Лекция тезистері Синтаксис туралы түсінік


Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Анықтауыш



бет12/66
Дата25.11.2023
өлшемі0,62 Mb.
#127912
түріЛекция
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   66
Байланысты:
367983 3

Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Анықтауыш
1.Анықтауыш туралы жалпы түсінік
2.Анықтауыштың жасалу жолдары
3. Анықтауыштың мағыналық түрлері
4. Анықтауыштың құрамдық түрлері

Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді сындық жағынан сипаттап тұрады. Сөйлемде заттардың әр түрлі сынын, сапасын білдіретін сөздерді анықтауыш деп атайды. Олар заттың түсі, түр-тұрпаты, көлемі, салмағы, саны сияқты сапаларын білдіреді де анықтайтын сөзімен интонациялық жағынан ыңғайласып, бір ритмикалық топ құрайды. Анықтауыштар - өзіндік лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар бірлік ретінде тұрақталған синтаксистік категория.


Анықтауыштар бір сөзден де, бірнеше сөзден де құрала береді. Сондай құрылысына қарап, оларды дара анықтауыш, күрделі анықтауыш, үйірлі анықтауыш деп 3 топқа бөлеміз.
Түрлі сөз таптарынан жасалатын анықтауыштардың мағыналары да әр түрлі болады. Оларды мағыналарына қарай екі топқа бөлуге болады: 1) сапалық анықтауыш; 2) меншік анықтауыш.
Атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздердің негізгі түрі - сын есімдерден болған анықтауыштар. Сын есім өздеріне тән қасиеттерімен байланысты заттың сапалық белгілерін я тікелей, я ол заттың басқа затқа қатысы арқылы білдіреді. Сын есімнің семантикалық негізі оның сапасын білдіретіндігінен я затқа тән сапа болатындығынан көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалады. Демек, сын есімдерден болған анықтауыштар сөйлемде заттардың әр алуан сапасын, қасиетін білдіреді. Мысалы: Түйелердің қомынан шешілген ұзын-ұзын аппақ өре киіздер, өрнекті текеметтер кезек-кезегімен, үйме-жүйме келіп жатты. Торы атқа қайта ер салынды.
Заттың сандық, өлшеулік сапасын білдіретін сан есімдер де анықтауыш қызметінде негізгі және туынды тұлғасында жұмсалады.Төртінші сыныптың жетекшісі Перизат Әлімоваға сөз берілді. Бұл бір басына он екі бай ұлы таласып жүрген қыз еді.
Анықталатын зат белгілі болып, оны басқа заттан айыра тану керек болғанда, оның алыстығын не жақындығын білдіру керек болғанда сілтеу есімдіктері анықтауыш қызметінде жұмсалады. Осы ақбөкен бір кереметтей сұлу жаратылыс-ау, кісінің көзі көріп тояттайды. Сол төрт аяқты мал үшін араздасып, қан төгуге бола ма?
Есімшелер заттың қимылдық сапасы ретінде анықтауыш болады. Қалың әскер жаулаған жұртын азат етті. Өсер малда өлім жоқ. Тұқымынан тақ, басынан бақ кетпеген Жәңгір хан өз ордасында алтынды тақтың үстінде отыр екен. Есімшелердің барлық түрінің анықтауыш болу қызметі бірдей емес. Олардың ішінде анықтауыш болып жиі кездесетіні - өткен шақтық есімшелер.
Зат есімдер де анықтауыш қызмет атқарады. Заттық анықтауыштар анықтайтын сөздерімен мынадай байланыста айтылады:
1.Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, алдыңғысы соңғысына анықтауыш болады: темір күрек, жібек орамал. Қолындағы жібек орамалын ерекше бұлғады.
2.Екі зат есімнің алдыңғысы ілік жалғауда, соңғысы тәуелдік жалғаудың бірінде тұрып, анықтауыш болады. Жарастың бригадасы жұмысқа қызу кірісті.
Анықтауыштар мағыналық жағынан сапалық және меншікті болып екіге бөлінеді. Сапалық анықтауыштарға сын есім, сан есім, есімдік, есімше, атау тұлғалы зат есімдерден болған, анықтайтын затымен қабыса байланысқан анықтауыштар жатады. Меншік анықтауышқа ілік жалғауында айтылған, кімнің? ненің? Деген сұрақтарға жауап беретін анықтауыштар жатады. Қонақ үйде дөңгелек стол үстінде, қызғылт күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр. Құнанбайдың мына жауабын айрықша ескерулеріңді сұраймын.
Анықтауыштар құрамдық ерекшелігіне қарай дара, күрделі, үйірлі болып бөлінеді. Анықтауыштардың күрделі түрі интонациялық жағынан өзара бөліп-жаруға келмейтін,лексикалық бірлік ретінде түсініледі. Олардың жасалуының бірнеше түрі бар:
1. Сапалық және қатыстық сын есімдердің тіркесінен болады: Қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей осы отырғанның бәрінен де сұлу (Әуезов)..
2. Екі сапалық сын есімдер тіркесінен болады: Қара бурыл Сүйіндік Құнанбайға тесіле қарады (Әуезов).
3. – ғы, -гі ( -дағы,-дегі) тұлғасы арқылы жасалады:
-негізгі сөз бен көмекші есімнің тіркесінен: Игілік Ұлытаудан бергі елдерді аралап қайтып еді (Мүсірепов).
-есімдік пен зат есім немесе заттанған басқа сөз таптарының тіркесінен: Сол күнгі ауаның райы да әлі күнге есімнен кетпейді (Сейфуллин).
-есімше мен зат есім тіркесінен: Өткен түнгі оқиға қала халқын теңселтіп жіберді (Мүсірепов).
- күрделі сан есімдер, сан есімді анықтауышы бар зат есім сөздер тіркесінен: Жұрттың он алтыдағы баласы кісіге жалданып, я үйінде кәсіп етіп, әке-шешесін асырап отыр (Майлин).
4. Қабыса байланысқан негізгі және туынды түбір есімдер, есімшелі тіркестер басқа бір сөзді анықтайды: Сонау етекте жазыққа беттеп екі қотан қой өріп барады (Мұстафин).
5. Жалқы есімдер мен сықылды, сияқты, тәрізді, деген, дейтін тәрізді көмекші сөздердің тіркесі: Шәкір бай Кәдір сияқты кісінің Айша сияқты көк өрімдей қызын мал-жанын сала қадалып алғалы жатыр (Сейфуллин).
6. Өзара матасу, меңгеру, қабысу арқылы байланысқан предикаттық мәндегі есімшелі, есімді тіркестер өзінің субъектісі болатындай сөздердің алдында келіп, соларды анықтайды: Терезенің көзінен түскен күн сәулесі Бақыттың бетінен сүйіп, еркелетіп ойнатқандай болды (Сейфуллин).
Бірі бастауыш, бірі оның баяндауышы ыңғайында айтылған, яғни предикаттық қатынастағы сөздерден құралған анықтауыштарды үйірлі анықтауыштар деп атаймыз. Үйірлі анықтауыштар тобының құрамындағы сөздердің бірінші сыңары зат есім, жіктеу, өздік есімдіктері болады да, олар түбір күйінде не тәуелдік жалғауының көбінесе 3 - жағында айтылады. Ал олардың екінші сыңары сын есім, есімше және бар, жоқ, көп, аз деген сөздер болады: Кейде оты бар жерге ұйлығып, екейде шашырап-бытырап өз бетінше жайылып жүрген мың-мыңдаған нарлар мен айыр өркеш түйелерге ұқсап кетті. Аралық бітім айтатын адамың бар ма? Талабы жоқ бала білімнен құр қалады. Төрде көзі жасаураған кісі отыр екен.
Күрделі және үйірлі анықтауыштар дауыс ырғағы жағынан да бір ритмикалық топ болып келіп, өзара байланысқан бірнеше сөзден құралып, сол тұтас күйінде бір сөзді анықтайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет