Шығармашылық сабақ оқушылардың шығармашылық жұмыс істеуіне баса назар аударылады. Бұл сабаққа өте жақсы оқитын оқушыларды таңдап алып, топтарға бөлуге болады. Мысалы, 10 минут ішінде 1-2 топтың оқушылары сол тақырып бойынша кроссворд құрса, 3-4 топтың оқушылары олардың жауабын айтады. Бір тақырыпқа қысқа шығарма, сценарий, көркем немесе мультфильм құрғызуға болады. Қазылар алқасы әрбір топқа баға қояды.
Оқушымен жеке жұмыс. Әр оқушыға тапсырма беріледі, оны басқа оқушылардың көмегінсіз өзі орындауға тиісті. Тапсырмалардың түрлері: ана тілінен, орыс және шетел тілдерінен жаттығулар жазу, есептер шығару, кабинетте тәжірибе жасау, тірі табиғат бұрышында, оқу-тәжірибе учаскесіндегі жұмыс, тау тастарын, минералдарды зерттеу, т.б. Тапсырмалар әрбір оқушының жеке ерекшеліктеріне сай беріледі, үлгерімдері төмендер білімдеріндегі кемшіліктерді жоюға, жақсы оқитын оқушылар білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алады.Мұғалім әрбір баланың жұмысын, әсіресе сабаққа ынтасы төмен балаларды бақылайды, керек болса көмек, ақыл-кеңес, жетекші сұрақ, қосымша жаттығу береді. Егер барлық оқушылар тапсырманы орындай алмаса, онда жеке жұмысты тоқтатып, бүкіл сыныпқа тапсырманы қайта түсіндіреді.Баспадан шыққан тапсырмалар, жұмыс дәптерлері өте пайдалы.
Бағдарламалық оқыту - жеке жұмысты ұйымдастырудың өте жақсы түрі.
Ол оқушының бағдарламадағы материалды меңгеруіне керекті жұмыстарды жақсы жоспарлап, оқу іс-әрекетін тексереді. Оқушы өз жұмысының дұрыс-бұрыстығын сол сәтте тексереді. Әр оқушы өз мүмкіндігіне сай жұмыс істейді. Алғашқыда оқушы үлгіге, нұсқауға қарап жұмыс істейді, оқу іскерліктеріне үйренген соң оқушы мұғалімнің көмегінсіз жұмыс істейді. Мысалы, жоғары сыныптарда әр оқушы тапсырма алып, оны орындау жоспарын жасайды, материал, құрал, аспаптар іріктеп, жүйелі іс-әрекет жасайды, жұмыстың нәтижелерін белгілеп отырады. Жеке жұмыстарды оқушы оқу материалын өз бетімен оқи алатын болғанда ғана алады.
Танымдық іс-әрекетті топта ұйымдастыру: Топтағы оқушылардың саны жұмыстың мазмұнына және сағатына байланысты 2-6 оқушыдан болады, одан артық оқушы болмағаны жақсы.
Кезендері:
• топтық тапсырманы орындауға оқушыларды әзірлеу, оқу міндеттерін қою, мұғалімнің топқа қысқаша нұсқау беруі;
• топта оқу міндеттерін орындау жоспарын талқылау және жоспарын жасау, міндеттерді орындау тәсілдерін анықтау, міндеттерді бөлу;
• оқу тапсырмаларын орындау үшін жұмыстану;
• мұғалімнің бақылауы мен топтың және жеке оқушылардің жұмыстарын түзету;
• оқушылардың бір-бірінің оқу жұмыстарын тексеруі;
• мұғалімге нәтижелерді айту, оның басшылығымен пікір таласын өткізу, толықтыру және түзету, мұғалімнің қосымша беруі, қорытындылар жасау;
• топтың, сыныптың жұмысына баға беру;
• үлгерімі әр түрлі оқушыларды бір топқа біріктіруге болады.
Әрбір оқу пәні бойынша бір оқу тоқсаны, жарты жыл аяқталғанша жұмыс істейтін топ құруға болады. Кейде бірнеше сабақтарда ғана топ жұмыс істейді. Оқу пәндерінен кеңес берушілер тағайындалып, олар оқушылардың жұмыстарын тексереді және бағалайды. Мұғалім кеңесшінің жұмысына басшылық етеді. Кеңесші өз тобының мүшелерінің теориялық материалды меңгеруіне, іскерлік, дағдыларын шыңдауына көмектеседі, топ мүшелеріне жұмысты бөліп береді, жұмысты бақылайды, тапсырмалардың дұрыс орындалуын тексереді, жазба жұмыстарына сын-пікір жазады. Мұғалім кеңесшіге әдістемелік нұсқау береді.
Достарыңызбен бөлісу: |