Лекция тезистері. №1 лекция. Тақырыбы: Сөзжасам-тіл білімінің жеке саласы. Жоспар



бет28/61
Дата14.11.2022
өлшемі0,82 Mb.
#50037
түріЛекция
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   61
Байланысты:
лекциялар жинағы 2

Бақылау сұрақтары:

  1. Сөз таптарының сөзжасамы туралы жалпы түсінік

  2. Сөзжасамы қалыптасқан сөз таптары

  3. Сөзжасамы толық қалыптаспаған сөз таптары


Әдебиеттер:

  1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

  2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

  3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-Алматы, 2000.

  4. Төлеуов Ә. Сөз таптары. -Алматы, 1982.

  5. Қазақ грамматикасы. -Астана, 2002.

  6. Қазақ тілінің грамматикасы.- Алматы, 1967.

  7. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1989.

16-17 лекция. Тақырыбы: Зат есім сөзжасамы. Синтетикалық тәсіл


Жоспар:

  1. Зат есім сөзжасамы туралы түсінік, оның зерттелуі

  2. Зат есімнің синтетикалық тәсілмен жасалуы

  3. Зат есім жасайтын жұрнақтар

  4. Есімдерден зат есім жасайтын жұрнақтар

    1. Лексикалық мағыныны өзгертетін

    2. Лексикалық мағынаны түрлендіретін жұрнақтар

5. Зат есімнің зат есімнің өзінен және сын есімнен, сан есімнені есімдіктен және етістіктен т.б. жасалуы
Лекцияның мақсаты: Зат есім сөзжасамы мен синтетикалық тәсілді түсіндіру
Лекцияның мазмұны: Зат есім - сөзжасамы өте күрделі сөз табы. Оның түрлі себептері бар. Зат есімде сөзжасам тәсілдерінің бәрі қызмет етеді және бәрі де белсенді қызмет атқарады. Ал ол туынды зат есімдердей құрамының алуан түрлі болуына әсер етеді. Туынды зат есімдердің құрамының түрлілігі олардың түрлі топ құрауына әкеледі. ТуындыІ зат есімдердің әр түрінің өзіндік ерекшелігі бар.
Туынды зат есім сөздерге тіліміз өте бай. Туынды зат есім сөздердің тілден мол орын алатыны зат есімнің шындық өмірге байланыстылығын былай қойғанда, зат есімнің сөзжасамдық ішкі мүмкіншіліктерінің молдығына, күрделігіне байланысты. Зат есім сөзжасамында тілдегі сөзжасамдық тәсілдерінің бәрі белсенді қызмет атқарады. Бүл барлық сөз таптарының сөзжасамына тән құбылыс емес. Зат есімнің сөзжасамында барлық тәсілдердің белсенді қызмет атқаруы туынды зат есім сөздердің молдығына әсері бары сөзсіз. Сондықтан туынды зат есімдердің ішінде туынды сөздердің барлық түрлері бар. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлер, аналитикалық тәсіл арқылы жасалган күрделі сөздердің барлық түрі, лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған туындылар тілде баршылық.
Туынды зат есім сөздердің түрлі тәсілдер арқылы жасалуына байланысты туынды зат есім сөздердің құрамы да алуан түрлі. Туынды зат есім сөздердің құрамында сөзжасамдық жұрнақтар, түбір сөздердің барлық түрі, түрлі қарым-катыста кездесе береді. Туынды зат есімдердің жасалуында негіз сөз қызметін зат есім сөздермен бірге басқа сөз таптары да атқара береді. Яғни зат есім сөзжасамы сан есім сөзжасамы сияқты өз ішінде ғана тұйыкталмайды, ол басқа сөз таптарының сөздерін зат есімге айналдырып, өз кұрамын басқа сөз таптарының сөздерінің негізінде де толықтырып отырады. Бұл үрдіске, әсіресе, сын есім сөздер мен етістіктер белсенді қатысады.
Туынды түбір зат есім сөздерді жасайтын тілде 110 шамалы жұрнақ бар. Олар құрамы, мағынасы, кызметі жағынан алуан түрлі.
Жалаң жұрнақтар деп құрамы бөлшектеуге келмейтін жұрнақтар аталады. Мысалы, -шы, -ші, -кер, -гер, тыр, -тір, -ыр, -ес, -ық, -ша, -сын сияқты т.б. жұрнақтар бір морфемадан тұрады, сондықтан олардың құрамы бөлінбейді. Туынды зат есім атаулар жасайтын мұндай жұрнақтар зат есім сөзжасамында негізгі орын алады. Олар арқылы көптеген туынды түбір зат есім сөздер жасалған. Мысалы, орындық, қаламгер, мұздақ, арбакеш, суат, шатқал, келіншек, түбір, сусын, діңгек, құлқын, жеңгетай, ойыншық, тілмар, қырқа, ойпат, төскей, мындық, бестік, төрткіл, қуырдақ, өсім, бөген, толқын, киіт, терме, бұрғы, қоныс, орақ, гуіл.
Құранды жұрнақтар деп құрамы ең кемі екі морфемадан тұратын жұрнақтар аталады. Мысалы, -шылық, -шілік, -қыншақ, -ынды, -палық, -малық, -мшы, -нда жұрнақтарының құрамы екі морфемадан тұрады ягғни олар бұрын екі жұрнақ болған. Кейін тілдің дамуында олар кірігіп, бірінсіз бірі қолданылмайтын дәрежеге жеткен. Мысалы, адамшылық деген туынды адам негізі және -шылық жұрнағы арқылы жасалған, өйткені тілде адамшы деген сөз жоқ. Сондықтан мұндай қолданыста ол құранды жұрнақ болады. Ал егіншілік деген туынды егінші деген сөзден жасалған, сондықтан мұнда —ші және —лік деген жалаң жұрнақтар қолданылған.
Туынды зат есім жасайтын жұрнақтардың мағыналық құрамы да әртүрлі. Бірсыпыра жұрнақтар түрлі мағыналы туынды зат атауларын жасайды. Мәселен, -лық, -лік, -дық, -тік, -тық, -тік жұрнағы түрлі сөз табының түбірлерінен түрлі мағыналы туынды түбір зат есім сөздер жасайды. Ол тек зат есім сөздердің өзінен түрлі мағыналы туынды сөздер жасайды. Мысалы, молдалық, шабындық, патшалық, қалыңдық, жиендік, апталық, қолтық, қастық, оттық сияқты туынды түбірлердің мағыналары әртүрлі. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының ішінде мұндай көп мағыналы жұрнақтар бірсыпыра: -ым, ім, м; -дақ, -тақ -шық, -мыс, -міс; -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; -мақ, -мек, -пақ, -пек, -бақ, -бек; -ық, -ік, -қ, -к, -ақ, -ек. -ым, -ім жұрнағы математикалық херминді білдіреді: бөлім, алым; заттық ұғымды білдіреді: білім, өлім, өсім, өнім, тыйым; мөлшер мәнді білдіреді: шақырым, тұтам; тамаққа катысты ұғымды білдіреді: жем; тілдік термин жасайды: сөйлем; мекен мәнді білдіреді: жайылым, бөлім; дерексіз заттық үғымды білдіреді: мейірім, қайырым.
Осымен байланысты зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары өнімді және өнімсіз жұрнақ болып бөлінеді.
Өнімді жұрнақтар деп тілге талай туынды зат атауын берген, қазір де сөзжасамдық қызметін жоғалтпаған жұрнақтар аталады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының басым көпшілігі өнімді жұрнақтарға жатады. Олардан мыналарды атауға болады: -лық, -лік: шоқтық, ауыздық, төстік т.б. -шы, -ші: диқаншы, аспазшы, суретші, оқушы т.б. -шылық, -шілік: бейбітшілік, әкімшілік, шаруашылық т.б. -шық, -шік: бүршік, қылшық, кіршік, ойыншық, талшық т.б. -ым, -ім: бөлім, білім, өлім, өнім, өсім, мейірім т.б. -хана: шайхана, асхана, емхана, перзентхана, дәріхана т.б. -гер, -кер: жауынгер, құныкер, жүлдегер, айыпкер, бапкер т.б. -ын, -ан: боран, бөген, толқын, ағын, жиын, түйін т.б. -у: тұсау, сайлау, қыстау, сүрау, жоқтау, тіреу, нұсқау т.б. -ма, -ме: кіріспе, көшірме, басқарма, жүктеме, тапсырма т.б. -ғыш, -гіш: өшіргіш, тыңайтқыш, ескерткіш, отырғыш т.б. -ғы, -гі: бұрғы, ашытқы, шалғы, қондырғы, күлкі, соққы т.б. -ыс, -іс: батыс, шығыс, егіс, алғыс, жыртыс, жеңіс т.б. -ық, -ік: бұйрық, жинақ, жасақ, жатақ, күрек, төсек т.б. -ынды, -інді: қорытынды, үйінді, ерітінді т.б. -ыш, -іш: желпуіш, өлшеуіш, қозғауыш, кабылдауыш т.б.
Өнімді жұрнақтардың ішіндегі ең өнімділері берілді, оларды түгел беру мүмкін емес.
Өнімсіз жүрнақтар да бірсыпыра, олардың біразы ғана келтіріледі.
-гек: діңгек; -деу: белдеу; -шын: кұлақшын; -кір: түпкір;
-арт: мұзарт; -қат: жарақат; -пек: пішпек; -лғы: жоралғы. Аталған өнімді жұрнақтар мен өнімсіз жұрнақ арасындағы онға дейін туынды түбір зат есім сөз жасаған, оннан жоғары туынды түбір зат есім сөз жасаған жұрнақтар да бар. Туынды зат атауларын жасауға жұрнақпен қатар негіз сөз де қатысады. Туынды зат атауларына түрлі сөз табының сөздері негіз болады, олар: зат есім, сын есім, сан есім, еліктеуіш сөздер, етістік. Олардың жұрнақтарында да айырма бар. Ол айырма есім сөздер мен етістік арасындағы жұрнақтарда анық байкалады. Сондықтан оларды бөліп қарастырған дұрыс. Олар: 1) есім сөздерден зат атауын жасайтын жұрнақтар; 2) етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.
Есім сөздерден туынды зат есім сөздер жасайтын жұрнақтар аз емес, олардың жалпы саны жетпіс бестей болып қалады. Олардың мағынасында екі түрлі үлкен ерекшелік бар. Бір топ жұрнақтар есім сөздің лексикалық мағынасын өзгертеді, енді біреуі сөздің лексикалық мағынасын сақтап, оған түрлі үстеме мағына қосады.
Осымен байланысты есім сөздерден туынды зат есім сөздер жасайтын жұрнақтар сөз мағынасын өзгертетін жүрнақтар және сөз мағынасын түрлендіретін жұрнақтар болып бөлінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет