Лекция тезистері
Синтаксис туралы түсінік
1.Синтаксис туралы жалпы түсінік
2.Синтаксистің салалары
3.Синтаксистің зерттеу нысандары
4.Синтаксистің зерттелу тарихы
5.Синтаксис жүйесіндегі зерттеу әдістері
Тілдің негізгі коммуникативтік, яғни пікір алысу үшін жұмсалатын тұлғасы деп сөйлемді айтамыз. Сөйлем адамның ең күрделі ойлау жұмысымен байланысты. Сөз затты, құбылысты атайды, бұл да күрделі ой жұмысының нәтижесі. Бірақ осы ерекшелігіне қарамай сөз және сөз тіркесі де пікір алысу үшін жұмсалатын негізгі тілдік тұлға қатарына жатпайды. Пікір алысу, қарым-қатынас жасау үстінде сөйлем жұмсалады. Өйткені қарым-қатынас пікір білдіру арқылы жүзеге асады.
Синтаксис ғылымы осы сөйлемнің құрылысын зерттейді. Синтаксис- грамматиканың морфология секілді өзекті саласының бірі. Синтаксис гректің sintaxis – құрау, құрастыру, түзу деген сөзінің негізінде пайда болған. Синтаксис термині тіл білімінде екі түрлі мағынада жұмсалады: біріншісі-коммуникация (пікір алысу) үстінде жұмсалатын тіл тұлғаларының құрылысы, екіншісі - тілдің коммуникация үстінде жұмсалатын тіл тұлғаларын зерттейтін ғылым саласы мағынасында.
Қазіргі таңда зерттеу нысандарының сипатына қарай синтаксис ғылымы 4 салаға бөлінеді. Олар:
1.Сөз және оның формасының синтаксисі.
2.Сөз тіркесі синтаксисі.
3.Сөйлем синтаксисі. Сөйлем синтаксисінің өзі іштей жай сөйлем синтаксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі болып бөлінеді.
4.Мәтін синтаксисі.
Сөз және оның формасының синтаксисі белгілі тұлғадағы толық мағыналы сөздің өзі сияқты басқа бір сөзді бағындыра немесе бағына алатын қасиеттерін, олардың сөз тіркесі мен сөйлемнің сыңары не мүшесі бола алу мүмкіндіктерін зерттейді.
Сөз тіркесінің синтакисі сөздердің тіркесімділік қасиетін, олардың тіркесу қасиеті мен түрлері, сөз тіркесінің құрамын, түрлерін зерттейді.
Сөйлемнің синтаксисі сөйлемнің құрылу ұстанымдарын, сөйлемнің құрамын, олардың түрлерін қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |