Сөздердің тіркесу тәсілдері мен байланысу амалдары
1. Сөздердің тіркесу тәсілдеріне жалпы сипаттама
2. Тіркесу тәсілдерінің түрлері
3. Сөздердің байланысу амалдары
4. Байланыс формаларының өзіндік белгілері
Сөздер грамматиканың қарамағына түсіп, синтаксистік қызмет атқару үшін өзара берік байланыста болулары керек. Мысалы: Сессияның жұмысында кадрларды даярлау мәселелері үлкен орын алды деген сөйлемде сессия, жұмыс, кадр, даярлау, мәселе, үлкен, орын, алу сияқты 7 сөз бар. Осындағы сөздерді жеке-жеке алып қарастыратын болсақ, онда ол жеке лексиканың немесе морфологияның нысаны деп ойлаған болар едік. Ал бұл жерде біз олардың сөйлемдік дәрежеде қолданылуында өзіндік сатылау үдерісінің бар екенін көруге болады.
Жалпы сөз бен сөздің өзара тіркесіп белгілі грамматикалық мағына тудыруына байланысу тәсілдерінің қызметі ерекше. Сөз бен сөзді байланыстыруға дәнекер болатын синтаксистік тәсілдер мыналар: 1.Жалғаулар (септік, тәуелдік, көптік, жіктік): жолдасымен кездесу. 2. Шылаулар: оқыған сайын білу. 3.Сөздердің орын тәртібі: биік тау, жібек орамал, білімді жігіт.4. Интонация: Айнұр-студент.
Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері синтетикалық, аналитикалық, аналитикалық-синтетикалық тәсіл деп үшке бөлінеді.
Синтетикалық – грек сөзі. Грек тілінің « тізбек», «құрастыру»- синтездің нәтижесінде жасалған, « біріктіруші» деген сөзінен жасалған термин. Сөз тіркесіндегі сөздердің жалғаулар арқылы байланысуы синтетикалық тәсіл деп аталады. Мысалы: Осы Шұғыланың өзінде қаншама завод салынады, осы аймақтан қаншама кеніш ашылады.
Аналитикалық деген термин грек тілінің «анализдің нәтижесінде жасалған», «ажыратушы» деген сөзінен жасалған. Демек, аналитикалық тәсіл сөздің сыртында болады, яғни көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі және интонация тәсілдері арқылы байланысу аналитикалық тәсіл деп аталады.
Сөз бен сөзді байланыстыратын аналитикалық тәсілдің бірі - сөздердің орын тәртібі. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінде белгілі жүйелілік бар. Сөз тіркесінің сыңарлары белгілі тәртіппен мағыналық байланыста тіркеседі. Жалғаусыз тұрған орнына қарай байланысқан сөздердің байланысы өте берік болады. Мысалы: Босағада отырған әйелдер өзара күңкілдесті.
Сөз тіркесінде интонацияның да өзіндік қатысы бар. Оның өзі сөздердің орын тәртібі арқылы жасалатын сөз тіркесінің кейде ерекше айтылуына байланысты жұмсалады. Мысалы: ағаш отын, бұл бала сияқты анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері орын тәртібі арқылы зат есім мен зат есімнің, есімдік пен зат есімнің тіркесі десек, кейде осындай анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері интонацияның қатысы арқылы енді ағаш-отын, бұл-бала сияқты бастауышпен баяндауыштан құралған қиыса байланысқан сөз тіркестері пайда болып отыр.
Сөз бен сөздің арасын байланыстыруда көмекші сөздердің, атап айтсақ, шылау, модаль сөз, көмекші есім, көмекші етістіктің орны ерекше. Мысалы: Аудитория іші сілтідей тына қалды.
Кейде сөз бен сөзді байланыстыруда модаль сөздердің де қатысы бар.Модаль сөздер көбіне сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарына тіркеседі де, түйдекті тіркес құрай отырып, ол сөзді басқа сөзбен байланыстырады. Мысалы: Сонан басқа сөзге сұқтануға бұл сияқты оның шамасы жетпеді.
Көмекші етістіктердің де сөз бен сөзді байланыстыруда өзіндік орны бар. Оның не екенін жүрегің сезіп тұр.
Аналитикалық тәсілдің де, синтетикалық тәсілдің де элементі бар тіркесу тәсілі аналитикалық-синтетикалық байланысу тәсілі деп аталады. Мысалы: Біздің оқушылар кеше мектепке дейін ағаштарды тасыпты. Байланысу тәсілдерінің аналитикалық-синтетикалық тәсілін іштей жан-жақты талдай келіп, біз олардың мынадай жасалу жолдарын белгіледік.
Көмекші сөздер арқылы жасалуы:
а) көмекші есімдер арқылы: Таңғы салқын ауадан бойы тоңазып, терезенің алдында тұрды.
ә) шылаулар арқылы: Жылқышылар батысқа таман ығысты.
б) көмекші етістік арқылы: Кітапты Асан дегеннен алдым.
Сонымен сөз бен сөзді байланыстыруда көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары, орын тәртібі, интонация, көмекші сөздер сияқты дәнекерлер қатысады деп білеміз.
Сөздердің өзара байланысу тәсілдері негізінде қалыптасқан синтаксистік байланыс жүйесін сөздердің байланысу амалдары деп атайды. Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік байланысу амалдары мыналар: 1) қиысу; 2) матасу; 3) меңгеру; 4) қабысу; 5) жанасу.
Қиысу - синтаксистік байланыстың ең көп қолданылатын түрі. Қиысу- сөйлемдегі бағыныңқы мүше мен басыңқы мүшенің жіктік жалғауында жақ-жағынан жекеше-көпше тұлғада грамматикалық мағынасына қарай байланысуы. Мысалы: Мен сіз білгеннің жартысын білсем, бір күн тұрмас едім. Сендер студентсіңдер.
Матасу - сөз тіркесінің құрамындағы бағыныңқы сөздің ілік септік жалғауында, басыңқы сөздің тәуелдік жалғауда тұрған грамматикалық байланысы. Мысалы: ағаштың жапырағы, жақсының ісі. Енді мен сол жүректің сөйлеуін тілеймін.
Меңгеру - сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөздің басыңқымен мағыналық үйлесімі негізінде септік жалғауларының (іліктен басқа) бірінде тұрып байланысуы; меңгерілетін яғни, бағыныңқы сөз табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғауларының бірінде тұрады да, меңгеретін сөз – басыңқы сыңар етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады. Осыған орай меңгеруді үшке бөлеміз: етістікті, есімді, ортақ меңгеру. Мысалы: терезені жапты, оқуға ынталы, жұртқа риза еді. Сапар сөзін бітірді де, суыған шайын жұта салды.
Қабысу - сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарының басыңқымен жалғаусыз қатар тұру арқылы байланысуы. Қабыса байланысатын сөздердің барлығы дерлік тұрған орындарын өзгертпейді, жұбын жазбайды. Мысалы: қызық кітап, мәдениетті адам, үшінші қабат. Тегенеге шағын ыдыстармен сабадан тасып құйған қымызды мырза құлаштай сапырды.
Сөз тіркестері тіркесу жолына қарай тікелей тіркес және сатылы тіркес деп екіге бөлінеді. Осы ерекшелік қабысуға тән. Тікелей қабысуда бағыныңқы сыңардағы әрбір сөз басыңқы сыңармен өз бетінше байланысуға қабілетті болады. Мысалы: мөлдір таза ауа, ұзын сұлу кірпік. Сатылай қабысуда алдымен екі сөз тіркесіп бір ұғымды білдіреді де, өзара жігін жазбай келесі сөзбен тіркеседі: бір тонна көмір, қой көзді жігіт, қылқан жапырақ ағаш.
Жанасу-сөздердің жалғаусыз орын тәртібі арқылы бірде алшақ, бірде іргелес тұрып байланысуы. Мұның қабысудан айырмасы - тіркескен сөзінен алшақтап араға сөз салып та тұра алады. Шарықтап ұшу - шарықтап көкке ұшу; ертең бару - ертең бірге бару. Асқар өмірден тосырқап қалғанын енді сезді. Асқар енді өмірден тосырқап қалғанын сезді. Күн бата Еркебұлан келді. Кешеден бері Отарбайдың мінезі түсініксіз болып кетті. Әлсін-әлсін желкесін қаси берді.
Достарыңызбен бөлісу: |