«Аты жиі аталатынӘбілқайыр хан, — дейді Орынбор экспедициясының басшысы И.К.Кириллов, — барлық қырғыз-қайсақ хандарының ең қадірлісі һәм ақылдысы». «Ақылы да, айласы да жеткілікті адам» дейді ол туралы А.И.Тевкелев пен П.И. Рычков.
Кіші жүз ханының өзі тұрғыластардан ақылы басым екенін оны өмір бойы жек көрумен өткен Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюев те мойындайды. Ол Әбілқайыр қаза тапқаннан бір ай кейін «қырғыз-қайсақ хандығы дейтін түк те емес, ол Әбілқайыр сияқты адам билегенде ғана күшейіп кетеді» деп жазған…
Жиырма жыл хан тағында отырған Әбілқайыр үлкен өмір мектебінен өтіп, қазақ елімен шектес Ресей аймақтарының, ортаазиялық мемлекеттердің саудасы, әскери ісі, саяси құрылымы мен тұрмысы, мәдениеті туралы үлкен біліктілікке ие болды. Еуразия билеушілерінің көпшілігімен таныс-білістігі, өзінің жеке тәжірибесі мен тануға құштарлығы оны нағыз білгір, дана билеуші деңгейіне көтерді. … Хан қазақ жүздерінің әскери-техникалық, институттық, технологиялық, өзге де тұрғылардан кейін қалып келе жатқандығын айқын аңғарды. Сергек ойлы, білікті қазақ көсемі Әбілқайыр хан көз алдында өтіп жатқан құрлық картасын геосаяси тұрғыдан қайта бөлісудің қазақ мемлекетіне қандай қатер төндіріп отырғанын айқын аңғарды.
«Менің айналамды анталаған жау қоршап тұр» деп жазады ол 1731 жылы. Дәл осындай жағдайдағы елдің жоғарғы билігінің қарапайым көшпелілерге ықтиярын жүргізерлік, ру-ру, тайпа-тайпа болып бөліне жөнелуге әзір отырған елді біріктірерлік қуаты жоқтығын ол, бәлкім, қазақ билеушілері арасында бірінші болып түсінген көсем де болар. «Біздің көзіміз тайса, халқымыз көрінгенге еріп кете береді» деуінің себебі осында. Өз бағыныштыларының жүзге, тайпаға, бөлінушілігін аңғарған Әбілқайыр хан билігі өте күшті болмаса «біздің ессіз жер жұрт көрінген жауға көз жұма беріліп, абыройдан айырыларын» айтады.
… Екі бірдей орталықтандырылған, қуатты империяның ортасында жатқан елдің саяси құрылымы тек қана қуатты автократия боларына Әбілқайыр қатты сенді. Ол үшін билеушінің толық құқы, хан тағының қатаң мұрагерлік салты және көшпелілердің барлық әлеуметтік сатыларын түгелдей әкімшілік-әміршілдік жолмен бағындырып, билеп отыратын хан әкімшілігі аппараты қажет деп есептеді. Онысы қате емес-ті: оның елін қоршап тұрған елдердегі билік әрқашан сондай басқару жүйесінде еді де, сонысымен де қуатты болатын.
Әбілқайырға Ресей протекторатындағы дербес билеуші Аюкеханның үлгісі ерекше әсер еткен-ді. Осы бір қуатты патша вассалы Атырау жағалауы мен Оңтүстік Оралда әскери табыстарға жеткенімен қоймай, түрік сұлтанымен, цин императорымен және жоңғар қонтайшысымен терезесі тең дипломатия да жүргізетін. Ресей императоры Бірінші Петр Аюкемен тікелей жүздесуді өзіне ұят санамайтын, ал 1722 жылы Персиядан Петербургке қайтып келе жатып Аюкеге оның үлкен ұлы Церен Дондукті мұрагер етемін деп уәде беріп, далалық тамырына гауһар орнатылған қынабы бар қылыш сыйлаған. «Еділ бойының билеушісінің» мұндай тәуелсіз-тәуелді жағдайы Әбілқайыр мен оның үзеңгілестерін қазақ даласындағы билікті өзгертуге итермелеп, күшті держава монархына арқа сүйеуге шақырған-ды.
…1731 жылы қазанның 6-сында хан А.И.Тевкелевке «Біріншіден, біздің хандарда толық билік жоқ. Екіншіден, мұрагерлік те жоқ. Сол себепті, Ұлы мәртебелінің қолдауымен Аюке хан сияқты жағдайға жеткім келеді» дейді…
Сол кездегі хан билігінің осалдығы қазақ жүздерінің өз ішіндегі алауыздық пен жікке бөлушілікке тыйым сала алмайтынын Әбілқайыр хан айқын білген, ал бірлігі жоқ елдің болашағы да бұлдыр еді. Ең көреген қазақ хандары да (Қасым, Есім, Тәуке) рубасылар алауыздығын жою үшін ежелгі заңдар жүйесін пайдалануға тырысты. Бұл хан билігінің әлсіреуі мен сепаратизмге қарсы әсерін тигізе алған жоқ.
…Әбілқайыр алдында екі жол тұрған-ды: бірі — өмір ыңғайына жығылып, қантөгіс соғыстардағы ерлік пен жігер арқылы қол жеткізген нақты биліктен айрылу, сөйтіп, елді тағы да шашыратып алу, екіншісі — сол билікті тарихи тұрғыда маңызды боларлық етіп күшейту, елді мемлекетке айналдыру. Ол екінші жолды таңдады. Ол жол қиын еді…
…Генерал-губернатор И.И.Неплюев Әбілқайырдың орыстың император әйеліне юриспруденциялық және әскери-саяси қолдау көрсету жөнінде бірнеше қайтара өтініш жасауы император тағының геостратегиялық мүдделеріне қызмет етуге ұмтылушылық еместігі туралы Сыртқы істер коллегиясына хабар айтады.