Оқу конференциясы- білім арттыру, бекіту жəне жетілдіруге бағытталған оқу ұйымдастыру формасы. Əдетте, мұндай форма бірнеше топтардың қатысуымен өткізіледі.
Зертхана-практикалық сабақтар, практикумдар - оқушылардың мұғалімдер тапсырмалары жəне басшылығында зертханалық тəжірибе жұмыстар орындауына арналған оқу-ұйымдастыру формасы. Бұл оқу түрі пəн кабинеттерінде, зертханаларда, шеберханаларда, оқу-тəжірибе алаңдарында, оқушылардың өндірістік бригадаларының қатысуымен өндіріс комбинаттарында өткізіледі.
Факультатив сабақтар - оқу пəндерін оқушылардың өз таңдауы жəне қызығуларына орай тереңдете оқуына арналып, шəкірттердің ғылыми-теориялық білімдері мен практикалық ептіліктерін дамытуды көздейді. Педагогика тарихында алуан түрлі оқыту формалары болды. Олардың пайда болуы, дамуы, кейбіреулерінің жойылуы қоғамның талабына байланысты еді.
4. Сыныптан тыс оқу жұмысының формалары. Сыныптан тыс оқытуды ұйымдастырудың бірнеше формалары бар: Олар: оқу-саяхат,
топсеруен, үйірме, клуб жұмысы, ертеңгілік, ғылыми жұмыстар, іскерлікойындар, диспуттар, байқау, көрмелер, олимпиадалар, пәндік апталықтар, онкүндіктер, айлықтар т.б. жатады.
Сабақтан тыс тәрбие жұмысының дамытушылық қызметінің маңызы ерекше. Ол белгілі бір әрекетке байланысты оқушылардың психикалық процестерін, оқушылардың жеке-дара қабілеттерін дамытуды көздейді. Соған орай баланың жасырын қабілетін анықтау, бейімін, қызығушылығын дамытуды мақсат тұтады. Егерде оқушы бір нәрсеге қызығушылығы болса, онда мұғалім сол сұраққа қатысты қосымша қызықты мағлұмат беріп, оқуға қосымша әдебиет ұсынып, оған жағдай туғызып, сонымен бірге оның қызығушылығын арттырады.
Қазіргі оқу үрдісінде жеке тұлғаны қалыптастырудағы үйірменің рөлі.
Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың кең тараған түрі - үйірме жұмысы. Мұны ұйымдастыру жүргізу үстінде мұғалімнің шығармашылық дербестігі айқын көрінеді. Үйірме жұмысы алдымен кең тынысты шараларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс, сонда ғана ол оқушылардың ынта-ықыласын толық қанағаттандыра алады.
Үйірме жұмысын негізінен теориялық және практикалық бағытта жүргізуге болады.Үйірме жұмысын қамтуда оқушылардың ынта-ықыласын ескеру маңызды мәселе. Мұғалім оқушылардың талаптар мен сұраныстарын қанағаттандыра отырып, үйірме мүшелерін ортақ іске жұмылдыруы тиіс. Үйірменің жетекшісі алынған тақырыбының үйретушілік және тәрбиелік маңызына ерекше мән бергені жөн.
Бастауыш мектеп балаларға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды шынайы түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан-жақты дамытады.
Оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оған дұрыс бағыт беріп отыру - барша қауымның ортақ ісі. Оқушы жан-жақты болып өсу тек қана оның мектепте өткізген уақытымен шектелмейді. Бүгінгі таңда жаңа білімді адамды қалыптастыру барысында мектептің қызметі күннен-күнге ұлғая түсуде.
Сыныптан тыс жұмыстарды түрлі іс-әрекеттердің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдаланып, баланың қоғамдық мәнін мақсатты, жан-жақты және үйлесімді дамытады.Мектептегі сыныптан тыс тәрбие іс-әрекеттің мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістеріне қойылатын талаптарды бейнелейтін тәрбиенің жалпы принциптері негізінде құрылады. Дегенмен, сыныптан тыс тәрбие жұмысының өзіндік принциптері бар.Бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмыстың бір принципі - оған оқушылардың өз ырқымен қатынасуы. Сыныптан тыс оқушылардың бастамаларын және өзіндік іс-әрекеттері болу принципін есепке алу арқылы да жүргізіледі. Осы принципті еске ала отырып, мұғалім, ата-аналар, жұртшылық өкілдері, қамқоршы оқушылар іс-әрекет түрлерін ұсынады. Ұсыну қызықты істерді оқушылар өз бастамасына сай таңдап алатындай болып шығуы керек. Сыныптан тыс жұмыстың өзі де ұдайы дамиды. Бұл оқушылар құрамын, олардың қызығуын есепке алып отыруға жағдай жасайды.