпті күшейтіп жіберді. И.К.Кириллов соған қарамастан істі бастап кетті де, 1735 жылғы тамыздың 12-сінде «Жайыққа Ор келіп құятын сағада отыз зеңбіректен үш рет оқ атқыздырып, тоғыз мұнаралы қамалдың іргетасы қаланды». Орынбор іргетасын кетеру салтанатына башқұрттар, уфалық мешірлер, қазақтар мен тәшкенттік саудагерлері бар көп халық қатысты. Бұл салтанатта Әбілқайырдың он үш жасар ұлы Ералы, немере інісі Нияз сұлтан, басқа да қазақ ақсақалдары болды. И.К.Кириллов Нияз сұлтаннан Әбілқайырға хат жіберіп, келер көктемде Орынборға келуін өтінеді. Башқұрт көтерілісі күшейіп бара жатқан соң орыс экспедициясы Орскіні тастап шығып, Самара қалашығына келді. Қамалда әскери горнизон, құрылысшылар және аманат ретінде қасында бірнеше қазақ басшылары бар Ералы сұлтан қалды. Орыс қамалдары жедел салына бастады… …1736 жылғы маусымның 21-інде Әбілқайыр ханның жазғы ордасына ағылшын суретшісі Джон Кэстль келді.
… Әйгілі қазақ батыры Жәнібек 1742 жылғы тамыздың 26-сында И.И. Неплюевке: «Барлық қазақтардың бодандықтың пайдасын сезінбеуі мүмкін емес, шекпені жоқтың иығына қос шекпен жабылды, жалғыз шекпені бары тіпті байыды. Өзіне қажет нәрсеге қазақтар қарық боп қалды» деп жазды. Әбілқайырдың өзі Сыртқы істер коллегиясына «Жайық бойында бұрын қамал жоқ еді, мұнда сауда да жоқ-ты. Қазір қырғыз-қайсақтар саудасын жасап тұр. Шөбі шүйгін, суы тұнық, Жайықтың бойы бізге берілді, мен бұл үшін мың мәрте ырзамын» дейді.
… Әбілқайыр өз арманының орындаларына, күллі қазақты біріктіріп, сол заманға лайық мемлекет құрарына сенді.
1736 жылы Башқұртстанда көтеріліс күшейді де, Әбілқайыр орыс әскеріне көмектесемін деген сылтаумен башқұрт жайлауына келіп башқұрт ханының тағына үшінші ұлы Қожахметті отырғызуға талаптанды. Орынбор экспедициясының бастығы В.Н.Татищев Әбілқайырдың жоспарын біле қойды да, онымен нәзік дипломатиялық ойын жүргізе бастады. Ханға көмегі үшін алғыс айтып, орыс тағына адалдығы үшін 100 сомның сыйлығын беріп, сұраусыз келген қаһарлы қонақты Ноғай даруғасынан Ырғызға қайтуға көндірді. Келер жылы Әбілқайыр бұлғақ басталып жатқан Башқұрт еліне қайта келіп, Ноғай даруғасына қоныстанды. Ол ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдерінің өтінішіне орай келіп еді. Сол жерде беделді башқұрт батырларының бірінің қызына үйленді.
1738 жылғы сәуірде башқұрт әскерін бастаған Әбілқайыр Орск маңына келіп, бейбіт башқұрттарды тұтқындап, қалаға кірді. Майор Борис Останков ханның бұл қылығына қарсылық көрсеткісі келгенде хан қылышын суырып алып: «Қала менікі, мен үшін салған қала, ал тілімді алмағанның басын аламын» депті.
…Ханның бұл қылығынан қатты сескенген В.Н.Татищев Б.Остамковқа ханға еріп жүрген башқұрттарды тұтқындауға ордер береді. Әбілқайырды шамдандырмас үшін майор оларды қате тұтқындаған, оны жазалаймын деп ханға хат жолдайды. Өзі император әйелге: «Әбілқайыр хан антты бұзғанымен, мен бұлардың ақымақ жабайылығын көріп отырсам да, басқа хандар мен сұлтандарды үркітіп алмас үшін бұларды еркелете ұстап, кінәларын ақырындап ұқтырсам деп отырмын» деген хабар жібереді. Патша үкіметі мұндай жұмсақтықты қолдамайды. Татищевке «бүкіл әскеріңмен Орынборға жетуге асық» деген нұсқау келеді.
1738 жылғы тамыздың 3-інде Әбілқайыр хан мен қазақ ақсүйектерінің Ресей бодандығын қабылдауына арналған салтанат болды. Орыс басшылары осы салтанаттың айбары мен сәні арқылы ханға көрсетілген ерекше құрмет арқылы Ресей тәжінің айбаты мен беделін, қазақтар үшін империя боданы болудың артықшылығын дәлелдеуге жанын салды. … «Адам өз ғұмырында артына ұрпақ қана қалдырады, бірақ малдың да соңында төл қалады ғой, ал абырой мен адал даңқ өлмейді, сол себепті мен өз ісімнің тарихта қаларына ғана қуанамын» — дейді Әбілқайыр хан. …Тарих соны растады.