Ми бағанасыфилогенез бен онтогенезде ерте дамыған құрылымдардан тұрады. Мидың бағаналық бөлігі көптеген негізгі және өздігінен реттелетін қызметтерді қадағалайды. Бүкіл ми массасының тек сегізден бір бөлігін құрайтын мишық мидың қимыл-қозғалыспен байланысты бұйрықтарын реттейді.
Мысалы, жүрген кезде, дененің тепе-теңдігі мен қалпын сақтап тұру үшін мишықтың қызметі қажет. Мидың бағаналық бөлімінің шыңында, қыртыс астындағы тіндер қабатының арасында лимбикалық жүйе деп аталатын, қарапайым эволюциялық ми құрылымдарының үлкен жиынтығы бар.
Лимбикалық жүйе біздің көптеген эмоцияларымыз бен ынталануымызға, соның ішінде әсіресе тіршілікті сақтап қалуға байланыстыларына, қатынасады (мысалы, қорқыныш, ашу-ыза, эмоциялар және т.б.). Лимбикалық жүйенің екі үлкен бөлігі (бадамша және гиппокамп) есте сақтау үрдістеріне қатынасады. Аралық ми да үлкен ми сыңарларының астында орналасқан және ол таламус пен гипоталамустан тұрады. Таламус сенсорлық (сезгіштік) қабылдауға және реттеуге қатысады. Гипоталамус бүкіл зат алмасуды реттейді.
Бақылау сұрақтары 1.Жүйке жүйесі және оның жіктелуі
2.Бас миы және оның ерекшеліктері
3.Бас миының бөлімдері
4.Үлкен ми сыңарлары, әрекеттері, жас ерекшеліктері
5.Үлкен ми сыңарлары қыртысының бірінші, екінші және үшінші аймақтарының қызметтерін атаңдар.
Лекция №4 Орталық жүйке жүйесiнiң құрылысы мен қызметі: үлкен ми сыңарлары Жоспар: 1. Ми қыртысы
2. Қыртыс асты (базальды) ядролар және ми сыңарларының ақ заты.
3. Ми қарыншалары мен қабықшалары
4. Ми қыртысындағы қызметтердің орны
1. Үлкен ми сыңарлары, әсіресе ми қыртысы (лат.cortex) деп аталатын, ми сыңарларын қаптап жатқан қатпарлы сұр зат, жоғарғы жүйке әрекетін іске асырады. Ми сыңарларының ішінде орналасқан қыртыс асты ядролары күрделі рефлекстерді қадағалайды. Ми қыртысында жалпы жүйке жүйесіндегі сұр заттың негізгі массасы орналасады, ол қатпарлар мен сайлардан тұрады. Ми сыңарларының 4 бөлімін ажыратады: маңдай, төбе, самай және шүйде. Олардың әрқайсысында түрлі қызмет атқаратын аймақтар болады.
Маңдай бөлікте қаңқа бұлшық еттерінің және сөйлеу мүшелерінің қозғалысын басқаратын қозғалтқыш орталықтың жатқанын, сонымен қатар психикалық процестердің орталықтарының (ойлау, ерікті әрекеттер орталықтары) орналасқандығы белгілі. Төбе бөлігі жалпы сезімталдықтың әртүрлі процестерінің реттелуімен тығыз байланысты. Самай бөлігінде есту орталығы және сөйлеуді түсіну орталығы (сенсорлық орталық), желке бөлігінде көру орталығы, ми жарты шарының ішкі бетіндегі ілмек тәрізді қатпарда иіс сезу орталығы, дәм сезу орталығы орналасқан.
Ми қыртысының цитоархитектоникасы, яғни нейрондық құрылысы 6 жасушалық қабаттан тұрады. Бұл қабаттар ми қыртысының әр жерінде әртүрлі дәрежеде дамыған.
Сонымен әрбір бөлікте біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдар бар. Біріншілік алаңдардың ерекшелігі соматотопиялық проекцияның құрылымдық және қызметтік ұйымдастырылуы болып табылады, онда шеттегі жеке нүктелер (тері бетіндегі, қаңқа бұлшық еттеріндегі, көз торшасындағы, есту жасушаларындағы) ми қыртысындағы біріншілік алаңдардың қатаң шектелген сәкес жерлеріне проекцияланады (көрініс табады), сондықтан біріншілік алаңдарды проекциялық алаңдар деп те атайды. Біріншілік алаңдар шеттегі құрылымдармен тікелей байланысқан, бұл алаңдарда белгілі бір жолдар не басталады (мысалы, пирамидалық жол қыртыстың маңдай бөлігінен басталады), не аяқталады (мысалы, көру жолы мидың желке бөлігінде, есту жолы самай бөлігінде, жалпы және терең сезігіштіктің жолы төбе бөлігінде аяқталады).
Екіншілік алаңдар, біріншілік алаңдардың үстіне құрыла орналасып, бас пен көздің бұрылуы, бас пен дененің бұрылуы, қолдың ұстап алу қозғалысы, жалпы және артикуляциялық бұлшық еттердегі ауысулар сияқты қозғалыс актілерін ұйымдастыруда күрделі интегративтік қызмет атқарады.
Сөйлеу қызметінде мидың доминантты жарты шарының үшіншілік алаңдары ең үлкен маңызға ие болады. Қыртыстың барлық бөліктерінен және мидың төменгі бөлімдерінен күшті импульстер алып, қыртыстың үшіншілік алаңдары белсенділік күйлерін ойластырылған мақсаттар мен ниеттермен сәйкестікке келтіре отырып, оларды реттеуде маңызды роль атқарады. Белсенділік күйін реттеумен қатар, мидың префронтальды аймақтары адамның мінез-құлқының қалыптасуына қатысады. Мидың префронтальдық алаңдарының өсу қарқыны 3-4 жаста және 7-8 жаста күшейеді, бұл нерв жүйесі дамуының жауапты сын кезеңдеріне сәйкес келеді.
2. Қыртыс асты құрылымдары – бұл ми қыртысына ең жақын орналасқан сұр заттың жинақталуы. Бұлардың ішінде ажыратылатындары: құйрықты ядро, жасымық дәні тәрізді ядро, қоршау және бадам тәрізді ядро. Қызметтік жағынан қыртыс асты түйіндері еріксіз қимылдардың негізі болып, күрделі қозғалыс актілеріне қатысады. Олар сонымен қатар жоғарғы нерв қызметінің іргетасын қалайтын күрделі шартсыз рефлекстердің –тамақтану, қорғану, бағдарлану, жыныстық және т.б. – негізгі болып табылады. Бейнелі түрде қыртыс саналы, ал қыртыс асты құрылымдары санадан тыс қызметтерді жүзеге асырады деуге болады. Ми сыңарларының ақ заты 3 түрлі талшықтардан тұрады:
1) Проекциялық талшықтар ми қыртысын төмен орналасқан ми мен жұлын бөлімдерімен байланыстырады.
2) Комиссуральдық талшықтар ми сыңарларын біріктіреді. Оң және сол жарты шарды қосатын сүйелді денені құрайды.
3) Ассоциативтік, немесе тіркестіруші талшықтар мидың бір жарты шарының аймақтарын бір-бірімен қосады. Қысқа талшықтар бір бөліктегі немесе жақын жатқан бөліктердегі қатпарларды, ал ұзындары жарты шарлардың бір бөлігінен басқа бөлігіне созылып жатады. Мысалы, доға тәрізді буда маңдай бөлігінің төменгі және ортаңғы бөлімдерін, төменгі ұзынша буда самай бөлігін шүйде бөлігімен байланыстырады. Маңдай-шүйде, маңдай-төбе будаларын және т.б. бөледі.
3. Мидың ішінде қуыс қарыншалары болады. Жалпы 4 қарынша болады: әр ми жарты шарында бір-бір бүйір қарыншадан болады, аралық мида үшінші қарынша, артқы мида төртінші қарынша. Қарыншаларда қан тамыр өрімдері орналасқан, оларда қаннан сүзіліп ми сұйықтығы немесе ликвор түзіледі. Ми сұйықтығы мидың сыртында және ішіндегі ми қарыншаларында болады. Ми сұйықтығының негізгі маңызы нерв тініндегі осмостық тепе-теңдікті ұстап тұруда және нерв жүйесін секіруге, жүгіруге және тағы сол сияқты кенет қозғалыстарға байланысты сілкінулерден қорғап тұруда болады.
Ми арнайы қабықшалармен қапталған. Үш ми қабықшасын ажыратады – сыртқы қатты қабық, ортаңғы өрмекші ұясы тәрізді торлы қабық және ішкі жұмсақ қабық.
Қатты ми қабығы тығыз дәнекер тіннен тұрады, құрылысы талшықты. Оның сыртқы қабаты бас сүйектерінің қабығы қызметін атқарады, ішкі қабаты ерекше бұтақтар құрап, белгілі бір аймақтарда ми затымен бітісіп, бас қуысында мидың дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Мидың қатты қабығының өсінділері веноздық синустарды құрайды.
Торлы қабық ми затын сыртынан жабады және борпылдақ дәнекер тіннен тұрады, қан тамырларына бай емес.
Жұмсақ ми қабығы жұқалтым дәнекер тіннен түзілген, қан тамырымен жақсы жабдықталған, және бас миы қыртысының жоғарғы бөлімдерімен бітіскен. Жұмсақ ми қабығының қан тамырлары қыртыстың жоғарғы бөлімдеріне енеді. Ми затына жабысып, жұмсақ ми қабығы ми қыртысының суретін қайталайды. Торлы және жұмсақ ми қабықтарының арасында жұлын сұйықтығымен толтырылған қабықша асты кеңістігі түзіледі.