Лекция. Түркі халықтар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері. Түркі халықтар әдебиетіндегі ортақ сарындар. Жоспар: Түркі халықтар әдебиеті тарихы пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет7/8
Дата16.03.2022
өлшемі53,69 Kb.
#28181
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
1-лекция

Ахмет Иүгінекидің біздің заманымызға дейін сақталып, жеткен жалғыз шығармасы бар. Ол-(Ақиқат сыйы) деп аталатын дастан. Бүл дастан орта ғасырдағы түркі тектес тайпалардың көбіне түсінікті болған Қараханид түркілерінің тілінде жазылған. Шығарманың аты (Хибатул-һақайық) деп арабша қойылған. Ахмет Иүгнекидің өмірі мен ақындық қызметі жайында жөнді мәлімет жоқ. Әйтсе де ақын дастанда өзі туралы қысқаша деректер берген. Ақынның шын аты Әдіб Ахмед, әкесінің есімі Махмуд болғанын, ал туған жері Жүйнек екенін аңғарамыз. Ақын анасынан көзі соқыр болып туылған. Ол туылған Жүйнек қаласынан иографиялық орны басқа жерде болған деген пікірлер де бар. Дастанның өзі көне түркі тілінде жазылса да ақын шығармасының атын әдейі арабша қойған. Бұл дастанның көне қолжазбасы табылғаны жөніндегі мәліметті алғаш рет түркі ғалымы Нәжіп Асим 1906 жылы алғаш хабарлады. Қазіргі кезде бұл шығарманың бізге бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім. Соның ішінде ең көнесі әрі толық сақталғаны Самарқан нұсқасы. Бұл қолжазба қазір Стамбул Қаласындағы Айя-София кітапханасында сақтаулы. Оны 1444 жылы Самарқан қаласында атақты каллиграф Зейнул-Абидин Джураний деген кісі ұйғыр әрпімен көшірген.

Бұдан кейін дастанды, 1480 жылы Шейх-заде Әбдіразақ-бақиш көшірген нұсқасын Нәжіп Асим осман түріктерінің тіліне аударып, шығарманың түп нұсқасымен қоса оны 1916 жылы жеке кітап етіп бастырып шығарды. Дастанның араб әрпімен көшірілген нұсқасы Берлин қалалық кітапханасында сақтаулы. Бұл дастанның ғылымға мәлім барлық қолжазбаларын өзара салыстырып, шығарманың толық текстін әзірлеген зерттеуші түрк ғалымы Рашид Арат Рахмат болды. Ол 1951 жылы дастанның толық текстін әзірлеп, оны латын әрпімен кітап етіп шығарды.

Ахмет Иугнекидің дастанын тіл, әдебиет, тарих, философия ғылымдары тұрғысынан зерттеп, шығарманың ғылымға негізделген текстін, сөздігін, транскрипциясын әзірлеген тюркологтар: Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов,Қ.Махмудов тағы басқалар. (Ақиқат сыйы) дастанын зерттеу ісіне Радлов, Ковалеиский, Дени сияқты шығыстанушы ғалымдарда белсене ат салысты. Өзбек ғалымы К.Махмудов бұл дастан жөнінде аса құнды монографиялық еңбегін жариялады. (Ақиқат сыйының) прозалық және поэтикалық аудармасы қазақ тілінде де жарық көрді.

(Ақиқат сыйының) негізгі көтерген мәселесі- оқу-білім жайлы, мораль, мінез-құлық мәселесі. Оқу-білім мәселесі дастандағы ең басты мәселе. Ақын дастанда барша әлемнің сырын ашатын кілт-көкірек көзі ашық, оқыған, білімді адамдардың қолында деген ой-пікір айтады. Ақын ғылым мен ашу-ызаны бір-біріне қарсы қояды. Ғалым, ақын бақыт жолын өнер-білмнен табады, ал ашу-ызаға тізгін берегн кісі қашанда надандыққа, қараңғы түнекке душар болады дейді. Ахмед Иүгнеки білімді жандарды көкке көтере мадақтайды, оқушысын кәусар оқу-білімнің бұлағын еркін сусындауға шақырады.

Білікті білім жинап кәсіп етер,

Білімнің дәмін татып өсіп етер

Білдірер білім ерге білім сырын

Біліксіз білімді аттап басып өтер.

Дарынды ақынның оқу мен білім жөніндегі бұл пікірлері кезінде зор прогрессивті роль атқарды. Ғұлама ақын адамның бақытты болуы білімге, ал бақытсыздық-қараңғылыққа, надандыққа байланысты деп ұғынды. Надандықтың өзі түптеп келгенде феодал-клерикал қоғамның табиғатынан туындайтын әлеуметтік құбылыс екенін ақын түсінбейді.

(Ақиқат сыйы)-дидактикалық сарында жазылған шығарма. Сондықтан дастанда негізінен адамның мінез-құлық қағидалары, адамгершілік, этика, әдептілік моральдық мәселелер әңгіме болып, ақын осылар жайында өз оқушысына ғибрат сөздер білуге, өтірік-өсек айтпауға, сыр сақтай білуге, босқа көп сөйлеп, мылжың болмауға шақырады. Ал, әдептілік басы-тілге сақ болу деп үйретеді.

Білімдіден қалған бір сөз тағы бар.

Әдептіге (үндемес) ат тағылар.

Тіліңді тый-сонда тісің сынбайды.

Жөнсіз шыққан тілден тісің қағылар.

Абайлап сөйлеу-мәдениеттілік пен білімділіктің белгісі деп біледі.

Ақын қашанда әбден ойланып алып, сосын ғана сөйлеу керектігін ескертеді. Өйткені жаман сөз адамның жан-дүниесін жаралайды. Оқ жарасы- жазылар, ал ащы тіл салған жара жазылмас дейді. Ахмет Иүгнеки адамгершіліктің тағы бір көрінісі әділ болып, қашанда шындықты айту керек деген пікірді айтады. Шын сөз адамды емдеген сияқты жанға жайлы, дертке шипа болып келеді.

Ақын сыр шашпау, құпияны сақтай білу жөнінде де уақыз-ғибрат айтады. Дастанда жомарттық пен сараңдық туралы сөз қозғайды. Ақынның ойынша құрметке лайықты адамның бойындағы ең асыл қасиет-жомарттық пен сараңдықты қарсы қойып көрсетеді.

Жұмсармас, иілместі жомарт иер,

Мұрат та қол жетпейтін бұған тиер.

Мақтайтын бақылдарды жан шыға ма

Сақыны ағайын, ел бәрі сүйер.

Ақын жомарт жандарды зор ықыласпен, жан-жүрегімен беріле жырлайды. Ақынның бұл тақырыпқа көңіл бөлуінің сыр-себептері бар.

Иүгнеки енді өмірде болып жатқан феодалдық қоғамның қайшылықтарын, қанаушылық табиғатын түсінбеген ақын бай кісілерді мейірімділікке, жомарт, мінез-құлқын жақсарту арқылы мұқтаж жандарға өзінше көмектеспек болады. Ол адамдардың мінез-құлқын жақсарту арқылы, оларды жомарт, әрі білімді ету арқылы заманды да жақсартуға болады деп үміттенген. Адам бойындағы асыл қасиеттердің ең бастысы жомарттық екенін айта келіп, ақын аш-жалаңаштарға қол ұшын беруден артық игілікті іс жоқ деген пікірге келеді. Ақын мінез-құлқына тән теріс қасиеттердің бірі сараңдық жайлы әңгіме етеді. Пейілі өте тар, қытымыр ешкімге ешнәрсе ауыстырмайтын адамдарды өлтіре сынайды. Пейілі тар адам түрлі арамдық жолмен алтын-күміс жинайды. Бірақ соның бәрін өзімен бірге алып кетпейді, өзі өлген соң тірі кезінде жұрттан қызғанғаны үшін қызыл итке жем болады. Сондықтан ақын өз шығармасында (алаған қоды береген) болуға шақырады.

Мінездің жақсысы, әдеттің мінсізі-

Біліп қой жомарттық. Ол-сараңның айнасы.

Қолдың бақыттысы-беруші қол.

Сараңдық-емдегенмен жазылмайтын ауру.

Ахмет Иүгнеки оқушысын сол заманның әдет-ғұрпын сақтап, түрлі заңдарын орындап отыруға, әділетті болуға, әлсіздерге күш көрсетпеуге кемтарларға қолғабыс тигізуге, нысапты болуға шақырады.

Бұл дастанда сондай-ақ тәкаппар, өр көкірек жандарды жер-жебіріне жеткізе сынайды. Ол оқушысын қарапайым, момын болуға үндейді. Ақын көбіне тәкаппарлық пен қарапайымдылықты бір-біріне қарсы қояды.

Өр көкіректік, менмендік адамды адамгершіліктен жұрдай қылатын қасиет деп көрсетеді.

Қарапайымдылық болса-кез келген жанға жарасатын, оның бедел-мәртебесін асыра түсетін қасиет деп біледі.

Тағы бір керекті сөз айтам дастан,

Ұғып ал құлақ салып мендей достан.

Болып ал кішіпейіл өзгерместей,

Аластат тәкаппарлық ойды бастан.

Адам өмірге жамандық емес, жақсылық жасау үшін, игілікті істерді жүзеге асыру үшін келеді деген түйін жасайды.

Ақын мінез-құлық нормалары жөніндегі өзінің философиялық пікірлерін оқушысына ақыл-өсиет ретінде ұсынады. Ол әдептілік, қарапайымдылық, жомарттық мәселелерін барынша мадақтап, надандық, қатыгездік, сараңдық, тәкаппарлық тәрізді мінез-құлықтардан сақтандырады.

Дастанның құрылысына келсек, (Ақиқат сыйы) - дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан негізінен сюжетке құрылмаған. Шығарманың әрбір тарауында белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме болады, ақын оқушысына ақыл-кеңес беріп отырады.

Дастан тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан ақын өмір сүрген феодалдық қоғамдағы моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы болып келеді. Адам қалай өмір сүру керек Ақын осы сұраққа өзінше жауап іздеп, дидактикалық сарынды оқушысына өсиет-уағыз айтады. (Ақиқат сыйы) дастаны негізінен (Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны жайын да) деп аталатын жырдан басталады.

Айтайын білім жайын, құнты бар бол,

Ей, достым, білімдерге ынтызар бол.

Ашылар білімменен бақыт жолы,

Білім ал жолға түсіп бақыт толы.

Дастанның бұдан кейінгі тараулары (Тілді тыйып ұстау-әдептіліктің шарты), (Тіл жайында), (Дүниенің өзгертіп тұратыны жайында) деп аталады. Ахмет Иүгнеки (Ақиқат сыйы) дастанының соңында адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы өз ойын қорыта келіп, кітап оқушысына қарата былай дейді:

Ахмет Әдиб-атым, үлгі-сөзім,

Қалады мұнда сөзім, кетем өзім

Күз келер, жаз да кетер, өмір де өтер.

Сонымен жұмылар да екі көзім.

Ей досым, жаздым кітап түркішелеп.

Мейлің сөк, мейлің қала ерекше елеп

Артымда ат қалсын деп жаздым мұны.

“ажайып таңсық сөзбен ерекшелеп.

Ахмет Иүгнеки-әрбір сөзді ажарлап та, құбылтып та шебер пайдалана білетін сөз зергері. Дастан негізінен ақыл-өсиет, уағыз, ғибрат сөздерден тұрады. Ақын өзі хикаялап отырған құбылыстардың ерекше белгілерін ажарлап, оған үстеме мағына беріп, көркіне көрік қосып суреттеу үшін теңеу әдісін кеңінен қолданады. Мәселен, автор дастанда Ыспаһсаларды-теңізге, ал өзін жауын тамшысына теңейді. Мұндай тамшылар теңізге құйылып, қымбат бағалы маржанға айналады дейді. Білімді адамды таза алтынға, надан кісіні-құны жоқ ақшаға, білімді әйел-ер жігітке, білімсіз еркек- әйелге, ал шын сөзді-балға, жалған сөзді-пиязға теңейді. Иүгнеки өмір жөнінде толғай келіп, (бұл дүние керуен сарай, оған біреулер келіп жатса, енді біреулер кетіп жатады)-деген бейнелі пікір айтады. Сараңдықты ем қонбайтын дертке, жеміс бермейтін ағашға, жомарттықты-алқызыл розаға теңейді. Ақын әдеби тілдің әсерлілігін арттыра түсу үшін екі бірдей ұғымды, сезімді, құбылысты қатар қойып, жұптап суреттейді. Ол параллелизмді шеберлікпен пайдаланады. Білімді-надан, жомарт-сараң, тәкаппар-момын, атлас жәйлі-бөз, адал-арам, ұзын-қысқа сияқты ұғымдарды бір-біріне қарсы қойып суреттейді.

Өмір тәтті бүгін қолың жеткенде,

Удай ащы ертең тастап кеткенде,

Қайда балы - сонда арасы бір жүрер,

Балдан бұрын татып көрші зәрінен.

Дастан буындардың алмасып келуіне негізделген аруз жүйесі бойынша жазылған.

Дастандағы ұйқастықтарға назар аударсақ, алғашқы төрт тараудың монорифма а-а, в-а, с-а болып ұйқасатынын аңғарамыз. Екінші тарауда рифма: сәнга, онга, мэнга, мунга секілді болып келеді. үшінші тарауда басқаша. Төртінші тараудағы ұйқас көбіне бұйрық райда айтылады.

Шығарманың бесінші тарауынан бастап ақын түркі тілдес елдердің халықтық поэзиясында мейлінше кең тараған-төрттік а-а-в-а ұйқасымен жазады:

Білімдінің сөзі, насихат, үлгі-өнеге,

Білімдіні азиат та, араб та мақтады.

Малы жоққа-білім таусылмайтын мал,

Қаржысы жоққа-білім таусылмайтын қаржы.

Дастанда тек аффикс арқылы ұйқасып тұрған өлең жолдары да аз емес. Ахмет Иүгнеки әрбір сөзін ажарлап та, құбылтып та, айшықтап пайдаланған. Ақынның өлең жазу техникасынан жыр жүйелеріне ырғақ, ұйқастарды шеберлікпен меңгерген. Ол оқушысына түсінікті етіп жаза білген. Тілі жағынан дастан (Құдатғу білік) дастанымен салыстырғанда, лексикасы мен грамматикасында архайзм элементтері басым. Өйткені, ақын ажарлы сөздері арқылы өз ойын түркі халықтарына түсінікті болу үшін пайдаланған.

Белгілі ғалым Ә.Н.Нәжіп (Ақиқат сыйының) тілі-(Құдатғу білік) тілі мен кейінгі дәуірлерде өріс алған шағатай тілін өзара жалғастырып тұрған өтпелі көпір секілді деуге болады. Ахмет Иүгнеки өз заманының прогресшіл, білімді азаматы ретінде адамның бойындағы мінез-құлық мәселесін жырына кең түрде арқау еткен. Қорыта айтқанда дастаннан оқушының алатын әсері өте мол. Дастанға өз заманының көкейкесті мәселелерін арқау еткен. Ахмет Иүгнекидің (Ақиқат сыйы) дастаны көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ әдеби мұра болып табылады. Дастанның үлгі-өнеге, ақыл-өсиет алар жырлары күшті дидактикалық сарында жазылған.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет