Лекция тезистері 1 тақырып Кіріспе Дін Діннің пайдалары Діннің пайда болуы туралы теориялар


тақырып Сопылықтағы кейбір ұғымдар мен түсініктер



бет37/59
Дата08.03.2023
өлшемі0,78 Mb.
#72484
түріЛекция
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   59
Байланысты:
Ясауитану лекция А.Бейсенов (1)

8 тақырып


Сопылықтағы кейбір ұғымдар мен түсініктер
Сопылық жолға түскен адамның рухани шынығуы (риязет), тырысуы (мүжаһеде) арқылы жеткен дәрежесі болады. Мұны сопылықта “мақам” деп атайды. Белгілі бір мақамға өз күшімен жеткен сопы, сол мақамда тұрақтап қалмай, келесі мақамға жетуге тырысуы шарт. Ал ол мақамның белгілі шарттарын толық орындамайынша мақам дәрежесін иемдену мүмкін емес.
Сопылыққа кірудің алғашқы мақамы – тәубе, кейін кезегімен құдай жолына кіру - “инабе”, арам нәрселерден ұзақ болу - “уәра”, дүние ләззатынан бас тарту - “зүһд”, ырза болу - “риза”, қанағатты болу - “қанағат”, тәуекел ету “тәуәккүл” болып келеді.
Сонымен қатар сопылықта “халь” деген тағы бір ұғым бар. Халь құлдың жеткен рухани жетістігінен кейін ие болған жақсы мінез-құлықтардың онда орналасуы нәтижесінде құдайдың рақымшылығымен жүректе пайда болатын шаттық, мұң, қайғы, жайдарылық, айбат, шабыттылық, есінен тану және толқыныс сияқты жағдай, яғни бұл құлдың өз еркінсіз пайда болады. Бұл хальдер құдайдан келгендіктен құл өз еркімен хальді жүрегінен кетіре алмайды.
Сопылық көзқарас бойынша адам рухани метафизикалық әлемнен қазіргі өмір сүріп жатқан мына көрінетін, жаралған әлемге түсірілген. Сонымен қатар адам нәпсінің жетегінде кеткеніне байланысты өзіне лайықты мақамнан төменгі дәрежеге түсіп, өзінің негізгі құндылығын жоғалтқан. Ал сопылықтың мақсаты - өзін тану, сосын адамды өз дәрежесіне (мақам) көтеру. Сопылық түсінігі бойынша адамды өз дәрежесіне жеткізу үшін оның көңiл көзiн ашуға, рухын тәрбиелеуге, мағнауи шынығуға, көңіл кірлерінен арылуға мән берiледi. Міне, сонда ғана инсан камиль-кемел адам дәрежесiне жетерi анық.
Сопылықтың ең төменгі дәрежесі “нәпсі әммаре (әмір етуші)ден” адам рухани дәрежеде биіктей отырып, “кәмиле нәпсі” сипатына, яғни сопылықтағы ең жоғарғы рухани дәрежеге жоғарылай алады. Бірақ бұл дәрежеге жететін сопылар өте сирек. Өйткені, бұл дәрежеге жетемін деп мақсат қойған сопы сопылықтың қиын да шерлі, соқпақты жолдарынан өтуі керек және бұл өте ауыр жол.
Сопылардың түсіндіруі бойынша жамандыққа баруға бұйырушы нәпсі “әммаре нәпсі (әмір етуші нәпсі)” деп аталады, бұл нәпсі дәрежелерінің ең төменгі сатысындағы - дүниеге құмартқан нәпсі. Нәпсі әммареде менменшілдік, құмарлық, надандық, зұлымдық, шәһуетке тұтқындық сияқты жамандықтарға бейім сипаттар кездеседі. Бұл нәпсіні иеленген адамды “азғын адам” деп айтуға болады. Міне, сопылық жол аталған нәпсімен күресуді ұсынады. Азғындаған бұл нәпсімен күресуді “үлкен күрес” деп атайды. Адамның “ләууаме нәпсі” деп аталатын екінші дәрежеге жоғарылаған нәпсісі істеген жамандықтарының жаман екендігін біледі. Осыған байланысты ол өзін қинайды, жамандықтарды істегісі келмейді, бірақ, сәті түскенде жамандық істерге бас ұрады. Бұл нәпсіде біршама жақсы сипаттар да кездеседі. Ләууаме нәпсіде сүйіспеншілік ұшқыны байқалып, хазіреті Пайғамбардан өнеге ала бастайды. Бірақ жамандыққа бармауға тырысқанмен, әммаре нәпсінің кейбір сипаттары кездеседі.
Үшінші дәрежедегі нәпсі “мүлхиме нәпсі” деп аталады және жақсылыққа бір табан жақындаған нәпсі. Бұл нәпсі өзінің сауапты-күнәлі істерін Аллаһтың жәрдемімен біледі. Сол себепті басқа нәрседен қарағанда Аллаһқа жақын тұрады. Рухтар әлеміне бет бұрған нәпсі ғашықтар халінде ілім үйренуді қалайды, жомарт, қанағатшыл, сабырлы келеді. Нәпсі мүлхиме кешірімді болады, нәпсiмен күрес барысында басынан қиыншылықтарды кешіреді. Әлемнің құпиясына таң қалып, барлығын тастап, оны жаратқан Хаққа жақындауға тырысады.
Барлық жақсы сипаттарды өзіне жинақтаған төртінші дәрежедегі нәпсі “Мұтмаинне нәпсі” деп аталады. Бұл дәрежедегі нәпсі шер мен қиналуларын қойып, жүрегі орнына түседі. Бұл дәрежедегі нәпсіні иеленген адамның жүрегі кәміл иманмен толығады. Нәпсі мұтмаинне шариғаттың кейбір сырларын үйренедi, жомарттық, туралық, жылы жүзділік, ақ көңілділік сияқты жақсы мінезбен мінезденеді. Бұл нәпсіні бойына жинақтаған адам кемшіліксіз, қатесіз шариғат әмірлерін толық орындайды. Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың асыл мінезімен мінезденіп, солай өмір сүруге тырысады және одан рахат табады.
Барлық жағдайда толысқан дәрежеге жеткен нәпсіні “разийе нәпсі” деп атайды. Бұл нәпсі адами сипаттардан да жоғарылаған нәпсі болып есептеледі. Разийе нәпсіні иеленген адамның мінезі ең жақсы мінез болып табылады, діни әмірлер мен тыйымдарды толық орындайды. Бұл адамның халық арасында абыройы жоғары болады, барлығы оны құрметтейді. Бұл дәрежедегі нәпсіде Аллаһтың әрекеттері, есімдері мен сипаттарының көрінісі кейде байқалып отырады.
Ұлы Аллаһтың ырза болғанына байланысты алтыншы дәрежеге жоғарылаған нәпсі “нәпсі мәрзийе” деген атауды иеленген. Адамдық құмарлықтардан мүлден бас тартқан және тек жақсы мінезбен мінезденген бұл нәпсі біреудің кемшіліктерін кешіретін, жақсы ойлы, қолы ашық, адамдарды тек Аллаһ үшін сүйетін терең ойлы болып келеді. Мәрзийе нәпсіні иемденген адам ғайыптың кейбір сырларын Аллаһтың рұқсатымен үйренеді және Мұхаммед пайғамбардың құдси хадисінде Аллаћ Тағала: “Оның көретін көзі, еститін құлағы, ұстайтын қолы, жүретін аяғы және сөйлейтін тілі мен боламын. Ол мен арқылы көреді, мен арқылы естиді, мен арқылы ұстайды, мен арқылы жүреді және мен арқылы сөйлейді”, - деген хадисі осыған айтылса керек.
Сопылардың пікірінше ілім екі түрлі болып келеді. Бірі оқу, үйрену арқылы қол жеткізуге болатын ақли, нақли ілімдер, мұны “заһири ілімдер” деп атайды. Ал екіншісі риязет, тақуалықтың нәтижесінде Аллаһтың құлына силаған уаһби ілімі, бұл “батыни ілім” деп те аталады.
Сопылық жол бойынша заһир ілім - шариғат ілімі, батыни ілім - хақиқат ілімі. Шариғат ілімін адам оқу, үйрену арқылы меңгере алса, хақиқат ілімін меңгеру Аллаһтың һидайет, лүтуфына (қайрымдылығына) байланысты. Бірақ Аллаһтың шариғат ілімін меңгермеген адамға батыни ілімді беруі мүмкін емес.
Сопылардың пікірінше жүрекпен сезінетін (батыни ләдүнни) ілімді меңгерген құлдың ғайыптан (көрінбейтін әлем) хабары болады. Ғайыптан хабар алушылар да кәміл нәпсіні бойына жинақтаған сопы болып есептеледі. Кәміл нәпсіге қол жеткiзген сопы ғайыпты өздерінің адамдық тұлғасымен емес, адамдық тұлғадан өтіп, Хақтың сипаттарын иемдене отырып біледі. Сондықтан олар өздерімен емес, Хақпен бірге, Аллаһ арқылы көреді. Аллаһтың арқылы көргеніне байланысты олар үшiн ұзақтық, жақындық - бір. Міне мұны “керемет” (көзді ашып жұмғанша ұшып бару, су бетінде өз аяғымен жүре беру, жалаң аяқ шоқ басу т.б.) деп аталады. Ал керемет Аллаһтың рұқсатымен әулиелердің қолынан ғана келеді. Ал “әулиелер” деп “кәміл нәпсіні” иеленген адамды атайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   59




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет