Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым.
Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейбіт қылдым,
Тату қылдым,
Бәрі маған бағынды (146, 50).
Сонымен, көне түркілердің ежелгі шынайы тарихын оның Орхон мәтініндегі бейнелі көрінісімен салыстыра отырып, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері жылнама шежіре емес, сол дәуірдің өзіне тән поэзиялық дәстүрімен жазылған әдебиет үлгілері деген түйін жасаймыз.
Әрине, көркемдік дәрежесі мейлінше жоғары, шешендік сөздері мол, көріктеу құралдары айшықты болып келетін «Күлтегін», «Білге қаған» және «Тоныкөк» сияқты ғажайып дастандардың ғайыптан, өзінен өзі өмірге келуі мүмкін емес. Демек, бұл дастандарды жазған Йоллығтегін ғұндар дәурінің «Алып Ер Тоңа», «Оғыз қаған», «Атилла», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Ергенекон» сияқты дастандарды үлгі тұтқан. Бқл жәйтті әсіресе, осы екі дәуір дастандары арасындағы бірқатар көркемдік ұқсастықтардан аңғаруға болады. Ғұндар дәурінің ауыз әдебиетінде қолданылған көріктеу құралдары, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер кейде Орхан жазба ескерткіштерінде де қайталанып отырады.
Мұндай көркемдік дәстүр жалғастығын, әсіресе ақынның соғыс картинасын жасау жолдарынан айқын көруге болады. Мысалы, «Алып Ер Тоңа» дастанында мынадай жыр жолдары бар:
Жауды шөптей жапырдым,
Қанын судай сапырдым,
Өлім зәрін татырдым.
Сонда түсі қурады (168,11).
Дәл осындай картинаны «Оғыз қаған» дастанында:
Шайқас, ұрыс сондай жаман болды
Итіл өзенінің суы қып-қызыл, сіп-сіңгірдей болды, -
деп суреттейді (174, 41).
Қалай болған күндеде тарихта ерлік дәуірі деп аталған ғұндар заманының ауыз әдебиеті Күлтегін, Білге қаған сияқты батырлар бейнесін жасауға өзіндік ықпал-әсерін тигізді. Әсіресе, батырдың мінген тұлпарын, асынған қару-жарағын, сүйген жарын, сағынған елін, туған жердің табиғатын суреттеу тұрғысынан ғұндар заманының эпосы бертін келе қалыптасқан Түркі қағанаты дәурінің жазба әдебиеті үшін үлгі-өнеге болды.
Ал біз өз зереттеуімізде негізінен Орхон жазба ескерткіштерінің, өзінен кейін пайда болған қазақтың жыраулар поэзиясына қалай әсер еткенін талдап көрсетуге көбірек назар аудардық. Дегенмен, алдымен «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» жырларының көркемдік пен жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтелік. Сол арқылы Орхон жазба ескерткіштерінің қазақ жыраулары поэзиясына қаншалықты терең әсер еткенін пайымдауға болады.
Орхон ескерткіштерінің жанрлық ерекшеліктері туралы соңғы кезге дейін өзара қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып келді. Бірі – күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері көркем әдебиетке, соның ішінде поэзияға ешбір қатысы жоқ, Түрік қағанатының дәлме-дәл жазылған тарихы деп қарады. Екіншісі – руна жазуындағы бұл ескерткіштерді поэзиялық туындыға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды.
Бұл екі түрлі көзқарас ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар, т.б. арасында алуан түрлі пікірталастарын тудырып келді. Ал, қазір Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері көркем туынды екенін ешкім күдіктенбейді. Орхон ескерткіштерін поэзия, ерлік жыры деп алғаш бағалаған ғылымдардың бірі – академик-жазушы М.әуезов болды. Ол руна жазуындағы ескерткіштердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп, былай деп жазды: «Олардың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген десеңізші?! Оларда әр алуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар.
Бір топтама көлемі жағынан – руналық жазудың бір жолына шамалас болып келеді.
«Күлтегін» (кіші жазу) жыры әрқайсысы өз алдына дербес, әрі сюжеттік жағынан бір-бірімен тығыз байланысты сегіз топтамадан тұрады. Әрбір топтама – мазмұны жағынан бір-бір хикая болып келеді. оның бірінші топтамасы қағанның өз халқына қарата айтқан үндесуі; үшінші топтама – түріктердің әскери жорықтарын хикая етеді; төртінші топтама – көршілес табғаш халқының қастандық әрекеттері туралы әңгіме, бесінші топтама – табғаштармен қатнасу түріктерге ажал қатерін төндіретін жайында хикая; алтыншы топтама – түркі халқының көрген емес екенін, өкінішпен жырлауға арналған; жетінші топтама – түрік халқының даңқын көкке көтерген Білге қаған екендігі жөнінде айтылған жыр: сегізінші топтама – осы ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жәйттерді баяндауға арналған.
Ежелгі түркі поэзиясында тән дәстүр бойынша, осындай әрбір топтаманың өзі міндетті түрде мынадай үш элементтен тұратын бол,ан: 1. Оқиғаның басталуы; 2. Сол оқиға желісінің біртіндеп ұлғая түсуі; 3. Осы топтамада айтылуға тиісті ой-пікірдің түйіні. Мәселен, «Күлтегін» (кіші жазу) жырының екінші топтамасын мысал етіп келтірейік. Екінші топтама – Түрік қағанаты жерінің ұланғайыр кең екендігін суреттеуге арналған:
Тоғыз оғыз бектері, халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.
Ілгері – күн шығысында,
Оң жақта – күн батысында,
Сол жақта – түн ортасында,
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды!
Халықты осыншама көбейттім! (146, 140).
Міне, осы топтаманың алғашқы үш жолы – оқиғаның басталуы –қол астындағы халыққа қарата айтылған үндеу сөз; одан кейінгі төрт жол өлең – оқиғаның өрістеуі – Түркі қағанаты жерінің кеңдігін суреттеуге арналған; топтаманың соңындағы екі жол жыр осы топтаманың түйіні – түрік елінің жері кең, ал халқы көп екені айтылады.
Сөйтіп, «Күлтегін» (кіші жазу) жырында сегіз топтама, яғни сегіз хикая бар. Әрбір топтаманың өзі үш элементтен (оқиғаның басталуы, өрістеп ұлғаюы, түйіні) тұрады.
Біз сөз етіп отырған «Күлтегін», «Білге қаған» және «Тоныкөк» жырлары тарихи тақырыпқа жазылған дастандар. Соның өзінде, бұл жырлардан қазақтың батырлық эпосына тән шынайы белгілер айқын көрініп тұрғанын аңғару қиын емес. Елдің қамын ойлаған ержүрек батырға тән басты белгілер: батырдың текті ортадан шығуы, жастайынан халық қамын ойлауы, өзінің ерлік бейнесін елге ерте танытуы, нағыз батырға лайықты тұлпар таңдауы, елін сыртқы жаудан қорғау үшін сан рет шайқасқа шығуы, әрі батырлық шайқастарда міндетті түрде жеңіске жетіп отыруы, сол арқылы халық құрметіне бөлінуі сияқты болып келеді.
Ал. Бұл қасиеттердің бәрі Күлтегін батырдың бойынан табылады.
Түркі қағанаты дәурінде өмірге келген ерлік эпосының бірі «Қорқыт ата кітабы» - түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық, әрі тарихи мұра. Қорқыт ата хикаясы – VII – VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық, т.б. мәнін жоймаған, аса құнды көркем туынды.
Ал. Қорқыт атаның өзі туралы бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркмендерде көбірек жолығады» (169, 135).
«Қорқыт ата кiтабы» - түркi тектес халықтардың ежелгi тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрiн танытатын эпикалық, әрi тарихи мұра. Қорқыт ата хикаясы - °VII-°VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретiнде бүгiнгi күнге дейiн өзiнiңәдеби, тарихи, этнографиялық, т.б. мәнiн жоймаған, аса құнды шығарма.
Бұл көне заман мұрасы туралы айтудан бұрын Қорқыт атаныңөзi кiм болған шежiресi бойынша, Қорқыт – сегiзiншi ғасырда Сыр бойында өмiр сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйшi, аңыз кейiпкерi. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесi Қарақожа оғыздарынан екенi мәлiм. Мiне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екi жаққа бiрдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмiрiнде үш хан тұсында уәзiрлiк қызмет атқарғанын дәлелдейтiн тарихи деректер бар.
Ал, оның теңдесi жоқ күйшi-композитор болғандығын халық жадында сақталған «Қорқыт ата күйi», «Қорқыт сарыны», т.б. музықалық шығармалары дәлелдейдi. Қазақ арасынан шыққан атақты күйшi-бақсылар, ақын-жыраулар өздерiне Қорқыт атаны пiр-ұстаз тұтқан. Олар өздерiнiң өлең-жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есiмiн ауызға алуды шарт деп бiлген.
Достарыңызбен бөлісу: |